С. Ақсұңқарұлы: «Төрткүл дүниеде қазақ поэзиясына тең келер құбылыс жоқ…»
29.07.2019
2133
3

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Тұңғыш рет ұйымдастырылатын бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді. Азия елдері қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының иегерлері мен номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 50-ден астам қаламгер бас қосады.

Біз осы орайда қаламгерлерден алда өтетін форумның маңызы мен мәні, бағыт мен бағдары жайлы не ойлайтынын, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білмекке бірнеше сауал жолдаған болатынбыз. Осының алдында жазушы Дулат Исабековтің «Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына берген жауабын жариялаған едік. Сондай-ақ, ақын Ерлан Жүніс пен Жәнібек Әлиманның жауаптарын ұсынғанбыз. Бүгін қазақтың айтулы ақыны Серік Ақсұңқарұлының жауаптарын ұсынып отырмыз.

«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ:

1. «Азия елдері қаламгерлерінің I форумында» ең әуелі «Әдебиет әлемге керек пе?», «Әдебиет мемлекетке керек пе, мемлекет әдебиетке неліктен жеткілікті түрде көңіл бөлмей отыр?» деген мәселелер аясында ой қозғалу керек.

2. Әлем әдебиетінде қазақ поэзиясының алар орны ерекше. Шынымды айтсам, бүгінгі өркениетті елу елдің әдебиетінен де қазіргі қазақ поэзиясымен тайталаса алар бір  жұртты көре алмай отырмын.  Сонау эпостық жырлардан, жыраулар поэзиясынан бастап, бертіндегі Абай, Мағжан, Ілияс, Қасым, Мұқағалиға дейінгі аралықта қаншама жауһар дүниелер бар. Қазақ жырының әлеуеті өте зор, болмыс-бітімі де елден ерекше. Соған қарамастан, қазақ жырының әлемдік кеңістікте бой көрсетуі өз дәрежесінде болмай тұр. Іргемізде көршілес жатқан орыстардың өзі Абайды аудара алмады. Абайды аудара алмағаннан кейін, Ілияс та, Мұқағали да, Қасым да өз дәрежесінде тәржімаланбағаны өз-өзінен белгілі ғой? Қазақ әдебиетінің озық үлгілерін әлем тілдеріне көркемдігі мен қасиетін сақтай отырып, өз деңгейінде аударуды ең негізгі мәселе ретінде қолға алу керек. Батыс әдебиеті жарнамасымен мықты болып отыр. Бізде ол жоқтың қасы…

3-4. Қазақ әдебиеті әлем кеңістігі өз алдына, Азия жұртына да әлі толықтай танылып үлгермеді.Ұлттық әдебиетіміз осы күнге дейін біраз биікті алды, әрине. Кемшілігі неде? Насихаты жоқ! Осы Азия елдері форумын  пайдаланып, әдебиеттің озық үлгілерін әлемге танытудың алғышарттарын жасауға болар еді. Бізде «Қасым бар, Мұқағали бар, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбай, Қабдеш Жұмаділ, Фариза,  Дулат Исабек бар, Рахымжан Отарбай бар!» – деп айтуымыз керек! Бір-бірімізді қызғанбай…. Өзімізді өзіміз мойындасақ, басқа ел де бізді  мойындайды!

5. Әлем әдебиетінің проблемасы осы жиында менсіз де айтыла жатар? Қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселесі оның насихатының төмендігі екенін айттық. Әлем қазақ қаламгерлерінің әлі күнге дейін қаламақы да  алмайтынын естісе, ұяттың көкесі сол болар еді… Ұлы классикалық туындыларымызды бізден басқа ешкім білмей отыр, мәселе – осында.

Әзірлеген Мөлдір Райымбек

ПІКІРЛЕР3
Аноним 11.05.2020 | 16:03

орысқұл бөспе, атаққұмар, шатақ мінезді ұрдажық ақыныңыз осы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір