Ұстаздықты таңдайтындар көбейіп келеді
Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектерге мамандық таңдауда қалай көмектесу керек? Оқу бағдарламаларын жетілдіру үшін не істеу керек? Қоғам үшін педагог мамандығы маңызды екенін жас ұрпаққа қалай түсіндіруге болады? Осы және өзге де сұрақтарға «Сенімен болашақ» Републикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің психологы Айгүл Исламбекқызымен бірге жауап іздеп көрген едік.
– Қазір мектеп бітірушілердің ҰБТ тапсыруда психологиялық дайындық – өзекті мәселенің бірі. Мектеп бітірушілерге емтиханды ойдағыдай тапсырып, мамандық таңдауларына қатысты қандай кеңес бересіз?
– Әрине, бұл өзекті мәселе. Мен кеңесті әуелі ата-аналарға берер едім. Олар балалардан қандайда бір керемет нәтижені күтуді және қатаң талап қоюды тоқтату керек. Бұл – бала үшін үлкен қысым. Өзі алдағы емтиханын ойлап қобалжып жүрген балаға қосымша ата-ананың үдесінен шыға білу, шықпаса сенімін жоғалтып, бұрынғыдай беделі болмайтынын ұғыну бала үшін стрес. Емтихан – өмірдің соңы емес, емтиханнан өте алмаса да, дұрыс таңдау жасай алмаса да балаға деген құрмет, сүйіспеншілік бұрынғы қалпында екенін ата-аналар балаға түсіндіріп, қолдау көрсеткенде ғана баланың бойында жігер пайда болып, талаптанады және оң нитиже көрсетеді.
Емтихан тапсырардан екі-үш күн бұрын бала миды тынықтырып демалу керек. Ұялы телефонға, ғаламтор желілеріне көп уақыт кетірмей, алдағы емтиханына дайындалып, таза ауада көбірек серуендеген жөн. Сонымен қатар жеміс-жидектер мен майсыз таза өнімдерді тұтыну қажет. Газдалған сусынды мүлдем тұтынбай таза суды көбірек ішсе мидың жұмысы, қан айналым жақсарады. Одан бөлек түрлі жаттығуларды жасап, отырғанда тік отырып дайындалу керек. Қобалжу адам болған соң болады, дегенмен де барлық жағдайға іштей дайындықтың болғаны да жақсы. Қандай жағдай болса да бала адам ретінде құнды екенін түсіну керек.
Біздің «Сенімен болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің мақсаты да ата-ананың саналылығын ояту. Саналы мәдениетін қалыптастыру, бала алдындағы жауапкершілікті жіте түсіндіру. Ата-аналар санасыз дегеннен аулақпыз, десе де қазіргі қарбалас уақытта қай-қайсымыз болсақ та уақыттың тапшылығынан, күйбең тірліктен бала тәрбиесінде шет қалып жатамыз. Қорыта айтқанда, махаббат пен мейірім бар жерде ешқандай жаманшылық жуымасы анық. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, ұрпағымыз білімді болсын десек, ең алдымен өзімізді тәрбиелеуден бастағанымыз жөн.
– ҰБТ кезіндегі ата-ана жауапкершілігі, бала психологиясы жайлы айттыңыз. Жалпы оқу бағдарламаларын жетілдіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Сұрағыңыз өте орынды. Бұл сұраққа психологиялық тұрғыдан жауап беретін болсам, қазірдің өзінде білім саласын жетілдіру мақсатында көптеген игі шаралар жасалып жатыр, жасала береді де. Біздің қоғамда мынадай түсінік қалыптасқан: оқу бағдарламасынан қандайда бір олқылықтар көріп қалатын болсақ, соны түзетуге сауатты түрде атсалысудың орнына бас салып жамандап, оны әрмен қарай ушықтырып, таратып жібереміз. «Бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» осындайдан шығады да, басқа оқу бағдарламасындағы ауқымды жұмыстардың бәрі жоққа шығарылып, тасада қалып жатады. Бала болашағы үшін ата-аналар да білім сапасына жауапты болу керек. Тек қана білім саласында жүргендерге жүк артып қою дұрыс емес. Дұрыс-бұрысын қадағалап, жауапты орындарға жеткізген абзал деп ойлаймын.
– Қоғам үшін педагог мамандығы маңызды екенін жас ұрпаққа қалай түсіндіруге болады?
– Осыдан 6-7 жыл бұрын ұстаздыққа бет бұрған жастар аздау болатын. Қазір мектеп бітірушілердің басым бөлігі ұстаздық мамандықты таңдайтынына көзім жетіп келеді. Бұл, әрине қуантарлық жағдай. Түлектердің ұстаздықты таңдауына әр ұстаздың ықпалы зор. Ұстазға қарай отырып, бала бой түзейді, мамандығын таңдайды, өмірді бағдарлай алады. Сол мамандыққа деген баланың қызығушылығын арттырып отырған ұстаздардың үлесі зор деп айта аламын.
– Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала қоғамнан қысым көрмей, қалыпты өмір сүру үшін ата-ана балаларымен қандай қарым-қатынаста болу керек?
– Балаға кінә артудан аулақ болуымыз қажет. Оны психолог мамандары біледі. Жоспар жасалынып, психолог мамандарымен, ата-ананың жүйелі жұмысы болуы керек. Жоғарыда айтылғандай, буллингке ұшыраған балаға жасалатын жұмыс қысым көрсетушіге екі еселену керек. Өйткені біз санаға сіңірілген немесе отбасында жиі өзі қысымға ұшырайтын күрделі жағдаймен жұмыс жасайтын боламыз. Тағы бір айта кететін жайт, барлығын махаббатпен жасау керек, кімнің тарапынан болса да, (психолог, ұстаздар, ата-ана), ешқандай жағдайда баланы кінәламаймыз.
– Қысымға ұшыраған балаға қалай көмектесу қажет? Буллинг балаға қалай әсер етуі мүмкін?
– Біріншіден, буллингке ұшыраған баланың стресс алу деңгейіне байланысты. Екіншіден, отбасы мүшелерінің қаншалықты көмекке дайын екендігі және өздеріне жауапкершілік алуына байланысты. Стресс алу деңгейі жоғары болғанда, яғни депрессияға ұшырау, тұйықталу, оқшаулану фактілері орын алғанда психологтың жүйелі түрде жұмысы қажет болады. Бірақ психолог маманының жұмысы әрдайым отбасымен тығыз байланысты болады, сондықтан отбасы тарапынан берілген тапсырмаларды, ұсыныстарды уақытылы, жауапкершілікпен орындағанда ғана, баланың осы жайсыз кезеңді жеңіл өтуіне кепіл бар деп айта аламыз.
Сұхбаттасқан Айнаш Әлдибек