Мектептердің техникалық базасы толық жабДықталуы тиіс
04.04.2023
432
0

Бүгін біз филология ғылымдарының кандидаты, Ұлыбританиядағы Абердин университетінің докторанты Гүлшат Бақытжанның елдегі білім сапасы, ғылымдағы ізденісі туралы пікірін ортаға салғымыз келеді. Ғалым «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританиядағы Лидс университетінің магистратура бөлімінде білім саласындағы саясат мамандығы бойынша оқыған. Қазір Гүлшат Бақытжан докторантурада аударма ісі кафедрасында білім алып жатыр. Зерттеу нысаны – саясат пен идеологияның аударма процесіне әсері.

Сонымен қатар Гүлшат Бақытжан әдеби көркем аударма саласында да еңбек етіп жүр. Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті», Эдгар Аллан Поның әңгімелерін қазақшалаған. Аударма саласындағы ахуалды есепке алсақ, бұл да ­­ қазіргі қазақ әдебиетіне қосылған үлес деп бағамдауға әбден болады.
Гүлшат Бақытжан өзі докторантурасымен қатар, елдегі білім жүйесі мен батыстың білім орындарын салыстырып, оны әлеуметтік желілерде, түрлі мақалаларда ортаға салып жүр. Біз де осы хақында ғалымнан бір ауыз пікір сұраған болатынбыз. Гүлшат Бақытжанның айтуынша, Ұлыбританиядағы мектептерде білімді ұлттық құндылықтар маңайына топтастырады.
«Ұлыбританияда тұрып жатқаныма төрт жыл болды. Оның бір жылын білім саласындағы саясат және көшбасшылық бойынша магистратурада өткіздім. Үнемі білім саласын бақылап отырамын. Балаларым осындағы мектепте оқып жатыр.
Ұлыбритания саясатының мен байқаған ерекшеліктері мынадай:
1) Бұларда бастауыштан бастап мектеп білімі ұлттық құндылықтар (семалар, яғни мәдени, идеологиялық негіздер немесе ядролар) маңайында топтастырылады. Мысалы, тілді өздерінің патшаларының тарихтары арқылы оқытады. Ағылшын тілі сабағында «Артур патшаның қылышы» деп тақырып өтсе, соған скетч қояды. Бұдан қандай нәтиже шығады? Осындағы көп ұлт – индустар, қазақтар, орыстар, поляктар, тағысын тағылардың бәрінің балалары мектептен шыққанда индус, қазақ және тағы басқалар болып шықпайды, олардың бәрі «бритиш» болып шығады. Олар өздерінің айдентитиін (жұрттық қалыбын немесе бірегейлігін) бритишпіз деп айқындайды. Демек, бұларда мектеп – ұлттарды ұйыстырып, бір идеологияның аясына тәрбиелейтін мықты мекеме.
2) Тіл үйрету үшін мұғалімдер армиясын, құрал-жабдықтарды, материалдық базаны түгелімен дайындап қойған.
3) Балалардың миына бритиш мәдениетін сіңіру мақсатында кітап дегенді аямай төгіп тастаған. Онда өздерінің идеологияларының (ал идеологиясы Ұлттық Оқу Бағдарламасында былай деп берілген: Ұлыбританияның басты байлығы – оның тілі мен мәдениеті, ол – халықты біріктіруші күш) басты семаларының (идеология ядроларының, компоненттерінің) айналасында түрлі жастағы балаларға кітап, ойыншық, құрал-жабдықтарды үйіп-төгіп тегін таратады. Оларды оқып, сабақта талқылайды. Сонда ең алдымен мектепке көңіл бөледі. Біз осы жағынан ақсап отырмыз.
Енді техникалық ғылымдар туралы айтсақ, көп адамдар ресейлік техника ғылымдарының дамығанын алға тартады. Дәлел ретінде олимпиадалар мен кейбір халықаралық жарыстардағы бірінші орындарды иемденулерді алға тартады. Біріншіден, мысалы, Ұлыбританияның барлық мектептерінде лабораториялар техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған. Мұнда кез келген мектеп оқушысы, мысалы, химиядан базалық эксперименттерді толығымен емін-еркін жасай алады. Ал бізде – посткеңестік елдерде бір сыныпта бір-екі бала химия­ны жақсы біледі (оның өзі тек теория жүзінде. Өйткені бізде ресейлік жүйе мен посткеңестік білім жүйесінде тек теорияға қатты мән беріледі). Дым білмейтіндердің қарасы көп. Ал сол бір-екі бала ертең «престижді» мектептерге барып түседі де, артынша сол мектептерде оларды селективті түрде дайындап (оқу бағдарламасын оқымайды олар), тек олимпиадаға ғана дайындалып, нәтижесінде орын алып жатады. Бірақ бұл әділетсіздік және орысша айтқанда «показуха». Сөйтіп, бір баламыз химиядан гран-при алғанша, барлық балаларымыз химия бойынша жабдықталған лабораторияларда бірдей деңгейде білім алған әлдеқайда тиімді. Сонда ғана біз шынымен біздің елде техникалық ғылымдар жақсы дамыған деп айта аламыз. Ал енді мектептердегі лабораториялардың (Ресейде де сол жағдай) қандай дәрежеде екенін біле тұра, бірен-саран орын алғанын айтып, техникалық ғылымдар сол жақта дамыған деп айту – қате.
Ғылым қазір Батыста. Ақша төлеп алу керек болса, тек Батыстан алып оқу керек. Ресейліктер бір компания шығарса, Батыста техникалық ғылымдар саласында мың компания бар. Олар тұрақты (sustainable). Оларда жетістіктер де тұрақты (посткеңестік елдердегідей анда-санда жарқ ететін «показуха» емес).
Сонымен бірге мектеп білімін, орта техникалық білім орындарын (техникум мен колледждерді) дамыту керек. Біздегі дефицит жоғары санаттағы инженерлерден гөрі, орта буын техникалық кәсіби мамандар деп естіп жатырмыз. Батыста мектеп бітірген бала бірден өндіріске жұмысқа тұрады. Бұл жақта ЖОО дип­ломы міндетті емес. Өйткені мектептерін жақсылап жабдықтаған, кәсіп иесі етіп шығарады.
Неге біз осы бағыттарға, яғни мектебімізге бет бұрмаймыз? Біріншіден, білімді әділетті етейік. Барлық мектептерді жақсылап жабдықтайық. Ауыл баласына да, қала баласына да бірдей жағдай болсын. Тек элиталық мектептерге ғана лаборатория жабдықтамайық. Бұл – білімдегі теңсіздік. Оларға кәсіпті мектепте үйретейік. Екіншіден, жоғарыда айтып өткендей, мектептегі оқу бағдарламасын біздің өзімізге керек идеология компоненттерінің (семалардың) аясында ұйымдастырайық. Мұның бәрі дамыған мемлекеттерде жұмыс істеп тұрған модель. Бізге велосипед ойлап табудың немесе жоғарыдан төмен «қойып қалу» әдісімен басқарудың еш қажеті, пайдасы жоқ.
Өзім бір мысал келтірейін: ауқатты шотландиялық досымыз бар. Жақында Қазақстаннан оралды, сол жақта мұнай саласында жұмыс істеген. Дастарқан басындағы әңгімеде қандай оқу бітіргенін сұрадым. Оның шетелдерге жиі шығып, жоғары жалақылы инженер болып жүргеніне қарап, престижді университет бітірген шығар деп ойладым. Жоғары білімі жоқ болып шықты. Абердиннің қарапайым мектебін бітірген. Содан соң механикалық инженерия саласында компанияға жұмысқа тұрған, компания оны тегін колледжде оқытып алған (2-3 күн жұмыс істеп, 3 күн теориялық білім беретін колледж). Сөйтіп, міне, сол біліммен 20 жыл жұмыс істеп жүр. Шетелге де шығып істей береді.
Бұдан не түйеміз: мектеп білімін ретке келтіруіміз керек, балалардың инженерлік кәсіпті мектептен алып шығуына қатты көңіл бөлуіміз керек. Мектепті лабораториялық құрылғылармен жабдықтауымыз керек. Одан қалса, техникалық колледждерімізді, техникумдарымызды дұрыстайық», – дейді Гүлшат Бақытжан.
Сондай-ақ ғалым елге оралған соң ғылыми мектеп қалыптастырғысы келетінін айтты.
«Иә, бұл енді біздің міндетіміз ғой. Ғылыми мектеп қалыптастыруымыз керек. Бәрінен бұрын аудармашылардың жаңа буынын дайындауды көздеп жүрмін. Одан бөлек, аударма ісі бойынша оқып жат­қан докторанттарға бағыт-бағдар көрсеткім келеді. Мүмкіндік берілсе, аудармашыларды дайындау стратегиясын өзгертер едім. Ал аудармаға келсем, осы уақытқа дейін көбіне ағылшын тіліндегі туындыларды қазақшаға аударумен айналысып келдім. Енді қазақ тіліндегі небір-небір керемет шығармаларды ағылшыншаға тәржімалауды мақсат тұтып отырмын. Оқығанда таң-тамаша қылатын әдеби туындыларды ағылшынша «сөй­лет­кім» келеді. Олар туралы зерттеу мақалалар жазып, шетелдік басылымдарға жариялау да жоспарда бар. Ең алдымен, Алаш қозға­лысы кезіндегі әдеби туындыларды реттеп, антология құрастырып шығаруым керек. Жалпы, біздегі Алаш әдебиеті ағылшыншаға толығымен аударылмаған. Тиісінше, толық картина жоқ. Өз-өзімізді таныту, бай әде­биетіміздің бар екенін көрсету үшін осын­дай еңбектерді жүйелі түрде тәржімалау қа­жет. Батыс елдеріндегі оқырманның қы­зы­ғатыны да осы, олар белгілі бір ұлттың тари­хында болған ұлттық бастамалар мен саяси мотивтер, сондай-ақ әдебиетіндегі ерекшеліктерді білгісі келеді. Сол себепті оқырманның талабына сәйкес осындай дүниелерді жасау ойымда жүр. Содан соң университетте арнайы зертхана ашып, студенттерден команда жасақтап, оларды ғылыми ізденіс пен аударма ісіне баулығым келеді», – дейді Гүлшат Бақытжан.
Ғалым қазір тіл үйренудің білім мен ғылымда ауадай қажет екенін айтады. Осыған дейін «Түркістан» сайтына берген сұхбатында бұған қатысты пікір де білдірген болатын. Гүлшат Бақытжан орыс тілінің аясы тар дейді. Себебі ғылыми контенттің 66 пайызы ағылшын тілінде.
«Байқап қара­сақ, әлемдегі ғылыми контенттің 66 пайызы ағылшын тілінде жасалады. Ал орыс тілін­дегі контент 5-6 пайыз ғана. Оның өзінде ол тек орыстардың ғылымына, олардың көзқарасына, мәдениетіне бағытталады. Сол себепті бізге бірден орыс тілінен ау­дарудың қажеті шамалы. Мысалы, аударма ісі бойынша постструктурализм, постко­лониализм бағытындағы ауқымды тео­риялар баршылық, бірақ олар орыс тілінде жа­зылмаған. Ал бізге мұндай тео­риялар қажет. Тіл – біздің ұлттық бол­мысымыз. Қазақша сөйлей алмайтын адам қазақ мәдениетінен хабардар болуы екі­талай. Мысалы, Ұлыбританияның білім бағ­дарламасының бірінші бетінде «Ұлыб­ританияның ең бірінші байлығы – оның тілі мен мәдениеті» деп жазылған. Сол се­беп­ті олар 1-сыныптан бастап бүкіл ұлт­тың балаларына ағылшын тілі мен әдебиетін оқытады. Осында бастауыш сыныпқа барған балама мұғалімі көп уақыт бойы ви­кингтердің тарихын оқытты, сосын ол осы бойынша спектакльге қатысты. Қазір ол викингтердің тарихын бәрінен жақсы біледі. Қарап отырсаңыз, ағыл­шындар бала­ға тарих пен мәдениетті жас кезінен таныс­тыруды жақсы жолға қойған. Біз де еш­кімнен қалыс қалмай, қазақтілді контенттің үлесін арттырып жатырмыз. Ұлттық аударма бюросы осы процесті бастап берді. Қазақ тіліндегі терминдерді стандарттау, сондай-ақ ғылыми контентті бірден ағыл­шын тілінен қазақшаға аудару – біз үшін баға жетпес байлық, үлкен жетістік», – деп түйіндеді ғалым.

Дайындаған А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір