xviii–xx ғасырлардағы атырау өңіріндегі елді мекендер: ПАЙДА БОЛУ ТАРИХЫ, КЕЗЕҢІ, ТҮРІ
02.12.2024
132
1

XVIII ғасырдың бас кезінде Атырау облысы аумағындағы жалғыз елді мекен Гурьев (қазіргі Атырау) қаласы болды. Ресейдің Еуропалық державалар қатарына енуімен және 1-Петрдің бастамасымен жаңа әкімшілік-басқару реформаларын жүргізу қолға алынады. Патшаның 1708 жылғы Жарлығына сәйкес, Ресей 8 губернияға бөлініп, Гурьев қаласы Қазан губерниясына қараған 72 қаланың қатарына енеді. 1717 жылғы реформадан ке­йін губерниялар саны 11-ге жетіп, жаңадан Астрахан губерниясы құрылады. Осы уақыт­та Гурьев қаласы «Яицкой Гурьев» атауымен Астраханның басқаруына беріледі.

Гурьев қаласы XVIII ғасырдың 40-жылына де­йін Атырау жеріндегі жалғыз елді мекен болды. Гурьевпен қатар, Жайық өзенінің жоғары ағысында екінші елді мекен «Яицкий городок», қазіргі Орал қаласы тұрды. Негізгі тұрғындары Жайық казактары болып табылатын екі қала – патшалық Ресейдің оңтүстік-шығысындағы ескі бекініс қамалдардың бірі болды.
Жайық өзені Ресей империясы мен қазақ жерінің арасындағы шекара рөлін атқарды. Оның Батыс бетіндегі Еділге де­йінгі аумақта қалмақтар көшіп қонса, сол жағалауды қазақтар мекендеді. Осыған орай, Жайық казактарының міндеті Каспий теңізіне де­йін созылған Орынбор өлкесін қорғау болды. Себебі XVIII ғасырдың басында казактар мен көшпелілер арасында қақтығыстар жиі орын алды. Мәселен, 1735 жылы қалмақтар казактардың малын ұрлап әкетсе, 1739 жылы қазақтар Каспий теңізіндегі балықшыларды тонады. Бұдан басқа, осы кезеңде қазақтар мен қалмақтар арасындағы қақтығыстар да жиіледі. Мысалы, 1736, 1737, 1738 жылдары қазақтар Еділ бойындағы қалмақтарға шабуыл жасап, көпшілігін тұтқынға алғанда, олардың ішінде орыстар да болды. Сондықтан да екі ортасы 500 шақырымды алып жатқан екі бекініс қала арасындағы елсіз аумақты қорғау Жайық казактарына оңайға түспеді.
Орынбор комиссиясын басқарған В.Татищев, мәселені шешу үшін Жайық қалашығынан төмен аумақты қорғау мақсатында елді мекендер салып, оған Қазан әскери полкі мен Алексеевтік және Самарлық дворяндарды тартуды жоспарлады және оның бұл жобасы 1739 жылдың 21 қаңтарында Петербургте мақұлданды. Дегенмен де оның орындалуына Жайық казактары мүдделі болмады. Себебі жоба жүзеге асқан жағдайда Жайықтың мол балығын олар аталған «әскери және дворяндармен» бөлісуге тура келетін еді.
1743 жылы Орынбор комиссиясының жаңа басшысы И. Неплюев, казактар мен «дворяндардың» арасында қақтығысты болдырмау мақсатында Сенатқа жаңа жоба ұсынды. Нәтижесінде, 1743 жылдың 23 сәуірінде патша Елизаветаның өкімімен бұрынғы жобаның күші жойы­лып, Жайық казактарына өзен бойындағы «Калмыков яр» мен «Кулагин яр» ат­ты жерлерден қамалдар тұрғызып, 500 адамдық жасақ ұстауға жарлық берілді. Сондай-ақ жарлықта екі елді мекеннің арасында «орнықты үйлер салып», бір жағында Жайық қалашығы, екінші жағында Гурьевке де­йін аумақты қорғау міндеті қойылды. Мұның өзі «төменгі-жайық бағытындағы» қоныстардың, бекіністердің салынуына негіз болды.
Ресейде 1744 жылы болған реформа нәтижесінде, Орынбор комиссиясының негізінде, Орынбор губерниясы құрылып, оның құрамына Астрахан губерниясының Орынбор комиссиясы және Жайық өзенінің бойындағы бекіністер берілді. Сондай-ақ Орынбор губернаторына «кедендік шекара мен «қырғыз» (қазақ) халқына қатысты» істерді жүргізу тапсырылды.
Патша Елизаветаның жоғарыда аталған Жарлығы бойынша Жайықтың төменгі бойындағы бекіністердің құрылысы нақты қай жылы басталып, қай жылы аяқталғаны жөнінде дерек жоқ. Дегенмен 1746 жылы патша жарлығы бойынша Жайықтың жоғары ағысындағы елді мекендерді есептемегенде, «Индер тауындағы Қос Жайықта» – 100, «Гребенщик ярда» – 20, «Кулагин» қамалында – 100, «Зеленый колкта» – 20, «Тополейде» – 100, «Бақсайда» – 100, «Сорочинде» – 20, «Коровьей лук» форпостында – 100 адамдық әскери жасақтар ұстауға пәрмен берілді. Осы құжат бойынша Жайық бойындағы бекіністердің 1743–1745 жылдар аралығында тұрғызылған деп пайымдаймыз. Ал бекіністердің атауына келсек, олардың барлығы Жайық бойындағы жер-су ат­тарына байланысты қойылғанын аңғаруға болады.
Осы тұста қамалдар мен форпостыларға қысқаша сипат­тама бере кеткенді жөн көрдік. Қамалдардың құрылысына келсек, олардың айналасына ор қазылып, топырақтан үйілген қорған дуалмен қоршалды. Көпшілік бөлігі өрілген, тоқылған, тірек діңгектерден, қысқа бағаналардан, ағаш кермелерден тұрып, оларда бір немесе екі қақпа болды. Қамалдар шойын зеңбірекпен және мортирмен қамтамасыз етілді. Олардың саны қамалдың маңыздылығына қарай белгіленді. Қамалдарда жаяу және драгундардан тұратын тұрақты әскери бөлімдер болды. Олардың ішінен редут­тарды алатын бөлек жасақтар құрылды.
Форпостылар қамалдар мен бекіністер арасындағы жолда, қорғануға ыңғайлы жерлерде орналасты. Олардың айналасына да ор қазылып, топырақтан кішігірім дуалдар жасалды. Бекіністің ортасында қарауылдың үй-жайы, атқазық, найза мен ер-тұрман сақтайтын орын болды. Құрылыстар жер жағдайына байланысты тастан, кірпіштен, ағаштан және топырақ араласқан ағаш шарбақтан тұрғызылды.
1757 жылы жарық көрген Ресей империясындағы қалалар, қамалдар тізімінде Жайық өзенінің төменгі ағысындағы қамалдар ретінде
«Кошъ-Яицкая Индерских гор», «Кулагина», «Тополева», «Баксаева», «Сарачиковская» және Жайық казактарының басты қаласы ретінде Каспий теңізінен, верст қашықтықта орналасқан «Гурьев городок» көрсетілді. П.Рычковтың 1762 жылғы еңбегінде аталған елді мекендер саны өсіп, олар салыну түріне қарай қамал және форпостылар деп бөлінді. Оған сәйкес Жайық бойында «Сарайшық», «Жаманқала», «Бақсай», «Топайлы», «Зеленый колок», «Гребенщиков», «Қос Жайық» форпостылары мен «Кулагин городок» қамалы болды.
Осы жерде атап өтер жайт, жоғарыда көрсетілген әскери бекіністердің атауы мен түрі жыл өткен сайын деректерде өзгерістермен жазыла бастайды. Мысалы, форпост­ар XVIII ғасырдың 80-жылдарынан бастап редут деп аталды. 1784 жылы Жайық өзені бойындағы әскери қоныстарға қатысты жазбада «Горск немесе Қос Жайық», «Кулагин», «Тополев», «Бақсай», «Сарайшық» қамалдар, «Гребенщиков», «Зеленый», «Жаманқала», «Гурьев редуты» редут­тар ретінде берілген.
Ресейдің әкімшілік-аумақтық бөлінісіне қатысты XVIII ғасырдың ІІ жартысында жасалған реформалар нәтижесінде, Гурьев қаласы бірде Орынборға берілсе, келесіде Астраханға бағындырылды. Мысалы, 1752 жыға де­йін Астрахан губерниясының құрамында болып келген Гурьев қаласы сол жылы Орынборға қосылды. 1781 жылы Орынбор губерниясы таратылып, орталығы Уфа қаласы болған Уфа наместнигі құрылғанда, қала қайтадан Астрахан губерниясына берілді. Дегенмен көп кешікпей Астрахан губерниясы да жойылып, 1785 жылы Кавказ наместнигінің құрамындағы екі (біріншісі Кавказ) облыстың бірі ретінде қалды.
Өз кезегінде Астрахан облысы Астрахан, Енотаев, Чернояр, Краснояр уездік қалаларынан тұрды. Ал Орал мен Гурьев уезге кірмейтін қалалар қатарында болды. Бұл жерде алғашқы 4 қала уезд орталықтары болып табылса, Орал мен Гурьев қала құқығын иеленген, бірақ уездік орталық болып табылмайтын елді мекендер қатарына жат­ты.
XVIII ғасырдың 60-жылдарынан бастап, патша әкімшілігі Мәскеу межелеу кеңсесіне дворяндарға жер сатуға рұқсат береді. Осы уақыт­тан бастап, Астрахан өлкесіндегі балық шаруа­шылығына тиімді Еділдің сағасы мен Каспий теңізінің жағалауларындағы жерлерді сату басталды. Сол кезеңде Краснояр уезіне қарасты Каспий теңізінің жағалауындағы жерлердің бір бөлігін сатып алушының бірі – Юсупова ханым болса, 1785 жылы бұл тізімге граф Безбородко қосылып, ол Красноярдан бастап, теңіз жағалауында «зауыт­тар салу» мақсатымен 179 068 десятина жерді сатып алды. Безбородкомен қоса, көлемі
208 631 десятина болатын Каспий теңізі жағасынан Орал казачествосына де­йінгі жерді Захар Зотов иеленді. Ал 1799 жылы Жем өзенінің сағасы теңіздегі аралдармен қоса граф Кутайсовтің меншігіне берілді. Мұның өзі аталған жерлерде балық аулайтын алғашқы елді мекендер мен батағалардың пайда болуына әсер ет­ті. Граф Безбородконың жерінде 7 батаға болса, князь Юсуповтың иелігіндегі аумақта 6 батаға пайда болды.
Жалпы, XVIII ғасырдың екінші жартысында Каспий теңізінің жағалауында пайда болған алғашқы батағалардың атауы сол батағалардың иелерінің есімімен аталды. Мысалы, Пугин, Туркин, Вахреметьев, Мешков, Бирюков және т.б. батағалар Каспий теңізінің жағалауындағы құм төбелі аралдарда орналасты. Себебі бекіре тұқымдас балықтардың барлығы өзен суы келіп құятын, суы таяз және тұщылау келетін жағалаулар мен шығанақтарда мекендеді. Осыған орай, батағаларда, көбінесе, «қызыл балықтар» ауланды. XVIII ғасырдағы 60-жылдардың соңында Гурьев пен Астрахан аралығында, яғни Ақтөбе (Ахтуба) өзеніне де­йін 9 батаға орналасты, оның ішінде, ең танымалысы көпес Бирюковқа тиесілі Қасалған батағасы болды. Қалған батағалар қожайындардың есімімен Хлебников, Камышев, Бирюков, Орефьев, Колмычки немесе Демидов, Хлебников, Шестов және Худяков аталды. Оларда қожайынның мүмкіндігіне қарай 50, 80 және 120-ға де­йін балықшылар мекен ет­ті. Әрбір батағаларда балықшылар тұратын үй-жайлармен (казарма) қатар, уылдырық дайындайтын, желімді кептіретін, балықты тұздайтын және ау құралдарын сақтайтын ашық сарайлар болды.
Еділ мен Жайық арасын бір жарым ғасырдай мекен еткен қалмақтар, 1771 жылы тарихи Отанына кеткеннен соң, бос қалған аумақ қазақтардың көші-қонына айналды. Осы тұста айта кетер жайт, қазақтар Жайықтың оң жағалауына қыс қыстауын қалмақтар кетпестен бұрын, яғни XVIII ғасырдың 40-жылдары бастаған болатын. 1780 жылдың соңына қарай олардың қыстауы Саратов губерниясымен қатар, Астраханға де­йін, оның ішінде, Красноярдан бастап, Еділдің барлық шабындық жағалауын қамтыды. Аталған аумақты қазақтардан қорғау үшін 1783 жылы Ахтубадан бастап, теңізге де­йін әскери күштер қойылды.
Себебі Каспий теңізінің жағалауындағы батағалардың бірқатары қазақтардың көш-қоны жолында болғандықтан тонаушылыққа ұшырап отырды. Мысалы, 1773 жылдың желтоқсанында Кіші жүз масқар руының көші Жайықтан өткеннен соң, теңіз жағалай жүре отырып, жол бойындағы Севрюженский мүйісі мен Богатый култуктағы Вахромьев, Пугин, Ивановтың және Белужый мекеніндегі Смирновтың батағаларын тонайды. Дегенмен Жайық пен Еділдің арасындағы аумақ қазақтарды батағалармен емес, ең алдымен, шұрайлы жерімен қызықтарды. Қазақтарға бұл жерлерді мекендеуге рұқсат етілмегеніне қарамастан, олар жыл сайын қыс қыстауын сол аралықта өткізіп, көктем шыға Жайықтың сол жақ бетіне кері көшіп жүрді.
Осыған орай, XVIII ғасыр 80-жылдардың бас кезінде Симбирск және Уфа генерал-губернаторы барон Игель­стромның шешімімен Астрахан мен Саратов өлкесін көшпелілерден қорғау үшін әскери кордондар қою жобасы жасақталды. Ол бойынша, кордондар күз бен қыс мезгілінде Еділ мен Жайық өзеніне де­йінгі аралықты қамтуы тиіс болды. Кордонның негізгі міндетіне қазақтардың көшін қадағалау және олардың «теріс іс-әрекетін» дереу хабарлау жат­ты. Бірнеше бағыт­та ашылған кордондар постысының бір бағыты Каспий теңізін жағалай Гурьев қаласы мен Краснояр аралығында жүргізіліп, олар Астрахан кордонына бағынды.
Астрахан кордоны барлығы 32 посты­дан тұрды. Оның ішінде, қазіргі облысымыздың аумағына кіретін жерлерде келесідей кордондар құрылып, төмендегідей құрамда әскерилер қызмет ет­ті:
«Байда» мекеніндегі кордонда – 1 офицер, 10 казак, 40 қалмақ;
«Северный» мекеніндегі кордонда – 6 казак пен 25 қалмақ;
«Телепнев» батағасы жанындағы кордонда – 1 офицер, 10 казак, 40 қалмақ;
«Морской заливтегі» кордонда – 6 казак, 25 қалмақ;
«Бақаев хутордағы» кордонда – 1 урядник, 10 казак, 40 қалмақ;
«Байгушевке» қарсы «Морской залив» кордонында – 1 урядник, 6 казак, 25 қалмақ;
«Белужья коса» кордонында – 1 урядник, 10 казак, 40 қалмақ;
«Қасалған» кордонында – 1 урядник, 10 казак, 40 қалмақ қызмет атқарды.
Еділ мен Жайық арасында қазақтарға алғашында тек қыс мезгілінде қыстауға рұқсат етілсе, бірте-берте олар Нарын құмында жаз жайлауға қалып отырды. Осыған сәйкес бастапқыда тек күз бен қыс мезгілінде болған кордондар, 1793 жылдың күзінен тұрақты кордондарға айналады. Аумақта 1793–1794 жылдары келесідей кордондар болды.
Гурьев қаласы маңындағы «Колпинс­кой тони» мекенінде;
«Ершов» батағасында;
«Қасалған» маңында;
«Белужинская коса» мүйісінде;
«Белужый коса» мүйісінен 17 верст қашықтықта аты жоқ шығанақта;
Бақаевтың сүт шаруа­шылығында;
Ерке-Аман кішкене су қоймасында;
көпес Телепневтің балық шаруа­шылығында.
Каспий теңізінің жағалауына кордондардың қойылуы, аталған аумақтарда жаңа елді мекендердің пайда болуына себеп болды. Екінші жағынан XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, Астрахан өлкесіне Ресейдің орталық губернияларынан шаруа­ларды жаппай қоныстандыру үрдісі басталған болатын. Осыған орай, облыс аумағындағы Каспий теңізінің жағалауындағы пайда болған алғашқы ауыл Никольскінің тұрғындары Нижегородск губерниясынан көшіп келген шаруа­лардан құралды. 1795 жылы санақ бойынша Никольскіде 147 адам мекендеп, ауыл князь Юсуповтың иелігіндегі жерде орналасты.
1803 жылы Астрахан мен Саратов өңіріндегі кордондар 4 бағытқа бөлінді. Оның алғашқысы 14 постыдан тұратын «Каспий желісі» Лебедев батағасынан бастап, Капитанский постысына де­йін созылды. Олардың ішінде соңғысынан басқалары граф Безбородко мен
Юсупова ханымның және қазақтардың жерінде орналасты. Постылар Лебедев, Тюлений, Кульпинский, Севрюженский, Касалганский, Белужья коса, Морской залив, Башевы хутора, Ерке-Аман, Телепневский, Северный, Байдинский, Леденецкий және Капитанский деп аталды. Аталған 14 пост 6 бөлімшеге бөлініп, ұзындығы 245 верст­і құрады. Желіде 6 старшин, 6 пятидесятник, 205 казак, 2 зайсанг, 126 қалмақ қызмет атқарды.
1826 жылғы дерек бойынша, кордондармен қатар, Гурьев пен Астрахан ортасында Богатинский, Порховинский, Кокорьевский, Новинский немесе Камчатинский, Новинский, Бакаевский, Колпачек батағалары болды.
1836 жылы кордондар желісі 3-ке қысқарып, олар Ішкі Орал, Ішкі Астрахан және Каспий болып аталды. Каспий желісі Лебедевский, Кулпинский, Кокоревский, Коневский, Инжалинский, Телепневский, Байдинский, Кордуанский және Хожетаевский болып бөлінді. Олардың ішінен соңғысынан басқасы қазіргі облыс аумағында орналасты. Дегенмен, Еділдің төменгі жағасында орыстардың елді мекендерінің көбеюіне байланысты 1862 жылдан бастап, кордондар өз қызметін түпкілікті тоқтат­ты.
Кордондардағы ғимарат­тарға келсек, әскери пост­та тұрған казактар қыс мезгілінде жер кепеде тұрса, жазда тоқылған күркеде тұрды. Офицерлердің үйі де казактармен салыстырғанда, еш айырмашылығы болмады. Олар да төбесі қамыспен жабылған, қабырғалары ағашпен өріліп, балшықпен майланған үйлерде тұрды. Үйлердің айналасында шарбақ пен ат қоралар болды. Казак­тарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Каспий желісіндегі алғашқы дүкен ХІХ ғасырдың бас кезінде Қасалған кордонында ашылса, 1861 жылғы мәлімет бойынша, осындай дүкендер Байда, Конев, Қасалған, Лебедев кордондарында болды.
Астрахан өлкесіне өзге өңірлерден қоныстанушылардың көбеюі, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында рұқсатсыз, өз бетімен тұрғызылған елді мекендердің көптеп пайда болуына әкеп соқты. Осы кезеңде, бұрынғы Краснояр уезі, қазіргі облыс аумағында Кордуан, Рожок, Байда, Сафоновка, Утеры, Шабай, Телячье, Ганюшкино (соңғы деректе 1793 жылы пайда болған. – М.К.), Каневский, Безъямное, Голубево, Жамбай, Каневский және т.б. ауылдар пайда болды.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Жайық бойындағы қамалдар мен бекіністер 9 дистанциядан тұратын Орал әскери казактарының құрамында болды. Оның ішінде, қазіргі облыс аумағындағы елді мекендер «Төменгі» және «Гурьев» дистанцияларына бағынды.
1862 жылғы есеп бойынша «Төменгі» дистанцияға кіретін Горск қамалында – 461, Гребенщиков бекінісінде – 392, Кулагин қамалында – 529, Орлов бекінісінде – 381, Зеленов бекінісінде – 410, Топайлы қамалында – 422, Карманов бекінісінде – 250, Бақсай қамалында – 266, Жаманқала бекінісінде – 447 адам тұрды. Ал «Гурьев» дистанциясының құрамындағы Сарайшық қамалында – 369, Богатинск бекінісінде – 117, Сорочинск бекінісінде – 399, Редут бекінісінде – 391, Кандауров бекінісінде – 234 және Гурьев қаласында – 2210 адам мекен ет­ті.
1868 жылдың соңында Орал әскери казактары мен Орынбор қазақтарының облысы негізінде Орал және Торғай облыстары пайда болады. Орал облысы Орал, Гурьев, Калмыков, Ембі уездері мен Маңғышылақ приставысынан тұрды. Осыдан ке­йін бұрынғы қамалдар мен бекіністердің атауы кент­терге ауысты. Кент­тер әкімшілік басқару тұрғысынан алғанда станицаларға бағынды. 1897 жылғы дерек бойынша, Жайық бойында Кулагин, Орлов, Жаманқала, Сарайшық станицалары болды. Оның ішінде, құрамында Горский, Гребенщиков кент­тері бар Кулагин станицасы Калмыков уезіне кірсе, қалғандары Гурьев уезіне қарады.
ХІХ ғасырдың 70-жылдары Кордуан, Зармута, Байда, Рожок кент­тері Краснояр уезінің Теплинск болысына қараса, Никольск (Жамбай), Голубев, Конев, Рыбочкин, үлкен және кіші Ганюшкин, Кобылев, Телячи, Шабай, Утера, Сафоновка елді мекендері Красноярдың Никольск болысына бағынды.
ХІХ ғасырдың 60–90-жылдар аралығында, Жайық пен Жем өзендері арасында және Каспий теңізінің шығыс жағалауында Ракуша, Жилая Коса, Алпсат, Прорва, Сакол кент­тері пайда болды. Бұл кент­тердің негізгі тұрғындары соңғысынан басқасы балықшылардан құралды. Каспийдің шығыс жағалауында кент­термен қатар, 1871 жылы Төменгі-Ембі бекінісі тұрғызылды. Бекініс Жем өзені мен Масшы көлінің ортасында әскери бекініс ретінде салынды. ХІХ ғасырдың соңында көшпелі қазақтың жайлауы мен қыстауы болған Тайсойған құмындағы алғашқы кент Қызылқоға 1895 жылы пайда болды. Оның атауы алғашында жұма сайын базар өткізетін жерге байланысты Жұма-базар аталды.
1899 жылдың қарашасында Жылыой өңіріндегі Қарашүңгілден тұңғыш мұнай фонтанының атқылауы, өңірде мұнай өндірумен қатар, өндірістік елді мекендердің пайда болуына жол ашты. Қазан төңкерісіне де­йін облыс аумағында екі үлкен Доссор, Мақат кент­тері пайда болып, Қарашүңгіл, Ескене, Бекбике, Қаратон, Білеулі, Жыңғылды мекендеріндегі өндірістерде жұмысшылар үшін құрылыстар салынды.
Қазан төңкерісі қарсаңында Атырау өлкесіндегі елді мекендер әкімшілік аумақтық бөлінісі тұрғысынан алғанда Астрахан губерниясы мен Орал облысының аумақтарында орналасты. Астрахан губерниясындағы елді мекендер Краснояр уезінің Теплинск, Телячи, Ганюшкино, Никольск болыстарына қарады. Орал облысындағы кент­тер Гурьев уезінің Кулагин, Орлов, Жаманқала, Сарайшық станицалары мен Жылыой, Ракуша, Кермақас, Гурьев болыстарының құрамына кірді.
Қорыта келгенде, XVIII–ХХ ғасырдың 20-жылдарына де­йін Атырау өңірінде пайда болған елді мекендерді келесідей кезең мен түрге бөліп қарауға болады.
XVIII–ХІХ ғасырда Жайық және Жем өзендерінің бойында салынған қамалдар мен бекіністер;
XVIII–ХІХ ғасырда Каспий теңізінің жағалауында пайда болған ауылдар мен кент­тер;
ХІХ–ХХ ғасырдың 20-жылдарына де­йін тұрғызылған сауда және өндіріс орталықтары.

Мұхамбетқали Кипиев,
тарих мамандығы бойынша
гуманитарлық ғылымдар магистрі

ПІКІРЛЕР1
Аноним 05.01.2025 | 07:38

граф Кутайсовтың кім екенін тарата кетпеген екенсің. Біздіңше ол араны қаңғыбас екі казақ орыс иемденіп кездейсоқ кездесіп балық аулайтын қос тұрғызып алды деп жүр. Жилая коса содан кейін пайда болған дейді

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір