«ОНЫ — БІР ҚОРА ЖҰМБАҚ»
12.09.2024
576
0

немесе ежелгі қазақ балаларға остеологиядан қалай сабақ берді?

Остеология – анатомия ғылымының адамның сүйек қаңқаларын зерт­тейтін бөлімі. Бұрынғы қазақ тұрақты мектебі жоқ заманда балаларына балалар әдебиеті арқылы осы аталған остеология білімінен сабақ берген. Бұл сабақ ұзақ тарихқа ие «Санамақ әліппесі» арқылы беріліп, малдың сойылуы мен жілік сүйегінің мүшеленуін, бөлшектенуін үнемі көріп өскен балалар үшін остеология сабағы жеңіл, тиімді болды. Бабалар қоғамындағы шипагерлікке жүйрік қара үзген емшілер мен көркем ойлы ақындар, тақпақты тақылдатқан билер отырып кеңесіп, осы білім күшін қарапайым санамақ тақпағына сыйғызып, оның ұлан-асыр күшін елеусіздеу шумаққа тоғытқан екен.
«Бір дегенім – білеу» дейді. Бұл – «Санамақ әліппесінің», яғни остеология білімінің балаларға арналған тез жат­талатын, шумаққа айналдырылған түрінің бірінші жолы.
«Бір дегенім – білеу»
Мұнда остеология білімінің жіктеп беретін көп буынды қаңқаларын қарастырып, оның ішінен бөлек тұрған, біленіп тұрған білек сүйегін алып шығамыз. Санамақтың бірінші санымен білек сүйегін білеу деп айтып тұрып, білектей үлкен қайрақ тасты қазақтың білеу дейтінін, қайрақ тасы көп табылатын жерді қазақтың білеуті дейтінін еске алсақ, қазақтың білеу тасты білек сүйегімен байланыстыра көрсететінін, білеу тастың атының білек сүйегіне ұқсатылып қойылғанын білеміз.
«Екі дегенім – егеу»
Ұсталар теміршілікте біз ұшты зат­тардың ұшын егеп шығаруда қолданатын құралды егеу деп атаса, жиһаз шеберлері ағаштың бұдырын тегістеуде қолданатын көп бұдырлы құралды егеу деседі. «Екі дегенім – егеу» дегендей, екеуі де жұмыр сапты. Ұстаның егеуінің ұшы көп қырлы, жиһаз шеберінің егеуінің ұшы жалпақ келеді. Бұл екеуінің атауы да, негізгі пішіні де адамның аяқ сүйегінің пішінінен алынған. «Егеу», «екі» сөздері де «аяқ» ұғымынан пайда болған. Өйткені аяқ – мәңгілік жақын тұрған екі қатар сүйек.
«Үш дегенім – үскі»
Үскі – ағашшылықта тесу қызметін атқаратын, жұмыр сапты, ұшы үш қырлы келген құрал. Үш қырлы келген үскі құралының осы үшбұрыштанған басы мен оның тік тұрған жұмыр сабы адамның жұмыр келген омыртқа сүйегінің және оның ұшындағы үшбұрыштанған құйымшақ делінетін үшкіл сүйекке пішін жағынан ұқсас келеді. Бір қарағанда, ол ешкінің қайқайған құйрығына ұқсаңқырайды. Ешкінің – ешкі аталуының өзі, оның осы үскі сияқты үшкіл құйрығына байланысты туындаған сөз еді. Үскі де, ешкі де – үшкір, үшкіл деген сөздердің әуелгі нұсқалары. Осы үшкіл келген омыртқа сүйегінің үшбұрышты ұшы, ешкінің үскі құйрығы, үш қырлы үскі құралы – осының бәрі сайып келгенде, 3 санына және үшкіл пішінге байланады. Сондықтан «Үш дегенім – үскі» деу арқылы, үскіні қолға ұстаған баланың екінші көретін нәрсесі – жұп-жұмыр омыртқа сүйегі және оның құйымшақ деп аталатын үшкіл тұсы.
«Төрт дегенім – төсек»
Адамның төс сүйегі төрт буыннан тұрады, оның ұшындағы өсінді шеміршекті қоспағанда. Сонымен қоймай, төс сүйек жалпақ бітпеген. Қайқы бас төсектің, қайықтың ойығын жасап тұрғаны сияқты, төс сүйек іштен сыртқа адырнадай тартылып, иіліп тұрады. Төс сүйектің төртбұрыш пішінді, төрт буынды келетіні мен «төрт дегенім» дегендегі төрт саны, төс сүйектің қайқылығы мен пішінін алған төсектің өзара байланысы осыдан шығады.
«Бес дегенім – бесік»
Бес буынды белдеме сүйектің әр буынының тұғыры жұмыр болып, оның қалған жағы найзадай шаншылған бес үшкіл сүйектен тұрады. Белдеме сүйектің бес буынын қазіргі ғылыми әдебиет­тер «бел омыртқасының табақшасы» деп жүр. Белдеме сүйектің осындай буынының жұмыр тұғырын төмен қаратып, бес үшкілін жоғары қаратып қойсақ, біз оның тұғыры жұмыр келген тербелмелі бесіктің дәл өзі екенін, оның екі жағындағы қалқанды үшкілді бесіктің екі жағы екенін, дәл төбесіндегі биік үшкілдің бесіктің арқалығы екенін байқаймыз. Бесіктің құрылысы мен осы белдеме буынының құрылысы ұқсас екен. Оның үстіне, белдеме сүйек бес буыннан құралып қана қоймай, әр буыны біз қадап айт­қандай бес үшкіл сүйекпен найзаланып тұр. Бұдан тыс, бесіктің екі басындағы қалқанының доғасын іштен тіреп, әр жағында ұзынды-қысқалы бес таяқша қағылады.
«Алты дегенім – асық»
Бұл қатарда асық сүйектің өзін тіке айтып тұр. Асық – мал сүйегінің асылы. Асық – алты қырлы келеді. Асықтың оң қыры мен сол қырындағы ойық келген бетін – «алшы» десек, томпақ келген бетін – «тәйке», «таба» десеміз. Асықты жалпағынан жатқызсақ, оның ойық бетін – «шік», «шіге» деп, төмпеш келген бетін – «бүк», «бүге» дейміз. Асықтың үстіңгі қырын – «шоңқы», «шоңқай», «сомпы» деп, оның астыңғы қырын – «омпы», «оңқа» дейміз.
Асықтың алты қырын «асық ату ойыны» арқылы сәбилеріне осынша жат­татқан қазақ, «алты дегенім – асық» деп түйіндейді.
«Жеті дегенім – желке»
Желке – адам мойынының жүйке жұлыны. Желке – мойын сүйектің сыртына жабысып, бас сүйек пен омыртқа сүйегінің арасында көпір қызметін атқарады. Желке жұлыны жабысып тұрған мойын сүйек жеті буыннан тұрады. Осы жеті буынды сүйек пен оған тығыз жабысқан желке буынына қарай отырып, «жеті дегенім – желке» деген санамақты қазақ осыдан шығарады.
«Сегіз дегенім – серке»
Адамның омыртқа сүйегінің ең ұшына қарай жатқан екі сүйек бар. Оның жоғары тұсында – сегізкөз сүйек болса, оның түбін ала құйымшақ сүйек тұр. Сегізкөз сүйекте оң-солға төрт қатар болып тең жарыла, тесік көзденіп тұрған сегіз көз бар. Сегізкөз сүйек үсті жалпақ келген үшбұрыш пішін жасап, осы үшбұрыш пішіннің екі жақ жоғары тұрған жағы ешкі құлақтанып жалпақтанған. Осы жалпақтанған ешкі бастың дәл үстінде серкенің тік өсетін мүйізі сияқты екі қатар тік мүйізденген шошақ сүйек бар. Сондықтан серкенің басынан аумайтын осы сегізкөз сүйекті «сегіз дегенім – серке» деп айтатыны содан.
«Тоғыз дегенім – торқа»
Бұл жерде кәдімгі торғын-торқа емес, «торғы» деп тор көзді кеуде сүйек айтылып тұр. Тор көзді кеуде сүйек оң-солға тең бөлініп, тұтаса орналасқан тоғыз қатар доғал сүйектен тұрады. Сондықтан бабам баласына «тоғыз дегенім – торқа» деп санамақ санатып отыр.
«Тірек» сөзі де осы «торғы» сүйектің қос өкпені тор көзді сүйектерімен торлап, тіреу болып тіреп тұруына сай шыққан еді.
«Он дегенім – оймақ»
Оймақ – металдан және теріден жасала береді. Оның пішіні адамның бас сүйегіне ұқсатылған. Оймақ іс тіккенде бармақтың басына кіргізіледі. Адамның бас сүйегінің астыңғы қуысы да бармаққа киілетін оймақтың қуысына ұқсайды-ау, ұқсайды.
Оймақ – ойық деген сөз. Адамның бас сүйегі 10 ойықтан тұрады. Олар: екі көздің ойығы, танаудың екі ойығы, тістің екі жағындағы азу тұстың ойығы, әр екі жақтағы шықшыт­тың астындағы ойық, құлақтың астыңғы тұсындағы әр екі жақта бар шығыршықты ойық. Міне, осы он ойықтан, он оймақтан тұратын адамның бас сүйегіне қаратыла «он дегенім – оймақ» деген санамақ туып отыр.
Қарап отырсаңыз, «бір дегенім – білеу. Екі дегенім – егеу. Үш дегенім – үскі. Төрт дегенім – төсек. Бес дегенім –бесік. Алты дегенім – асық. Жеті дегенім – желке. Сегіз дегенім – серке. Тоғыз дегенім – торқа. Он дегенім – оймақ» деген он сүйектің сырын ұқтырған, он жолдан тұратын санамақтан соң, бабалар бұл санамаққа мынадай жол қосады: «Оны – бір қора жұмбақ» деп. Бұл сүйікті жол кейбір айтылымдарда өзгеріске ұшырап, «оны – бір қора жұмбақ» делінбей «он бір қара жұмбақ» болып та айтылып жүр. Мұндағы қора сөзі – күре, көре деген дөңгелек, шоғыр деген мағынадағы сөздердің келесі бір айтылымы. Қора сөзі айтылғанда, көз алдымызға мал қора елестемеуі керек. Әуелгі, қалалар күн мен айдың қораланғанындай дөңгеленіп салынғандықтан, күре, «город» деген қала ұғымдары бір түйіннен тарайды.
Сонымен, біздің ежелгі қазақтың балаларға остеологиядан берген бір бет­тік сабағының мыңжылдықтардан тозбай жеткен жолдарын қайталап оқып, түнгі ұйқыға бас қоямыз:
«Бір дегенім – білеу.
Екі дегенім – егеу.
Үш дегенім – үскі.
Төрт дегенім – төсек.
Бес дегенім – бесік.
Алты дегенім – асық.
Жеті дегенім – желке.
Сегіз дегенім – серке.
Тоғыз дегенім – торқа.
Он дегенім – оймақ.
Оны – бір қора жұмбақ».

Көкбөрі МҮБАРАК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір