Президент ұсынған формуланың шешімін Үкімет табуы тиіс
18.03.2024
583
0

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси парадигмасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Заң және тәртіп» деп аталатын бесінші бағдарында ұсынылған болатын. Саяси жаңарудың бұл формуласында билік қызметі жүйесіндегі үш тұғырлы модельдің көрініс тапқанын байқаймыз. Бұлардың біреуі заң шығарушы орган болса, екеуі атқарушы орган болатыны анық. Мұндағы басты мақсат – саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса назар аудару болды. Ол үшін мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижесін жақсартып, жауапкершілігін арттыру міндеті жүктеліп, «Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек», – деген еді Президент.


Сонымен бірге, Мемлекет басшысы аталмыш Жолдауында «Қуатты ұлттың діңгегі – халық» деген ұстанымға сүйеніп, «халық пен билік» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгерту мәселесін көтере отырып: «Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді», – деген тұжырым жасаған болатын. Бұл мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту бағытындағы іс-шаралар жүйесін айқындайтын бағдарлама іспеттес болған.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсына отырып: «Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы», – деген еді Мемлекет басшысы. Әрине, бұл халықтың көңіліндегі ойды дөп басатын ұтымды да тиімді болғаны рас. Бұл ретте Президенттің көздегені «билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуы керек» деген мақсат еді. Мұндағы жаңалық билікті монополизациялау қаупінен сақтандырып, елдегі парламентаризмді дамытып, саяси-әлеуметтік ашықтықты орнатып, зайырлы демократизм мәдениетін жетілдіру болғаны белгілі.
Осындай мақсат-міндеттерден туындаған іс-шаралар тізбегі 2023 жылғы Президенттің кезекті халыққа Жолдауында да: «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», – деп атап өтілді. Демек, мұнда басты меже – «Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі, яғни адамның қажеттігі әрдайым басты назарда болады. Реформалардың іске асырылуына, негізінен, атқарушы билік жауап береді», – деген болатын Президент. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке бюрократияға және сөзбұйдаға салынбауын ескертеді.
Ал енді жоғарыдағы айтылған тұғырнамалардың іс жүзінде орындалуына зер салатын болсақ, оған халықтың көңіліндегі «тұман» сейіле қойды ма? Халық атқарушы Үкімет қызметіне толық сенім арта ала ма? Оларға негіз болатын факторларды төмендегіше талдап көрсек.
Біріншіден, 2023 жылдың жазындағы аграрилер жанайқайы: егіннің су тапшылығына душар болып, айтарлықтай шығынға ұшырауы. Онымен қоса, егін өнімдерін өткізу бойынша мәселенің бүгінгі күнге дейін шешілмей жатуы. Бұл әсіресе, Жетісу облысы егіншілерінің тартып отырған тауқыметінен көрініс табуда.
Екіншіден, бұрынғы Үкіметтің күрделі проблемаларды еңсере алмауы. Оны 2024 жылдың 7 ақпанындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту қажет» деген тақырыппен сөйлеген сөзінде Президентіміз де атап көрсетті. Әсіресе Үкімет пен әкімдердің жұмыс істеу тәсіліндегі бюрократизмнің бар екенін жасырмады. «Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек», – деді Мемлекет басшысы. Бұл көп жағдайда, министрлер мен облыс, аудан әкімдерінің бойкүйездігі мен салғырттығы, жауапкершіліктерінің төмен болғаны деп түсінуге болады.
Үшіншіден, билік тізгінін ұстағандар (жоғары, орта, кіші) сыбайлас жемқорлық үрдісінің көшбасшысы болып отырғанын да халық жақсы біледі. Осыған қарағанда барлық деңгейдегі біздің әкімдеріміздің басты ұстанымы «өз басым, өз мүддем» дегенге саятын сияқты. Бәрі осындай деп айтудан аулақпыз, алайда жемқорлық деректеріне қарап күдігіміз қоюлана түседі. Оны көріп- біліп отырған жастарды адалдыққа, әділдікке, елжандылыққа, отансүйгіштікке, жауапкершілікке қалай тәрбиелемекпіз? Бұл тұста, бүгінгі жастарға үлгі-өнеге боларлық тұлға кім болмақ деген рухани-мәдени диллема қалыптасады.
Төртіншіден, саясаттану теориясына сүйенетін болсақ, Үкімет пен халықтың арасы алшақтаса олар бірін-бірі ести алмайтын әрқайсысы дербес әлемге айналады. Қоғам мен биліктің барлық баспалдағында хаос пайда болады. Әрине, бұл біздің елде шындыққа айналмасын дейміз. Өйткені ондай жағдайда қоғамдағы қатынастар «қылмыс режиміне» ауысып кетуі де ғажап емес. Оны ескі Қазақстан жүйесінен жақсы білеміз. Сондықтан да бізді тыңдайтын Үкімет мұндай сорақылыққа жол бермей, оның себептерін ғылыми тұрғыда зерттеп, салдарымен емес, себебімен күресуі тиіс. Бүгінгі ғалымдар қауымы біздің қоғамдағы әлеуметтік қатынасты басқарудан гөрі оны ғылыми зерттеуге ден қоюды айтуда. Бұл тұста мемлекет салғырттық танытпауы керек.
Бесіншіден, ғылыми кадрларды дайындау саясатында да минстрліктер халық пікіріне құлақ асуы тиіс. Бүгінгі докторанттар «скопус басылым» дейтін «ауруға» душар болды. Егер ресми қағидаға сенетін болсақ, философия PhD докторы академиялық дәреже болатын болса, бізден басқа елдерде (Батыста) ондай талап қойылмайтын болса, ондай басылымды талап етудің қандай қисыны барын біздің ғалымдар қауымы түсіне алмай жүр. Бір ғана түсінік – ол кезекті бюрократиялық шешімнің жемісі. Осындай саясаттың кесірінен жас ғалымдардың талпынысының тауы шағылуда. Біздің пікірімізше, бұл – таза бизнес көзіне айналған іс. Мемлекеттік Ғылым комитеті мойындаған, арнайы әр бағыттағы беделді кәсіби басылымдар баршылық. Неге олардың беделін қолдан жасанды түрде төмендетеміз? Демек, өзіміздің ғылымға, ғалымдарға, басылымдарға сенбейміз деген сөз. Онда басқаны қалай мойындатамыз? Халықаралық скопус басылымдарына әлемдік ғалымдар ғылыми зерттеуін аяқтағаннан кейін, оны өз саласында қорғағаннан кейін ғана ұмтылады. Ал біздің әлі ғылыми зерттеуін аяқтамаған, қорғамаған жас ғалымдардан әлемдік басылымдарға жарияланымды талап ету ешқандай логикаға сыймайды деп санаймыз.
Сөз соңында айтарымыз, Олжас Бектенов басқаратын жаңа Үкімет Президентіміз тапсырған «Есеп беретін Үкімет» қағидасын негізге ала отырып қоғамдағы осындай қордаланған мәселелердің жауабын табуға тырысады деп сенеміз.

Д. РАЕВ,
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір