Ала алмайды алтыныңның буы да, Әлдеқашан буға айналып кеткенмін…
Ханбибі Есенқарақызы
Түн бетіне телміріп терезеден…
Түн бетіне телміріп терезеден,
Жалғыздықтан жасимын, елегізем.
Ешкім мені қуған жоқ айдалаға,
Қумаған соң, ендеше, неге безем?
Ақанды да қуған жоқ ел ішінен,
Өзі барып табысты перісімен.
Кейде көпті табасың жалғыздықтан,
Кейде жалғыз қаласың көп ішінен.
Жалғыз қалды Шәһкәрім тең іздеген,
Ел бола ма уайым жегізбеген.
Ағайынның ішінде жалғыздықтан,
Азат етер бір күш бар мені іздеген.
Бозарықта боз үйге сүңгігелі,
Құр қиялдан басқа онда кім күтеді?
Салқын ғана қабылдап қабырғалар,
Салқындыққа мені де үйретеді.
Несібесіз ауыздың салымындай,
Қыртыстанам жүзімнің қабығындай.
Көз үйреніп, аздан соң бой үйреніп,
Шәниіп бір жатамын хан ұлындай.
2008 жыл, 7 қыркүйек
Адал ұлсың
(Маратқа)
Мансұқтанбай атағыңа, шеніңе,
Қызметіңді етудесің еліңе.
Қарап жүрмей, бұл Жасаған, есіркеп,
Ақын етіп жаратыпты мені де.
Ақын болу – сырғақтатпай қаламын,
Мекен ету жалғыздықтың аралын.
Аузы болып жарылатын сыздауық,
Қоғамдағы барлық бүтін жараның.
Достарым да, дұшпаным да жоқ менің,
Енді өзіме тиесілі өткенім,
Ала алмайды алтыныңның буы да,
Әлдеқашан буға айналып кеткенмін.
Енді ешкіммен күреспеймін жеңуге,
Ешкімге де, дәрменім жоқ сенуге.
Хан да алдайды, қараша да алдайды,
Бір-бірінің артын ашып көруге…
Қарашаның алдағаны күні үшін,
Ал ханыңның алдағаны кім үшін?
Біреулердің біреу тартып ырысын,
Ырылдасқан ит өмірің құрысын.
Ел қазанын қақпағы жоқ талайғы,
Сыбайластар «менікі» деп, қарайды.
Буы кетіп, суы қалған қазанды,
Ұры иттен соң, сұқ ит келіп жалайды.
Жалап жатыр, талап жатыр әлі елді,
Көзін шұқып келтіргенмін дәлелді.
Құлтемірдей ұят та жоқ, иман жоқ,
Қарап жүріп ұшырады зәреңді.
Қалталының құлы сынды, қарғылы,
Таппай жұрттан зар боламыз арлыны.
Жұбатады жүрегіңді қан-сөлсіз,
Тек өзіңдей адал ұлдың барлығы.
Шаруам жоқ…
Шаруам жоқ, саясат, ірі іспенен,
(Қалмаған іс, мен, сірә, кіріспеген).
Жемісі жоқ бәрінің болғаннан соң,
Айналыса бастадым, «тірі» іспенен.
Мәселенки,
Қып-қызыл қызанақ пен
Тізіліп тұр бауымда бұрыш деген.
Болысам деп ерттесем аштық атын,
Тоқтар ұрып, аузымды тас қылатын.
Жерге кетпен соғып ем, сенімменен,
Алтын таптым, буына мас қылатын.
Ерекше емес, ешкім де ер істермен,
Ойы, бойы бірдей боп тегістелген…
Алты аршын жеріме депутат боп,
Тіл табыстым бақшамен, жемістермен.
Шарттарынан жалығып наз ортаның,
Мұнда таңды көзіммен бозартамын.
Сұратпай-ақ су беріп, сұратпай-ақ,
Арам шөптен арасын тазартамын.
Егінде ел қан-сөлін ұрттап ап,
Жүргендерді бір кез ел сұрыптамақ…
Бумаған соң арам шөп жайнап өсті,
Қияр, тұрып, қызылша, қырыққабат…
Түсінбесең, тигізер пайдаңды анық,
Бос жүгіну қажетсіз, айлаңды алып…
Мен отырмын бау-бақша ортасында,
Еш кетпеген еңбекке, қайран қалып…
2008 жыл, 8 қыркүйек
Қақпадан енген бойда
Қақпадан енген бойда – жүзім бауы,
Сондай-ақ қызыл ара ызыңдауы…
Алдыңнан қайда барсаң шыға келер,
Тепе-теңдік заңының бұзылмауы.
Тамыздың кенезесі кепкен шағы,
Жүзімнің бал-шырынын төккен шағы.
Жап-жасыл алақанын ұсынады,
Жасырып жапыраққа көк моншағын.
Жүзімдік сөрелермен өрмелеген,
Құрметін паш етеді жерге деген.
Төбеңнен құйылып тұр тәтті жеміс,
Секілді сағағынан өрген өлең.
Өтпеді бір басыңнан нелер ұдай,
Па, шіркін, табиғаттың шеберін-ай.
Бергенін сұлу күздің төкпей-шашпай,
Жинайтын бір бағбанның керегін-ай…
Патшаның аман қалып тырнағынан,
Тәспісін жаңылтпаған ырғағынан.
Жырлаған сен жүзімнің,
Омар Хайям,
Өлең сауып отырмын жұрнағынан.
2008 жыл, 7 қыркүйек
Тоз-тоз болды…
Тоз-тоз болды бұл күндері қиялым,
«Шырақшысы» –
құрқылтайдай ұяның.
Сенбісің? – деп, портреттер сөйлейді, –
Шыны әйнектің ар жағынан, зиялым.
Қараушы едік, біз де өмірге сеніммен,
«Молам қайда, қамым қайда төгілген?
Рухымыз тірі біздің, жауап бер –
Түрегеліп сұрап тұрмын, көрімнен».
Мен не дейін? Аруақтар састырды,
Жүрек тулап, қаным теуіп, басқа ұрды.
Елестетті замананың сұлбасы,
Бөлтірігін шайнап жеген қасқырды.
Жиырма бес мың бозым болған өтемі,
Қан жылаған, қазақ жері мекенім.
Түсіндірген бодандық не екенін,
Кешір мені! Ахмет, Мағжан, Сәкенім!
Тысқа шықсам, басқа өмір, басқа әлем,
Естімейтін дауысыңды таскерең.
Қалың елдің қауқарына қарамай,
Әлсіздерін сорып жатқан таскенең!..
Шыбын жанын Алаш үшін арнаған,
Қалды атаусыз, үнсіз жылап сан молаң.
Жетпіс жылы, тоқсан жылы Алаштың,
Қотыр қозы бәсіндей де болмаған!
«Өл» де маған, заманымның қылығы,
«Өл» де маған, бүгінгінің ұлығы!
Өлер ем-ау, өлер ем-ау, армансыз,
Табылса алдан «Шаһкәрімнің құдығы!».
2008 жыл
Нем бар еді?
Нем бар еді, сыр алдырып, сыр беріп,
Нем бар еді, бүтіндерге бірге еріп.
Абзал еді, үйде жатып жазғаным,
Өзім жайлы мұңға толы күнделік.
Несіне сен қанат қақтың, ізгі арман,
Құлатуға дайын тұрған құздардан.
Жетім көңіл, желбіредің, несіне,
Жылу іздеп, жүзі суық ызғардан!?
Ақыл – қалыс, ұлғайсам да, қонбаған,
Серік болар дейсің бе, енді ол маған?
Кәрі лашын секілдімін бұл күнде,
Тышқан аулап, балақ жүнін қандаған…
Іште сөніп, адуынды от үнім,
Жүрмей кейде, өзіме өз өкімім.
Сөз түсінер бір жан таппай маңымнан,
Бухгалтерге өлеңімді оқыдым.
Ал бухгалтер поэзия әлемін,
Түсінер ме, тербетер ме жүрегін?
Тас қаптырған, – дедім, – мені «дебитор»1,
Сол себептен, «сальдо»2 болып келемін!
Е-е-е, – деді, басын шайқап, – түсіндім,
Цифрларға басы толы мүсіннің…
1 Дебитор – қарыздар
2 Сальдо – қалдық
* * *
Кеше ғана он сегізде ем. О, неге?
Бүгін қалай шығып кеткем төбеге?
Күндер неге аунап-аунап, Ай болған,
Жылдар неге ұқсап кеткен жебеге?!.
Сізге қалай түсіндірем, мұны мен,
Зуылдаған құлағымның түбінен
Атқан оқтың қайтпайтыны секілді,
Өткен күндер… өкінішті үнімен.
Таң атқанын білмей қалдық дегендер,
Күн батқанын білмей қалдық дегендер,
Өтіп кеткен өмірді де байқамас,
Дырдуменен уақытты жегендер!
Ақжал толқын арасынан жол аштым,
Шырақшы боп, шамын жағып Алаштың.
Бірде малтып, бірде қалқып, телегей,
Дарияның ортасынан әрі астым!
Телефон
«Уақытша сөндірулі бұл нөмір»…
Уақытша қосылады. Бұл да өмір.
Бірде сөніп, бірде қайта жалғанар,
Телефондай өтіп жатыр күллі өмір.
Түсінемін «Уақытша» тосамын,
Уақытша, бүгінгі күн қосағың…
Үкімет те уақытша сияқты,
Уақытша жиып алған жасағын.
Мына біреу – кісің шығар ұятты,
Түрлі әуенмен телефоны жылап тұр.
Әр қалтасы әртүрлі әуен ойнайтын,
Оркестрдің дирижері сияқты.
Бұл ақылды телефонның күйі – осы,
Қажетсізден айырады жүйесін.
«Зонада жоқ!» – дейді дауыс ар жақтан,
«Бұл өмірде жоқ!» дегендей иесін.
Жұрттың бәрі соған қалған тіреліп,
Қойшының да қалтасына жүр еніп…
Оқыс үннен үркіп қалған қойларға,
«Маған ғой!» – деп, мақтаныпты шіреніп…
Жүрсе-дағы жайлауларды мекендеп,
Жаңалықтан құр қалмаған екен көп.
«Қайран бабам – соткасы жоқ, соты жоқ,
Бұрын қалай өмір сүрді екен» деп
ойланамын…
2008 жыл, 7 желтоқсан
Көктем
Табиғаттың аналық өтемі еді,
Әр баласын тоқсан күн көтереді.
Айы-күні толғанда, Көктем туып,
Кетіп бара жатқан Қыс жөтеледі.
Көктем-қыздың бетін еш қайырмаған,
Қатал аға сияқты жайың маған.
Шаң-тозаңнан арылтып, ақ отауды,
Қарындастың еншісін дайындаған.
Ағайынды төртеудің барлығымен,
Ынтымақты. Алланың жарлығымен.
Басқан жері Көктемнің көгерсін деп,
Қармен сүртіп, шаяды жаңбырымен.
Көктем-қыздан табылып, барша қылық,
Паң басады, еріні – Айша күліп…
Бұлақтарын жүгіртіп… құрақтарын,
Тірілтеді, көкорай, майса қылып.
Толықсиды, толқиды, назға да еріп,
Жардың басын басады, жазған Елік…
Уақыты жеткенде уақытша,
Көктем тағын кетеді, жазға беріп…
2009 жыл, ақпан
Қыс
Қинасаң да, қыссаң да, қысылдырып,
Жатпасаң да жайыңды түсіндіріп.
Қаһарыңнан қарлы қыс, ләззат алам,
Ақтығыңнан арлылық, ісіңді ұғып.
Ай-ай, қыс! Аязыңмен көркем едің,
Мұзыңды жалыныммен өртемедім.
Тоңыңмен тоңдырсаң да, келер саған,
Мұртыңның мұзын қағып еркелегім.
Өзіңмен өткерсем де неше күнді,
Білсем де келер, кетер есебіңді.
Жайылған ақ мамықтан аттамадым,
Баспадым, кір болар деп төсегіңді.
Есігін қымтап алған бекем етіп,
Жетпеді, сараң өмір, жетеме түк.
Азды күн ақ ұлпаңдай бірге болдым,
Шалғайын шапаныңның мекен етіп…
Кеудемнің борандатқан жаны сынды,
Мен ертең естімеспін таныс үнді.
Сен кетсең, ысқырып кім оятады,
Шыбын-шіркей жайлаған намысымды?!.
Парадокс
(2010 жылы Мемлекеттік сыйлыққа бірде-бір
жазушы лайықты деп табылмады)
Таңғаларлық. Ақындарың топ алды
Бәрі де сақ.
Көбі ішпейтін боп алды!
Содан ба, әлде қоғам ба, әлде қитұрқы,
Классиктер, шедеврлер жоғалды.
Қай жазушың, қай ақының тәуелсіз,
Мемсыйлықтың лауреаты бола алды?!
Қайран заман, қына бітер тасқа да,
Өзін қорлап, бетін бұрған басқаға.
Бос графа… лайықты табылмай,
Жазушысыз қалған қазақ, масқара!
Атақ-даңқтың дәрежесін, шіренген,
Барлау үшін ішке орнатып рентген.
Әуре болып жүргендерге көз салмай,
Жұмекен мен Ізтай, Шәміл, Сағилар
Құйындатып өте шыққан, күреңмен!
Күншілміз бе, ұяласын талайтын,
Әр мінездің сәулесі бар тарайтын.
«Екі шоқып, бір қарасақ» кейінгі
Болып алды, бір шоқып, үш қарайтын…
Алдыңғының қан-жоса ғып сауырын,
Мансап десе, жан беретін, бауырым.
Азулылар жатқанында шайқасып,
«Жуас торы» – сүріп жатты дәуірін!..