Жұмат МАХАМБЕТОВ: «АКТЕР ӘН САЛА БІЛУІ ТИІС»
Жұмат Әмзеұлы Махамбетов 1945 жылы, 18 мамырда дүниеге келген. Әнші-баритон. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі. Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік консерваториясын ҚР халық артисі Мұрат Мұсабаевтың класында бітірді. Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының, Құрманғазы академиялық халық аспаптары оркестрінің, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің солисі болып қызмет атқарды. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының жеке ән кафедрасының профессоры Жұмат Әмзеұлы өзінің әдемі баритон дауысымен Қазақ композиторларының лирикалық, патриоттық әндерін нақышына келтіре орындайды. Ерекше сезіммен, жүрекке жылы тиетін қоңыр дауысымен тыңдармандарын әлі күнге дейін таңғалдырып, тамсандырып жүр. Сексен жылдық мерейтойы қарсаңында әншімен кездесіп, әңгімеге тартқан едік.
– Жұмат Әмзеұлы, бала Жұматтан дана Жұматқа дейінгі аралыққа көз жіберіп, сыр бөліссеңіз.
– Ұлытау облысы, Жезқазған өңірінде, Қаракеңгір өзенінің бойында Жошы ханның кесенесі орналасқан. Одан жоғары қарай алты шақырым жерде атақты «Қызыл әскер» деген ұжымшар қол бұлғап тұр. Сол шаруашылықта өмірінің соңына дейін еңбек еткен, емшілігімен елге танымал болған Махамбет деген атақты ұста менің атам болатын.
Атам Махамбет ағаштан түйін түйген шебер, көрік ұстаған ұста, дәулескер күйші, сол аймаққа танымал әнші әрі емші болған екен. Ұлытау өңірінде ұстаның көңі, ұстаның сайы, ұстаның сарайы деген ескі жұрт әлі де бар. Атамның бойында ұсталықпен қатар, емшілік қасиет те болған деседі. Ауруына ем таба алмай жүргендер, бала көтере алмай зарыққан әйелдер келіп ұстаның сарайына қонып, ем алып, бірі – ауруынан құлан таза айықса, екіншісі – бала көтеріпті дегенді үлкендерден жиі еститінбіз. Көз көргендердің айтуынша атамның қолынан келмейтіні жоқ көрінеді. Өзі домбыра шертіп, ән салады екен. Мен өзім ол кісіні көрмесем де ел аузынан шыққан әңгімелерден өзімен бірге жүргендей әсер алатынмын. Атам да, әжем де мен тумай тұрып қайтыс болған. Менің көргенім әкем Әмзе мен анамның анасы Ақжан әжем ғана.
Әкем Әмзе де – ұста болған адам. Атамнан қалған істі әрі қарай жалғастырып, көрік жұмысын қыздырды. Темірден түйін түйді, ағаш шебері болды. Шешем қайтыс болған соң әкем екінші рет отбасын құрып, Рәбиға анамыз Зурә, Жұмагүл деген екі қарындасымды дүниеге әкелді. Зурә қазір Сәтпаев қаласында тұрады. Жұмагүл деген кішісі осы Алматыда. Ол да жетпістің жетегінде. Әкем марқұм 1967 жылы жетпіске келіп, мәңгілік мекеніне аттанды.
Бір әке, бір шешеден туған Құттықадам деген ағам заңгер болатын, ол да жуырда қайтыс болды. Көптеген жыл Әділет министрлігінде заңгер, Парламентте депутаттың көмекшісі қызметтерін атқарды.
Әр адам өнерге әртүрлі жолмен келеді. Мен Ұлытаудың бауырында Қаракеңір, Сарыкеңір деген екі өзеннің қосылған жерінде Жеңіс күнінен соң тоғыз күннен кейін адамзаттың өмірінде бұрын-соңды, оған дейін де, одан кейін де болып көрмеген сұрапыл екінші жаһандық соғыстың аяқталған жылы дүние есігін ашыппын. Өз анам мен екіден енді асқанда қайтыс болыпты. Анашымды әлі күнге көз алдыма елестете алмаймын. Ер жетіп, ес білгенге дейін өмірдің қызығын да, шыжығын да бастан кешіріп үлгердім. Қазақтың қай ауылында болсын жерлестерін ән мен күйге бөлеп, құда күтіп, бет ашып, той-томалақты тамсандыра өткізіп, тоқымын қаққан небір өнер тарландары бар екені рас.
Жас күнімнен бастап музыкаға өте құмар болдым. Бұл қасиет анамның сүті мен әкемнің қанымен біткен дүние ме деп ойлаймын. Домбыра шертіп, күй тартып үлкен ағаларым сияқты болуды арман етіп жүрдім. Ол кезде ауылда теледидар жоқ, радио бар. Радиодан Күләш Байсейітова, Кәукен Кенжетаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековті, елге енді таныла бастаған Ермек Серкебаевтың әндерін еститінбіз. Аталған аңыз адамдар дүниеге мың жылда бір келетін тұлғалар еді ғой.
1951 жылы әкемнің денсаулығына байланысты Жезқазған руднигіне көшіп келдік. Осы жақта жүріп бастауыш мектепке бардым. Жоғарыда айтқан Құттықадам деген ағам домбырамен күй шертіп, ән салатын. Домбыра шертуді содан үйрендім. Мектепте оқып жүріп көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Мектеп бітірген жылы әкем маған: «Оқуға Қарағандыға, не Алматыға баруыма ұсыныс жасап, оқуға түсіп білім ал», – деді. Мен: «Жоқ әзірше бармаймын, сіз сырқаттанып жүрсіз, үйге қарап, сізге көмектесемін», – дедім. Сөйтіп, оныншы сыныптан кейін Жезқазған руднигінде үш жыл бойы үздіксіз Бақылау өлшеу приборы дейтін цехта жұмыс істедім.
Үш жылдан кейін әкеме Алматыға оқуға баратынымды айтып, батасын алдым. 1965 жылы Жезқазғаннан Алматыға жетіп, алғаш Республикалық эстрада-цирк студиясына келіп оқуға түстім. Студия директоры, Қазақстанның халық артисі ГүлжиҺан Ғалиева өзі қабылдады. Мен әншілер бөліміне түстім. Сонда Биғали Әбдірахманов, Рахым Тәжібаев деген жігіттер мен Күлшара Есетова, Гүлжан Талпақова сияқты қыздармен бірге оқып жүрдім. Бірге оқып жүргенде ұстазым Гүлжихан Ғалиева мен
басқа да курстас достарым өз пікірлерін айтып, ақыл қосты. «Жұмат, мына тұрған Құрманғазы атындағы консерваторияға қосымша адамдар қабылдап жатыр. Сенің дауысың бар, соған барып бағыңды сынап көрсеңші» , –деді. Сонымен, консерваторияға келдім. Ән кафедрасының меңгерушісі Бекен Жылысбаев деген адам екен. Кабинетінің есігін ашып тұр едім:
– Әй сен қайдан келдің? – деді. Дауысы өте жіңішке кісі болатын. – Не айтасың?
– «Шәпибай-ауды» айтамын, – дедім. «Дегенде Шәпибай-ау, Шәпибай-ау» деп айта бастап едім:
– Кете бер. Құжатыңды тапсыр, сен түстің, – деді. Мен шоққа түскендей тыпырлап, тұрып қалдым.
– Әй неғып тұрсың, бар кет. Оқу бөліміне бар да, құжаттарыңды тапсыр, – деді.
Сөйтіп, консерваторияның екіжылдық дайындық курсына оқуға түсіп кеттім. Музыка училищесінің бағдарламасы бойынша екі жыл оқудан соң, консерваторияның бірінші курс студенті атандым. Қасымда екі қарындасым бар еді, үшеуміз де жылап-сықтап жүріп оқуға түсіп кеттік. Стипендиямыз аз болса да, оқуға деген талпынысымыз керемет еді. Аталмыш оқу орнын сол жылы бітіріп мұғалімдікке қабылданған Мұрат Мұсабаевтан дәріс алдым. Сонымен жеті жыл оқып, оқуымды тамамдадым.
– Оқуыңызды еңбекпен жалғастырып, қиындығы мен қызығы мол студенттік кезде ата-анаға салмақ салмай жұмыс істеген кезіңіз есіңізде шығар?
– Күндіз оқып, кешке жұмыс істедім. Опера театрында орган бар, соны кешке қосып жарығын жағамын. Оған бір сағат уақыт кетеді. Сол жұмыста екі жылдай істеп, кейін радиоға кеттім. Екі қарындасыма да қарайлаймын, жәрдем беремін. Стипендиямыз аз, бар-жоғы он екі сом аламыз. Әйтеуір, жеткізуге тырысатынбыз.
Нағашы апам Қуаныш Бекжанова радиода үйлестіру бөлімінде еңбек ететін. Сол кісі көмектесіп, студент кезімнен еңбекке араласа бастадым. Жездем Құсман Игісін – жақсы журналист. Көп жылдар Қазақ радиосы мен телеарнасында лауазымды орындарда қызмет етті. Қазір де баспасөз беттеріне жазып тұрады, жарық көрген жинақтары бар. Сол кісілердің ықпалымен Қазақ радиосына жұмысқа орналастым. Музыка редакциясының бас редакторы Зәмзәм-Шәріп Тарғақов деген кісі болатын. Сол кезде Нұрғали Нүсіпжанов, Райхан Оразбақова, Раушан Айтжанова, Хабиба Мусина, Гүлжәмила Рамазанова апайлар, Қалқаман Жүнісбеков, Әшірхан Телғозиев, Гүлмазия Жанахметова сынды редакторлар жұмыс істедім. Мен музыка редакциясындағы үлкендерден көп үйрендім.
Радиода жүргенде жастау болдым. Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Әбілақат Еспаев, Мансұр Сағатов сияқты ғаламат адамдардың көзін көріп, сөзін естіп қасында жүрдім. Бірге жүрген соң өзіміздің қатарымыз сияқты мән бермей жүре беріппіз. Бірақ ол кісілерді өте қадірледік, сыйладық.
– Сіздің классикалық дауысыңыз бола тұра опера саласына бармауыңыздың себебі неде?
– Ұстаздарым мен әнші-әріптестерім: «Классикалық дауысың бар. Сенің орның – опера театры», – десе де, бірақ опера театрына бармауды шештім. Онда солистер көп, партиялар аз әрі көңіліме жақпайтын нәрселерден алшақ болуды, әрі көп және әртүрлі әндер шырқағым келді. Сол себепті мен опера театрында өнер көрсетпедім, солист емеспін, бірақ мен өзімді сол театрда жүргендей, сол театрдың ішінде өмір сүріп, спектакльдерге қатысқандай сезінетінмін. Студент кезімде гастрольге келген Үлкен театр солистерін тыңдау үшін театрға жиі баратынмын.
Маған Юрий Мазурок, Павел Лисицян, Ирина Архипова, Мүсілім Магомаев сияқты КСРО халық артистері ұнайтын. Олар өздерінің тамаша вокалдық техникасымен жұртшылықты өздеріне бағындыра білетін өнер саңлақтары еді.
– Концерттерде сізді жақсы қабылдап, қошемет көрсеткен сәтте, өзіңізді қалай сезінуші едіңіз?
– Жезқазған руднигінің Халық театры көптеген өнер саңлағының жолын ашқан қасиетті ұжым. Театрда Шымболат Ділдебаев деген атақты ағамызбен сырлас дос болдым. Халық театрына бірге қатысып, ән салып жүрдім. Осында Сейділ Шәріпов деген ән жазатын автормен танысып, жақсы қарым-қатынас жасадым. Автордың «Өзің Сәулем, іздегенім» деген әнін, «Шәпибай-ау», Абай атамыздың «Қараңғы түнде тау қалқып», «Бойы бұлғаң» деген сияқты және халық әндерін орындадым.
Кеншілердің Мәдениет сарайында Марат Шоқтаев деген баяншы жігіт болды. Сол азамат осыдан төрт-бес жыл бұрын «Дара жол» бағдарламасына қатысып, жүргізуші Дана Нұржігітке мен туралы: «Жұмат аға сахнаға шыққанда, біз өзіміздің халық артисіміз келгендей, алақайлап қол соғатынбыз», – деген екен. Мәселе атақ-даңқта емес, ең бастысы, әншінің бақыты халықтың көңілінен шыға білуде екен. Әрбір сахна саңлағының басты арманы да солай шығар деген ойдамын.
Табиғат өзіңе әдемі сазды дауыс сыйлағандықтан, оны дамытып, жұмыс істеуіңіз керек. Ән айтқн кезде барлық қиындықтар мен жағымсыздық ұмытылады. Ән айту – адамды шабыттандырады. Концерттерде өзіңді жақсы қабылдап, қошемет көрсетіп жатқан сәтте, өзің дұрыс мамандық таңдағаныңды түсініп, марқайып, шаттық сезімге бөленетінің рас.
– Жаныңызға жақын, көңіліңізге қонымды дирижерлар мен композиторлар туралы, сахналас әншілер төңірегінде айтсаңыз?
– Бұл істе менің жолым болды деп ойлаймын. Мен профессор, Қазақстанның халық артисі, М.И.Глинка атындағы халықаралық вокалистер байқауының лауреаты Мұрат Хасенұлы Мұсабаевтың сыныбында дәріс алдым. 1972 жылы консерваторияны бітіргеннен кейін Орталық Азия әскери округінің ән-би ансамблі болды, сонда мен әнші болып, әскери борышымды өтедім. Қайтып келгеннен кейін қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясына әнші болып қызметке орналастым. Ол кезде филармонияның құрамында Құрманғазы оркестрі, капелла, симфониялық оркестрлері бар еді. Бас дирижер Шамғон Қажығалиевтің шақыруымен мен Құрманғазы оркестріне орналастым.
Алдаберген Мырзабеков, Глеб Сафонцев деген дирижерлар домбырашымыз Рүстембек Омаров, Қаршыға Ахмедияров, Бақыт Қарабалина, Меруерт Қалембаева деген музыканттар болды. Жалпы, сол кездегі өнер иелерімен шетелде де өнер көрсеттік, ұзақ жыл осы ұжымда өнер сапарымды жалғастырдым.
Үздік концертмейстер, Қазақстанның халық артисі Семен Бенедиктович Коганмен бірге концерттерге қатыстым.
ҚР Мемлекеттік симфониялық оркестрімен, Б.Байқадамов атындағы хор капелласында өнер көрсеттім. 15 жылдай Құрманғазы академиялық халық аспаптары оркестрінің солисі болдым. Одан кейін композитор, КСРО халық артисі, көркемдік жетекшісі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігімен «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің солисі қызметін атқардым.
Мен аты аңызға айналған дирижерлер Шамғон Қажғалиев, Алдаберген Мырзабеков, сондай-ақ Тимур Мыңбаев, Ренат Салаватов, Айтқали Жайымов, Жалғасбек Бегендіков, Жамағат Темірғалиев сияқты белгілі тұлғалармен, дирижерлер, композиторлармен бірге өнер көрсеттім, қастарында бірге жүріп тәжірибе жинақтадым.
Шамғон ағадан кейінгі екінші дирижер Алдаберген Мырзабеков қазақтың халық күйлерін, Сүгірдің, Тәттімбеттің күйлерін оркестрге өңдеп түсірген өнер иесі еді. Радиода жұмыс істегенде Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Ескендір Хасанғалиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Бахтияр Құбайжанов, Зейнолла Исмағұлов, Тұяқ Шәмілов сияқты музыканттармен араластым. Олар қашан да хал-жағдайыңды сұрап, қамқорлық танытып жүретін жандар еді. Менің қатарласым Қаршыға Ахмедияров Құрманғазы оркестрінің концертмейстрі, бірінші домбырашысы болды, екеуміз ұдайы бірге жүруші едік.
– Сіздің буын өкілдері өздерін қатал өмір мектебінен өттік деп санайды. Мұны қалай түсіндірер едіңіз?
– Қаладағы бұрын өзім жұмыс істеп кеткен өнер ғимараттарының қасынан өткен сайын жоғарыда айтып кеткен ағаларым, апайларым, замандастарым кино лентасындай көз алдымнан өтіп жатады. Жанды дауыспен микрофонсыз ән айтқан сәттеріміз көз алдыма елестейді.
Біз көп қиындық көрсек те өнерге деген құштарлық өз дегенімізге жеткізді. Кавазикпен де, арбамен де, жаяу да жүріп халықтың талап-тілегін орындау үшін қақаған аязда, шіліңгір ыстықта дала төсінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді аралаймыз, автокөліктің қорабына шығып ән салған күндеріміз есімде. Иә, біздің буын үшін өткен өмір баспалдақтары өте қатал өмір мектебі болды. Соған қарамастан, көрермендеріміз бізге қашан да ризашылықтарын білдіріп, барлығы сүйсіне қарайтын. Бұл – бір жағынан үлкен тәжірибе, екінші жағынан бір-бірімізді жақын танып-білуімізге септігін тигізді.
– Гастрольдік сапарлар кезінде болған қызықты оқиғалар туралы айтсаңыз?
– Гастрольдік сапарлар кезінде ең шалғай ауылдарға автобуспен жететінбіз. Аптап ыстықта, шаң тозаңда 100-200 шақырым жол жүріп келген соң бірден концерттік костюм киіп, сахнаға шығуымыз керек. Бірақ шағымданбадық. Бұл әрі ақша табудың жолы, әрі қызықты тәжірибе болды. Сондықтан артистерді елді мекендерде барлық құрметпен қарсы алды. Аралға келсек, балық асып, сорпасын ішкізіп, қайыққа мінгізіп, серуендететін. Сый-сияпаттан да құр алақан қайтқан емеспіз. Мұндай сапарларда қолсағаттар жиі берілетін, сондықтан мен барлық туыстарымды сағатпен қамтамасыз еттім десем қателеспеймін. Бірде концерттен кейін бір партия қызметкері дастарқан жайып, дирижерімізге көп қабатты тоқылған белдік тағып, мойнына орап тастады. Біз оның не екеніне қызығып, тоқылған қабаттарын тарқата бастадық, ал қабаттардың арасында ақша салынған конверттер шықты. Сөйтсек, бұл олардың бізді таңғалдырмақ болғаны екен.
Гастроль кезінде неше түрлі қызықты жағдайлар болды ғой, қайсыбірін айтайын! Атырау облысында гастрольде жүргенде катерлермен серуендетіп, тамақтандырып бізді қара, қызыл уылдырыққа тойдыратын. Содан бізге: «Демалып алыңыздар», – деді. Біз Нұрғали көкем екеуміз бөлмелерімізге келіп жатқанымыз сол еді, администратор келіп «тез-тез киініп бізбен жүріңіздер», – деді. Далаға шықсақ автобус күтіп тұр екен. Отыра салып жүріп кеттік. Он шақырым жол жүріп, жан-жағыма қарасам, Нұрғали көкем жоқ. Қайтадан қонақ үйге келсек, Нұрекем кіре берісте күтіп отыр екен. «Ей, неге оятпай кеттіңдер», – дейді ашуланған болып. Осындай жағдай Ғарифолла Құрманғалиев ағамызбен де болған еді. Ол кісі ұйқының арқасында ұшақтан қала жаздап еді. Суға түсеміз деп суға батып кете жаздаған сәттер де өтті ғой бастан.

– Сіздердің кезеңдегі әншілер мен қазіргі уақыттағы әншілердің тыныс-тіршілігін салыстыруға бола ма?
– Жастардың ішінде жақсы ән айтатын, ұлттық дәстүрімізді сақтап, халық әндерін нақышына келтіре орындап жүргендер де бар. Бір кездері осыдан он-он бес, жиырма жыл бұрын дәстүрлі әндер мен клакассика ұмытылып кетті ғой. Қазір құдайға шүкір, жақсы. Қазіргі жастар халық әндері мен дәстүрлі әндерді де нақышына келтіріп орындап жүр. Дегенмен қазіргі жастардың Батысқа еліктеушілігі басымырақ болып тұр. Көпшілігі сыңсып айта ма, әйтеуір, ән айтқан деген осы екен деп түсініксіздеу бірдемелерді киелі сахна мен көгілдір экраннан насихаттап жүр. Халық әндерінің мәтінін өзгертіп, «өңдедік» деп бұзып айтатындар да жеткілікті.
Бір жағынан қазіргі жастарға риза боламын. Жастар халық музыкасын, әндерін, күйлерін тыңдап, концерттерге барып, теледидардан, радиодан өздерінің ашық пікір-тілектерін айтып жүр. Тағы бір айта кететін нәрсе, қазіргілердің арманы жоқ қой. Әрқайсысының қасында директорлары, режиссерлері, продюсерлері еріп жүреді. Костюмін таситындар мен тасымайтындар да қасында. Әнші болам деген адамға бар мүмкіншілік жасалған ғой. Олардың барған жеріне қоятын талаптары мен талғамдары да жоғары.
– Ұлттық Өнер академиясының жеке ән кафедрасының профессоры ретінде болашақ актер-әншілердің вокалдан дәріс алуы, оқуға, білімге деген құштарлығы көңіліңізден шыға ма? Болашағынан мол үміт күттіретін ізбасарлар кімдер?
– Академияға, көбінесе, актерлік мүмкіндігі күштілерді қабылдайды. Дауысқа онша мән бермейді. Менің ойымша, бұл – қателік. Актер болатын адамның дауысына баса назар аударған жөн. Актер ән сала білуі тиіс. Көрермендер кез келген актерден бір ән салып беруін өтінетіні шындық. Дегенмен дауысы бар жастар да баршылық. Әсіресе биыл көп қабылданды. Бұрын бірінші курсқа 10-15 адам ғана қабылдайтын, қазір 25-тен 35 адамға жетіп отыр. Бұл бір жағынан актерлік мамандықты таңдаушы жас қыз-жігіттердің жылдан жылға көбейіп келе жатқанынан шығар деп ойлаймын. Академияда жеке ән кафедрасында түбінде жақсы әнші болып :кететін балалар баршылық. Мысалы: М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов атындағы театрларда және облыстық театрларда да менің шәкірттерім өз өнерлерімен халық жүрегіне жол тауып жүр десем қателеспеймін. Себебі менің дәріс беріп жүргеніме отыз жылдай уақыт болды. Осы жылдар аралығында қаншама қарлығаштар қанат қақты десеңізші.
– Жасыңыз сексенге таяп қалса да дауысыңызда мін жоқ. Дауысыңызды қалай күтесіз, құпиясымен бөліссеңіз?
– Даусымның қалай сақталғанына өзім де таңғаламын. Вокалист үшін әдемі тембрді сақтау – өте маңызды. Бұл ретте Ермек Серкебаевты үлгі етіп айтуға болады. Ең бастысы, дыбысты күштеп айту емес, жан мен жүрегіңнің бұйрығымен ән айту. Басты құпия дауысты күте білуде. Ән айту вокалдық дағдыларды дамытудың қызықты процесі ғана емес, ән айтқан кезде сіз тыныс алу бұлшық еттерін тартасыз, координацияны дамытасыз және күйзелістен арыласыз. Вокал сабақтарының соншалықты танымал болуының себебі бар: сіз ән айтқан кезде, сіз бақыт гормонын өндіресіз, босаңсып, еркін боласыз, физикалық және психологиялық шиеленіс жоғалады.
Сонымен қатар күнделікті өмірде дауысыңыз жаңа түстерге, бай тембрге және дыбыстылыққа ие болады. Әнді көп айтқан сайын адамның дауысы да міндетті түрде жаңарып, жаңғыра түсері хақ. Мен үшін салауатты өмір салты тек спортпен және дұрыс тамақтанумен ғана шектелмейді, сонымен қатар ол маған жан тыныштығын табуға көмектесетін және сабақ беруге әрі сахнаға шығуға күш беретін сүйікті іс-әрекетті қамтиды.
– Ұлытаудан шыққан әншінің ұрпақтары, немере-шөберелері арасынан ата жолын қуған өнерпаздар бар ма?
– Өмірлік серігімнің есімі – Рәш. Мамандығы есепші. Әлия, Қорлан атты екі қызымыз бар. Екеуі де – дәрігер. Сүйіп қосылған қосақтарымен бірге ұрпақ тәрбиелеп, өздерінің сүйікті істерімен айналысуда. Бірақ бұл екі қызымның да әнге деген құштарлығы болмады. Жас кездерінде пианино, фортепианоға қызығып, қатысып біраз дәріс алды. Ұрпағымның ішінде Әмірхан деген бір жиен бар, сол баладан мол үміт күтеміз.
– Жұмат аға, әңгімеңізге көп рақмет! Мерейтойыңыз құтты болсын!
Әңгімелескен
Жүніс ОМАР