ҰЛТ АРДАҚТЫСЫ ҰМЫТЫЛЫП БАРАДЫ
21.05.2025
253
0

Кешегі кеңес дәуірінде коммунизм идеясына құлай сенгенмен, партияның сөзі мен ісінде алшақтық пайда болған кез­де халқының мүддесі үшін мансабын мансұқ еткен қаламы жүйрік, ойы сергек қаламгерлер есімі замандастарының есінде.
Осындай батылдығымен есте қалған баспасөз басшыларының бірі – Құрманбек Сағындықов. Иә, «Қазақ­стан коммунисі» журналын табандатқан 18 жыл басқарған коммунист Сағындықов. Партия тарихы институтында марксизм-ленинизм классиктерін аудару секторын меңгерген қайраткер.

Алайда Қ.Сағындықовтың аудармашылығы саяси әдебиетпен шектеліп қалмайды. Ол өзінің шығармашылық мүмкіндігі мол қаламгер екенін көркем әдебиет баспасында редактор, бас редактор болып жүргенде-ақ (1937–1941) көрсете білген. Осы баспаның сол кез­дегі бас директоры Бейсембай Кенжебаевтың Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабын тездетіп шығарып жіберген ерлігі, сол үшін теперіш көргені ке­йіннен жазылды. Ал сол романның тұңғыш басылымының тұңғыш редакторы Құрманбек Сағындықов (Қуандық Шаңғытбаевпен бірге) болғанын көпшілік біле бермейді. Құрманбек ағамыз бұл теперіштен соғысқа кетіп (1941) құтылған сыңайлы.
Бала кез­ден басталған қос тұлғаның (Бауыржан, Құрманбек) достығы келе-келе шығармашылық қарым-қатынасқа ұласты.
Майданға Бауыржан басқаратын полкке өзі сұранып барған Құрманбек ке­йіннен дивизиялық «За Родину» – «Отан үшін» газетінің редакторы болып жүргенде жауынгерлердің рухын көтеретін бірсыпыра шығармаларды Баукеңнің тапсыруымен, редакциясымен қазақшалапты.
…Қ.Сағындықов «Арпалысты» (Волоколомское шоссе) екінші рет еркін және толық аударып шықты. Жалғыз аударып шықты. Олай дегеніміз, Александр Бек пен Бауыржан Момышұлының арасындағы келісімшарт бойынша бұл романның қазақшасын бірнеше жазушының жүзеге асыруы әрі олардың қосымшалар, өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Ол мүмкіндікті Баукең романда қазақы рухтың есіп тұруын қамтамасыз ету үшін берді.
Әрі-беріден соң 1942 жылы ауызша жасалған келісімшарт­тың 1944 жылы қағазға түсірілу қажет­тілігі де романның алғашқы нұсқасы жарияланғаннан ке­йінгі айтыс-тартыстардан туған. Соның ішінде авторға Баукеңнің де елеулі ескертпелері болды. Құрманбекке жазған хатында (19 желтоқсан, 1957 жыл) Баукең: «Оқырмандарға кітаппен 1944–1945 жылдары және 1957 жылы қалай жұмыс істегеніңді айтып, кітаптың қазақша нұсқасының ерекшеліктері туралы ой бөліс. Біраз жерде орысша түпнұсқадан еркін кеткеніңді және эпиграф етіп, афоризмдер алғаныңды қостілді оқырмандар дұрыс қабылдамауы мүмкін. Сондықтан да екі сөзбен болса да мұндай шегіністердің қажет­тіліктен туғандығын аудармаға соңғы сөзде атап өтуің керек», – дейді. 
Өзіне де, авторға да қойған биік талап, жоғары жауапкершілікті Баукең Құрманбекке де қойған. Құрекең сол үддеден шыққан. Жалғыз аударуына мүмкіндік берілуі содан. Романның алғашқы аудармасы шыққалы арада өткен 12 жылда Қ.Сағындықов қазақтың маңдайалды аудармашы-әдебиетшілерінің қатарына қосылған еді. Соған қарамастан, Құрекең Қазақ­стан Жазушылар одағына мүшелікке өтпепті. Бұл жерде оның адамгершілік, азамат­тығының жаңа қыры – сұғанақтығы жоқтығы, жазушы деген атақты, шын мәнінде, тудырушы-творитель ретінде көріп, өз шығармашылық қабілетінде де қатал редакторлық еткені көрінеді. Әйтпесе, «Писатели Казахстана» анықтамалығын парақтап қараңыз, тіпті филология ғылымдарының кандидаты атағы да болды. Бауыржан екеуінің жастық шағына арналған естелігін ғұмырбаяндық повесть, «Өзімнің өмірдерегімнен» кең ойластырылған көркем шығарманың тарауы деуге болады. Бірақ Құрекең артыққа ұмтылмаған. Ол журналист-аудармашы деген атақты қастер тұтып, баспасөз басшысы, редактор болып қалған. Журналист
Н.Савицкая Д.А.Қонаевтың мынадай естелігін келтіреді: «1961 жылы болу керек бюджет­ті толтыра алмадық, оның шығыс бөлігін қысқарту туралы команда болды. Республикада радиотелестансылардың құрылысын тоқтатып, 16-ның үшеуін-ақ қалдырыпты. Совминнің мәжілісінде ешкім уәж айт­қн жоқ, үнсіз қалды. Тек Құрманбек қана: «Сіздер ауыл адамдарынан мәдениет­ті ұрлап отырсыздар», – деп саңқ ете қалды. Дінмұхаммед Ахметұлы артынан ойланып, бұл стансылардың тоғызын қалдырыпты (қазір облыстарда жұмыс істеп тұрған сол стансылар).
Бірде Орталық Комитетке Құрекеңнің үстінен нақтылы фактілерге құрылмаған арыз түседі. Ол туралы мәжілісте Орталық Комитет­тің хатшысы Радионова айтып қалады.
– Сіз жұмыс кезінде барып бильярд, карта ойнайды екенсіз, – дейді ол.
– Өсекке сенуге болмайды. Жұрт сізді де «жұмыс кезінде башпайын бояп отырады» деп өсектейді, – деп жауап береді Құрекең.
Хатшы сөзден тосылады. Үзіліс жарияланады. Көп ұзамай (1962)
Қ.Сағындықов Оңтүстік Қазақ­стан өлкелік «Правда Южного Казахстана» газетіне бас редакторлыққа сырғытылады. Бұл жұмыстан «Қазақ­стан коммунисі» журналына 1965 жылы оралған. Империялық саясатқа, оны құлай қолдаған қазақ­стандық идеологке жақпайтынын білсе де, ұрымтал тұстарда ұлт мәдениетін қорғай алған, үнсіз қала алмаған.
Сол кезеңдегі баспасөз басшысы болғандарға осындай тағдыр жазылыпты. Бас пайдасын ойлаған жұрт үндемей қалғанда, халық қамын ойлаған Қ.Сағындықовтың Совмин шешіміне қарсы шығуын ке­йіннен Д.А.Қонаев Құрманбектің парасат­тылығы деп бағалапты. Қат­ты сыйлапты…
72 жасына де­йін «Қазақ­стан коммунисі» журналының редакторлығынан жібермеуі, соның айғағы емес пе?!
Биыл бүкіл дүниежүзіндегі ақ ниет­ті адамдар Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын атап өтуде. Құрманбек Сағындықов дивизиялық «За Родину» – «Отан үшін» газетінің редакторы болып, майданның алғы шебінде жүргенде жауынгерлердің рухын көтеретін мақалалар, очерктер жазды.
Қазақ­станның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза айт­қн майдандағы мына оқиға кімді болмасын қат­ты тебірентеді. Кеңестер Одағының Батыры жас Төлеген Тоқтаров жаудың жендет­терін жер жастандырып жүріп, қыршынынан қиылып кеткенде оның сол бір қиын-қыстау шақтағы ерлігіне сүйсінгені былай тұрсын, оның өмірмен жастай қоштасқанына өкінбеген қандыкөйлек майдандастары да болыпты. Тіпті талайды көріп, тісқаққан әскери қолбасшылардың өзі де бірден-ақ бармақтарын тістеп: «Енді қайт­тік?» – дегенін Құрманбек ағаның өзі де талай көрді ғой. Сонда әскери басшылық жас Төлегеннің майдан даласында Отаны, елі, жері, халқы үшін жанын беріп қана қоймай, жауды ойсырата шығынға ұшыратып, ұрыс үстінде де туған халқының абыройын асқақтатқанын оның елдегі туған анасына тезірек жеткізуді мақсат етіпті.
Осындай аса ауыр «миссияны» орындау – жауынгер-журналист, Төлегеннің майдандас досы Құрманбек Сағындықовқа тапсырылыпты. Сол «суық хабар» арқалаған хат­ты жас батыр Төлегеннің анасына әскери қолбасшылар мен Төлегеннің майдандас достары – Бауыржан Момышұлы, Ахмеджан Мұхамедьяров, Балтабек Жетпісбаев, Мірқас Байсаров пен өзінің атынан көздерінен ыстық жас сорғалап отырып жазған екен. Тарихи хат­тың көшірмесі Құрманбек Сағындықовтың жеке архивінде де сақталған. Онда: «Қадірлі Ғазиз ана! Түн ұйқыңды төрт бөліп, ақ сүт беріп, аялап өсірген жан ботаңыз Төлеген еді. Ел басына ауыр күн туып, ат ауыздығымен су ішіп, ер үзеңгіден қар кешкен заман туғанда, қанға жерік фашист деген жау шалғын жерімізді, шалқар көлімізді, ырыс-бақытымызды тартып алуға тап бергенде оған қарсы, ана сүтін ақтаймыз деп бар өлкеден ерлер ат­танды. Ұрысқа белді бекем буып шыққан ерлердің бірі – сіздің Төлеген ұлыңыз еді» дей келіп, өзі де бір жайсыздықты сезгендей болып отырған ана жүрегін елжіретіп: «Талай қантөгіс ұрыстарды сіздің ұлыңыз жау қамалын жалғыз бұзған Қобыландыдай, ер намысы деп, ел намысы деп жауын жапырған Ер Тарғындай қаһарман батыр атанды, – деп жалғапты, – Төлеген сынды батыр ұлыңыздың қазасына сізбен бірге біз де қайғырдық… Төлегендей батырды тәрбиелеп, өсірген сіздің өркеніңіз өссін, шеше!»
Жуалы ауданында шыққан «Тау сағызы» газетінен мемлекет және қоғам қайраткерлігіне де­йін көтерілген талант­ты қаламгер 1946–1962 жылдар аралығында Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін аударма жасайтын институт­та аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі болып жүргенде В.Лениннің 55 томдық шығармаларын, Карл Маркстің «Капиталын» аударып, орасан еңбек ет­ті.
Радио және телевидение жөніндегі Қазақ ССР Мемлекет­тік комитетін басқарған жылдары техникалық базасы жақсарып, шығармашылық жетістіктері арта түсті. Құрекең «Қазақ­стан коммунисі» журналында жиырма жылға жуық Бас редактор болып, қазақ журналистикасында үлкен қолтаңба қалдырды. Соңында үлкен ізгілік қалдырған Құрманбек Сағындықов Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапат­талды.
Ел ардақтаған азамат Қазақ­стан Компартиясының ХІ–ХІV съездерінің делегаты болып сайланды. Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланып, үлкен беделге ие болды.
Ағаның еңбегін туған елі жоғары бағалап, Шақпақ ата (Кременевка) ауылындағы орта мектепке Құрманбек Сағындықовтың есімі берілді. 1996 жылы 25 мамырда Шерхан Мұртаза бастаған ақын-жазушылар, ел-жұрты, туған-туыстары болып, осы оқиғаны салтанатпен атап өт­ті. Өйткені Құрманбек ағаның қарымды қаламынан туған журналистік, прозалық, көсемсөздік дүниелер әдебиетшілердің, сыншылардың, қаламдастары мен замандастарының, қалың оқырманның назарынан тыс қалған жоқ еді. Ағамыз еш уақыт­та қошемет-пікірге, қолдауға бәз біреулердей кеудесін керіп, паңдыққа салынған емес. Туғанына жақпаса да, туралығынан қайтпады. Табиғат сыйлаған кескін-келбет пен мінез жанды жадыратып жіберетін мейі­ріммен үндесіп тұруының өзі қандай жарасымды еді. Сол жиында Құрманбек ағаның өмір жолы, шығармашылығы туралы Шерхан Мұртаза ағамыз баяндама жасады.
2010 жылы, 10 қазанда Құрманбек ағаның туғанына 100 жыл толуына орай үлкен жиын өткізілді. Астана мен Алматыдан, көршілес облыстардан айтулы қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, өнер адамдары, ақын-жазушылар мен журналистер бас қосқан жиында Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінің оқытушысы Рахымбай Сатаев оның өмірі мен шығармашылығы туралы әсерлі, мазмұнды баяндама жасады. Облыс әкімінен бастап, қатардағы қарапайым адамдарға де­йінгі аралықта Құрманбек Сағындықовтың рухын құрмет­теген, оны өнеге деп білетін кісілердің көмегімен қыруар жұмыстар атқарылды. Осы мерейтойдан ке­йін, 2011 жылы мамыр айында әке аруағына тағзым еткен ұл-қыздары мен ағайын-туыстары жиналып, мектепке ескерткіш орнат­ты. Ашылу салтанатына Қазақ­станның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ынтымақ ауылының тумасы Мұхтар Тінәсілов, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Мақұлбек Рысдәулет, белгілі журналист Талғат Сүйінбай қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген халық даналығында үлкен мағына, ой жатыр. Иә, асыл ердің ұлтына, еліне жасаған ерлігі ешқашан да ұмытылмауы тиіс. Олай болмағанда біз тарихқа қиянат жасаймыз, оны ке­йінгі ұрпақ кешірмейді. Басқа өлкелерді айтпай-ақ қояйын. Ел ертеңі үшін отқа да, суға да түскен арыстарын ардақтайтын көнекөз қариялар азайып бара ма, жоқ әлде ұрпаққа үлгі-өнеге жақсылар өмірін өзек етер тәлім-тәрбиеге көңіл бөлінбей ме, соңғы 15 жылда қазақтың мақтан тұтар перзент­терінің бірі Құрманбек Сағындықовтың есімі кіндік қаны тамған Жуалы жерінде ұмытылып барады.
Арнайы шақырылған қонақтардың ортасында бір топ ақын-жазушылар Жуалы ауданының 90 жылдық торқалы тойына қатыстық. Обалы не керек, жап-жақсы дайындалыпты. Жуалыдан түлеп ұшқан жазушылар Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза бастаған отызға жуық қаламгердің үлкен сурет­тері көрнекті жерге қойылып, өмірбаян­дары, шығармашылық жетістіктері жазылыпты. Өкініштісі, солардың арасында бүкіл қазақ мойындаған Құрманбек Сағындықовтың суретін де, өмірбаянын да көре алмадық. Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаның ортасында маңдайы жарқырап, Құрекең тұруы тиіс еді.
Торқалы тойда Жуалыдан шыққан белгілі тұлғалардың есімдері аталды. Бірақ Құрманбектің аты ауызға алынбады. Шындап келгенде, біз бұған қайран қалдық. Сондықтан үндемей қалу адамгершілікке де, азамат­тыққа да жараспас еді. Кілең игі жақсылар бас қосқан үлкен дастарқан басында көңілге түйген ойымызды жасырмай айт­тық та. Жекебастың мүддесі емес, ел игілігі, халықтың рухы үшін айтылған сын-ескертпелерден Жуалы ауданының әкімшілігі тиісті қорытынды шығарады деген сенімде болдық. Өкінішке қарай, олай болмай шықты.
Өткен жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай, Жуалыда үлкен мәдени шара өт­ті. Халық көп жиналған үлкен басқосу дүрілдеп өт­ті. Қасиет­ті Жуалы жерінен қияға қанат қаққан белгілі тұлғалардың сурет­тері көрнекті жерге қойылып, үлкен-кіші танысып жат­ты. Қаламгерлердің арасында Бауыржан Момышұлының досы, Шерхан Мұртазаның ағасы, бүкіл Алаш ардақтаған Құрманбек Сағындықовтың суреті жоқ болып шықты. Енді-енді таныла бастаған жас ақын-жазушылар бар да, тау тұлғалы Құрекең жоқ… Біз ыңғайсызданып, жерге қарадық.
Бір өкінерлік жайт, жүз жылдығы аталып өткенімен, Құрманбек Сағындықов туралы кітап жазылмапты, деректі фильм түсірілмепті. Алматы, Астана, Тараз қалаларының бірінен көше атының берілмеуі де ойлантады. Жуалыдағы туған ауылына ұлт қайраткерінің атын неге бермеске?! Ең сорақысы, облыс орталығында, Жуалы­да өтетін мәдени-рухани жиындарда тұлғалы азамат­тың есімі мүлде аталмай, ұмытылып барады.
«Ер – бір күнде бір кісілік,
Бір күнде мың кісілік» демекші, мың адамның ізгілікті ісін атқарған, бүкіл ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған Құрманбек Сағындықовтай қайраткер есімі ұмытылуға лайық па?!
«Ерді көрсең қыдыр тұт» деген халық емес пе едік! Бізге не болып барады?! Ел үмітін ақтаған есіл еріміздің есімін, осылайша, елеусіз қалдыра береміз бе?

Елен ӘЛІМЖАНОВ,
жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты,
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Қазақ­станның еңбек
сіңірген қайраткері,
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы

Сурет­терде: «За Родину» – «Отан үшін» газетінің редакторы, капитан Құрманбек Сағындықов демалысқа келгенде (1944). «Қазақ­стан коммунисі» журналының бас редакторы Құрманбек Сағындықов (1965)

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір