Ерлан Жүніс: «Қара өлең – баламасы жоқ құбылыс»
29.07.2019
1840
3

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Тұңғыш рет ұйымдастырылатын бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді. Азия елдері қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының иегерлері мен номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 50-ден астам қаламгер бас қосады.

Біз осы орайда қаламгерлерден алда өтетін форумның маңызы мен мәні, бағыт мен бағдары жайлы не ойлайтынын, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білмекке бірнеше сауал жолдаған болатынбыз. Осының алдында жазушы Дулат Исабековтің «Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына берген жауабын жариялаған едік. Бүгін ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ерлан Жүніс пен жас ақын Жәнібек Әлиманның жауаптарын ұсынып отырмыз. Екі ақын да қазақтың қара өлеңі – «әлемдік поэзияның құбылысы» деген ойларын ортаға салыпты. Жәнібек Әлиман болса, Батысқа, Нобель сыйлығына еліктеудің, ұмтылудың қажеті шамалы деген пікірін білдірген.

«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Ерлан ЖҮНІС, ақын:

1. Қазақ әдебиетінің өткен тарихына көз салсақ, бабаларымыздың ықылым заманнан еуразиялық алып әдеби-мәдени  кеңістікте өмір сүргенін көреміз. Кейін мұның ауқымы тарылды. Мәдени курс өзгерді. Біз бұдан ұтқан жоқпыз. «Азия қаламгерлерінің I форумы» сол ұлы дәстүрлерге қайта жол ашады деп сенеміз. Сол мыңжылдық тарихы бар байланыстарды, рухани көпірлерді қайта орнату бағытында диалог болғанын қалар едік.

2. Азия жас қаламгерлерінің Әдеби ұйымы құрылса, оның штаб-пәтері Алматы қаласында орналасса деген ұсынысым бар.

3. Қазақтың қара өлеңі – мазмұндық форматы жағынан әлем әдебиетінде баламасы жоқ құбылыс. Алғашқы екі жолы – дерексіз (абстрактылы), үшінші жолы – мағына ұясы, соңғы жол – түйіндеуші. Біз осыны жапон хайкуы, парсы рубаяты деңгейінде насихаттай алуымыз керек деп ойлаймын. Ғазал анасы бәйіт болса, қазақ өлеңінің анасы – қара өлең.

4. Жетістігі – қазақ әдебиеті жаңа бір эволюциялық даму кезеңіне өтті, кемшілігі – шынайы аудармашысын әлі таба алмауы.

5. Әлем және қазақ әдебиетіне ортақ проблемалар сол форумда анық көрінеді деп ойлаймын.

Жәнібек ӘЛИМАН, ақын:

1. ««Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?» – деген сауалға бірден нақты жауап  беру қиын екен. Себебі, жарты әлемді алып жатқан және заманында жаһанға үстемдік құрып тұрған бұл кеңістікте орта ғасырлардан кейін өз тамыр-тегіне жат сыртқы мәдениеттің ықпалы күшті болды. Күштеп енгізілді. Біршама мыңжылдықтан бері келе жатқан тарихи тамырластық үзілді  де, ортақ мұрат қиылды. Бірақ бір-біріне жақын, бір географиялық нүктеде орналасқан әртүрлі ұлттардың ұлы аңсары, ортақ мұраты әдебиетінде көрініс тауып жатты. Сондықтан форумда көтерілетін тақырып, бір құрлықта орналасқан жақын жұрттардың ортақ мұрат-мүддесін көздеуі керек шығар. Батыс мәдениетіне жалтақтай бергеннен гөрі…
2.  Қарағанды облысы Нұра топырағында Бүркіт Ысқақ атты ақын өткен. Бұл ақынды Мұхтар  Мағауин «Мен» романында жақсы атайды. Сол кісінің:

«О, Азия, ұлысың,
Ұлылығың құрысын.
Құрсын демей қайтейін,
Еуропаның құлысың», —
деген  өлеңі (бір ақыннан еркін аудармасы ретінде берілген) еске түседі. Сол сияқты, Шығыстың даналығымен суғарылған, ежелгі өркениеттердің тоғысы Ұлы Жібек жолы бойындағы Азия елдері Батысқа, «Нобель» сыйлығына телміре бермей, өз рухани кеңістігін қалыптастырып, рухани тәуелсіз орта тудыратын күн жетті дер едім!

3.  Азияның әдебиеті – әлем руханиятының байырғы төл бастауларының бірі ғана емес, алтын жауһарларының өзі  дер едім. Ақселеу Сейдімбектің Серік Ақсұңқарұлына «Әлемдегі ең озық өлең үлгісі – қара өлең!» – деп  айтқан бір сөзі бар. Мен осыған иланам. Мәселен, жыраулар поэзиясындағы рухтан биік не бар? Мұндағы әр сөздің Күлтегін жазбаларынан тамыр тартып тұрғаны байқалмай ма? Байқалады. Төл әдебиетіміз туралы сөз қозғағанда,  Гумилев, Радлов таныған оғыз, қыпшақ рухы, Қорқыттың өзін алса да жетеді, меніңше. Әттең, аударылмайды. Осылардың рухын әлемге таныту әрі жалғастыру үшін  жұмыс істеу керек. Әдебиетіміздің әлемдік кеңістіктегі орны сонда әйгіленеді.
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі – ғасырлар  бойы қалыптасқан негізі мен төлтумалығында, таудай ойды тарыдай төрт жолға сыйдыратын қара өлеңінде, адамзат ақыл ойының көкжиегін кеңіткен Абайдай бақ-жұлдызында. Қазір де тоқырау кезеңіне келіп тұрған жоқ. Ал, енді кемшілік қашан да болады. Тіпті, сондай биік дәрежеде дамып кетті деген күнде де, азды-көпті кемшіліктердің болуы – заңдылық.
 5. Ортақ проблема – қай  заманнан бері келе жатқан науқаншыл идеологияның салқыны шығар. Сарай ақыны, сарай әншісі, әсіресе, қазір көбейіп бара жатқандай сезіледі маған. Ал, кәсіби  тұрғыда көз салар болсақ, тілге тиек етер мәселелер көп. Бұл түйткілді ойлар форум аясында өз жүйесіне келтіріледі деп сенем.

Әзірлеген Мөлдір РАЙЫМБЕК.

 

ПІКІРЛЕР3
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір