«ҚЫЗҒАЛДАҚТАН БАРАДЫ ҚЫР ДА ӨРТЕНІП»
Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті мен «Балдырған» журналының тілшісі атанған Жәнібек Кәрбозинді балалар әдебиетінің өкілдері ұстаз тұтатын. Оның қаламынан туған шығармаларды назарынан тыс қалдырмайтын классик жазушымыз, «Балдырған» журналын отыз жылға жуық басқарып, көркемдік тұрғыдан дамытып, өркендеткен Мұзафар Әлімбаев: «Жәнібек, сен балалар әдебиетіне сәтті қосылған өкілсің. Балалардың жанын, балалар табиғатын, балалар тілін екінің бірі игере алмайды. Сенің жаратылысың соған икемді», – деген еді. Десе, дегендей-ақ, былайғы көркем дүниелерін тілге тиек етпегеннің өзінде, Жәнібектің «Кербақбай» атты пьесасы республикалық қуыршақ театрында сахналанып, Орта Азиядағы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Әрі сахнадан түспей, ұзақ жыл жасөспірім көрермендердің көзайымына айналды. Енді қаламгердің шығармаларына үңілейік:
«Шығарады жоқ дауды,
Бекен шашып, асықты.
Ат қып мініп оқтауды,
Қамшы қылар қасықты.
Тысқа шығып біз кетсек,
Оқтау, қасық жоқ болар.
«Жоғалды-ау», – деп іздеген,
Ол да іздеуге оқталар.
Сұрау салып әркімге:
«Таптыңыз ба, сіз? – дейді.
«Ойнап ал, – деп, – әлгінде»,
Өзі қоса іздейді».
Бұл – ұмытшақ баланың образы. Жалғыз Бекенге емес, бала атаулының барлығына ортақ әрекет. Қайсыбір кездері велосипедке де зар болған ауыл балаларының қолына түскенді ат қып мінуден басқа не ермегі бар еді? Тіпті мұны типтік мінез десек те болады.
Енді «Интернат ұландарының әніне» назар салайық:
«Әр жақтан біз келгенбіз,
Достар бар деп сенгенбіз.
Бұл – интернат үйіміз,
Жылы, жарық бөлмеміз.
Тәрбиеші – анамыз,
Тәрбиеші – ағамыз.
Солар айтқан жолменен
Келешекке барамыз».
Одан ары достарымен бірге ойнап, бірге той-тойлайтындары суреттеледі. Бар тамаша, шынында да, осында екені рас. Мектепаралық жарыстарда ән салып, бірге би билеудің өзі неге тұрады! Бір үйдің баласындай қандай жарасым! Кешегі күнің көз алдыңа елестеп, жүрегіңді сағыныш сыздатады. Қайталанбас балдәурен-ай десеңші!
Осы тұста мына «армандарға» мойын бұрайық:
«Бұзау бірде айтыпты:
– Жалағанға не жетсін!
Бөрібасар айтыпты:
– Талағанға не жетсін!
Құлын тұрып айтыпты:
– Қашағанға не жетсін!
Қасқыр тұрып айтыпты:
– Асағанға не жетсін!
Тышқан тұрып айтыпты:
– Семіргенге не жетсін!
Қытыр-қытыр қап тесіп,
Кеміргенге не жетсін!..»
Бүлдіршіндерге арналса да, астарлы әзіл. Ортамызда «асағанды» ғана мақсат тұтатын қасқыр мінезділер аз ба? Қаптесер жемқорлар оң мен солыңда өріп жүр ғой. Қаламгер мысалдап отырып-ақ талайлардың мысын басқан тағылым ба? Тағылым.
Ақынның «Көктеміне» көз жүгіртейік:
«Мойынға білек асылды,
Әңгіме кенет тоқтады.
Ерінді ерін жасырып,
Қыз жүзінде от жанды.
Сол қызға ұқсап келбеті,
Самалды жібек көктем де,
Құлпырады жер беті
Күннің нұры өпкенді».
Махаббат пен табиғатты астастыра суреттеу деген осындай-ақ болар. Әрі нағыз бала махаббат қой. Балалар ақындарының «бал» татитын шығармалары, міне, осындай болса керек!
Автордың «Байқа, қыздар» әзіліне бет күлімдетпеске шамаң жоқ. Оқиық:
«Келе жатыр сібірлеп
Май таңы, әні!
Қызғалдақтар қырқада
Жайқалады.
Қызғалдақтан барады
Қыр да өртеніп.
Қайтсаңдаршы, қыздар-ау,
Гүл бүркеніп.
Жігіттер жүр ол жақта,
Байқаңыздар!
Кетпеңіздер өртеніп,
Байқа, қыздар!»
Балаларға арнап шығыарма жазған қаламгерлер махаббат мәселесіне келгенде өрт боп лаулайды. Өздерінің қай жанрдың «жанашырлары» екендерін ұмытып та қалады. Сезімге берілу деген – осы.
Жәнібек айтыс өнеріне де бейім болды. Оның аса белгілі ақын Надежда Лушниковамен сөз сайысы Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Кәрібаев мұражайында қатталған. Қаламгердің әнін Әсет Бейсеуов сынды атақты сазгерлер жазған. «Айнашым», сондай-ақ «Көл бетінде», тағы басқа жырлары жұртшылық жүрегін тербеген.
Ж.Карбозин көркем аударма мәселесімен де тиянақты шұғылданды. Ол С.Маршактың, Ю.Тувиманың, К.Чуковскийдің, Дж.Родаридың өлеңдерін қазақша сөйлетті. Талант иесінің оннан астам кітабы өз оқырмандарының жоғары сұранысына ие болып, әдебиет сыншыларынан да тиісті бағасын алған. Оқырмандарының оны сағына еске алатындары да сондықтан.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ