ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
11.11.2025
103
0

2025 жылғы 29 қазандағы Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының бірнеше депутатының қазақ әдебиетінің дамуындағы кейбір мәселелер және мемлекет пен әдебиет арасындағы рухани диалогтің қажеттілігі туралы жолдаған депутаттық сауалына орай, Қазақстан Жазушылар одағы төмендегідей мәлімдеме жасайды.


Құрметті Қазыбек Иса!
Сіздің көтеріп отырған мәселе­леріңіз, негізінен, бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы тарапынан бірнеше мәрте көтерілген, кейбірі шешімін тауып, кейбірі жүйелі түрде жүзеге асып жатқан шаруалар екендігін айтқымыз келеді.
Осыдан екі жыл бұрын, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдағанда Президент те осы мәселелерге назар аударған болатын. Мемлекет басшысы жас ақын-жазушылардың шығармашылығына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан қаламгерлерді қолдау шаралары жалғаса беретінін айтты. Бұл қолдауды жас қаламгерлер бүгінге дейін тұрақты түрде сезініп келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде жыл сайын беріліп келе жатқан мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын, «Жас ақын-жазушыларға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты», «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын айтсақ та жетіп жатыр.
Қазақстан Жазушылар одағы – ел руханиятының тірегі, ұлттық әдебиеттің дамуына, қаламгерлер буынының сабақтастығына зор үлес қосып келе жатқан шығармашылық ұйым. Бүгінде Одақ, Президент Әкімшілігімен, Үкіметпен, Мәдениет және ақпарат министрлігімен, облыстық әкімдіктермен, сондай-ақ шет мемлекеттермен өзара бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып отыр. Сондықтан да «үкіметтің құзырлы орындарында заманауи әдебиет пен мәдениеттің иісі мұрнына бармайтындар әдебиетті қолдауда немқұрайдылық пен шарасыздық танытып отыр» деуіңіз – орынсыз.
Сонымен қатар сіздің «Үкімет пен әдебиет арасындағы мәдени үнқатысуды жүйелі диалогтік платформа ретінде бекіту» деген ұсынысыңыз да бір жақты пікір сияқты. Себебі қаламгер қауымы билікпен диалог жүргізумен уақыт өткізсе әдебиетті кім жасамақ?
Қазақ әдебиетінің болашағы – жас буында екені даусыз. Сол себепті Қазақстан Жазушылар одағы жас таланттарды қолдау мен әдеби үдерісті жаңа бағытта дамытуға баса назар аударып келеді. Атап айтқанда, «Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне үміткер» жобасы жалғасып, 20 жасқа дейінгі жастарды ынталандыру мақсатында түрлі шығармашылық байқаулар, шеберлік дәрістері мен әдеби кештер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар балалар әдебиетін дамыту, жас буынның рухани өсуін, оларды ұлттық құндылықтар мен мәдениетке баулу, балаларға арналған шығармаларды насихаттау, сол арқылы жалпы әдебиеттің дамуына үлес қосу мақсатында Жазушылар одағы Халықаралық «Ертөстік» Балалар әдеби сыйлығын тағайындады. Бұл жоба енді тұрақты түрде іске асатын болады. Бұған қоса, былтыр Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Алматының жас жазушысы» жобасын ендігі жылдан бастап, Оқу-Ағарту министрлігінің қолдауымен бүкіл Қазақстан аумағында «Қазақстан­ның жас жазушысы» атауымен өткізу жоспарланып отыр. Мектеп жасындағы жас таланттарды мектеп қабырғасынан әдебиетке баулу біздің қасиетті борышы­мыз.
2024–2025 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, әдебиетті дамытуға арналған үш ірі жобаны іске асырдық. Олар: «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» және «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушыларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу» жобалары. Сіз депутаттық сауалыңызда көтерген «Қазақ әдебиеті институтын ашу» ұсынысы осы жобалардың бірі – «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы аясында іске асып жатыр. 2 жыл қатарынан өз деңгейінде сәтті өткен жобамызды 1 жылдық немесе 2 жылдық жоғарғы әдеби курсқа айналдыру жұмыстарын ойластырып отырмыз. Яғни бұл ұсынысыңыз да бұған дейін егжей-тегжейлі жоспарланып, негізі қаланып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқан шаруаның бір парасы.
Қазіргі қазақ әдебиетінде өзіңіз депутаттық сауалда айтып өткен «қазіргі заман адамының келбетін сомдайтын дүниелер» жетерлік. Мұны қазіргі қазақ әдебиетінен хабардар көзі қарақты оқырмандар мен қаламгерлер қауымы ауыз толтырып айта алады. Қазіргі жастардың шығармашылығы сіз айтқандай «өткен заман сүрлеуінен шыға алмай» жатыр десек, қателескен болар едік. Мұны жоғарыда атап өткен 3 жобаның бірі – «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» аясында былтыр жарық көрген 20 кітаптан, биыл жарық көретін 20 кітаптан анық аңғаруға болады.
Бұған қоса, біз 2026 жылдан бастап «Түркі әлемінің әдебиеті» атты тарихи-мәдени, рухани байланыстарды нығайту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жобаның мақсаты – түркітілдес елдердің ең үздік шығармаларын қазақ тіліне аударып, отандық оқырманға ұсыну. Бұл бастаманың бұған дейін республикалық «Таң-Шолпан» әдеби журналы арқылы негізі қаланды. Соңғы төрт жылда журнал әр жылды бір түркі еліне арнады. 2022 жылы – Қырғыз әдебиеті, 2023 жылы – Өзбек әдебиеті, 2024 жылы – Әзербайжан әдебиеті, 2025 жылы – Татар әдебиетінен үздік туындылар журнал бетінде жыл бойы жарық көріп, оқырмандармен жаңа есімдермен, жаңа шығармалармен қазақ тілінде қауышты. Қазіргі таңда біз Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан Жазушылар одақтарымен тиісті меморандумдарға қол қойып, дайындық жұмыстарын толық аяқтадық. Бұл жоба аясында әр елден 52 автор, барлығы 156 қаламгердің шығармалары қамтылып отыр. Бұл игі бастама түркі халықтарының әдеби байланысын нығайтып, рухани бірліктің жаңа белесіне жол ашады деген сенімдеміз.
Сонымен қатар қазіргі таңда Қазақс­тан Жазушылар одағы жанын­дағы жанрлық кеңестер қазақ әдебиеті­нің түрлі бағыттарын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Әр кеңес өз саласының өзекті мәселелерін талдап, шығармашылық ізденістерге бағыт беріп келеді. Атап айтқанда, проза кеңесі, поэзия кеңесі, детектив жанры, балалар әдебиеті кеңесі, деректі проза шетелдегі қазақ әдебиеті, әдеби сын кеңесі, орыс әдебиеті кеңесі, ұйғыр әдебиеті кеңесі, сатира кеңесі, драматургия кеңесі, Жастар кеңесі (проза), Жастар кеңесі (поэзия), аударма жанры кеңесі, қазіргі қазақ әдебиеті кеңесі.
Бұл кеңестердің жұмысы әдебиеттің барлық жанрын қамтып, ұлттық әдебиетіміздің жан-жақты дамуына тың серпін беріп отыр.

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!
Сіздің депутаттық сауалыңызда көтерілген қазақ әдебиетінің келешегіне қатысты мәселелер – Қазақстан Жазушылар одағының күн тәртібіндегі басты бағыттармен, атқарылған, атқарылып жатқан жұмыстармен толық үндеседі.
Қазақ әдебиеті – іргетасы берік, рухани қуаты зор, болашағы – жарқын әдебиет. Өзіңіз француздардан Гюго мен Камюды, Жапониядан Муракамиді мысалға келтіргеніңіздей, Қазақтың Абайы мен Әуезові, Мағжаны мен өзге де ұлы тұлғалары әлемдік арена­да «әдеби дипломатия» жүргізуге қауқарлы.
Біз әдебиетті дамыту ісінде мемлекетпен бірлесе жұмыс істеуді, жас қаламгерлерге қолдау көрсетуді, ұлттық руханиятты жаңғыртуды өзіміздің басты міндетіміз деп білеміз. Қазақ әдебиеті – ұлт рухының айнасы. Оны дамыту – баршамыздың ортақ парызымыз болмақ! Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы ретінде сіз де мұны ұмытпауыңыз керек!

Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір