ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕНДІ МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛУЫ ТИІС
28.07.2023
144
0

Қазақстан Республикасының
Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сіздің уақытыңыздың тапшы екенін білеміз. Десе де, Қазақстан Республикасының қатардағы азаматы, ұлт жанашыры ретінде бір өтініш айтуды орынды деп санаймын. Бүгін жер жаһанда Димаш Құдайбергеннің есімін білмейтін жан жоқ шығар. Әлемнің ең білікті музыка мамандары Димаштай әншінің болмағанын бірауыздан мойындады. Димаш – адамзат баласына, оның ішінде қазақ халқына берілген Жаратушының жеке сыйы. Ұланымыз әлемді қазақ әнімен, қазақ тілімен тамсандырып келеді.
Қазір Димаш қай елге барса да Жоғары мәртебелі меймандай қарсы алады, әуежайдан түсісімен полицияның жеке күзеті бөлінеді, ілесіп, бірге жүреді. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайды.
Өкініштісі, Димаш өз елімізде қорғау­сыз. Жуырда Астанада ел ортасына шығып еді, суретке бірге түсуге, түсіруге ұмтылған жұрт таптап кете жаздады. Жағдайды түсінген біраз жігіттер Димашқа қорған болды. Біз сескеніп қалдық. Топ арасында әртүрлі адамдар бар. Құдай бетін ары қылсын! Денсаулығы аумалы-төкпелі бір адам кездесе қалса не болмақ? Осы жағдай ой салды. Димаштың Қазақстандағы жүріс-тұрысын, тұрмыс-тіршілігін сұрастырдым. Жеке қорғаушылары жоқ, дәрігерге көріну үшін өз учаскесінде кезекке тұрады екен. Бұл да көпшіліктің ортасы. Димашты Президенттің Іс басқармасына қарасты емхана мен ауруханаға да тіркемеген. Халқымыздың аяулы ұланының денсаулығын мемлекет қамқорлыққа алуы тиіс қой!
Жақында электрондық ақпарат құралдарында, Facebook-те Димаш Құдайбергенұлына «Ұлт Ұстыны» («Национальное достояние») атағын беру жөнінде бастама көтердік. Жұрт бірауыздан қолдады. Әншейінде «бүйректен сирақ шығаратын» кейбір қыңырлар да қос қолдарын көтерді. Өркениетті елдерде мұндай атақ ежелден бар. Мысалы, АҚШ-та Пол Робсон, Англияда Стеньли Метьюз, Италияда Лучано Паваротти секілді тұлғалар мемлекеттік қамқорлыққа алынды. Ал, Пелені Бразилия «Әлем Ұстыны» атады. Бұлардың барлығына мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар толық жасалды. Алаңсыз болулары қатаң қадағаланды.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сізге осы хатты жолдай отырып, тума талант, мың жылда бір-ақ рет дүниеге келетін Димаш Құдайбергенді өзіңіздің жеке қамқорлығыңызға алғаныңыз жөн деп санаймыз. Үкімет Димаш жөнінде нақтылы, кешенді шаралар белгілеуі, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі, денсаулығына жауапкершілікті мойнына алуы тиіс деп ойлаймыз. Үкіметке Димашқа арнап кешенді жоспар құруға тапсырма беруіңізді өтінеміз! Біз көмегімізді беруге әзірміз.

Құрметпен,
Камал ӘБДІРАХМАН,
журналист. 

P.S. Димаш – адамзат баласына ән әлемінің қайталанбас құбылысы ретінде мойындалған дарын иесі. Оның ғарыш пен жер бетін тұтастырған таңғажайып дауысы талайлардың еміне дауа болғанын да естідік. Қазақ баласының құрметіне Польшада «Димаш» радиосы ашылып, Варшавадан күллі әлемге таралуда. Димаш әндеріне құмартқан шетелдік тыңдармандардың қазақ тілін үйренуге деген ықыластары да ерекше. Сондықтан болар, Facebook әлеуметтік желісіне жарияланған Камал Әбдірахманның бұл жазбасына ел зиялылары мен қоғам белсенділері, қалың оқырман қызу қолдау білдіруде.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір