М. Райымбекұлы: «Ұлы Абайдың мұрасын бүкіл Азия елдерінің тіліне аударуды ұсынар ем»
02.08.2019
1641
0

2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Форумға Азия елдерінен 100-ге жуық, елімізден 50-ден астам танымал қаламгер қатысып, әдебиет әлемінің өткені мен бүгіні және болашағы туралы ой қозғап, жан-жақты пікір алмаспақ. Шетелден келетін мәртебелі меймандар арасында Нобель, Букер сыйлығының иегерлері, өз елінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал жазушылар, шығармалары көптеген тілдерге аударылған қаламгерлер бар. Олар бүгінгі әдебиеттің хал-ахуалы мен күрделі мәселелері жөнінде өз ойларын ортаға салады. 

Біз осы орайда қаламгерлерден алда өтетін форумның маңызы мен мәні, бағыт мен бағдары жайлы не ойлайтынын, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білмекке бірнеше сауал жолдаған болатынбыз. Осының алдында  Дулат ИсабековСерік Ақсұңқарұлы, Ерлан Жүніс пен Жәнібек Әлиман, Темірхан Медетбек, Несіпбек Дәутайұлы, Ардақ Нұрғазы, Амангелді Кеңшілікұлы, Тілек Ырысбек, Нұрғали Ораз қатарлы қаламгерлердің «Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына берген жауабын жариялаған едік. Бүгін ақын Маралтай Райымбекұлының пікірін ұсынып отырмыз.

«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:

1. Әдебиет — саясат! Бірақ, саясат – әдебиет емес. Сондықтан мұндай аса ірі мәдени оқиғада біздің тәуелсіз еліміздің өз ұстанымы болуға тиісті. Бұл форумдағы мәселе айналып келгенде күллі адамзаттық ұғымдардың ауқымында көрніс табады деп ойлаймын.

2. Ұлы Абайдың мұрасын бүкіл Азия елдерінің тіліне аударуды алға қояр едім. Себебі, біз Батысқа да, Шығысқа да Абайдың биігінде қарап тұрмыз. Абай — Қазақ! Абайды таныған ел Қазақты да таниды.

3. Білсе Әуезовті білер… Осы форум осындай олқылықтардың орнын жапса қанеки. ( Жақын жатқан үш-төрт мемлекетті қоспағанда.)

4. Әдебиетке жалпы баға беру қиын шығар. Үлкен әдебиетті түптеп келгенде ұлылар тудырады. Біз әлі кешегі алыптардың санаулы ғана алтын тұяқтары ойнақ салған жазықтыққа көз суарып отырмыз. Сондықтан да жетістіктеріміздің басым салмағы «бұрынғы» ағаларымызға тиесілі. Біз солардай сүйекті дүние жаза алдық па?..

5. Бір үлкен проблема соңғы ширек ғасырда қазақ әдебиетінің Әлемге есігі тарс жабылып қап еді. Осы мәселе соңғы уақытта билік тарапынан Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен өз шешімін тапқандай боп жатыр. Аз уақытта қаншама қазақ қаламгерлерінің шығармалары әлемнің айтулы алты елінің тіліне аударылып кітап боп жарық көрді. Бұл өте құптарлық қуанышты оқиға. Әлем және қазақ әдебиетінің ең негізгі ортақ мәселесі ол — бірін-бірі түсінісуі. Мына айтулы форум осы мәселенің ұйытқысы емес пе?! 

Әзірлеген Думан ТЕРЛІКБАЕВ, студент.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір