Қазақ қалалық ҰЛТҚА АЙНАЛЫП БАРА МА?
09.08.2024
63
0

Қалыпты демографиялық даму мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық саясатына да оң ықпал ететіні анық. Бұл орайда елімізде адам санының тұрақты өсуіне барынша жағдай жасалып отыр деуге болады.

Дерекке сүйенсек, қазір еліміздегі барлық халық саны 20 159 707 адамды құрап отыр. Мәліметтер 1-шілдеде жария болған. Осы тізімдегі тұрғындардың негізгі бөлігі қалалық өңірлерді мекен етеді екен, атап айт­қанда қалада тұратындардың саны – 12 573 637 адам. Ал ауылдық жерде 7 586 070 адам қоныстанған.
Аймаққа шаққандағы қала тұрғындарының үлесі жөнінен Қарағанды облысы көш бастайды, яғни облыс халқының 81,6 пайызы қалалық жерде тұрады. Екінші орында 79,2 пайызбен Ұлытау облысы тұр, ал мұнан кейінгі орынға Ақтөбе облысы жайғасқан. Бұл аймақтың 74,9 пайыз тұрғыны қала жағалап жүр.
Жалпы, биылғы статистикалық мәлімет бойынша қалаға келушілер легі азайған аймақтардың үштігіне Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары кіреді екен. Атап айтқанда, Алматы облысында 16,2 пайыз, Түркістан облысында 24,7 пайыз және Жамбыл облысында 43,4 пайыз халық қалалық мекен жайда тіркелген көрінеді.
Тағы бір салыстырмалы дерек: ерлерге қарағанда әйелдердің үлесі артқан. Мысалы, осы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы еркектердің саны – 9 847 877 адам болса, әйелдердің саны – 10 311 830 адам. Осындайда Мұқағали ақынның әйгілі өлеңі ойға оралады: «…бола берсін көп мейлі».
Өсім көрсеткіштерінің өзгеруі ел тұрғындарының этникалық құрамына да өз әсерін тигізуде. Атап айтқанда, осы сәтте Қазақстандағы саны басым ұлт пен ұлыс санатының үштігін 71,0 пайызбен қазақтар (14 220 321 адам), 14, 9 пайызбен орыстар (2 983 317 адам) және өзбектер 3,3 пайызбен (660 564 адам) бастап тұр екен.
Әрине, демографиялық өсімнің негізі үлесі бала туу көрсеткішінің жоғары деңгейде сақталып отырғанымен анықталады. Бұл бағытта аймақтардағы жағдай қуантарлық. Мысалы, биылғы дерек бойынша туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында байқалған. Өңірде 1000 тұрғынға шаққандағы туу үлесі 25,10 адамды құраған. Ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш 24,71 сәбиге жетіп отыр. Сондай-ақ, Шымкент қаласында да дүние есігін ашқан ұрпақ саны артып, есеп бойынша 1000 тұрғынға шаққанда 23,57 адам шамасында көбейген.
Ал, халық санының өсуіне кері әсер ететін фактор ретінде өлім-жітімнің көбеюін айтуға болады. Статистика бойынша осы жылы адам өлімінің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында байқалған. Мұнда 1000 тұрғынға шаққандағы өлім-жітім үлесі 12,05 адамды құраған. Шығыс Қазақстан облысында да кері сальдо сақталыпты. Аймақтағы қайтыс болғандар саны 11,98 адамға жеткен. Көңілсіз деректер Қостанай облысында да көп. Өлім-жітімнің тіркелуі әр мың адамға бөлгенде кері сальдо 10,51 адамның шамасында болған.
Демографиялық дамудың қалыпты болуына сыртқы көшін-қон жағдайының да әсері бар. Биылғы көрсеткіш бойынша теңсіздік үлесі сақталғаны анықталып отыр. Нақтысы, 2024 жылғы қантар-нау­рыз айында елге келушілердің саны 7 471 адам шамасында екен. Ал елден кеткендер саны – 3 785 адам. Статистика бұл цифрдан теріс нәтиже байқалғанын айтады. Яғни, 2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 2,7 пайызға азайып, елден кеткендердің саны 42,1 пайызға өсті. Жалпы, көші-қон үдерісінде ТМД мемлекеттері арасындағы миграцияның тоқтаусыз жүргені байқалған. Мысалы, ТМД-дан қоныс аударып келгендердің үлесі 75,6 пайыз болса, керісінше Қазақстан азаматтығынан бас тартып, ТМД-ның басқа елдеріне көшкен адамдар саны 74,7 пайызды құраған көрінеді.
Айтпақшы, ішкі көші-қон үдерісі де дамылсыз қозғалыста болып отыр. Мәселен, 2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда ел ішінде қоныс аударушылар саны 2,2 есеге өскен. Өңіраралық миграция тізмінде Астана қаласы топ бастап тұр екен. Жыл басындағы дерек бойынша елордаға 15 390 адам көшіп барған. Мұнан кейінгі тізімде 9 187 адам қоныс аударған Алматы қаласы мен 3 536 адам ресми тіркелген Шымкент шаһары тұр. Ал ішкі миграция үлесі бойынша аймақтар арасында Алматы облысы алдыңғы орында. Биылғы 3 ай ішінде ғана Алатау баурайындағы өлкеге 168 адам тұрақты тұруға келген көрінеді.
Мамандар қазіргі кезеңдегі ел халқының демографиялық өсу көрсеткішін қалыпты деңгейде деп бағалайды. Оның мысалы ретінде 3 айда халықтың жалпы өсімі 62 121 адамды құрағанын айтады. Дегенмен, деморграфиялық саясатта әлі шешімі табылмаған мәселе бар. Жақында Парламенттегі «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары Үкіметке сауал жолдаған еді. Онда ел ішіндегі демографиялық ахуал сөз болған.
– Қазіргі уақытта елде демографиялық саясат туралы қабылданған заң да, тұжырымдама да жоқ. Ал проблема бар. Өткен 32 жыл ішінде халықтың өсімі небәрі 4 миллионға, ал көршілес Өзбекстанда осы кезеңде халық саны 15 миллионға өсті. Халқымыздың саны аз, тығыздығы төмен, әлем бойынша 184 орындамыз. Аумақтың 100 гектарына 7 адамнан келеді. Жалпы, біз демографиялық мәселелерді қалай шешеміз? Біріншіден, халықтың табиғи өсуіне жағдай жасау арқылы, екіншіден көші-қон үдерісін артырумен шешуге болады. Табиғи өсуді қамтамасыз ету үшін алдымен отбасыларды қолдауымыз қажет. Миграцияда да мәселе көп. Және бұл мәселемен жеке дара айналысатын орган жоқ. Біз Отбасы, әйелдер, балалар және демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитет құру тәжірибесін ұсынамыз. Комитет құру туралы алғашқы ұсынысты 2019 жылы жолдаған болатынмын. Арада 5 жыл өтсе де бұл ұсыныс қолдау таппады, – дейді депутат Ирина Смирнова.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір