Д. ИСАБЕКОВ: «Әлемдік әдебиетшілер ассоциациясы керек»
27.07.2019
1857
10

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді. Азия елдері қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының иегерлері мен номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 50-ден астам қаламгер бас қосады.

Біз осы орайда қаламгерлерден алда өтетін Азия елдері қаламгерлерінің форумына байланысты шағын сауалнама жүргізген едік. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің жауабын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

САУАЛНАМА
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?


Дулат ИСАБЕКОВ:

1. «Азия қаламгерлерінің I форумы» деп аты айтып тұрғандай, Азия халықтарының әдебиетіне арналып өткелі отырған алғашқы форум барысында нақты тақырыпты ұсынудан гөрі, келесі форумдарда қандай тақырыптарды бекіту керектігін қарастыруымыз қажет. Дәл осы форумда Азия елдері жазушыларының ортақ мүдделері мен мәселелері жайлы сөз қозғай отырып: «Оны қалай шешу керек, қалай бірігуіміз керек, ол үшін не істегеніміз жөн?» деген сауалдардың төңірегінде ортақ мәмілеге келген дұрыс. Алдын-ала нақты ұсыныс жасау қиын. Әрі оны біреу қолдауы мүмкін, біреу қолдамауы мүмкін. Бұл – бірінші жағдай.

Екіншіден, Азия халықтарына арналған бұл форум аясына нақты кімдер, қай елдер кіреді? Түркі әлемін енгіземіз бе, жоқ, әлде Индонезия, Үндістан, Қытай, Жапония секілді елдер де қамтыла ма? Егер кейінгі аталған елдерден де қаламгерлер келетін болса, біздің тақырыптарымыз өзі шартарапқа шашырап та кетуі мүмкін. Себебі, әрбірінің менталитеті әртүрлі. Одан бөлек, Қытай әдебиеті, Жапон әдебиеті, Үндістан әдебиеті әлемдік кеңістікте ертеден-ақ танылып қалған. Олардың алға қояр мақсаты да мүлде бөлек.

Тілге тиек болып отырған аумақтағы халықтардың әдеби, мәдени байланысы әзірге ғылыми негізде қолға алынған жоқ. Барып-келу, мәжілістер өткізу немесе өнер қайраткерлерінің сол өңірлерде өнер көрсетіп қайтуы, кейбір басқосулар – осының  бәрі тек шолақ-шолақ әңгімелер сияқты болып қалып жатыр. Бұл төңіректе ой қозғағанда әдеби қатынастан бөлек, саясатпен ұштасқан мәселелердің де қылаң беретіні сөзсіз. Осы тұрғыдан қарағанда, «Өзімізге етене жақын Түркі тілдес халықтардың, Шығыс халықтарының арасында ертеректе қандай байланыстар болған? Қандай байланыстар болуы керек? Елдегі әртүрлі саяси шиеленістер қалай шешіліп жатыр? Әдебиет саясатқа үн қата ма, қатпай ма?»,– деген сұрақтар туындайды. Сондықтан бұл алғашқы форум Анықтаушы форум болуы керек. Әр елден келген өкілдер тарапынан Азия қаламгерлерінің ортақ мүддесін танытатын ойлар ортаға салынып, жүйеленсе, бәріміз үшін пайдалысы сол болмақ.

2. 2017 жылы Лондонда менің 75 жылдығыма орай театр фестивалі өтіп, кітабымның тұсауы кесілген болатын. Сонда Лордтар палатасында сөйлеген сөзімде: «Әрине, Еуропа өз алдына дамыған өркениетті елдердің шоғырына айналды. Бірақ, олардың мәдениетінің түп қазығы, тамыры шығыста жатыр. Оны бертін келе өздері де мойындады. Сондықтан Еуропаға, Азияға ортақ үлкен бір ассоциация құрғанымыз жөн», – деп айтқаным бар. Бұл жолы да осы ұсынысты алға тартамын. Халықаралық деңгейдегі, тұрақты жұмыс істейтін біріккен бір ассоциация керек. Одан қорқудың қажеті жоқ. Осы ұйымның іргесі қаланып, кең қанат жаюына әр мемлекет шын ниетімен атсалысып, қоғамдағы әдебиеттің рөлін арттыруға жұмыла әрекет жасауы керек. Бүгінгі таңда техниканың, технологияның қарыштап дамуы адамзатты әдебиеттен алыстатып барады.

Тіпті, қазір жастардың арасында «Бізге Достоевскийдің де, Бальзактың да, Акутагаваның да, Толстойдың да қажеті жоқ. Адам жанын терең тану үшін ұлы классиктерді оқып жатуға мүмкіндігіміз жоқ. Біз ол үшін туған жоқпыз. Дәл қазір экшндер мен детектив жанрындағы дүниелер әлдеқайда қызығырақ»,  – деген мәндегі «адам шошырлық» пікірлер белең алуда.

Әлемдегі бейбітшіліктің шайқалуы – адамдардың рухани құлдырауының салдары. Әдебиетті, көркем шығарманы оқымаған адамның жүрегі  қатайып кетуі де бек мүмкін.  Тұрақты бейбітшіліктің негізі  – рухани байлықта, әдебиетте. Ал, қазір әдебиетімізді таныту үшін жақсы кітап жазып қою – жеткіліксіз, айғайлап сөйлеудің де пайдасы жоқ. Егер ассоциация құратын болсақ, Азия елдерінің орталықтарында әдебиетті кеңінен насихаттауға, халықтардың бір-бірін эстетикалық тұрғыда тануына, бір-біріне деген достық пейілдерінің ұлғаюына жол ашылар еді.

3. Қазір қазақ әдебиеті бұрынғыдай емес, танылуға талпынып келе жатыр ғой. Түркияда, өзге де елдерде кітаптарымыз жарық көруде. «Қазақ әдебиетін әлемге таныту» деген мемлекеттік бағдарлама көп іске қозғау болды. Нәтижесінде, қазақ шығармалары әлемнің алты тіліне аударылып, кітап болып шықты. Бұл, әрине, тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырған жетістіктер. Алайда, Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орнын нақты еншілеуге әлі ерте.

4. Қазақ әдебиетінің жетістігі мен кемшілігін саралауға өз алдына бөлек форум өткізу керек. Кемшілік жайлы сөз қозғап, тұтас әдебиетке, бүкіл қаламгерлерге баға беру әбестік болар. Әр жазушы өзін Толстойдан кеммін деп есептемейді, әр жазушы өзін Әуезовтен жаман жазам деп ойламайды. Мұхтар Әуезов айтқандай, «толыспаған Толстойлар мен шалағай Шекспирлер», грамофондар қазір көбейіп бара жатыр.

Бүгінгі әдебиеттің жетістігі туралы айтқанда, шығармалардың қытай, испан тілдеріне аударылғанын атап өту керек шығар. Ал осы аударылған дүниелер ол жақтағы оқырманның, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп жатыр ма? «Қазақ әдебиетінде осындай ақын бар екен, мынадай мықты прозаик бар екен», – деп тамсанып жатқан жұрт бар ма? Сол елдердің әдеби басылымдарында қазақ әдебиеті жайлы мақалалар шықты ма?  Міне, бұл сұрақтар тағы бір мәселенің ұшын шығарады.

5. Соғысты да бастайтын – сөз. Бейбітшілікті орнататын да – сөз. Ұлы мәртебелі сөздің құдіреті күшті. Әрбір жазушының, ең нашар деген жазушының да, кем дегенде, мың оқырманы бар. Егер де әлем жазушыларының санын мыңға көбейтсек, қанша болады? Бұл – әлем жазушылары біріксе, қазіргі БҰҰ-ның әскерінен де, НАТО-ның әскерінен де әлдеқайда қуатты күшке ие сөзбен қаруланған әскер болар еді деген сөз. Бұл қуатты күштің алмайтын қамалы болмас еді. Қасиетті кітаптарда да сөздің қасиеті туралы көп айтылған. Біз осы Сөздің құдіретіне әлі күнге дейін жеткілікті түрде мән бермей келеміз. Мұның бір себебі – әр адам өзін ұлы тұлға ретінде тым асыра бағалайды. Олай бағалағанына мен қарсы емеспін, қарапайым адам жоқ. Бірақ бұл – жеке адамның эгоизміне, астамшылығына ұласпау керек. Бір халық бір халықтан артық деген ұғымға мен қосылмаймын. Достық, адамгершілік, туыстық, тепе-теңдік ұғымдары – бүкіл  адамзатқа ортақ. Әлем әдебиетінің де, жекелеген халықтар әдебиетінің де ортақ мәселесі осы төңіректе. Адами құндылықтарды басты нысанаға ала отырып, көркем шығармалар көпшілікті соғыстан, дүрбелеңнен ада болуға, адамгершілікке үндеу керек.

Әзірлеген Мөлдір РАЙЫМБЕК

 

ПІКІРЛЕР10
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір