«ЖАС ТҰЛПАРЛАР» «АЗИЯ ОСКАРЫН» ЖЕҢІП АЛДЫ
13.11.2023
78
0

APSA сыйлығы 2007 жылы ЮНЕСКО мен FIAPF-халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының көмегімен Аустралия үкіметінің бастамасымен құрылған. Жыл аунаған сайын кино өнері әлеміндегі халықаралық марапаттар арасындағы маңызы артып келе жатқан бұл доданы аталмыш сала мамандары «Азия Оскары» деп те атайды.

Сыйлық Азия-Тынық мұхиты аймағының 70-тен астам елінің өкілдері жасаған көрнекті картиналарға беріледі. Биыл бұл сыйлықты қазақтың үш бірдей фильмі еншіледі. Үшеуі де жас режиссерлердің дебюттік жұмысы.
Атап айтсақ, Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу»,  Дархан Төлегеновтің «Ағайын­дылар», Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» фильмі марапатқа лайық деп танылды.
«Бауырына салу» «Үздік жастар фильмі» аталымында топ жарса, «Ағайындылар» картинасының басты рөлдерін сомдаған Айбар Салы мен Әлішер Исмаилов «Үздік жаңа қойылым» аталымы бойынша жүлдеге ие болды. Ал «Қаш» лентасы «Үздік операторлық жұмыс» аталымын жеңіп алды.


Естеріңізде болса, биыл А.Кучинчирековтің «Бауырына салу» фильмінің әлемдік премьерасы Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен кинофестивальде «Жаңа режиссерлер» бағдарламасында көрсетілген еді.
«Ағайындылар» фильмі былтырғы күзде Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын қазақ кино өнерінің қоржынына салған. Ал биыл сәуірде еліміздің Киносыншылар қауымдастығы 2022 жылғы «Үздік драма» деп бағалады. Сонымен қатар аталған фильм Италия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания, Болгариядағы халықаралық кинофестивальдердің 10 марапатына ие болған.
«Қаш» фильмі де бұған де­йін олжалы болған. Үшбу кинокартинаның режиссері – Айсұлтан Сейітов осы жазда Шанхай халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» атағын жеңіп алған болатын.

А.ШАТТЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір