ҚҰСТАР ҚАЙТЫП БАРАДЫ…
11.12.2023
242
0

Күй өнері – күллі өнер атаулының ішіндегі шоқтығы биік көркем дүние. Кезінде А.Жұбановтың: «қазақтың күйі – әлемдік музыка әдебиетіндегі таңғажайып құбылыс» деп ерекше тебіреніспен баға беруі тегіннен тегін емес. Ұлтпен бірге жасап, ұрпақпен қайта түлейтін құдіретті өнердің киесі бар. Ол ілуде біреуге қонатын қасиет. Осынау бекзат өнердің біртуар өкілі – КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев екені даусыз.

 

Алдағы 2024 жылы дәулескер күйшінің 100 жылдық мерейтойы келе жатыр. 30 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Құстар қайтып барады…» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кешті көсемсөз шебері, ҚР Прези­ден­ті­нің БАҚ саласы сыйлығының иегері Жүсіпбек Қорғасбек ашты. Нұрғиса Атабайұлының өмірі мен өнеріне қатысты тың деректерді келтіре отырып, кейбір күйлері мен айтулы әндерінің бірсыпыра шығу тарихына да ой жүгіртті. Тіпті Мұқағали мен Нұрғисаның арасындағы шығармашылық байланысты да қызықты мысалдар арқылы әңгімелеп беріп, жастардың ұлы тұлғаға деген құрметін арттыра түсті.


Кеш барысында жүргізушілер ұлт перзентінің ұлағатты өмір жолынан қызықты деректер ұсына отырып, ән мен күйін кезек-кезек хабарлап отырды. Алғашқы боп журналистика факультетінің 1-курс студенті Ахметкарим Ануар Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйін шертіп, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. Айтулы шараға арнайы шақырылған домбырашы Бұлан Жамбыл мен баян аспабында Мәлік Дүйсен­биев және дауылпазшы Ертіс Қожекеев Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жыр», «Аралдағы жеңешем» атты әндерін нақышына келтіре орын­дап, тыңдармандарды тәнті етті. Жанды дауыстағы жағымды үн, шебер орындаушылық көпшілікке ерекше әсер берсе керек, кеш соңында көрерменнің сұ­рауы­мен осы үштік өнерпаз тағы әдемі әндерімен думанды кештің көрігін қыздырды.
Н.Тілендиевтің әрбір шығармасы өмір шындығынан туған ғажайып туындылар. Сондай әндерінің бірі – «Құстар қайтып барады» десек, кеште кезек алған Алматы облысы, Жамбыл ауданынан келген, Ұзынағаш мәдениет үйінің әншісі Сайран Байдоллақызы, «Тұран» университетінің доценті, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Анар Ақбаева автордың «Куә бол» әндерін эстрадалық нұсқада орындап, әдемі кешті әсерлендіре түсті. Бір жарым сағатқа созылған кеште Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның студенті Ерасыл Есбердиев, Саят Нұрғазин, Ғаламат Бейсеқожа секілді өнер өкілдері ән мен күйден шашу шашты. Әдеби-сазды кеш барысында студенттер әйгілі композиторға арналған арнаулармен бірге өз өлеңдерін оқыды.

Асқар ДҮЙСЕНБІ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің аға оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір