ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ АРАБ ТІЛІНЕ ЫҚПАЛЫ
12.12.2023
945
0

Қазіргі қазақ қоғамының біртұтас ұлт болып ұйымдасудың орнына ауыл қазағы, дала қазағы, орыстілді қазақ, қазақтілді қазақ, ислам дінін насихат­таушылар, тәңіршілдер, тіпті иегово куәгерлері деп бөлініп жатқаны айтылып та, жазылып та жатыр. Мұсылманбыз деген қазақтың өзі исламның түрлі ағымына бөлініп алып, өзара айтысып жүр.

Дін деген де бір ғылым, оны игеру үшін бір адамның өмірі керек. Бізде әлі ана сүті аузынан кеппеген жастардың уағыз айтуы немесе қыздардың беті-аузын тұмшалап имандылық жолында жүрмін дей отыра неше түрлі жаман қылықтар жасауы белең алуда. Осының бәрі өз тарихын, өз халқымыздың тарихта қалдырған ізін білмеудің кесірі деп санаймыз. Түркі мәдениетінің ұлы әдеби ескерткіші «Құт­ты білік» дастанында Жүсіп Баласағұн:
Ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер,
Қос жалғанда нәсіп көріп күлімдер.
Ұлды үйрет күллі өнер-білімге,
Ол өнермен дүние табар түбінде, – деп ХІ ғасырдың өзінде жастарды өнер-білімге үйрету керектігін жазып кеткен. Алайда жастарды да кінәлай берудің жөні жоқ. Кеңес заманында діннен бездік, дінге бет бұрайық дедік, енді дінге бет бұрғандарды тағы кіналәймыз. Әрине, олардың ішінде де Құдайға сиынып, түзу жүрудің орнына, мақсатын өздері де түсінбейтін түрлі ағымдардың жетегінде кетіп, өзіне де өзгеге де зияны тиіп жүргендер баршылық. Осының барлығы білімсіздіктен. Жел соққан жаққа қоғадай жапырылып, кімдікі жөн, кімдікі қате екендігін білмей дал болған қоғам дағдарыс үстінде.
Табиғаты қатал қазақ даласында бес уақыт дәрет алып, намаз оқу да оңайға түскен жоқ. Ақырған қыс ауасында далаға дәрет алу деген де талай адамды ауруға ұшырат­ты. Ал етегін беліне қыстырып ерлермен бірдей мал қарап, сиыр сауып, отын-су тасып, киіз басып, үй тігіп, үй жығып жүрген қазақ әйелінің хиджаб, етек-жеңі шұбалған көйлек киіп сызылып жүруге мұршасы қайсы. Әр елдің мәдениеті, оның ішінде киім кию мәдениеті де қоршаған табиғатына байланысты қалыптасады. Қазақ халқы дана халық, ол ислам дінін таңдаған кез­де өз тұрмыс-тіршілігіне бейімдеп алды және осы күнге дейін дәстүрлі ислам дінін ұстанып келеді.
Діннен бөлек әлеумет­тік желілерде тілге қатысты да даулар болып жатады. Бір сөзді араб немесе парсы тілінен енген сөз десең, «сонда сөздің көбі солардан енген бе, өзіміздің сөзіміз аз ба?» деп ренжіп жататындар да баршылық. Иә, кезінде тілімізге араб, парсы сөздерінің көптеп кіргені рас, бірақ біздің тіл оларды өзіне бейімдеп, өзгертіп жібергені соншалық, олардың кірме сөз екенін айыру қиынға соғады. Ал қазіргі жастар өзге елдің сөздерін сол халықтың өзіндей етіп айтамыз деп тілдерін бұрап сөйлеп жүр. Бұл тек араб сөздеріне ғана қатысты емес, батыс тілдерінен енген сөздерді де солай айтуға тырысады.
Мен дінтанушы емес филолог болғандықтан түркі әлемінің, оның ішінде қазақ халқының да басқа елдердің тілі мен мәдениетіне ықпал еткенін құрғақ сөзбен емес, тілдік фактілер арқылы көрсетуді маңызды деп санаймын.
Кез келген тілдің сөздік құрамы сол тілдің ежелгі төл сөздерінен және шет тілдерден алынған кірме сөздерден тұратын күрделі құбылыс екені мәлім. Тарихқа тереңірек үңіліп қараған адам ешбір тілдің тап-таза өз сөздерінен ғана тұруы мүмкін емес деген қорытындыға келеді.
Араб тiлi өзге тiлдердiң лексикасын байытатын қайнар көзге айналуымен қатар, өз сөздiк қорын толықтыру үшiн басқа тiлдерден сөз қабылдап отырған. Араб тiлiне шет­тен ауысқан лексикалық элемент­тердiң iшiнде түркi сөздерi көрнектi орын алады. Арабша-қазақша түсiндiрме сөздiктiң авторы Нұртас Оңдасынов «Араб, парсы тiлдерiне түркi елiнiң де ықпалы аз болған жоқ. Мәселенiң осы жағымен қызығушылар iзденсе, араб-парсы сөздiктерiнен жүздеген түркi сөздерi мен оның элемент­терiн тауып алады», – десе, ғалым Л.З.Рүстемов «Араб тiлiнiң кезiнде шығыс халықтары тiлiне тигiзген әсерi мол болғаны рас. Алайда, бұл тiлдiк құбылысты сыңаржақты үдеріс ретiнде түсiнуге болмайды. Түркi тiлдес халықтардың тiлi де (соның iшiнде қазақ тiлi де) өз кезегiнде араб және парсы әдеби тiлдерiне едәуiр ықпал еткенi тарихи деректерден жақсы мәлiм», – дейдi.
Түркi сөздерiнiң араб тiлiне ауысуы талай-талай ғасырларға созылған күрделi процесс болды. Э. Наджиптiң айтуы бойынша бұл үдеріс арабтар мен түркi тайпаларының тiкелей араласа бастаған 636-жылдардан басталады. Билiк құрудың ауыспалы кезеңдерiне (алдымен арабтардың түркi халқына үстемдiгi, кейiннен қыпшақ мәмлүктерiнiң, олардан соң осман түрiктерiнiң араб халқын билеуi) орай сөз ауысулары болып жат­ты. Бұл құбылыс VII ғасырдан ХХ ғасырға дейiн созылды.
Бөтен тілден сөз алуға себеп неде деген сұраққа ғалымдар төмендегідей жауап береді. Егер басқа тiлдiң әлеумет­тiк маңызы күштi болса, онда адам сол тiлден ауысқан сөздердi қолдануға тырысады, сол тiлдi бiлу арқылы өзiнiң белгiлi бiр әлеумет­тiк статусқа ие екендiгiн көрсеткiсi келедi. Мысалы, кезiнде араб зиялыларының арасында түрiк тiлiн бiлудiң өзi биiк мәдениет­тiң, зор бiлiмпаздықтың белгiсi болған.
Гордлевскийдiң айтуынша, көп бiлетiндiгiн көрсеткiсi келген араб саудагері сатып алушыларды түрiктiң «бирун» (пожалуйте) «буйырың» сөзiмен шақырған. Ал түрiк тағамын жақсы көретiн кейбiр шенеунiктер араб тiлiн түрiк тағамдарының атымен байыт­ты. Мысалы, «йабрақ» – жүзiм жапырағына орап пiсiрген ет пен күрiш. Тiптi ас даярлаушыны да олар түрiкше «асши» деп атайды.
Ал шенеунiктердің әйелдерi үй тұрмысына қажет­тi сөздердi айтып, таратып жүрдi.
Бiр қарағанда түкке тұрмайтын факт-моданың өзi де тiлдi байқаусыз-ақ қажетсiз, артық неологизмдермен толтырып жiберуi мүмкiн. Бiр кез­дерде Константинопольда болған қарт арабтың Дамаскiде өз сөзiне түрiк сөздерiн қосып сөйлеп мақтанып тұрғаны айтылады. Мысырда қызметшi өз қожасына «Әпендiм» деп қана сөйлейтiн болған. Арабтар бәдәуилер мекендеген Тигр өзенiнiң оң жақ жағалауын түрiктерше «Қаршы яқа» деп атаған. XVII ғасырда Солтүстiк Америкаға сапар шеккен Мосул әулиесi Ильяның күнделiгiнде мынандай сөздер кез­деседi: ильчи «елшi», улақ «жаушы», йедек «жетектегi ат», қонақ «аялдама». Ол Американың өзiн түрiкшелеп Йани Дюнья «Жаңа Дүние» деп атайды.
Өз тiлiнде сол ұғымдардың атауы бола тұрса да бөтен атаумен атау өмiрдiң әр саласында орын алған. Мысалы, араб тiлiндегi раъисиййун – «главный» сөзiнiң орнына түркiнiң бас сөзi көп қолданылады. Мысалы, башджауйш – бас шәуiш, башмухандис – бас инженер, баштамурджи – аға санитар, т.б.
Араб тiлiне енген түркi сөздерi адам өмiрiнiң сан қырлы жақтарын қамтиды.
Оларды тұрмысқа қажет­тi күнделiктi тұтыну зат­тары, тағамдар, кәсiптiк құралдар, жер-су, металл атаулары, туыстықты бiлдiретiн сөздер, әскери терминдер, дене мүшелерi атаулары, т.с.с. тақырыптық топтарға бөлуге болады.
Тұтыну зат­тары: қазанун – қазан; кибритатун – күкiрт, сiрiңке; ууджақун – ошақ; таннурун – тандыр; буджақун – пышақ; уту – үтiк; қалбақун – қалпақ; билазйқун – бiлезiк; буқджатун – боқша; хашуқ – қасық; табанун – таба, т.б.
Тағам ат­тары: йабрақун – жүзiм жапырағына орап пiсiрiлген күрiш пен ет; қаймақун – қаймақ; қаймақли буз – қаймақты мұз (балмұздақ); осы сөздiң синонимi дундурматун – тоңдырма (балмұздақ); айран буз – мұздай айран; бузатун – боза (Египет сырасы); қауунун – қауын.
Кәсiптiк құрал атаулары: балтатун – балта; бурғиййун – бұрғы; күрәйкүн – күрек; қалауузун – қалауыз, бұранда; қазматун – кетпен (қазу құралы); хазуқун – қазық; суркиййун – сүргi; дуқмақун – тоқпақ; чалқиййун – шалғы; шакуш – шаққыш (балға) т.б.
Металл атаулары: дамир – темiр, алтин – алтын, т.б,
Туысқан атаулары: аға – аға, дада – дада, әке; баба – баба; дайы – нағашы аға, т.б.
Жер-су, елдi мекен атаулары, адам есiмдерi: Құм-ал-Ахмар (ахмар арабша қызыл деген сөз) Қызылқұм, Бұрылыс көлi, Бос — Нiлдiң сол жағында орналасқан елдi мекен, Бұлақ қаласы (Қашқари бойынша Бұлақ түркiлердiң бiр руы), Каирдегi Қарамайдан алаңы (арабша майдан – алаң), Қара Әли түрмесi, Шыбын-ал-Құм, Қайтбай, Байбарыс мешiт­терi, Қайсарлы – адам аты, Құс – жер атауы, Қызылқұрт – ру атауы, Тастемiр – мавзолей, Бектас – адам аты, т.б.
Араб тiлiне кiрген түркi сөздерiнiң iшiнде ең көрнектi орын алатыны – әскери лексика. Қазақ әскери лексикасын зерт­теген ғалым Т.Байжанов оларды жауынгерлiк қару-жарақ атаулары, жауынгерлiк киiм-кешек атаулары, қолбасылардың атаулары, әскери құрамалардың атаулары, ұрыс-соғыс қимылдарының атаулары деп бес топқа бөлiп қарастырған.
Мiне, осы топтағы бiраз сөздер араб тiлiнiң сөздiк қорынан орын алған. Құрамында мамлүктер мен түрiк жауынгерлерi бар әскери бөлiм ууджақун – ошақ», әр «ошақтың» басындағы басқарушы «аға» деп аталады. Аға сөзi осман түрiктерiнде қолбасылардың әскери лауазымы ретiнде қолданылған. Осман түрiктерiнде аға сөзiнен өрбiген әскери терминдер молынан кез­деседi. Олар: қол ағасы (күзет бастығы), қала ағасы (қорғанның коменданты), iч ағасы (iшкi қызмет офицерi), бөлiк ағасы (бөлiм басшысы). Ошаққа қарағанда кiшiрек әскери бөлiм булукун «бөлiк», олардың басшылары булукбашиййун «бөлiкбасы» деп аталса, ал әскери бөлiк-бөлiмдердiң қатарындағы жауынгерлердi йулдаш «жолдас» деп атаған.
Онбасы (унбашиййун), жүзбасы (йузбашиййун), мыңбасы (бинбашиййун) сөздерi араб тiлiне өз мағыналарын сақтап енген. Араб тiлiнiң сөздiктерiнде қол ағасы (қул ағаси) сөзi кез­деседi. Оны «әскери шен» деп аударған. Ал қол ағасы терминi қазақ эпостарында әскердiң бiр бөлiгiнiң басшысы ұғымында қолданылған. Мысалы:
Мен Сейiлдiң ұлы Қараман,
Қазанға кетiп барамын,
Жүрмеймiсiң құрдасым,
Қол ағалық қыламын, – дейді.
Сондай-ақ байрақ пен санжақ – ту, жалау, ал қараһқул – әскери күзет, қарауыл, сунки – сүңгi мағыналарында енген.
Міне, жоғарыда айтылған мысалдардан түркі әлемінің өзге мәдениетке ықпал еткенін, әлемдік өркениетке қосқан үлесі бар екенін көреміз. Барымызды бағалап, бабаларымыз аманат­тап кеткен қазақ мәдениеті мен тілін жоғалтып алмай әрі қарай өркендету біздің міндетіміз деп білеміз.

 

 

Ұлбала АЛЖАНБАЕВА,
шығыстанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір