«Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге…»
23.10.2023
209
1

Несіпбек АЙТҰЛЫ

2023 жылдың 16 қазанында ұзақ науқастан соң көрнекті ақын, ҚР мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің, Жамбыл Жабаев және Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтардың иегері Несіпбек Айтұлы өмірден озды.
Несіпбек Айтұлы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастаған ол 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген. 1974-1984 жж. «Балдырған» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасында редактор; 1984-1994 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші; 1995-1996 жж. «Ақын» қауымдастығының директоры; 1997-2001 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болған.
2001 жылдан бастап Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мұражайда, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет атқарған.
Алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрген ақынның «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», «Мұқағали-Желтоқсан», «Бәйтерек», балаларға арналған «Балабақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме» («Серебряный сундучок»), «Қартаймайды күн неге?» кітаптары мен Шығыстың ұлы шайыры Ә.Науаидың «Ескендір қорғаны», «Ләйлі-Мәжін» дастандарын тәржімалаған жинағы, «Игорь жорығы туралы жыр», т.б. аударма кітабы шыққан. Түріктің VІІ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміренің, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, француз ақыны ДЖ.Родаридің, сондай-ақ М.Исаковский, А.Барто, С.Михалков, С.Баруздин, В.Берестов, Т.Сыдықов, С.Жусуев өлеңдерін туған тілімізде сөйлеткен. «Бәйтерек», «Көз жасым» таңдамалы, «Бөрітостаған», «Ерлікке ескерткіш», «Сардар», «Құланойнақ», «Арқатірек», «Наурызбай», «Ту», «Сарайымнан шыққан сөз», «Дариға, дәурен», т.б. кітаптары мен таңдамалы жеті томдығы «Фолиант» баспасынан жарық көрді.
Ақынның «Сардар», «Ту», «Наурызбай», «Жалаңтөс», «Шақантай», «Бердіқожа», «Төлегетай» «Көкала үйрек», «Құланаян Құлманбет», «Сүйінбай», «Ақмола шайқасы» поэмаларында ұлт мақтанышы болған ұлы тұлғалардың бейнесі көркем сомдалады. Н.Айтұлы – ән-өлең жанрына да ерекше үлес қосқан ақын. Оның «Ән домбыра», «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Арман», «Дариға, дәурен», «Қазақтай ел қайда?!» секілді көптеген туындылары халықтың сүйіп айтатын әніне айналған.
Марқұмның еліне, отбасына, туыс-туғандарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қазақ қара өлеңінің қара нарының жырлары мен жарқын бейнесі халқымен, оқырманымен, елімен бірге жасай береді.

Қазақстан Жазушылар
одағы Басқармасының хатшылығы

Бақұл бол, Барым!

Бар мен жоқтың, фәни мен бақидың парқын білетін жасқа жетсек те, көнгің келмейтін емес, көнбейтін уақи шындықты біз де басымыздан кеше бастадық. Өйткені ол шындықты мойындасақ, онда өткен өмірдің, кешкен ғұмырдың мағынасы жойылып, мұғжизаланып, дидар ғайыпқа айналып кететін сияқты. Міне, дәл қазір сондай күй кешіп отырмын. Несіпбектің бақиға көшкеніне көнсем, онда мен осы жетпіс жылдың ішіндегі көрген қызығым мен күйігімді, күйінішім мен сүйінішімді, бірге татқан ащы-тұщы дәмімді, оқығаным мен тоқығанымды да мизая етуім керек. Несіпбектің атын сөзімнің арасына қоспасам, көңілімнің қошы, әңгімемнің тұшымы келмейтін еді.
Енді, міне, ажары суық ажал көнбеске көндіріп отыр. Ұстамасам деген қабір топырағын ұстатып, жаппасам деген жалғанның табыт қақпасын жаптырып отыр. Бұған не шара бар?.. Несіпбекпен бірге досымды ғана емес, қазақтың қасиетті қара өлеңінің жасынының жалыны мен көз сорасына суарылған жыр иесін де көмуге мәжбүрмін.
Өйткені ол өлең жазғанда үнемі көзі жасаурап, қара өлеңнің ырғағына ыңылдай ілесіп, домбырасын, не оқтауды қағып қойып, өзімен-өзі күңірене толғанатын. Маған айтуына қарағанда, бес жасынан бастап он екі жасына дейін өзінің ескі ауылындағы Ыдырыштың қызы Жаңылмен үзбей қайымдаса айтысыпты. Бұл әдет содан қалған екен. Екі том өлең мен 37 эпостық пафостағы биік өрелі, кең тынысты дастандарын да солай күңірене отырып жазды. Ол күңіреніс, жалғанның жалған шымылдығы ес-санасын көлегейлерден үш күн бұрын: «Біз де өтерміз өмірден», – деп өлең-өсиетін жазумен аяқталды.
Оның өмірінің бар мақсаты және мағынасы – өлең еді. Ол жыр жазып жүргенде сондай ширақ, кеудесі тік, көзі от шашып жүретін. Ал, жыр иектемесе, болбырап, босаңсып қалатын. Жәнібек екеуміз ондайда: «Жыны қағылған бақсыдай боп қалыпсың ғой», – деп қағытатынбыз.
Е, сөйткен жарасты өмірдің де шырқы бұлай бұзылар деп кім ойлаған?.. Ол өмірге ерекше қызғанышқа пара-пар ғашық еді. Ақан сері айтқандай, «Дүниенің қызығына құмары бір қан­бады». Бақтың да, атақтың да дәмін мейірлене татты. Фәнидің жолын ажал-батыраш кеспегенде, Алтынбек Нұқұлы айтқандай, дастандардың санын қырық бірге жеткізері кәміл еді. Сөйтіп ол, қазақ поэзиясын сапасымен ғана емес, санымен де «Абылай аспас асуға» шығарып кетер еді. Қазіргі асуының өзі ұлт поэзиясының бір шырқау шыңы болып есептеледі. Өйткенің оның өлеңдері – жай өлең емес, саф таза сезімнен құйылған «жүрек көзінің ыстық жасы» еді.
Бүкіл өмірдің мағынасы мен мәні болған дос-құрбылар да, қаламдастардың да қатары сиреп барады. Біздің барымыз – солар еді. Солар барда бәрі де түгел еді. Бақұл бол, фәнидегі ескі дос, бақидың жас қонағы. Дидарың ғайып болғанымен де, жырларыңның ажары қашанда ашық, қазақтың киелі сөзінің нысаналы ұстыны болып қала бермек.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Қазақтың қара өлеңінің ірі өкілі

Соңғы кезде ылғи бір суыт сөз, суық хабар қабындап кетті. Түбі қайырлы болғай да! Таң атпай Ордалы Қосай жездемнің қаралы хабарын желіге жүктеп ем, енді, міне, Қара Өлеңнің керуенін жолға шөгеріп, қара әлемнен жүзін теріс бұрып, ақ әлемге – анық әлемге Несіпбек ағам да көш түзепті. Жұмекен өлгенде:
Бір атқанда құламады! Тірі екен, Жалғыз оққа жазым болмас ірі екен! – деп жазғам осыдан тура қырық жыл бұрын қарашада. Несіпбек ағам да бір үміт, бір күдікпен арпалысып жатып үзілді… Алла алдыңнан жарылқасын, бір буынның ірі өкілі! Жыр-керуеннің құба нарлары мен жетім боталары боздап қалды таң атпай… Құдай жұбатсын!

Светқали НҰРЖАН 

Қайтпас жолға аттандың ба, қара нарым!

Мейірімсіз сұм ажал қазақ поэзиясының тағы бір қара нарын қайт­пас сапарға аттандырғанын естіп, қабырғамыз қайысып, естен танғандай күйдеміз. «Саған да кез келер, беу, шіркін, тыным табатын» деп жазған едің, Ақселеудің «Дүние-ай» әніне жазған өлеңіңде. Осы бір қапысыз айтылған сыңар жолды бүгін өзіңе де арналғандай көрінді.
Әрдайым Бекаға, Кәдағалап, інілік ізетіңнен бір танғаныңды көрмеппіз. Пейіште нұрлары шалқығыр, әке-шешеңнің қолынан талай дүркін дәм татып едік. Тіпті біраз ағаларыңды салт атпен Алатау асырып, қырғыз еліне дейін қыдыртқаның қалай ұмытылар. Енді оның бәрі де көкірек қойнауына қонақтап қалған естелік қана.
Арқалы ақындардың сенімді жалғасы, өлең-өнерді ұстанған жастарға өнегелі ұстаз болған Несіпбек інімізге бақұл бол дейміз. Бүкіл ғұмырың кіршіксіз еді, пейіштің төрінде бол!
Несіпбектің зайыбының, бала-шағаларының, ағайын-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Ағалары: Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ 

Дәриға-ай, қара өлеңнен дәурен көшті…

Туған жерінің түйір тасын түйме алтындай жарқыратып жырлаған, қазақ жырының байрағын бағаналы басты орданың маңдайынан көтеріп, таңдайына сыйғызған қайран, Несағам! «Аспан – кең ұшам деген қанаттыға» деп Ғафу ағам айтқан, жастар, бір-біріңнің бағыңды күндемей, алаштың мұңың мұңдап өлең жазыңдар», – дейтін едіңіз. Сарыарқаның аспанында самғау тапқан жүрегіңіз бүгін зеңгір көктен шырылдап тұр. Ұстазыңыз, ағаңыз Рымғали Нұрғали айтатын: «Несіпбек Әлішерді аударғалы екінші тынысы ашылды», – деп. Өлең бәйгесіне Абай атаңыздың жайлауы Бақанаста бапталып, алдымен күн таластырылып, артынша таң асырылған кертөбелдей құндызтүктеніп, ауыздықпен алыса көсілдіңіз. Алаштың бағын жырлауда азапқа көнсеңіз де ардан аттамадыңыз. Тұтас батыр-бағландармен, қаһарлы қағандардың көркем галереясын қара өлеңнің күбісінде шайқап, рухтың күйген сүттің қышқылындай қайталанбас тәтті дәмін оқырманыңыздың таңдайына салып бердіңіз. Қазағыңызға өзіңіз де «Арқатірекке» айналып едіңіз. Бүгінгі қазақ тілінің қадірі қашқан қоғамға икемдеп ана тілдің уыз мәйегін төктіңіз, толғауы тоқсан қызыл тілдің барлық мүмкіндіктерін өлеңмен көрсеттіңіз. Есі кеткен эстраданың есін жинатып, композиторларға мазмұнға бай мәтін беріп, тыңдарманның талғамын көтердіңіз. Түбі қазақ қара өлеңге қайта айналып соғарын есті оқырманға ескертумен болдыңыз. Заманға шерленген жүректің запыран зарын ақ қағазға төктіңіз. Дәриға дәурендеттіңіз, қараша қаздың қанатына ілесіп, әдебиеттегі алыптар көшіне сонарладыңыз. Есіл де, есіл, есіл күн, Есілдің жағасында, дарабоз Қабанбай атаңыздың жанына жамбастадыңыз. Қош, Несағам! «Көнеден қалған күмбездер, шағады мұңын түнгі Айға», – деп көкжиекке қарап күбірлеймін. Батқан күннің жалқыны көлеңкеңізді ұзартты-ау… Қалды алыста қайран Барқытбеліңіз!

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ 

Түбі бір түрік тілдес елдер әдебиетінің биік тұлғасы еді

Тырнақалды жырларына Мұқағали ақын сәт сапар тілеп, алғысөз жазған жалғыз ақын дүниеден өтті! Қазақ өлеңінің өрісін кеңейтіп, өресін көтеріп, өрден-өрге шығарған, дастаннан даңғыл жол салған дара дарыннан айрылдық!
Өмірдегі орны ойсырағанмен, әдебиеттегі орны мызғымайтын қаламның хас шеберінің, қайсар тұлғасының дүниеден өткенін естіп, қалың елмен, қаламдастармен, оқырмандармен қоса менің де қабырғам қайысып отыр.
Ұлттық руханиятымызға ұлан-ғайыр еңбек сіңіріп, ұлы үлес қосқан қайталанбас ақын Несіпбек Айтұлы – түбі бір түрік тілдес елдер әдебиетінің биік тұлғасы еді. Өзінің жарты ғұмырын жұмсап, Шығыстың жарық жұлдызы Әлішер Науаидің әлемге әйгілі 5 дастаннан тұратын «Хамсасын» қазақ тіліне биік деңгейде аударғаны үшін Түріксойдың Науаи атындағы Алтын медалімен марапатталып, Науаи қаласының Құрметті азаматы атанғаны да күні кеше ғана болатын. Елімізге шабыттанып, меселі өсіп қайтып еді. Ақынның мерейлі сәтін көріп, куә болғаным соңғы кездесуіміздің бірі екенін білсемші!..
Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, қаламдас достарына, күллі оқырман қауымға Түрік дүниесі қаламгерлері атынан ауыр қайғыға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын!
Бақұл бол, Нес-аға!
Өлеңі өлмейтін ақынның өзі де өлмек емес!
Жаның жәннатта болсын!

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

Тарқата алмай кетті ме барлық шерін?..

«Ахау, жалған,
Ахау арман. Арман, арман.
Аққудың көз жасындай көлге тамған,
Жанымды тербетесің шерге толған!» –
деп жырлаған ақын аға, абзал аға – Несіпбек Айтұлы бабалар мекеніне бет бұрыпты…
«Аққудың көз жасындай көлге тамған»… Осы бір ауыз сөздің өзі Несіпбек ағаның қалам қуатын, шығармашылық қабілетін айқындап тұрғандай. «Бәйтерек», «Көз жасым», «Бөрітостаған», «Ерлікке ескерткіш», «Сардар», «Құланойнақ», «Арқатірек», «Наурызбай», «Ту», «Сарайымнан шыққан сөз», «Дариға, дәурен» деген туындылары елдің жүрегіне жетті.
Ақынынан айрылған қаралы қазақ жұрты әлеуметтік желіде жоқтап жатыр. Жоқтайтын реті бар. Мұндай сұрапыл ақын екі күннің бірінде туа бермейді. Қазақтың жалпақ даласында алпаң басып жүре бермейді. Абай, Қасым, Мұқағалилардан кейін сөзінде қайрат бар, көркемдік пен келісті жарасым бар ақынның бірі де, бірегейі де – Несіпбек аға еді!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Ел тұтас қайғырып жатыр. Біз де Несіпбек ағаның отбасына, жақын туыстарына қайғыға ортақтасып, көңіл айтамыз.
Иманы кәміл, топырағы торқа болғай!

Нұртөре ЖҮСІП

Ұлттың ұлы жыршысы

«Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды…». Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының осы аталы сөзі орда бұзар отызға толмай тұрып, аға ақын Мұқағали Мақатаевтан бата алған сөз зергері Несіпбек Айтұлына арналғандай. «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған, әр өлеңі әнге сұранған, толғаулары жыраулар сарынымен үндес, қара өлеңнің өрісін кеңітіп, тұлпарға қанат бітірген, эпикалық кең тынысты поэмалары арқылы Алаш тарихының алып панорамасын сомдаған көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Несіпбек Айтұлының шығармашылығының асыл арқауы ұлт рухының болмыс-бітімімен қабат өріліп, өлеңді кие тұтқан қара орман халықтың бөлінбес ырысы сынды қастерлі құбылысқа айналды.
Ол кісі – тәуелсіздікті талмай толғайтын, ерлікті тынбай жырлайтын елдік пен ерліктің классик жыршысы еді. Тәуелсіздікпен бірге ақынның тынысы кеңейгенін, өрісі ұзарғанын кейінгі дастандарынан анық байқайтынбыз. Қазақ үшін көздің қарашығындай қасиетті Отан, ел, жерді жырлады. Әр шығармасы «аққудың көз жасындай көлге тамған», мыңдаған оқырмандарының жүрегінен орын алған классик ақын жалғанның қайтпас кемесіне мініп мәңгілікке аттанды…
Бақұл бол, ұлт жырауы! Қош бол, қазақтың қаһарман жырларының жыршысы…

Махат САДЫҚ 

Қош болыңыз, Несаға!..

Бұл қысқа өмірдің бесік пен табыттың аралығында болғаны өкінішті. Бұдан бес ай бұрын Қазақстан Жазушылар одағының съезінде Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңіргін қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, даңқты эпик ақын Несіпбек аға Айтұлымен бірінші рет кездескем. Сол біріншісі және ақырғысы болып қалды. Науаи дастандарын қазақ тілінде сөйлеткені үшін «Өзбекстанның Құрметті жазушысы» атағымен марапатталған қуанышымен құттықтағам. Оған дейін фейсбук парақшасында өлеңдерімен таныс болып, 100 өлеңін ұйғыр тіліне аударған тәржімамды көзінің тірісінде оқып та шыққан. Жақын арада кітап етіп шығару жолдарын да қарастырып, демеуші тауып та қойған. Әттеген-ай, бұл жинақты көре алмай кетті ау, ақын ағам…
Жиыннан соң қазақтың және бір ақиық ақыны, айтыскерлер ұстазы Жүрсін Ерманның үйінде болып, екі сағат отырып, әңгімелесіп, хал ахуал сұрап қайтқан. Содан кейін Тұздыбастау ауылындағы атасы мен анасының, туыстарының бейітіне барып құран бағыштаған. Ол жерден шығып, Қарой ауылына жолға шыққан болатын. «Бір күн осында, бауырымның үйінде қонам. Ертең Астанаға қайтам. Көріскенше аман бол, бауырым», – деп менімен жылы қоштасып еді… Қазір ойлаймын, Несағаң сол кезде Қазақстан Жазушыларының съезіне келіп барлық қаламдастарымен, бауырларымен, бәрімізбен қоштасқандай болыпты ғой… Несағаңың иманы салауат, жаны жәннатта болсын. Туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамын.

Авут МӘСИМОВ

Қобыз боздап қалған күн…

Қараөткелде, қазанда,
қобыз боздап қалған күн,
Қырдан асып барады жарық күні жалғанның.
…Астананың аспанын алты қазың айналып,
Аққу құстың көз жасы,
Есіл, саған тамған күн…

Ақындардың ағатай, керуені қаралы,
Қараөткелдің кешеден ашылмай тұр қабағы.
Сананы илеп сауалдар…
сарнағанда самалы
Көкала үйрек кеудеңнен-хош, – деп ұшып барады.
Жақын болдың жұртыңа,
Ақын болдың – айыбың, қай тереңге салмадың,
қара өлеңнің қайығын.
…түмен ойдың түйінін түйіп берген, абызым,
Қос қанатын қазаққа қиып берген, шайырым!
Желбіреген байрағы,
Мөлдіреген жыр – тұма,
Ұлы сапар тіледің, ұл боп туып ұлтыңа.
…Тарбағатай тауының тарам-тарам жолдары –
Сені бастап әкелген Абай атаң жұртына…
Кездескенде қалушы ек жарық күндей жарқылдап,
Арғымаққа мінгізіп, ер-тұрманды алтындап…
Астанаға келгенде, іні болып ергенде-
«Бауырым көшіп келді» – деп ақ самалдай аңқылдап…
Өмір соңы білгенге бір үміт пен бір күдік,
Бұғалықты үзе алмай булығасың, бұлқынып…
Бізді тастап барасың, Абай атаң ауылына,
Қара өлеңнің көзінде мөлдір тамшы тұр тұнып…
Қош, ағатай!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

Несағам рухына

Әр жақсы ақын өлгенде, бір өлемін,
Әр жақсы адам өлгенде, бір өлемін.
Қайран менің, Несағам, қара өлеңнің,
Күлдір-күлдір кісінеген күреңі едің.

Талай-талай ініңнің тірегі едің,
Ғайып болды ғажайып бір әлемім.
Қазақ деген қара өлең болса егер де,
Қара өлең деп соққан сен жүрек едің.

Бүгін бүкіл қазаққа қаралы күн,
Жанарынан жас көрдім саналының.
Қақыратып бұл қайғы қабырғамды ,
Қанжар салып алғандай жаралымын.

Сол жарамды емдеймін өлеңіңмен,
Басқа ем жоқ,бөлмеймін сені елімнен.
Жыр жазғанда, теңіздей тебіреніп,
Асып-тасып, төгілдің кемеріңнен.

Алла берген Алашқа сыйлығым ең,
Атқан оқтай шүйілген тұйғыным ең,
Бәйге десе, қоздырып делебені,
Шапқан аттай озатын жүйрігім ең.

Тілінен бал қаймақты тамызатын,
Сен едің алдымызда нағыз ақын.
Мұңға еліңді батырып кете бардың,
Мұқағали бата берген жалғыз ақын.

Зымырайды бұл уақыт, зымыраудай,
Кеше ғана басыңнан күнің аумай,
Рухың биік болатын бәйтеректей,
Ойың терең болатын шыңыраудай.

Қайран менің Несағам,
Дүниенің осылай құбылғаны-ай,
Қайрылмасқа кеттің бе мұның қалай?!
Көзім қалай тұрады жасаурамай,
Арқам қалай тұрады шымырламай?!

Кідірместен құйылған дастандарың,
Тарлан ашқан өзің ең асқан дарын.
Зау биіктен бір қарап байтағыма,
Көз алдымда қыран боп аспандадың.

Жыла, жүрек, қайғыр, ми,
жаным, күйін!
Тәттімбеттің тарт далам,
қоңыр күйін.
Ақындығы сұрапыл қайталанбас,
Сендей аға біздерге табу қиын.

Қашан көрсе, құшағын жайған ағам,
Сарыарқаны самал боп аймалаған.
Қалың елің, қазағың, жылап қалды,
Қара өлеңнің қаймағы – қайран ағам!

Қош, бақұл бол, Несағам!

Бауыржан Жақып

Қайран, Алтай!..
(Несіпбекке)

Кіндігің қалған жері – Тарбағатай.
Соңыңда Тарбағатай қалды, ағатай.
Қытайда қалып қойсаң
қайтер едің?..
Бер жағы – Шыңғыстау да,
ар жағы – Алтай.

Ақсораң – менде.
Сенде – Тарбағатай ,
Сенің де ішің толы зар ма, ағатай?
…Бөлінген екі жаққа екі Алтайдай,
Өксігі қара өлеңнің, қайран, Алтай!

Кіндігің қалған жері – Тарбағатай.
Бер жағы – Шыңғыстау да, ар жағы – Алтай.
Адамзат сапарының жолаушысы ең,
Алдыңнан жарылқағай,
Алла, ағатай!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.11.2023 | 20:39

Алла алдынан жарылқасын, иманы жолдас болсын, ұрпақтаряна Алла амандық берсін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір