ТҮРІК ҚАЛАМГЕРЛЕРІ ШЫҒЫСҚА ҚАРАУҒА ТИІС 
14.11.2023
400
1

Франциско Гойа «Сананың ұйқысынан жануарлар туады»

Биіктен бір тас құлады. Бірақ жерге түспеді. Жер мен тастың ортасында мен бар едім. Денем арқасын жерге төсеген күйі жатыр. Көктен түскен тас кеудеме келіп орналасты. Жалаң кеудеме түскен тас анау айт­қандай ауыр емес еді, бірақ мұз кесегіндей суық еді. Иә, тас анау айтқандай ауыр емес еді, бірақ теңізден соққан желдей суық еді. Біраздан соң он-он бес адым әріден бір дыбыс есіт­тім. Әлсін ғана басымды көтеріп қарадым. Мен секілді жалаң кеудесіне бір тас қонған адам көрдім. Ол Дәуіт болатын.
– Дәуіт!
– Ыстық, – деді. – Өте ыстық мына тас.
– Дәуіт!
– Жетер, оян!
– Дәуіт! Ұйықтап жатқан кісі кім?
Айналамыз қараңғы еді. Тас қараңғы. Дегенмен көзім көреді. Бірақ бәрін емес. Дегенмен көре алатынмын. Бірақ көзім арқылы емес. Бұны білетін едім.
«Оянатын түрің бар ма өзі?» – деп жан дауысы шықты Дәуіт­тің.
Еститінмін. Бірақ бәрін емес. Еститінмін. Бірақ құлағыммен емес. Бұны білетін едім.
Соңында қалың ұйқыда екенімді түсіндім. Бір түс ішіндемін. Шамасы өзімнің түсім. Маған тиесілі. Алайда түсім маған емес, мен түсіме берілген едім. Негізі үнемі осылай болатын.
«Бір тас құлап келеді» деді ыңырсулар арасынан әзер шыққан дауыс. Дәуіт­тің дауысы. Тағы бір тас ылдилап келеді. Өте үлкен тас. Бәлкім таудай үлкен.
Ортамызға түсті. Жер опырылып кет­ті. Дәуіт төмен құлады. Біраздан соң мен де құладым. Мейлінше тезірек оянуым керек еді. Бар ойым осы.
Пульті жоғалған теледидар сияқты едім. Кеудемдегі тас бір елі ажырар емес. Бірақ алғашындағыдай суық та емес. Біраз уақыт өткен соң шыр айнала құлдилай бердім. Төменге. Әйтеуір соңында мелшиген күйде бір орындық үстінде таптым өзімді. Ортада бір үстел. Тіскебасар тамақтар. Үстелді айнала қоршай отырған біршама адам. 20-25 адамдай. Бірден Дәуіт­ті іздедім. Бір сәт­те тапқандай болдым оны. Кейін қайта көз жазып қалдым. Ешкімнің бет-әлпеті бірқалыпты емес еді. Бәрінің түрі үздіксіз өзгеріп тұрады. Құдды бір бет емес, бетперде дерсің. Ешбір нәрсе тұрақты емес.
Бәрі ұртын шайнап, әлденені сөз қылып отыр. У-шу. Қолдарында қандай да бір шанышқы, қасық немесе пышақ жоқ еді. Тіс щеткасы бар еді бәрінде. Барлығы қолдарындағы тіс щеткасымен тамақ жеп отыр.
Жеті-сегіз жасымда көрген «Смурфиктер» мульт­фильмі келді ойыма. Бір бөлімінде Гаргамел бір түс жасап шығып, барлық смурфиктерді сол түс ішіне қамауға алатын. Әкей Смурфик оларды құтқару мақсатында барлығын сабырға шақырып былай дейді:
«Түстен құтылудың жалғыз жолы бар: өзіңіздің бір түс ішінде екеніңізден хабардар болуыңыз керек. Бір түс ішінде екеніңізді білсеңіз, қалаған кезіңізде ояна аласыз және керек десеңіз түсіңіздегі нәрселерге ықпал ете де аласыз». Смурфик әкейдің бұл сөзін әлі ұмытпағаным есіме түсті.
Оянғым келеді. Бір түс ішінде екенімді де білемін. Бірақ барлығы Смурфик әкейдің айтқанындай болмай шықты.Үстелдің арғы бұрышындағы бет-жүзі үздіксіз өзгеріп отырған кім екені түсініксіз, біреу менімен сөйлесе бастады.
– Ақыры келдің, иә. Қаншама уақыт өт­ті, солай ғой, ә? Қиналған шығарсың? Шаршадың ба?
Ауызым жоқ еді, орны бос екенін көре алатынмын.
Кеудемдегі тас сөйлей бастады. Оның да ауызы жоқ еді, әйтсе де мен оны ести алатынмын.
– Ақыры келдім. Қаншама уақыт өт­ті, солай ғой, ә? Қиналдым. Шаршадым, – деді де ән айта бастады:
«Күле алсам, оята алар едім мен сені,
Ха-ха-ха-ха, сені.
Балталап, бөлшектей алар едім мүрдемді,
Ха-ха-ха-ха, мүрдемді. Ха-ха-ха-ха, мүрдемді…».
Қашаннан бері түс ішіндемін? Қанша сағат болды немесе қанша күн өт­ті?
Құлағымның түбінен Дәуіт­тің дауысын естілді.
– Дәрігерлер келді. Кет­тік. Тұр, қане.
– Қимылдай алмаймын, Дәуіт, – дедім. Ауызым жоқ еді, бірақ мұны айта алған едім.
– Қимылдамасаң да болады. Сен жәй ғана айтқанымды істе. Тұр, қане.
– Есің дұрыс па, Дәуіт?
Ызалана қадала қарап қалдым, бірақ кімге екенін білмейтінмін. Кеудемдегі тас әнін тоқтатпаған еді:
«Есіңе бір түссем сүйе алатын едің мені,
Ха-ха-ха, сүйе алатын едің. Ха-ха, сүйе алатын едің.
Өйткені сені саған танытқан мен едім,
Ха-ха-ха-ха, танытқан мен едім. Ха-ха-ха-ха, танытқан мен едім».
Дәуіт қолын менің алдымдағы табаққа созды. Үстелдің алдымдағы бөлігі бір шұңқыр түбіне батқан. Тісіме майлы бір тіс щеткасы сүртінеді. Миым алдымдағы табақ ішінде діріл қағады.
«Ха-ха-ха-ха, өлмедім. Ха-ха-ха, өлмедім».
Аяғым қолымның орынында иығымнан шығып төмен салбырап тұр. Мүшемнің орынында да бір қол. Жеті саусақты бір қол. Бетімде отыр екенмін. Орындықтарды ағаш деп ойлаған едім, бірақ ірі-ірі зімбірлерден жонылған екен. Бетім өртеніп барады.
«Ха-ха-ха, өшті үнің. Ха-ха-ха, өшті үнің».
– Тоқтат, жетер… – деді төрдегі әйел.
Бәрі бірінен соң бірі бірнеше батырма арасынан қызыл батырманы таңдап, баса берді. Орындықта жартылай бүктетіле жатқан адамның дірілі тоқтады.
Әйел бірнеше парақты шайнап-шайнап түкіре салғандай боп тұрған принтерге жақындап, соңғы қағаздың шығуын күт­ті. Құрылғының ауызында соңғы парақ дір-дір етеді. Біраздан соң қағаз шаршаңқы және ыстық хәлде өзін-өзі әйелдің алдындағы табаққа тастай салды. Әйел қағаздың бәрін қолына алып зерт­тей бастады.
«Ғажап, ғажап, өте ғажап», – деді, бөлмедегілерге кезек-кезек көз тастап.
Бәрі күле бастады.
Бір кәрі шал әйелді құшағына қысып, шашының арасына жасырынған құлағына сыбырлады:
«Сені сүйемін. Бұл менің ең сәт­ті романым болады!»
Әйел үндемеді. Екі езуі бірнеше миллиметр әрі бірнеше миллиметр бері қозғалып тұрғанын ғана байқауға болады. Кейін, кенет қабағын түйді де, сөйлей бастады:
«Ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық аштық. Адам зейінінің ойлап таба алатын нәрселерінің соңына бірге барамыз. Бұдан былай ешкім де шабытқа мұқтаж емес.Зейін барлық қажет­ті нәрсені өзі жазатын болады», – деді де, қолындағы қағаздарды көкке ұшырды. Үстел басындағылар орындарынан тұрып, қол шапалақтай бастады. Әйел қайтадан сөйлей бергенде, үнсіздік орнады.
«Гойаның айтқаны дұрыс еді, бірақ толықтай емес. Сананың ұйқысынан тек жануарлар тумайды. Сананың ұйқысынан жаңа бір сана тууы да бек мүмкін».

ТҮРІК ДОЛЛАРЫ

(Әңгіме)

Good morning. Mc Donalds. Bill Gates. Мұқият тыңда, саған қандай азап көрсет­ті бұлар. Кел, түсіндірейін. Сенесің бе, жоқ па – өз еркің. Мысалы.
Сенің халықпен танысу кешің үшін Сіркежідегі Мимар Кемалет­тиннің құнды ғимараты белгілі бір күштер арқылы босатылды. Сен маңызды едің, өйткені, алғашқы едің. Қолдарынан келгенінің бәрін жасады. Ал сен болсаң қандай былық ішінде екендігіңнен және аз уақыт ішінде үстіңе мың батпан кір жағылатынынан бейхабар едің. Бірақ кірдің өзін кірлету мүмкін бе? Айтпақшы, иә, сені суқаным сүймейді.
Жо-жоқ, көңілің құлазымасын. Сені арнайы әдістер арқылы жасап шықты, әлбет­те. Жүзіңді Америкадағы достарыңа ұқсатып жасады, әйтсе де, сен олардан әлдеқайда өзгешесің. Бұл ұлт­тың мистикалық және сиқырлы құндылықтарын, қаңырап қалған сырларын сенің әр жасушаңа дейін енгізді. Не деуші еді, иә, көз майын тауыса…
Күмәнсіз, сен ешкім жаулап ала алмаған соңғы қамал болар едің. Алайда әдет­тегідей, сені үш қайнасаң сорпаң қосылмайтын нәрсеге ұқсатуға көп әрекет жасалды. Десе де ешкім сен жайлы бір ауыз жаман сөз айта алмайтыны белгілі. Өсек-аяң тарайды, әрине. Бірақ кім сенсіз бақыт­ты бола алады дейсің?
Сен соғыс себепкері де болдың. Сен үшін кітаптар жазылды. Жазықсыздар отқа жағылды. Сені кім не қылсын? Және, сенсіз кім қалай өмір сүрсін?
Бірақ болары болды. Ендігі бұларды ойлап бас қатырудың еш керегі жоқ. Міне, дегеніңе жет­тің. Өзің қалаған жердесің. Әйнек құтының ішіндесің. Сені көру үшін адамдар ұзын сонар кезекке тұрады. Сені шынжыр кісен бұғауынан құтқарады. Әрине, сен де оларды… Бәлки, сені ешкім түсінбейтін шығар, дегенмен олар өзара түсінісу үшін сені құрбан ететін болады. Өздері де сенің жолыңда жан беруге әзір.
Олар үшін сен бір қоңыраулы сағат қызметін атқаруың керек. Сен олар үшін жәй ғана дауысы ащы оятарсың. Бірақ олар сенің көмегіңсіз-ақ оянатын болады. Кір басқан маңдаймен, шел басқан көзбен. Көрмейді деп қорықпа. Сенің әкелеріңе, аталарыңа қалай қарағанын бір білсең. Қалай ғана көздерін тас жұмып, еш қорықпастан алға адымдай бергенін. Қалайша өз етін өз таразысына тартқанын. Егер бір білсең, қорықпас едің.
Қане, аш көзіңді. Мұның өлім емес. Өлім шақыратын ишара ғана. Не жазылған маңдайыңа. Көр, біл, есіңде сақта. Саған жан беретін сол нәрсе. Сені қуат­тандыратын да.

* * *

Көрмеде ине шаншар жер жоқ. Ақ қолғапты екі қызметкер беті құнды қызыл матамен жабылған әйнек құтыға жақындады. Қызыл барқыт­тың екі шетінен ұстады. Түрлі түсті жарықтар мен тағатсыз көздер алдында әйнек құтының жабуын жәй ғана жоғары көтере бастады. Құтының астыңғы бөлігі көрінді: «Made in Turkey». Кейін қызыл жабу толықтай алынды. Міне, алдарыңызда – Түрік доллары!!!

 

 

ТҮРІК ҚАЛАМГЕРЛЕРІ ШЫҒЫСҚА ҚАРАУҒА ТИІС 

Тугай Кабан – түріктің жас жазушысы және аудармашы. Бұған дейін оның «Эротикалық поэтика» және «Орхан Памукке сатқым келетін роман» ат­ты екі романы жарық көрген. Сонымен қатар Тугай Кабан бірнеше қысқаметражды фильмнің сценарийін де қаламынан
жарат­ты.
Еңбекқор жас қаламгер Стефан Малларме, Онджен Спахич, Вирджиния Вулф, Стивен Морис Бодоин, Кэтрин Мэнсфилд, Казимир Малевич, Джой Когава секілді аты әлемге әйдік тұлғалардың әдеби шығармаларын ағылшын, француз тілдерінен түрік тіліне аударған.
Тугай Кабан бұл шағын сұхбатында әдебиет туралы түсінігін, шығармашылыққа көзқарасын бүкпесіз баян етеді. «Жазбау үшін айтылған сылтау – трагедия», – дейді ол.

– Тугай бей, сұхбатымызды айтыла-айтыла жауыр болған, бірақ әлі талай айтылатын мына бір сұрақпен бастасақ деймін: Жалпы әдебиет маңызды дүние ме? Маңызды болса қаншалықты маңызды?
– Қош көрдік. Алдымен, «Орхан Памукқа сатқым келген роман» ат­ты романымды және тағы да басқа шығар­ма­ла­рым­ды тәржімалағаныңыз үшін сізге мың алғыс айтамын.
Иә, әдебиет біз ойлағаннан да маңызды. Өйткені аяусыз өмір желкеңнен сүйреп апарып, зынданына тастай салған сәт­те жалғыз демеуің осы әдебиет болмақ. Келешекке хат жолдар болсаң да, ең сенімді жолы осы – әдебиет.
– Екеуара әңгімеден шығарма жазғанда адамдарға бір нәрсе түсіндіруді мақсат ететініңізді байқандай болдым. Солай ма?
– Жоқ. Дұрысы, адамдардың мені түсінуін мақсат етемін.
– Адамдар дегеніңіз кімдер?
– Ең алдымен өзім. Себебі әр адамның ішінде түрлі дауыс болады. Біреуінікі – айқай, біреуінікі – күбір, тағы да осы сияқты біршама дауыс. Ал адамның санасында ең алғаш қай дауыс жаңғырса, ең алғаш қай дауысты естісе, сол өз дауысы. Әлбет­те оны алғаш қашан естігені – жұмбақ. Ал сол дауыс мен үшін әрқашан басқа бір адам болды. Сол ішімдегі «басқа өзімінің» мені түсінгенін қалағаным үшін ғана жаздым.
Одан кейінгі кезек – мені туғаннан бері білетін адамдардікі. Олардың түсінуі – тобыр деген ет турағыш құрылғының өткір тістерінің арасынан көп нәрсеңді құрбан етіп өтумен бірдей жанкештілік.
Ал ең соңғысы – мені мүлдем білмейтін адамдар. Сөзім түсінікті болуы үшін бірнәрсені ескерте кетейін. Маған, Түркияның географиялық орналасу нүктесінің батысындағылардың мені түсінуі мүлдем мүмкін емес секілді. Яғни, Еуропалықтар менің мәтіндерім арқалаған құндылықтарды түсіне алмайды. Әрине, мұның себебі олардың Түрікшемен үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығында. Себебі Түрікше, Батыс рухының ешқашан өзіне жақсы тартуы мүмкін емес құндылықтардан құралған.
– Пікіріңіз біржақты деп ойламайсыз ба?
– Солай-ақ болсын. Не өзгереді? Ақиқат­ты өзгерте аламыз ба? Мысалға, замандастарымның көбі шығармаларының батыс тілдеріне аударылғанын қалайтыны белгілі, оны өздері де жасырмайды, жасыра алмайды да. Мен де біраз жыл бұрын осы мақсат-қалаумен өмір сүрдім. Бірақ қазір шығармаларымның шығыс тілдеріне тәржімеленуі үшін барымды салып жатырмын. Себебі белгілі бір уақыт­тан соң тілімнің ақиқат­тарымен бетпе-бет келдім.
– Тугай Кабан мен постмодернизмнің байланысы бар ма немесе өз туындыларңызды постмодерн шығарма деп есептейсіз бе?
– Бұл сұрақтан «иә» деп қана құтыламын. Кейінгі кезде постмодерн сөзін көп қолдана бермейтіндер қатарына ендім. Неге десеңіз, постмодерннің нақты не нәрсе екенін ешкім де түсіндіріп бере алмайды. Сол сияқты мен де бұның не екенін түсіндірер болсам, бастаған сөйлемімнің соңы түсініксіз бір танымдарға апарарына шүбәм жоқ. Менің шығармаларым өз өмірім мен басқа өмірлердің арасындағы мәтін ғана. Ал қазіргі уақыт аралығындағы сол өмірлердің қызыл-жасылы постмодернизм арқылы түсіндірілмейтін болса, онда мұның бәрі бос дүние деген сөз.
– Түркияда постмодерн шығармаларға оң көзбен қарайтын баспа жоқтың қасы десек те болады. Жазушылардың бұл бағыт­тан қашқақтауына баспалардың кінәсі бар ма?
– Баспа мәселесі жазушыларымызға кедергі болса, қаламгерлерімізге ағылшынша жазуға кеңес беремін. Себебі жазбау үшін айтылған сылтау – трагедия. Ағылшынша жазса, ең болмаса сол трагедиясына аз ғана комедия қосқан болар еді.
– Әңгіме жанры туралы не айтар едіңіз?
– Мен үшін әңгіме жанры жалғыз өзі түк те емес. Өйткені бұл жанр – қолына қалам ұстаған кісінің екінің бірі бас сауғалайтын жер. Маған салса, әңгіме – роман өнеріне қызмет етуші ғана.
– Қазақ оқырмандарына не айтқыңыз келеді?
– Мен үшін Францияның бір университетінің мінберінде сөз сөйлегеннен гөрі, Қазақстанның кітапханасының бір бөлмесінде әдебиет жайлы бір ауыз әңгіме айту маңыздырақ. Басқа Түрік қаламгерлері де, батыстың қан қасап шайқас сынды картиналарынан бір сәтке болсын мойын бұрып, Шығысқа қарауға тиіс деп ойлаймын. Қазақстанда әдебиет­тен, өмірден, ақиқат­тан теріс айналмаған адамдардың, менің оларға түсіндіргім келгендерді түсінгендерін білемін. Себебі өмір сүру де өлім сияқты алыс емес.

Сұхбат­тасқан және әңгімелерді аударған –
Мәди-Асқар ҚАНЖАРҰЛЫ
«Солақайлар» әдеби клубы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.11.2023 | 16:34

Әдебиетке жалаң патриотизмнің қажеті жоқ. Батыс әдебиеті жетілген әдебиет. Озық дүниеден үлгі алғаннан зиян шекпейміз. Қонақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір