Н. Ораз: «Бүкіл әлем әдебиетінде жұмбақ дағдарыс пайда болғандай…»
02.08.2019
2038
1

 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Форумға Азия елдерінен 100-ге жуық, елімізден 50-ден астам танымал қаламгер қатысып, әдебиет әлемінің өткені мен бүгіні және болашағы туралы ой қозғап, жан-жақты пікір алмаспақ. Шетелден келетін мәртебелі меймандар арасында Нобель, Букер сыйлығының иегерлері, өз елінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал жазушылар, шығармалары көптеген тілдерге аударылған қаламгерлер бар. Олар бүгінгі әдебиеттің хал-ахуалы мен күрделі мәселелері жөнінде өз ойларын ортаға салады. Бұл форумда қандай мәселелер көтерілгені дұрыс? Форумның мән-маңызы қандай болмақ?

Біз осы орайда қаламгерлерден алда өтетін форумның маңызы мен мәні, бағыт мен бағдары жайлы не ойлайтынын, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білмекке бірнеше сауал жолдаған болатынбыз. Осының алдында  Дулат ИсабековСерік Ақсұңқарұлы, Ерлан Жүніс пен Жәнібек Әлиман, Темірхан Медетбек, Несіпбек Дәутайұлы, Ардақ Нұрғазы қатарлы қаламгерлер«Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына берген жауабын жариялаған едік. Бүгін жазушы Нұрғали Ораздың пікірін ұсынып отырмыз.

«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Нұрғали ОРАЗ, жазушы:

1. Әрине, ең алдымен, әдебиет туралы әңгіме болғанын қалар едім. Себебі, соңғы жылдары қандай да бір форум, жиын болмасын, саясатқа қарай бұрылып, бүгінгі күннің проблемарын сөз еткен болып, көпшіліктің уақытын алғаннан басқа ешқандай пайдасы жоқ популизм алаңына айналып кететінін көріп жүрміз.

Ал шындығында, адамзат тіршілігіндегі проблемалардың бәрі де мәңгілік сияқты. Кеше болған, бүгін бар, ертең де жалғаса береді.

Жалпы, қазір біздің ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінде бір түсініксіз, жұмбақ дағдарыс пайда болған секілді. Ұлылар кетіп, жылдан жылға ұсақталып бара жатқандай күй кешудеміз.

Бұл бірінші мыңжылдықпен бірге әдебиеттің тұтас бір дәуірінің аяқталып, екінші мыңжылдықтағы жаңа дәуірдің бастауында орын алған уақытша тыныштық болуы да мүмкін.

Қалай десек те, әлем әдебиеті бүкіл дүниені елең еткізетін жаңа бір шығарманы күтіп тұрғаны анық. Демек, жаңа форма, жаңаша стиль, өзгеше ой айту тәсілі қажет.

Бүгінгі постмодернизмдегі «бұл менің өз ойым, өз көзқарасым, түсінгіңіз келсе түсініңіз, түсінбесеңіз қойыңыз» дегендей өзімшіл принцип талғам таразысына татымайды.

Рас, қазір жұртты таңғалдыру қиын. «Ертең басқа планетадан қонақтар келеді, солармен бірге отырып шай ішіңіз,» десеңіз де, «Уақыт болса, көреміз,»  деген жауап алуыңыз мүмкін.

Бұл не сонда? Самарқаулық па? Салқынқандылық па? Әлде бәрін  көріп, біліп, көз жеткізіп қойғанбыз ба? Иә болмаса, мынау тіршіліктің мәңгі жалғаса беретін ескі проблемаларынан шаршадық па?.. (Қазақ әдебиетінің классигі Тәкен Әлімқұлов өзінің «Сары сыбызғы» атты әңгімесінде «Әделет орнамайтынына көзім жетті, дүнияда ет жейтұғын ауыз құрымай» деген өлең жолдары кездеседі. Қарапайым секілді көрінгенімен, қаны сорғалаған ақиқат екені анық.)

Әдеби шығарманың қасиеті, әрине, көркемдігі мен тереңдігінде. Л.Толстой, Әуезов, Хэмингуэй, Ремарк, Акутагава, Маркес, Айтматов секілді классиктердің шығармалары ең алдымен көркемдігімен әлемнің ықыласына бөленгенін ұмытпағанымыз жөн.

Бүгінгі әдебиет ақпараттық сарынға ауысып, журналистикаға ұқсап бара жатқандай әсер қалдырады. Мопассаның «Томпышындағы» қыламықтаған ақша қардың суреті, Дулат Исабековтің «Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түсі» секілді картиналарды кездестіру қиындап барады.

2. Білмеймін, өз басым, сөйлегенге қарағанда, тыңдағанды ұнатамын. Шынымды айтсам, әдебиетті де сол үшін, жазу өнері болғандықтан жақсы көремін.

Үнсіз отырып, өзіңмен өзің сырласасың.  Кей сәттерде көкірегіңдегі ой ғана емес, түпкі жұмбақ түйсігің де үн қатқандай болады.

Әдебиеттегі үлкен ұстаздарымыздың бірі Ор-ағаң – Оралхан Бөкеев: «Үлкен істі үндемей жүріп бітірер болар» деген мақалды жиі айтушы еді.

Тегі, форумдағы айтылар ең басты ұсыныс та, тілек те сол – әдебиет әлемінің көптен бері бір жаңалық, яки, әлем оқырмандарын жалт қарататындай жаңа шығарма күтіп тұрғанын айту және сондай шығарма дүниеге келе қалса, бір-бірімізді хабардар ету болар деп ойлаймын.

Оның сыртындағы әдеби қарым-қатынас, аударма секілді өзекті мәселелер де соған лайықты өрістейтін шығар.

Кітапты жазу да, оқу да – ой еңбегі. Адамзат баласы үлде мен бүлдеге оранған сайын сол еңбектен бас тартып, барынша енжар, еріншек,  эгоист болып барады. Ендеше оны қалай оятуға, қалай қызықтыруға болады?..

Х. Мураками, П. Коэльо, О. Памук секілді атышулы жазушылардың шығармаларын бүгінгі күннің классикасы деп айтуға бола ма? Айталық, Х. Муракамидің «Норвегия орманы» романындағы жапон жастарының бейәдеп қылықтары мен ашық, бүкпесіз, бірақ, тағы да сол бейәдеп әңгімелері туралы не ойлайсыз? Бұл оқырманды қызықтырудың жаңа тәсілі ме?..

Міне, осындай тақырыптар туралы да ойласуға, пікірлесуге болатын секілді.

3. Әр ел өз әдебиетінің биігі мен тереңіне үңілуге тиісті. Себебі, ол ұлттың қазынасы. Кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге қалатын рухани мұра. Ел тағдырымен, ел тарихымен тамырлас өнер.

Сондықтан, біз қазақ әдебиетінің Азияда ғана емес, әлемдік кеңістікте де биік  екендігіне күмән келтірмеуіміз қажет. Ал оның сол биігі мен тереңдігін көрсете алмай, таныта алмай жүрсек, ол әдеби сынның ғана емес, еліміздің, мемлекетіміздің әлсіздігі болмақ.

Осы ретте спортағы жетістік бір сәттік, өнердегі жетістік мәңгілік екенін еске салып өту артық бола қоймас.

4. Қазақ әдебиетінен Ұлы даланың тынысы сезіледі. Таза ауа жұтып, жусан иісін иіскеп, мөлдір бұлақтан су ішкен жанның ағзасы қалай тазарса, төл классикамызды оқыған оқырманның да жан дүниесі солай тазарады.

Ал кемшілігі ретінде қала тақырыбына  аз қалам тартылатындығы айтылып жүр. Бірақ, қала дегеніңіз, Ұлы даладағы түймедей ғана бір нүкте, шектеулі кеңістік емес пе. Айталық, Дулат Исабековтің «Қарғын» романы қала тақырыбына арналған десек, оның бәсін төмендеткендей болмаймыз ба.

5. Таяуда қазақ жазушыларының әңгімесін француз тіліне аударған тәржімашымен әңгімелесіп қалып едім. Санкт Петербургте білім алған, орыс тілін тәп-тәуір меңгерген француз жігіті екен. Мамандығы инженер. Орыс классиктерінің шығармаларына деген құрметі ерекше. «Дегенмен, мамандығыңыз әдебиеттен алыстау екен,» деп қалжыңдағанымда, ол: «Жас кезімде әке-шешем «ол нан тауып жейтін кәсіп емес» деп, филология факультетіне баруыма қарсы болды,» деп салмақты жауап қатты.

Франция туралы түсінігім тым-тым биікте қалқып жүретін менің көзім бақырайып кетті. Демек, қай елде болмасын халықтың әдебиетке деген көзқарасы бірдей секілді. Біз классик жазушылардың қалай бай-қуатты болғанын үнемі ұмытып кете береді екенбіз.

Д.Лондонның «Мартин Иден» романы көркем шығарма десек, Г.Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романының қолжазбасын поштамен жіберуге ақша таппай қиналғанын естен шығармауымыз қажет екен. Меніңше, барлық елдердің әдебиетшілеріне тән бұл проблеме – әдебиеттің де проблемасы.

Ал жазуға қатысты проблема болуы мүмкін емес. Кім қандай тақырыпты таңдайды, қандай форма ойлап табады, қандай стильмен баяндайды, ол өзінің еркінде.

Әзірлеген Мөлдір Райымбек

 

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір