ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНДА – ЖАҢА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТАР
Қазақстан Жазушылар одағына Түркия Жазушылар одағының Төрағасы Мұса Казым Арыжан мен Түркия халқының зиялы қауым өкілдері арнайы ат басын бұрып, екі елдің қаламгерлері бас қосқан ауқымды жиын өтті.
Қонақтарды зор ілтипатпен қарсы алған ҚР Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов оларды мыңға жуық мүшесі бар Жазушылар одағының жұмысымен таныстырды. «Қазақстан Жазушылар одағы өкіметпен стратегиялық әріптес болу туралы бастама көтерді. Әсіресе ұлттық әдебиетті балалар арасында кеңінен насихаттау және жазушының мәртебесін көтеру үшін түрлі жобалар әзірледі. Сонымен қатар Президенттің қолдауымен биыл ең үздік атақтың бірі «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қалпына келді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш», – деген Мереке Құлкенов Одақтың еліміздегі әдебиетшілердің, жас таланттардың мүддесін қорғап қана қоймай, шығармашылықтарын дамытуға қолдау көрсететінін жеткізді.
Мұса Казым Арыжан да 45 жылдық тарихы бар Түркия Жазушылар одағының жұмысы туралы баяндап, бауырлас қазақ елінің Жазушылар одағымен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін ерекше атап өтті. «Өткізетін іс-шаралардың ішінде көрнекті жазушыларды еске алу кештері бар. Мысалы, биыл түрік Әнұранының сөзін жазған ақын Мехмет Акиф Ерсойдың 150 жылдығын атап өтеміз. Мерейтойды тойлау барысында біз барлық түркітілдес елдердің жазушыларына оның шығармашылығымен таныстыруды жөн көрдік. Сондай-ақ Түркияда қазақ ақын-жазушыларының есімдерінің танылуына жұмыс жасауға дайынбыз», – деді ол алдағы жоспарларымен таныстыра отырып.
Келісімді растау үшін М.Құлкенов пен М.К.Арыжан әдебиет пен мәдениет саласындағы, сондай-ақ рухани-ағартушылық және жалпы гуманитарлық мәселелер бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келелі кездесуге Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, сондай-ақ Пен-клубтың президенті, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Бигелді Ғабдуллин, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің профессоры, доктор Селжұқ Жошкун, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми зерттеу институтының директоры, доктор Суат Бейлүр, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің аппарат басшысы Сердар Чалымлы қатысты.
Көптеген мәселелер жайлы сөз қозғап, өзара пікір, ой алмасқан қос тарап қазақ және түрік авторларының кітаптарын аудару мен шығаруды, басқа да маңызды шараларды ұйымдастыруды мақсат етіп отыр.
Сонымен қатар 19 қыркүйек күні Қазақстан Жазушылар одағына Phoenix Publishing & Media Group баспа директоры Фан Мин, Phoenix Science press Президенті Фу Мэй, «Цзянсу Феникс» әдебиет және өнер баспасының президенті Чжан Цзай Цзянь бастаған, компанияның тағы басқа бірнеше өкілі келді. Қонақтарды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы қарсы алып, Жазушылар одағының тарихымен таныстырып, қазіргі, келешектегі жоспарлары жайында баяндап берді.
Кездесу барысында келген қонақтар қытай қаламгерлерінің «Алтын өзен» (Лу Минь), «Баллада» (Ван Яо), «Чжунгуаньцундағы сергелдең» (Сюй Цзэчэнь), «Жүрегімнің мекені – Дуньхуан» (Фань Цзиньши), «Бэмба» (Лю Лянчэн), «Мені ұмыт» (Сюй Фэн), «Он мың құс ұясына оралғанда» (Хэ Цзяньмин) атты кітаптарын қазақ тіліне аударып, Қазақстанда басып шығару, тарату жөнінде өздерінің ұсыныстарын жеткізді. Мұнан тыс, әр жылы қазақтың бес, қытайдың бес қаламгерінің шығармаларын екі елде жарыққа шығарып отыруға уағдаласты. Нәтижесінде Қазақстан Жазушылар одағы мен Yilin Press Ltd компаниясы 5 жылдық ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды.