ЖАЗУШЫЛАР МҰРАЖАЙЫ ЖАНДАНА ТҮСТІ
Мұражай – тарих, өнер мен мәдениеттің өрнектелген орны. Бұл өткен ұрпақ мұрасы сақталып, көрсетілетін көрме іспеттес. Мұражай арқылы жергілікті халық, туристер тарихпен танысады. Өткен-кеткеніне көз жүгіртіп, қаланың өзіне ғана тән құндылықтарын сезіне алады. Тарихы бай Алматы қаласының М.Төлебаев көшесінде орналасқан С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені өз келушілерін әрқашанда құшақ жая қарсы алуда.
Жазушылардың 100 жылдық мерейтойлары қарсаңында ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің көмегімен екі мұражай да күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициялары жаңартылған. 2021 жылы Ғ. Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толуына орай музей-үйдің әдеби бөлімі жаңартылса, 2023 жылы С.Мұқанов мүражай-үйінің ашылғанына 45 жыл толуы қарсаңында қала әкімдігінің, Мәдениет басқармасының және Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңа мазмұн ашты. Заманауи технологиямен жабдықталып, кинозал қосылып, келушілерге жаңа әсерлер мен эмоциялар сыйлауға мүмкіндік берді. Музей күрделі жөндеуден кейін бесінші қыркүйек күні Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінің «Шоқан мұрасы» атты жылжымалы көрмесімен ашылды. Академик-жазушы С.Мұқанов – Шоқанның өмірі мен шығармашылық жолын зерттеуге бүкіл саналы ғұмырын арнаған қаламгер. Ол Шоқан туралы «Ш.Уәлиханов», «Қашқар қызы» пьесаларын, «Шоқан Уәлиханов» монографиясын, «Аққан жұлдыз» романын (аяқталмаған) жазған. Шоқанға қатысты көп еңбектенген С.Мұқановқа Уәлихановтар әулетінің атынан Шот-Аман Уәлихан Шоқанның пышағын сыйлаған. Сол пышақ – қазір жазушы музейіндегі ХІХ ғасырдан жеткен ең құнды жәдігердің бірі.
Биыл музей кешенінде түрлі лекциялар, шеберлік сабақтары, квест ойындар мен көрмелер өткізіліп, келушілер саны артты. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Өткізілген шаралар әртүрлі тақырыптар бойынша білім мен түсінікті кеңейтіп қана қоймай, келушілерді өз елінің және әлемнің өнерімен, мәдениетімен, мұрасымен таныстыруға мүмкіндік берді. Шаралардың бәрі музейдің дамуына, өркендеуіне көмек десек болады. Музей мен жоғарғы оқу орындары арасында келісімге келіп, 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Қала басшысының қолдауымен музей қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көтерілсе, 4-10 желтоқсан аралығында қала әкімдігінің, Мәдениет басқармасының және Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қолдауымен Париж қаласында музей кешенінің ғылыми қызметкері Ж.Таева кәсіби даярлығын арттыру курсынан өтті. Сонымен қатар музей қызметкерлерінің мақалалары түрлі ғылыми журналдарда, жергілікті газеттерде басылып шығуда.
Үздіксіз жетілдіру мен жаңашылдық арқылы мұражай кешені дүниетанымының кеңеюіне және жалпы қоғамның дамуына ықпал ететін таптырмас мекемеге айналды. Мұражайдың бүгінгі жетістіктері нарық заңдылықтарына бейімделген даму сатысының бірі деп бағалаймыз. Алға қойылған мақсат – халықаралық мұражай ісімен тереңірек танысып, XXI ғасыр талабына сай келетін музейлер қатарына қосу, музейдің құндылығын келесі мыңжылдықтарға жеткізу, еліміздің биік рухын, озық мәдениетін әлемге паш ету.
Анар КӨШЕРБАЕВА,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов
әдеби-мемориалдық мұражайдың жетекшісі
ПІКІРЛЕР1