Н. Дәутайұлы: «Әуесқой жазушылар көбейіп кетті…»
31.07.2019
1828
1

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Тұңғыш рет ұйымдастырылатын бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді. Азия елдері қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының иегерлері мен номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 50-ден астам қаламгер бас қосады.

Біз осы орайда қаламгерлерден алда өтетін форумның маңызы мен мәні, бағыт мен бағдары жайлы не ойлайтынын, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білмекке бірнеше сауал жолдаған болатынбыз. Осының алдында жазушы Дулат Исабеков, ақындар Серік Ақсұңқарұлы, Ерлан Жүніс пен Жәнібек Әлимандардың «Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына берген жауабын жариялаған едік. Енді белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлының пікірлерін ұсынып отырмыз.

«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы:

1. Қандай елде болсын, қандай саяси формацияны айтпаңыз, қоғамның ақиқатқа тән келбетін жеріне жеткізіп айта алатын рухани құдіреттің ең биігі – Әдебиет. Өйткені, ол ой мен сөздің еркіндігімен өмір сүреді және сол арқылы кез келген өктем құбылыстар мен халық үшін тиімсіз жағдайларда келісімге келе бермеудің қажеттілігін еске салады. Оның құндылығы осында. Қоғамдағы, адамдар арасындағы кез келген жағдайға сергектік таныта білу – жазушылардың басты міндеті. Билікке бейберекет тас лақтыруға бейім болғаннан гөрі, қоршаған ортадағы бейғамдыққа, ұранбайшылыққа, жалғандыққа оппозициялық көзқараста болып, ойы мен пікірін, сөзін тиісті орындарға жеткізе алатындай пәрменге ие болғанда, құтандық психологиядан ада болғанда, қандай үлкен күш болсын, қаламгер қауыммен санасатын болады. Яғни, билік жазушыларға құлақ түру керек. Билік халық пен жазарман қауымның жанайқайын, ашынғандағы ащы даусын «Дос жылатып айтады» деген мәнде ұғатын болса, біздің дамуымыздың, өркениетті қоғамға аяқ басуымыздың алғышарттары қаланар еді.

Ертеде хандарымыз аузы дуалы билеріміздің келелі кеңесіне жүгініп отырды. Ел басындағы шындықты айта алатын алдаспандай өткірліктері үшін, сол шырылдаған шындықты жеткізудегі асқан парасаттылықтары үшін хандар асып туғандардың қадіріне жете білді. Алақандарында ұстады. Ел-жұрттың бірлігін сақтау жолындағы әрекеттерді бірлесіп ой елегінен өткізіп, бірлесе отырып шешті. Бұл – бүгінгі замандағы билік пен жазушыға өнеге болатын қасиет.  Форум аясында қозғалуға тиісті тақырыптың бірі де – осы деп есептеймін. Билік пен қаламгер арасында үйлесім болу керек. Сол жоқ болып тұр ғой бізде. Қазір қарапайым адамдарға да белсенділік жетіспейді, кез келген нәрсеге қолын соғып, басын изеп шығып кете береді. Билік жүз сексен градусқа өзгеру керек. Әдебиетті ұлттық идеологияның ұшар биігіне жақындатпай, рухани жаңғыруымыздың өзі «Ала жаздай ән салып, селкілде де билей бердің» берекесіз көрінісіне айналып кетері сөзсіз.

2. Әуелі адам жанының жұмбағы мен құбылыстарын көркемдікті басты қару ете отырып, тереңдеп зерттеуді ұсынар едім.

Тағы бір айтпай кетуге болмайтын мәселе, өзге елдерді қайдам, біздің елде әдебиетте де әуесқойлық қаптап келеді. «Әуесқой әнші, әуесқой композитор» дегенді білеміз, ал «әуесқой жазушы» дегенді естімеген едік. Әдебиеттің абыройын кетіріп, оқырманның, жұрттың көңілін қалдырып жүргендер, осы – әуесқойлар. Солардың арасында Жазушылар одағына түрлі-түрлі жолмен мүшелікке өтіп кеткендер де бар. Парадокс деу керек, өзі жазудан, шынайы жазушылықтан алшақ бола тұра, «Жазушылар одағының мүшесі» болып жүргендер көп. Ендеше, одақты осы әуесқойлардан тазарту мәселесі де күн тәртібіне қойылуға тиіс.

3. Егемендік алып, Қазақ болып әлемге енді-енді танылып жатқан жоқпыз ба? Сондықтан әдебиетімізді өзгелермен салыстырып айтуға әлі ертерек. Шындығын айтқанда, жер бетінде қазақ деген ұлт барын білмейтін халықтар да бар. Соған қарамастан, дүниежүзілік кеңістіктегі әдебиетіміздің орнын Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев және басқалар арқылы айшықтауға болар. Мұхтар Әуезовтің ғасырдың басында жазған «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні» секілді әңгімелері, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі – әлемдік әдебиеттің сұранымына лайық. Егер әдебиетіміз сол кезеңнен бастап, осы шығармалардың жүйесімен, жазылу жолымен кете бергенде, бүгінгі шыққан биігіміз де мүлде басқа болар еді. Өкінішке қарай, шығармашылық барысы басқа арнаға бұрылып кетті де, қызыл идеологияның құрбанына айналды.

4. Әдебиетімізге Мұхтар Әуезов көркемдік сипат дарытты, Әбдіжәміл Нұрпейісов оны «Қан мен терінде» кеңейтіп көрсете алды. Ал Әбіш Кекілбаев әдеби әлемімізді кемелдендіре түсті. Осы секілді дәл өзінің уақытына сай серпілістер болды. Алайда, бертін келе, «Абай жолына» ұқсатып эпикалық кең тыныстағы қалың романдар жазамыз деп ойлап, жаза алмай ақсатып алғандар да бар. Ілияс Есенберлиндер тарихи тақырыпқа терең бойлады. Дегенмен, қазақ тарихының тереңіне үңілгенде айтылмай, жазылмай жатқан құндылықтардың әлдеқайда көп екеніне көзіміз жете түседі.

Қазіргі кезде қазақ әдебиетінің жаңа тұрпатын қалыптастыруға деген талпыныстар бар. Көп емес, бірақ, кей шығармаларда батыстық әдеби-мәдени элементтер де бой көрсетіп қалады. Мұны жетістікке балау керек. Тек, меніңше, әрқилы «измдерді» қолдану кезінде көбіміз, әсіресе, талантты жастарымыз өмір сабақтарын айналып өтіп жатыр. Бұл, сірә, тәжірибенің аздығынан немесе өмір сабақтарынсыз әдебиеттің құны бола қоймайтынын елемейтіндіктен орын алып жатқан кемшілік шығар…

5. Адамзаттың тарихында жарық дүниеге талай ұлттар келіп, талай ұрпақтар алмасты. Небір қанды шайқастар өтті. Түрлі биліктер мен қағанаттар, империялар пайда болды. Осының бәрін ой елегінен өткізгенде, адам баласы осынау жарық дүниеде, жалпақ әлемде өз құзырындағы әрекеттердің бәрін жасап келеді. Небір адам төзгісіз соғыстар орын алды. Сондай-ақ, мейірімнің де күшінің зор екенін танытатын оқиғалар да көп. Соның бәрінде ұлттар мен ұлыстар болсын, жекелеген адамдар болсын, еркіндікке, азаттыққа жанкештілікпен ұмтылу арқылы бір нәрсені көздейді. Ол – бақытты өмір сүру. Адамзат тұтас күйінде бақытты болу үшін не істеу керек? Осының әлеуметтік себебін, «бақыт» ұғымының өлшемін іздеп, ойластырған кезде, жазған кезде, жазушының да бір миссиясы орындалғандай болады. Яғни әлем әдебиетінің ортақ проблемасы, ортақ тақырыбы, ол – адам және адамзаттың мақсат-мүддесі.

Әзірлеген Мөлдір Райымбек

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір