ҒАРЫШТАН КЕЛЕР ПАЙДА КӨП
17.04.2024
63
0

Қазақстан – жер кіндігінде орналасқан ел. Байқоңыр ғарыш айлағының ыңғайлы жерде орналасқаны туралы бәріміз білетін шығармыз. Тұңғыш ғарышкер аттанған аймақтан әлі күнге дейін Жерді айналып ұшатын Халықаралық ғарыш стансасына ғарышкерлер аттанып жатады. Онда тек ресейлік қана емес, АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінен де ғарышкерлер бар. Осы жылдар аралығында Байқоңырдан 1500-ден астам әртүрлі бағыттағы ғарыш аппараты ұшқан. Бүгінде бұл қазақ халқына ғарыш саласында үлкен мүмкіндік беретін айлақ болып отыр. Халық сирек қоныстанған, таза суы бар, теміржол қатынайтын ыңғайлы айлақ болашақта Қазақстанға қызмет етеді деп үміттенеміз.

Бүгінгі ғылым бір орында тұрған жоқ, бұрынғыдай Жерге қатысты физикалық заңдылықтар күн санап өзгеріп жатпаса да, ғарыштық деңгейдегі жаңалықтар баршылық. Бүгінде қара құрдымның табиғаты, жылдамдық, уақыт пен кеңістік түсінігі, антиматерия секілді жұмбаққа басын ауыртатын ғалымдар қаншама. Бұл өз кезегінде болашақта адамзатқа пайдасы тиетін үлкен сала екенінің дәлелі болса керек.
Жер бетіндегі қазба байлықтың тап­шы кезінде сол бағалы металлды астероидтардан алу, сондай-ақ Айдан қазба байлық тасу туралы да сөз қозғалып жатады. Дегенмен қазір оны тасу қаржы жағынан да, ғарыш кемесін жасау бойын­ша да қалтаға ұратын болып отыр. Дегенмен болашақта бұл мәселеге қайта оралатынымыз анық.
Бүгінде біздің ғарышкелерден бөлек, Жер серіктеріміз де ғарышқа аттанды. Оның бір мысалы телевидение екенін білеміз. Болашақта бұл саланың дамуы үшін мамандарды дайындау керек. Бұл тұрғыда да алға ілгерушілік бар деп айтуға болады. Ерікті жастар бүгінде осы саланы дамыту, қазақтілді ортаға танымал ету мақсатында жұмыс істеп жатқанын да көзіміз шалады. Forbes.kz-те шыққан «KazRockets: Зымыран жасауға қызығатын балалармен ғарышты бірлесе зерттеуге дайынбыз» деген тақырыпта шыққан мақалада осыған куә боламыз.
KazRockets қоры – Қазақстанда зымыран жасауды танымал етіп, бұл салаға жастардың назарын аударуды мақсат тұтқан алғашқы қоғамдық ұйым. Мұнда мектеп оқушыларын, жас жеткіншектерді ғарышты зерттеуге баулып, зымыран жасауға үйретеді. Онда Kaz Rockets қорының даму жөніндегі басшысы әрі RocketTech стартапының атқарушы бас директоры Мирас Нүсіпов былай дейді:
– Бала кезімнен Стив Джобстың еңбектеріне сүйеніп, болашақта Hardware стартап жасауды армандаған едім. Алматыдағы химия және биология бағытындағы NIS мектебінде оқығанда, робот техникасына қатысты көптеген жарыстарға қатысып, Smart City тақырыбында жобалар әзірледім. Кейін Astana IT University-де Industrial Automation мамандығы бойынша білім алдым. Мені елдегі жастардың аэроғарыш бағытында білім алуының төмен деңгейде болуы қынжылтатын. Осылайша, 2023 жылы «Kaz Rockets – Қазақстан мен Орталық Азияда зымыран жасауды дамыту және авиамодельдеу қоры» ашылды. Қазір енді біз бала кезінде ғарышкер болуды армандаған жас жеткіншектердің арманын, бала қиялын жандандырып, жан-жақты оқытуды қолға алдық.
Мирас Нүсіповтың айтуынша, қордың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азияның STEM секторында (Science, Technology, Engineering, Arts, Mathematics) зымыран жасап шығару мен авиамодельдеу бойынша жаңа инновациялар әзірлеп, оны халықаралық аренада кеңінен таныстыру, әрі зымыран жасауға қызығатын қазақ жастарының білім деңгейін көтеріп, перспективті жұмыс табуға көмектесу. «Кез келген идея мәселемен бетпе-бет келгенде туындайды. Бізді елдегі жастардың жекелеген бағыттар бойынша әлі күнге дейін сапалы білім ала алмайтыны алаңдатады. Қазақ­стандық жастардың осы бағыттағы білім беру ресурстары мен аэроғарыш технологияларын зерттеу мүмкіндіктері аса көп емес. Ал оқушылар мамандық таңдауда ақпараттың аздығынан өзіне қызықты бағытты дұрыс танып, анықтай алмайды әрі білім мен индустрия арасындағы алшақтық тағы бар. Практикалық тәжірибенің жеткіліксіздігі және кәсіби ортамен өзара әрекеттесудің болмауының салдарынан жас мамандар сала ішіндегі нақты талаптарға дайын болмай жатады. Мұның бәрі түптеп келгенде білікті кадрлардың жетіспеушілігін тудырып, салаға инновациялық тұрғыдан қарауға қабілетті инженерлер мен ғалымдардың тапшылығына әкеп соғады».
Қорда KazRockets Education деп аталатын мектептерге арналған білім бағдарламасы бар. Мұнда оқушылар 3D модельдеу, бағдарламалау, жобалау және тестілеу, материалтану, электрониканы үйрену дағдыларын қамтитын әртүрлі курстардан өтеді. Бір жылдың ішінде мұнда шамамен 1000 бала білім алған.
Сондай-ақ Ғарыштың ауылшаруа­шылығы, апаттың алдын алу секілді мәселелерде де мемлекетке тигізер көмегі орасан зор. Биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанның жазық өзендерінде көктемгі су тасқыны ағынының гидрометеорологиялық бақылаулар мен өлшеулер деректері де жасалған.
«Қазгидромет» РМК өңделген NASA спутниктерінің ЖҚЗ (Жерді қашықтықтан зондтау) суреттерінде 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанның қармен жабылған аумағы 72% құрағанын жеткізді. Жауын-шашынның мөлшерін, қардағы су қорын, топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштерін, топырақтың қату тереңдігін, сондай-ақ өзендердің мұз режимдерін талдай отырып, су тасқыны қауіпті аймақтарға алдын-ала баға берілді. Қатері жоғары өңірлер: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары көрсетілген еді. Қатерлері орта: Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстары деп, суға кету қатері төмен: Маңғыстау облысы деп жазылған. Бұл жер серіктерінен түскен ақпарат, яғни су басуды алдын-ала болжап, қатер төнгені де айтылған.
Жуырда тағы бір жағымды жаңалық болды. Пекинде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы (ҚР ҰҒА) мен Қытай Ғылым академиясы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Енді академиялар ауыл шаруашылығы, медицина, сондай-ақ ғарыштық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады. ҚР ҰҒА вице-президенті Ләззат Ералиеваның айтуынша, бұл келісім болашақта ғарыш, агробиоресурстар, экология және медицина саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді. Бұл дегеніміз – маман дайын­дауға, ғарыш саласында қызмет ететін қаракөздеріміздің көбеюіне үлкен үлес қосады деген сөз. Бүгінде ғарыш саласы технологияның болашағы, ғылымның болашағы ретінде қарастырылады. Себебі біз жердегі заңдылықтардың ғарышта орындалуы қалай болатынын тексеріп көруге мүмкіндік алып отырмыз. Халықаралық ғарыш стансасында күн сайын ғылыми зерттеу жүреді. Адам ағзасына, өсімдікке ғарыштағы радиация әсері, гравитацияның әлісіздігінің әсері секілді зерттеулер күні бүгінге дейін тексеріліп жатыр. Болашақта өзге планетаға ұшу, планетаралық ғарыш кемесін жасау, оның шыдамдылығы, адам ағзасының дайындығы секілді нәрселер де ғалымдардың назарында. Ғылым қарыштап дамып, онда қазақтың үлесі болса десек, ғарыш саласында, оның ішінде зымыран жасау, математикалық есептеу, астрономдар мен ғалымдарды дайындауда қол қусырып қалмауымыз керек. Себебі ұрпақтың болашағына селқос қарасақ, ұлт болашағына да қауіп төнеді.

А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір