А. Нұрғазы: «Орталық Азия елдері әдеби байланысты күшейту керек»
31.07.2019
1920
4

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Форумға Азия елдерінен 100-ге жуық, елімізден 50-ден астам танымал қаламгер қатысып, әдебиет әлемінің өткені мен бүгіні және болашағы туралы ой қозғап, жан-жақты пікір алмаспақ.

Біз осыған дейін Дулат Исабеков, Серік Ақсұңқарұлы, Ерлан Жүніс пен Жәнібек Әлиман секілді әр буын өкілдерінің «Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына берген жауабын жариялаған едік. Енді ақын, әдебиеттанушы Ардақ Нұрғазыұлының пікірлерін ұсынып отырмыз.

«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Ардақ НҰРҒАЗЫ, ақын:

1. Азия форумында біраз шет елдің қаламгерлер келеді деп отыр. Мен осы форумды пайдаланып қазақ әдебиетін дұрыстап насиқаттап алумыз керек деп ойлаймын. Бұл болашақ үшін пайдалы. Оң әсер деген қашанда қажетті нәрсе. Бастысы форумда тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетінің кеңестік идеологиялық әдебиеттен бас тартқан, жаңа тынысқа, жаңа баяндау шеберлігіне ие, өнер эстетикасында әлемдік әдебиетпен үндес әдебиет ретінде көрнектілендіруміз керек. Ең кемі соған бағыт алып бара жатқанымызды ұғындырсақ деймін. Әдебиет тіл мен ұлттық дүниетанымның үндестігін қалыптастратын орта. Модернистік таным, талғам үстемдік алған бүгінгі таңда жаңа қазақ әдебиеті қазақтың бейнелеу тілін жаңартып, ұлттық пайым, қасиет, рух, болмыстың заман ауқымына сай түлеуіне мүмкіндік бергенін баса көрнектілендіруге тиіспіз. Мен осы тақырыпта көбірек сөз болса деп ойлаймын. Қытай прозасы Кеңес әдебиетінің дәстүрінен қалай шықты, жапондар Батыс әдебиетінің аяқ алысынан қалып қоймай, қалай ілесе дами алды, Араб елдері әдебиетінің бүгінгі күрделі гоесаяси жағдайды бейнелеудегі ерекшелігі қандай, Батыс пен Шығыстың көпірі болып келген түрік ағайындар соңғы жиырма жылда күшті белең алған исламдық факторды қалай бейнелеуде, т.б. тақырыптар қозғалып жатса, форумның өз деңгейінде сәтті өткені деп білемін.

2. Форумда сөз тие қалса, не айтатыным туралы дәл қазір бірдеңе дей алмаймын. Себебі, ол туралы ойланған жоқпын.

3. Жаһандану заманында орын алып жатқан күрделі саяси, мәдениеттік сипатты теке-тірестерге қарамастан, әдебиет баяғысындай жалпы адамзаттық, түсіністік пен үндестікке, гуманизмге жол ашатын рухани құндылық болып отыр. Орталық Азия әдебиеті өз тарихында саф өнерге тән өзгеше мүмкіндікпен адамзат жаратқан рухани қорға үлкен үлес қосқанын білеміз. Бүгінгі қазақ әдебиеті осы бастау-көзден нәр ала отырып тың белеске көтерілуге мүдделі. Біздің алдымызда алдымен «біз кімбіз?» деген сұраққа жауап беру тұр. Біз Шығыс әдебиетіне жатамыз ба, әлде, Батыс әдебиетіне жатамыз ба, біздің әдебиетіміз модернистік ойлаудың шеңбері ішінде ме, әлде оның сыртында ма, дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен кеңестік идеологиялық әдебиеттен нені алып, нені қалдырдық, деген сұрақтарға жауап беруіміз керек болып тұр. Бұл сұрақ осы форумға келетін біраз елдер әдебиетінің бәріне ортақ сұрақ. Форумда әдебиеті біршама дамыған Жапон, Қытай, Түрік, т.б. елдер әдебиетте жеткен жетістігі негізінде, нақты мысалдармен жоғарыдағы сұрақтарға жауап беріп қалуы мүмкін. Бізге форумның осы жағы қажетті. Біз оны әдебиетіміздің даму, жаңару аяқ алысын саралауға, жүрер жолымызды мүмкіндігінше түзеуге пайдаланар едік деп ойлаймын.

4-5. Әдебиеттегі ортақ проблемаламар өзара байланыс пен сапалы аударма мәселесіне барып саяды. Тәжірибеге сүйенсек, өзара тығыз байланыстағы елдердің, айталық, еуропалық елдердің әдебиеті жүйелі дамыған. Бірін бірі біліп, дер кезінде хабардар болып, уақытында үндесіп отырғандықтан олардың әдебиеті де, әдебиет айдыны мен кітап нарығы да бүгінгі талапқа сай келетін деңгейде жұмыс істеп тұр. Бұған салыстырғанда, басқаны айтпағанда, Орталық Азия елдері арасында мәдениет пен әдебиеттегі байланыс жоқтың қасы. Әдебиетті дамытамыз десек, әдебиеттің тынысын кеңітіп, өрісін ашып, үлкен нарыққа апаратын орта жасауға күш салуымыз керек. Ол үшін Орталық Азия елдері бір-бірімен әдеби байланысты күшейтіп, қарым-қатынасты молайтып, ықпалдастықты арттыруға жұмыс істеуі тиіс. Бұл өзара аудару мәселесіне барып тіреледі. Соны мықтап қолға алу керек. Аударма қашанда маңызды. Бүгінгі қазақ әдебиетінің бір осал тұсы аудармада ойсырап тұруы. Аударма жоқ болған соң, қатысты зерттеу де жоқ деген сөз. Зерттеу-сын болмаған жерде тоқырау, өзіңді көзсіз көтеру, өзгені кемсіту басталады. Әлемдік әдебиеттің соңғы елу жылдағы жетістігі дәл қазіргі қазақ әдебиеті үшін күңгіріт нәрсе. Осы жағы жетерсіз болғаннан кейін біз өзге мен өзіміздің арамыздағы ортақтық пен парықты дұрыс саралай алмай келеміз. Өзімізді де, өзгені де лайықты бағалай алмаудамыз. Сондықтан осы форумда Түркия мен Орталық Азия елдерінің жазушылары ұйымдасып өзара байланыс пен аударма мәселесін шешудің нақты жолдарын қарастыра алса, үлкен жетістік болар еді. Айталық, тұрақты әдеби байланысқа есік ашылса, тұрақты түрде кітап аударылатын болса, бірлескен әдеби-аударма журнал шығару қолға алынса және жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылса, оң болар еді.

Әзірлеген Думан Терлікбаев,

журналистика факультетінің ІІ курс студенті  

ПІКІРЛЕР4
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір