ЖҮЙЕДЕ ҚАЙШЫЛЫҚ БОЛМАУЫ ТИІС ЕДІ
03.03.2017
4355
1

Тәуелсіздік алғаннан бері бізде ең көп өзгерісті бастан кешкен білім-ғылым саласы екені анық. Әрбір жаңа басшы келген сайын білім реформасы да жаңарып отыратынына мұғалімдер қауы­мының да еті үйреніп қалғандай тіпті. Үнсіз қабылдайды, бас шұлғи орындайды. Алайда, соңғы уақытта қайта бекітілген Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру маман­дық­тары­ның классификаторы оқытушылар тарапынан да, ға­лым­дар тарапынан да қолдау таппай отыр. Тізбектің түйткілді тұстарын газеті­міздің өткен санындағы (№7) «Ар ілімі немесе әдебиет ғылымы туралы…» атты мақалада мамандар жан-жақты саралаған болатын. Ал бүгін дәл осы мамандықтар тізбегін қайта жүйелеудің мақсаты мен салдары туралы мәдениеттанушы, әдебиет зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезов мырзамен аз-кем әңгіме өткізген едік.

– Мұрат Мұхтарұлы, ҚР 2017 жыл­­дың ақпанында күшіне енген Жо­ғары және жоғары білімнен кейін­гі білім беру мамандық­та­ры­ның тізбегімен танысып шыққан екен­сіз. Сіз мұндағы енгізілген өз­герістермен келісесіз бе? Маман­дық­тар классификаторында «Әде­биет және лингвистика» деген ма­­мандық бекітіліпті. Сонда әде­биет пен тіл білімі бір ғылымның ая­сына сия ма?
–Филология ғылымының докторы Айгүл Ісмақова бірде ме­нен Қазақстан Республикасының 2017 жылдың ақпанында күшіне ен­ген Жоғары және жоғары бі­лім­нен кейінгі білім беру мамандық­та­ры­ның классификаторымен танысып шығуымды өтінді. Оқып шық­қан­нан кейін мен бұл классификаторды дайындауда жіберілген өрескел қателіктерге қайран қал­дым. Не деген сауатсыздық? Ма­ман­дық­тардың кейбірін болсын-бол­масын бір-біріне қосарлап тас­таса, енді біріне үй ішінен отау тік­тіріп жеке шығарып қойған. Қан­дай негізге сүйеніп, кімнің жүйесіне негіздеп дайын­да­ған­дарын біле алмай дал болдым.
Сөйтіп жүргенде «Қазақ әде­бие­ті» газетінің №7 санында Қара­гөз Сімәділ дайындаған материал ме­нің ойымды дөп басты. Ондағы Жан­ғара Дәдебаев пен Айгүл Ісма­қованың тұшымды да дәйекті пі­кір­­лерімен толықтай келісемін.Осын­дай өзекті тақырыпты қозға­ған газет редакциясына, шырылдап жан айқайларын ашып айтқан мамандарға дән ризамын. Шынында да бұл классификатордың ішін­де түрлі қайшылықтар мен көз­ге ұрған сауатсыздықтар көп.
Осындай шикі дүниені дайындап бекіткендері үшін министр­лік­тің өзі ұятқа қалады. Шикілігін ай­тайын, мәселен, мамандықтар тіз­бе­гінде Әдебиет пен тіл білімін бір ма­ман­дық деп көрсеткен. Айна­лайын-ау, әдебиет деген өзінше бө­­лек дүние емес пе? Ол екеуін қа­лай бір ғана мамандық аясына сый­ғы­зуға болады? Әдебиеттануды алып тастау деген тіпті ақылыма сый­майды. Ал әдеби сын ше? Бір кез­дері әдебиетіміздің дамуына ай­­тарлық­тай түрткі бол­ған, дүр­кі­реп тұрған сала емес пе еді? Мұхтар Әуезов «Сын түзелмей, мін түзел­мей­ді» дегенді жайдан-жай айта сал­ған жоқ. Расында да әдебиетіміз дұрыс дамуы үшін әділ де шынайы сын болуы керек. Кезінде Әбіш Ке­кіл­баев, Асқар Сүлейменовтер өте терең білімді сыншылар болып бас­таған. Олар өз кезегінде жаңа әде­биеттің, сол тұстағы тарихи та­қы­­рыптағы туындылардың деңге­йін көтерді. Кейін әдебиетке ара­лас­ты. Сағат Әшімбаев, Төлеген Тоқ­­бергеновтердің сыни пікірлері де өз тұсында әдебиетімізге айтар­лықтай ықпал етті.
Есімде қалған бір оқиғаны ай­тайын. 1975 жылы Жазушылар ода­ғының кезекті Пленумында сөз сөй­ледім. Ол кезде 30 жылдардағы ашаршылық туралы не тарих, не әде­биет жарытып еш нәрсе жазбай­тын. Сонда мен мінбеге шығып: «Хал­қының басынан өткен зобалаң жы­лдар туралы жақ ашпайтын мұн­дай әдебиет кімге керек?» деп сөй­ледім. Сол кездері Смағұл Елубай өзі де осы тақырыпта толғанып жүр­ген екен. Ал енді осындай әуен­дес пікірді естіген соң, бел буып, осы тақырыпқа қалам тер­бе­ді. Сөйтіп, «Ақ боз үй» дейтін та­ри­хи роман жазып шықты. Бұны нақ­ты мысал ретінде айтып отырмын.
Әдебиет теориясынан сауаты жоқ адам үлкен жазушы бола алмайды. Кейде бір жақсы шы­ғар­ма­лар кездесіп қалуы мүмкін, бұл сәтті өсірілген өсімдік секілді дү­ние ғой. Анығында, жазушы терең бі­лімді, философиялық ой түйін­дей білетін адам. Қазір сирек жазы­латын эссе деген нағыз сол терең бі­лім мен философиялық ой-тол­ғам­дарды бір арнаға түйістіретін әде­биеттің бір жанры еді. Әдебиет туралы бір нәрсе айту үшін адам­ның әдеби сауаты жоғары болуы тиіс, өз еліндегі ғана емес, өзге ел­дер­­дегі де әдеби айналымды жақсы білуі керек. Осының бәрін зердеге тоқыта­тын Әдебиеттануды біржола алып тастау дегенді, әдебиет майда­нында қарусыз қалу деп түсінемін. Әдеби сауаты жоқ адамдардың әде­биетке араласа бастауының салдары ауыр болатынын уақыт әлі көр­сетеді.
– Жаңа классификатор неге не­гізделіп жасалынды деп ойлайсыз? Одан тағы да қандай шикіліктер бай­қадыңыз?
– «Дінтануды» бір бөлек, «Ис­лам­тануды» өзінше бөлек маман­дыққа бөліп тастаулары да бұл классификатордың жүйесіздігін аңғартады. Осындай өте өзекті мәселеге оқырман назарын аударып отырғаны Қарагөз Сімәділдің аза­мат­тық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Нағыз әдебиетке жанашыр басылым осы проблеманы одан әрі де саралап, талдап, мәселе дұрыс шешімін тапқанша белсенділік танытса деген тілегім бар. Ал егер баспасөз бұл іске тиісін­ше ықпал ете алмай жатса, біз де қол қусырып қарап қалмас­пыз. Енді шегінетін жер жоқ. Себебі, әдебиетке қарсы шығу – бүкіл қазақы санаға балта шабумен барабар деп ойлаймын. Білім және ғылым министр­лігінде бі­лімсіз адам­дардың отыр­ғаны өте өкінішті. Саналы түрде жасалды ма сауатсыз­дық салдарынан болды ма, бұл басқа әңгіме. Бірақ бәрібір бұл біз үшін қауіпті нәрсе.
– Қоғам пікірімен санаспау, ұлттық мүддеге қайшы қадамға бару құ­зырлы орындар тарапынан соңғы кез­дері аз байқалып жүрмеген секіл­ді. Сонда енді не істемек керек?
– Шындығында да Қазақстан тарихының пән ретінде алынып тасталынуы, енді мына қазақ тілі мен әдебиетіне жасалынған шабуыл – қазаққа қарсы жүргізіліп жат­қан үнсіз майдан іспетті. Әуелі тарихымызды ұмыттырса, кейін тілі­міз бен төл әдебиетімізден ма­құ­рым етсе, бара-бара жерімізден, тәуел­сіздігімізден айырулары ға­жап емес. Үлкен жеңілістер осын­дай қарапайым нәрселерден басталады. Біз мұны дұрыс түсінуіміз керек. Сонда Білім және ғылым министр­лігінде іштен шыққан сұржы­ландар, қазақтың қас жаулары жұмыс істей ме деген сауал туады? Себебі, бұл біздің ұлттық мүд­демізге қарсы жасалынып жат­қан әрекет. Қазақтың қас дұш­пан­дары әдейі ұлтқа қарсы күреске шыққандай, қазақты тұқырту жолында қызу іске кірісіп кеткендей көрінеді кейде. Құзырлы орган бол­­ғандықтан ми­нистрліктің ұсы­ныстарын жоғары оқу орындары бұйрық ретінде қабылдайды. Бұл тақырып бойынша оқытушы­лар ара­сында пікір талқы өткізілген жоқ. Егер алдын ала жобасын ма­ман­дарға оқытып, қоғамның тал­қы­сына салып көр­генде мұндай өрес­кел қателіктерге жол беріл­меген болар еді. Алайда, енді бәрі кеш деп қол қусырып отыруға болмас. Ештен кеш жақсы деген сөз бар. Әрқайсымыз қолы­мыздан кел­генше осындай сауатсыз­дыққа жол бер­меуге тырысуымыз керек. Бұл та­қырыпқа қазақи қо­ғамның көңі­лін аударып, мәселе­нің оңтайлы ше­шілуіне түрткі болуға тырыс­қа­нымыз жөн деп ойлаймын.
Бұрыннан қалыптасқан клас­си­калық жүйені алып тастап, бір­ден қалай өзгерте салғандарына таңым бар. Тіпті мұндай шикі нәр­сені қалай классификатор деп атай­мыз? Классификация дегеніміз – жүйе. Ал жүйенің ішкі қай­шы­лықтары болмауы тиіс. Яғни оған терең білім қажет. Жүйені өзгер­те­міз деп әбден былықтырған ми­нистр­­­ліктегі­лердің сауат­сыз­ды­ғы мен жауапсыз­дығы ұлт бо­ла­ша­ғына кері әсерін тигізбесе екен дей­мін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айнара АШАН.

ПІКІРЛЕР1
Ақан 03.03.2017 | 18:08

Ұлтымыздың болашағына, мүддесіне қарсы жүйелі, ұйымдасқан іс-қимыл жасалып жатқанын енді анық көріп отырмыз. Қазақ халқын ұлтсыздандырып, елімізді бодан қылу жоспары жасалып қойған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір