А. Кеңшілікұлы: «Әдебиет белгілі бір топтың ойынына айналып барады»
01.08.2019
2099
1

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Форумға Азия елдерінен 100-ге жуық, елімізден 50-ден астам танымал қаламгер қатысып, әдебиет әлемінің өткені мен бүгіні және болашағы туралы ой қозғап, жан-жақты пікір алмаспақ. Шетелден келетін мәртебелі меймандар арасында Нобель, Букер сыйлығының иегерлері, алыс-жақын шетелдерге танымал, шығармалары көптеген тілдерге аударылған жазушылар бар.

Біз осы орайда қаламгерлерден алда өтетін форумның маңызы мен мәні, бағыт мен бағдары жайлы не ойлайтынын, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білмекке бірнеше сауал жолдаған болатынбыз. Осының алдында  Дулат ИсабековСерік Ақсұңқарұлы, Ерлан Жүніс пен Жәнібек Әлиман, Темірхан Медетбек, Несіпбек Дәутайұлы, Ардақ Нұрғазы қатарлы қаламгерлер«Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына берген жауабын жариялаған едік. Енді белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлының пікірін ұсынып отырмыз.

«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, сыншы:

1. Әлем әдебиетінің ақын-жазушыларымен ортақ байланыс орнату мәселесін көтеру керек. Өкінішке қарай, біз бүгін алыс шет елді былай қойғанда, мына тұрған өзбек, қырғыз ағайындардың сөз өнерінде қандай жаңалық болып жатқанынан бейхабармыз.

2.Шығармашылық әлеуетін толық жүзеге асыру үшін жыл сайын талантты қаламгерлерге мемлекет тарапынан грант беріп тұру туралы ұсыныс айтар едім.

3.  Өзге елдер түгіл, біз қазір бір-біріміздің не жазып жүргенімізді оқымаймыз. Қазақ қаламгерлерінің кітаптары сатылымға түспейді. Азия елдері де қазақта қандай ақын-жазушылардың бар екенін білмейді деп ойлаймын. Біліп жатса –қуаныштымын.

4. Қазақ әдебиетінің соңғы жиырма-отыз жылдағы жетістігі — кез-келген тақырыпты батыл жазатын болдық. Ал, сол тақырыптарды игеру мен көркемдік шеберлікпен беру тәсіліміз көңіл көншітпейді.

5.  Әлемде де, бізде де қазір әдебиет жалпы жұрттың жанына аса әсер ете қоймайтын, көпшілік түсінбейтін – белгілі бір топтың ойынына айналып барады.

Әзірлеген Думан Терлікбаев,

журналистика факультетінің ІІ курс студенті

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір