Жазушылар одағы тарихынан бір оқиға
17.12.2024
82
0

1930 жылдары қазақ елінің мәдени өмірінде елеулі жаңалық болғаны белгілі. Опера, драма театрлары ашылып, қазақ киносы дүниеге келді. Халық арасынан шыққан тума талант­тардың бағы жанып, ұлт­тық өнеріміздің негізін қалады. Міне, осы кез­де, дәлірек айтсақ, 1932 жылы Қазақ­стан Жазушылар одағы құрылды. Оның төрағасы болып аса талант­ты ақын Ілияс Жансүгіров сайланды.

Алайда Совет үкіметі шығармашыл тұлғаның еркіндігін қаламайтын тоталитарлық жүйе болатын. Сол себепті Жазушылар одағы қаламгерлердің ерікті қоғамдық ұйымы емес, коммунистік партияның саясатын іске асырушы әкімшілік ұйым есебінде жұмыс жүргізуге мәжбүр болды. Репрессияның зардабын бастан кешті. Ол – өз алдына жеке әңгіме.
Алпысыншы жылдардың екінші жартысында әдебиет табалдырығын енді ат­тай бастаған біздер үшін Жазушылар одағының ғимараты киелі орындай көрінеді. Жаңа шығармаларды талқылау, жылдық қорытынды өткізу, мерекелік жиындарда бас қосу, тағы басқа әртүрлі шаралар жиі болып тұрады. Жазушылар одағына күніне бір рет кіріп шықпасаң, ішкен асың бойға тарамайтын секілді. Қазақ совет әдебиетінің іргесін қалаған аға жазушылардың біразы тірі. Олар: «Шырағым, әңгімеңді оқыдым, тәуір екен», – десе, төбеміз көкке жеткендей болады.
1991 жылы Жазушылар одағына бірінші хатшы (төраға) болып Қалдарбек Найманбаев, мен екінші хатшы болып сайландым.
Бұл бір тарихи кезең еді. Желтоқсан айында Кеңес Одағы тарап, бізге тәуелсіз еліміздің Жазушылар одағының басшылығында жұмыс істеу бағы бұйырды. Соған байланысты, заманның өзгеруіне лайықты бір бастама көтерсек деген ой келді басымызға. Ол ой – Тәуелсіз Қазақ­станда жер жүзіне тарап кеткен қазақтардың басын қосу. Идеяның авторы – Қалдарбек Найманбаев. Сонымен, Қалдарбек бастап, Бейбіт Қойшыбаев (одақтың іс жүргізу жағын басқаратын хатшы) және мен – үшеуміз іске кірістік. Жоғарғы жақпен хабарластық, олар қарсы болған жоқ.
Енді не істеу қажет? Қаражат керек. Мен Жамбыл облысына бармақ болып шештім. Ондағы облыс басшысы Өмірбек Бәйгелді де, оның орынбасары Әлмұқан Исақов та ұлтқа жанашырлық танытып жүрген азамат­тар болатын. Оның үстіне Әлмұқан студент­тік кез­ден таныс досым еді. Алдымен, сонымен хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Ақыры нартәуекел деп Жамбыл қаласына келдім. Өмірбек Бәйгелдінің қабылдауында болдым.
– Тәуелсіз ел болдық. Шетелде жүрген қазақтар да қуанып жатқан шығар. Енді солардың басын қосып, ұлт­тың тұтастығына ықпал тигізетін бір мерекелі жиын өткізсек пе деп едік. Оны қаражатсыз орындай алмайсың. Соған демеушілік көрсетесіз бе деген тілекпен келіп отырмын, – деп түсіндірдім келген шаруамды.
Өмекең біраз ойланып отырды да:
– Қанша керек? – деді мәселені төтесінен қойып.
Мен күмілжіп қалдым, ақша сұрай келіп, қанша керек екенін өзім де білмейді екем.
Аз-кем үнсіздіктен ке­йін:
– Бір миллион жете ме? – деді.
Миллион дегенің аз ақша емес шығар деген оймен:
– Жететін болар, – дедім, қателесіп отырған жоқпын ба дегендей, қатар отырған Әлмұқанның бетіне қарап. Ол басын изегендей болды.
– Онда келістік, – деді Өмірбек қолын ұсынып. – Сәт­тілік тілеймін!
Сауда сақал сипағанша, мәз болып сыртқа шықтық.
Сол күні Алматыға оралдым. «Шаруамыз жақсы басталған секілді», – деп Қалдарбек те қуанды.
Хош! Содан үш күн өткенде, телефон шыр ете қалсын. «Сізбен Жамбыл облысының басшысы Өмірбек Бәйгелдиев сөйлеседі», – дейді ар жақтан әйел даусы.
Әлдеқалай жүрегім зырқ ете қалсын. Қаражат­тың реті келмей қалды деп айта ма деп шошиын.
Өмірбек, амандықтан ке­йін:
– Сендер барша қазақтың басын қосып, елді қуантқалы жатқанда, тарылғанымыздың жөні болмас, көмек қаражатымызды бір миллион емес, бір жарым миллион қылып жібергіміз келіп отыр, – дейді.
– Ойбай, рақмет! – дегеннен басқа аузыма сөз түспей қалды.
Мінеки, біздің Жазушылар одағы атынан қолға алған іс-шарамыз осылай басталған еді. Біраз жұмыс жүргізген болдық. Бірақ келе-келе мынандай мемлекет­тік деңгейдегі үлкен шаруаны орындап шығуға біздің шамамыздың жетпейтіні айқын болды. Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Мырзатай Жолдасбековпен ақылдастық.
Ол түсінді:
– Жарайды, онда бұл шараны біз өзімізге алайық, мемлекет­тік деңгейде өткізейік, – деді.
Жамбыл облысынан келген қаражатымызды үкіметке аудардық. Осылайша, 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өт­ті. Оған ТМД елдерінен 350 адам және көптеген шетелдерден делегат­тар қатынасты. Үлкен конференция өтіп, онда ұлт тағдырына қатысты мәселелер сөз болды. Осы конференцияда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағасы болып Н.Назарбаев, төрағаның бірінші орынбасары болып Қалдарбек Найманбаев сайланды.
Құрылтай тарихы осылай басталған еді. Оған Жазушылар одағының қаншалықты қатысы барын көп жұрт біле қоймас, біле жүрсін деп айтып отырмыз.
Жазушылар одағының тарихы – елдің тарихы.
Одақ өзінің 90 жылдығын тойлап отыр. Той тойға ұлассын дейміз!

 

Төлен Әбдік

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір