Т. Медетбек: «Азия жазушыларының форумынан күтеріміз көп»
31.07.2019
961
2

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Тұңғыш рет ұйымдастырылатын бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді. Азия елдері қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының иегерлері мен номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 50-ден астам қаламгер бас қосады.

Біз осы орайда қаламгерлерден алда өтетін форумның маңызы мен мәні, бағыт мен бағдары жайлы не ойлайтынын, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білмекке бірнеше сауал жолдаған болатынбыз. Осының алдында жазушы Дулат Исабеков, ақындар Серік Ақсұңқарұлы, Ерлан Жүніс пен Жәнібек Әлиманның, жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына берген жауабын жариялаған едік. Енді белгілі ақын Темірхан Медетбек пен жас ақын Мерей Қарттың пікірлерін ұсынып отырмыз.

«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын

1. Алғашқы екі сауалға ортақ ойымды айтсам, «Азия қаламгерлерінің I форумы» – бәріміз үшін көптен күткен үлкен оқиға болғалы тұр. Бұл бастаманың рухани маңызы өте зор. Көп жылдардан бері біздің көптеген елдермен, әсіресе, Азия елдерімен әдеби байланысымыз жадау, жұтаң күйге түскен еді. Қай елдің қандай бағытта жұмыс істеп жатқанынан бейхабар болып қалдық. Сондықтан әдеби бағыттағы қарым-қатынастың нығаюына жол ашатын алғашқы форумнан күтеріміз көп. Саяси жағынан болсын, әлеуметтік-экономикалық жағынан болсын, әрқилы деңгейде өмір сүріп жатқан Азия елдері – бір-бірімізді  етене жақын танып, халықтық мәселелерімізді кеңінен қозғап, бір-біріміздің ішкі дүниемізге үңіле отырып ұлттық болмыс-бітімімізді айшықтасақ, келешектегі келелі істерге айқын баспалдақ қаланар еді.

2. Қазақ әдебиеті – іргелі де ауқымды әдебиет. Бұған дейін қазақ шығармаларының өзге тілге аударылуы түйткілді мәселе болып келді. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында қазір көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Нәтижелі бастамалардың да бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қаламгерлеріміздің шығармалары ағылшын, араб, испан, тағы өзге де тілдерге аударылып, оқырмандарға жол тартты. Бұл – қазақ әдебиетінің жаңа бір белеске шыққанының айқын дәлелі. «Азия қаламгерлерінің I форумында да» мәдениетіміздің игілігі жолындағы тың ойлар ортаға салынып, әдебиетіміздің көкжиегі кеңейеді деп сенем. Азия халықтарының әдеби-мәдени байланысын нығайтатын ең негізгі тетік – аудармада. Ұлттар арасындағы ынтымақтастық нығайып, тыныштық пен бейбітшілік тұрақты болу үшін әдебиеттің маңызы зор. Сондықтан аударма саласына көп көңіл бөлініп, көркем шығарманың көркемдігіне нұқсан келтірмей тәржімалайтын мамандарды арнайы дайындау да күн тәртібіне қойылу керек деп ойлаймын.

3. Қазақ әдебиетінің жетістігі өте көп. Ол турасында арнайы тоқталып айтқан жөн. Белгілі бір кезең аралығында тоқырауға ұшырағанымыз да белгілі. Жазушыларымыз сол тоқыраудың құрсауынан шығып, жаңа заманға лайықты жаңашыл бағыттағы туындыларды өмірге әкелуге талпынуда. Алайда қазіргі әдебиетімізде ірі көлемдегі прозалық шығармалардың аздығы көңілге кірбін ұялатады.   Әңгімелеріміз бар, хикаяттарымыз да жазылып жатыр. Поэзиямыз да қанатын кеңге жайып, жақсы дамуда. Бірақ осы заманның көрінісін дөп басып, келбетін айқын танытатын ірі жанрдағы дүниелердің тууы ақсап тұр. Романдар жазылуы керек. «Романның күні өткен», – деп жүргендер бар. Ол – бос әңгіме. Романның күні өтпейді. Керісінше, нағыз дәуірлейтін тұсы енді келді деуге болады.

4. Әлем әдебиеті әртүрлі бағыт-бағдармен дамуда. Ал осынау кең құлаштағы әлем әдебиетінің де, жекелеген ұлттар әдебиетінің де ең негізгі ортақ мәселесі – адам мәселесі. Жер-жерде тағдыр-талайы әртүрлі ұлттар мен ұлыстар, адамдар мекен етіп жатыр. Бір елде адамдар өз жерінде тұрақтай алмай, мигрант ретінде өзге елге босып кетті, ашаршылық пен жоқшылықтың мехнатын тартып жатқан елдер бар. Сөз еркіндігі мен ой еркіндігінен шектелген ұлттар қаншама. Адамзат ешқашан жетілген қоғамда өмір сүрген емес. Адам бар жерде, тіршілік бар жерде үлкенді-кішілі мәселелер де түгесіле қоймайды. Ал осы қоғамның айнасы, ол – әдебиет. Шым-шытырыққа толы қоғамды ізгілендіретін де – әдебиет. Сондықтан әдебиетті дамытуға бағытталар іс-шаралардың толастамағаны жөн.

Мерей ҚАРТ, ақын:

1. «Азия қаламгерлерінің I форумында» әдебиеттің бүгіні мен ертеңі, келешегі жөнінде кеңінен сөз қозғалып, әсіресе, жастар поззиясына, жастар прозасына көп көңіл бөлінсе деген тілек бар. Азия елдеріндегі жастар әдеби тұрғыда бір-бірімен еркін араласа алса, әдебиеттің болашағы үшін тың серпіліс болар еді.

2. Форумда ұсыныс ретінде аударма мәселесінің дұрыс жолға қойылуын айтар едім. Азия қаламгерлері бір-бірінің шығармаларын оқып, түсіну үшін, түйсіну үшін сапалы аудармалар мен сауатты аудармашылардың санын көбейту керек. Түп негізі тереңнен бастау алатын Азия халықтарының әдеби әлемі қазынаға толы. Бір-біріміздің әдеби, тарихи болмысымызға үңілу арқылы, өзара ымыраластығымыз бен достығымыз ұлғаяр еді. Көркем шығармаларымыздағы көркемдіктің аясы кеңейіп, жаңашылдыққа деген бетбұрыс пайда болар еді. Бұл игіліктердің қай ұлт үшін де маңызы зор.

3. Біздің әдебиетіміздің Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік кеңістіктегі алар орны зор. Сол қасиеті мен қадірін нығарлау үшін, айқын таныту үшін тағы да аударманың биік деңгейде болғаны жөн.

4. Әдебиетіміздің жетістігі өте көп. Ал кемшілігі мен әлем әдебиетімен ұштасатын мәселесін айтқанда, сөз тағы да сол аудармаға келіп тіреледі.

 Әзірлеген Мөлдір РАЙЫМБЕК

ПІКІРЛЕР2
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір