Фараби аманаты
«Тәлім – тек сөз арқылы, ал тәрбие – сөз де,
әрекет те арқылы болады».
(әл-Фараби)
2025 жыл Қазақстан Педагогика ғылымының жаңа дәуірі басталатын жыл десе болады. Жақында әл-Фараби атыдағы Қазақ ұлттық университетінде беделді педагог ғалымдардың басын қосып, «Ел боламыз ба, әлде болмаймыз ба? Болатын болсақ, бірлік туының астына бірігейік, болмаса бордай тозайық» деген сауал тастады оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев. Тәуелсіздік алғалы бері педагогика ғылымы мен білім жүйесінің арасы ажырап, өз беттерінше өмір сүріп жатқан екі әлемді біріктіретін алтын көпір – ғылым мен білімнің сабақтастық орталығығын құру мәселесі көтерілді күн тәртібінде.
Қазақта «Болар істің басына жақсысы келер қасына» деген орайлы айтылған жақсы сөз бар. 25 жыл ғылым-білім саласында жүріп, бірінші рет болар істі дұрыс бастап тұрған жақсыны көзім көріп, құлағым естіді. Себебі ширек ғасыр Қазақстанның білім саласында, оның ішінде, дарынды балалармен жұмыс жасау желісінде жүріп, жүйенің іштей қалай күйреп, «құрдымға кетіп бара жатқан барлық кезеңдерінің» куәсі болдым. Ресми түрде «Қазақстан білім саласында өткен барлық реформалардың» басы-қасында өтті педагогикалық өтілім.
Өткенге өкініп, өкіріп жыласаң да еш пайда бермейді. Өткеннен сабақ алып, болашақ бағдарыңды, яғни тура жолыңды, стратегия мен тактиканы дұрыс таңдаудың өзі – көрегендік. Ғылыми-педагогикалық форумнан мен осы түйіннің күрмеуі шешілетін мүмкіндіктің туғанын түсіндім. Өкілеттілікті сеніп тапсырып, жауапкершілік арту мен мақсат-міндетті айқындап беру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Сол аманатқа қиянат жасамай, әрбір ғалым жауапкершілікті толық сезініп, жұмыла жұмыс жасаса, білім саласының болашақ дұрыс бағдары айқындалар еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бұл жұмысты өз биігінде жүргізе алатынына әлеуеті мен кәсіби шеберлігінің жететініне сеніміміз мол.
Осы мақсаттардың барлығы орындалды делік, нәтиже не болады? Осы қойылған мақсат-міндеттердің барлығы ойдағыдай орындалса, біз дамудың дұрыс бағытына түсер едік. Алайда айналадағы анталап тұрған мемлекеттер қарап отырған жоқ, олардың барлығы өз шама шарқынша үдемелі қарқынмен алға жылжып барады. Біз ғылым-білім саласында дамыған елдерден, шамамен алпыс-жетпіс жылға қалып келеміз. Қазақстан жетіп алсын деп олардың ешқайсысы бізді күтіп отырмайды, керісінше, біздің артта қалғанымызға қуанады. Себебі әлемдік білім кеңістігінде ғылым мен білімге негізделген пайда табу жолындағы бәсекелестік заңы жұмыс жасайды. Әрқашан да дамыған ел пайда көруші болады, ал артта қалсаң, пайда табу былай тұрсын озық технологиялардың тұтынушысы болып қалтаңнан қағыласың.
«Қарқынды дамудың жолына түсу үшін не істеу керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Ол үшін мақсатқа жетудің әмбебап «қажетті және жеткілікті» шарттары орындалуы тиіс. Біздің жағдайымызда құрылған ғылым мен білім сабақтастық орталығы өз деңгейінде жұмыс жасап, ғылым мен білім саласы қоян-қолтық өнімді жұмыс жасайтын болса, онда біздің қажетті шартымыздың орындалғаны. Ал енді жеткілікті шарттың орындалуы қалай болмақ?
Жалпы, ғылым саласындағы жеткілікті шарттың орындалмауынан адамзат үлкен зардап шегіп отыр. Ғылым адамзатты өркениетке жетелеудің орнына, керісінше, құрдымға алып бара жатыр.
Ғылымсыз адам айуан,
Не қылсаң да ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса ғылым тұл.
Жеткілікті шарттың мәнін түсіну үшін адамзат тарихында ең алғаш ғылымның классификациясын жасаған әлемнің бірінші ұстазы әл-Фарабиге жүгінейік:
«… оның білімге баратын жолы надандық пен қараңғылыққа емес, білім мен парасаттылыққа негізделетін болады».
1100 жыл бұрын жалған ғылым мен шын ғылымның аражігін ажыратып, шын ғылымның іргетасын қалаған, адамзаттың дұрыс дамуы үшін оның барлық бағдарларын көрсетіп кеткен еді абыз бабамыз. Өкінішке қарай, шын ғылым Еуропада пайда табудың жолына түсіп, парасаттылықтан надандық пен қараңғылыққа қарай бет бұрды, ал санамызға «ренесеанс» деп сіңірілді. Оның мәнісі ғылым болмыстың шынайы жаратылысынан, яғни «көзге көрінбейтін» рухани бастауынан ажырап, «көзге көрінетін» материалистік, атеистік арнасына түсті. Содан бері ғылымның жаратылыстану саласы қарқынды дамып, адамға қатысты бағыттары құрдымға кетті. Басқаша айтар болсақ, ғылым адамның рухани әлеуетін ашып, оны кемелдендірудің орнына тек қана нәпсәни құлқынына қызмет жасайтын құралға айналды. Абайша айтқанда: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады».
Әл-Фарабидің ғылымдарды жіктеу туралы ойын ары қарай сабақтайық: «Бұл ғылымның «логика» деп аталуына келсек, төркіні «айтылған сөз» деген сөзден келіп шыққан. Қадым замандағылар арасында бұл «сөз» ұғымын үш мағынада түсіндірген: … үшіншісі – адамға жаратылысынан біткен рухани күштің белгісі. «Сөз» адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейді. Адам ол арқылы ақылмен танылатын нәрселерді пайымдайды, ғылымды, өнерлерді үйренеді, жаман мен жақсы амалды айырады».
Шәкәрімнің барлық сыр сөздері тек осы «көзге көрінбейтін» болмыстың сырын сипаттауға, заңдылықтары мен құбылыстарын, мәні мен мағынасын түсіндіруге арналған:
Тән көретін бастағы көз,
Байқамайды жан сырын.
Көр де ақылға сал деген сөз,
Көз керек қой милырақ.
Ақиқатты шын көруге,
Жан көретін көз керек.
Бас көзімен сенделуге,
Бізде рұқсат жоқ шырақ.
Бәріміз де әл-Фарабидің, Ясауидің, Абайдың, Шәкәрімнің, т.б. кемеңгерлердің даналық ойларын түсінеміз, бірақ та қазіргі қоғамдық сана-сезім тұрғысында түйсініп, өз өмірімізде пайдалана алмаймыз. Олардың еңбектерін қазіргі ғылымның әдіс-тәсілдері арқылы зерттеп ғылыми мақалалар жаза аламыз, сөрелерде шаң басып тұратын том-том кітаптар жазамыз, бірақ білім стандарты мен оқу бағдарламаларымен ұштастырып, тәрбие құралы ретінде білім жүйесіне енгізуде қиналамыз. Неліктен?
Бұл сұраққа жауап беру өте қиын! Қиындық жауабын білмегенде емес, оны қазіргі көпшілік педагог ғалымдардың қабылдай алмауында. Себебі қазіргі ғылым мен ғалымдардың көзқарастары атеистік, материалистік дүниетаным негізінді қалыптасқан. Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы сөзімен айтатын болсақ: «Бізде педагогика саласы орталықтың шеңберінен шыға алмай отыр. Еуропалықтардың табиғаты бөлек, біздің табиғатымыз бөлек. Бізді тұқыртып алып келіп солардың рамкасына салады, оған біз сыймаймыз. Біз – тарихы терең ұлы халықпыз, біздің педагогикамыз термелерімізде, оған мән берілмейді. Бізге педагогиканың негізін сырттан іздеудің қажеті жоқ. Қазақтың адамгершілік негіздегі адам тәрбиелеудегі ой-пікірлерін жүйелеп ұсынатын заман келді. Қазіргі педагогика – дәлірегі аты ғылыми, бірақ ұстайын десең ештеңе жоқ, пайда бермейтін «сухой» нәрсе. Еуропалықтардың табиғаты мүлде басқа халықтар, дүниетанымы да басқа. Біз шығыс әлеміндегі педгогиканың оқуы қалай жүріп жатыр, солармен салыстырып барып, өзіміздің тұрақты жолымызды табуымыз керек. Біз Еуропаның техника, технологиясын сыйлаймыз, бірақ олар адамгершіліктен шығып кетті. Олар «қарын деген сөзді жақтаған» дейді Мағжан. Тек ақша, пайда ғой күндіз-түні ойлайтыны, оларда тәрбие жоқ».
Еуропа білімді жұрт бүгін күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан ол да мүлде.
Сөзімнің терең түпкі сырын біл де,
Іштей жыла, шырағым, сырттан күл де.
Шәкәрімнің бір ғасыр бұрын айтып кеткен жанайқайының әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоймағанын қарапайым сөзбен түсіндіріп, сырты күлгенімен, іштей жылап кетті Мекемтас ағамыз бұл дүниеден. Бірақ біздің де күніміздің туатынына сенім артып, үмітін үзбеді. Ағамыздың бізге артқан аманатына қиянат жасамайын деп жариялап отырмын қазіргі педагогикадағы проблемалар мен одан шығудың жолдарын.
Сонымен, қазіргі педагогикадағы негізгі орын алып отырған проблемалар қандай? Ең бірінші, ең негізгі проблема – проблемаға қазіргі қалыптасып қалған материалистік, атеистік көзқараспен емес, өзіміздің төл табиғатымыз, қазақы дүниетаныммен қарай алмауымызда. Бұл проблеманы шешуге біздің пәлсапа ғылымы өкілдерінің көмегі қажет. Ол үшін біз өзіміздің өзге халықтардан өзгешелігімізді, ерекшелігімізді сипаттайтын қазақ дүниетанымын, өз өлшемдерімізді ғылыми түрде айқындауымыз қажет. Себебі өзіндік өлшемі мен өлшеу құралдары жоқ ғылым – ғылым емес бос сөз қуалаушылық. Шындығына келсек, ол ерекшеліктер мен өлшемдер біздің дүниетанымымызда ай мен күндей жарқырап тұр, бар болғаны оларды саралап ғылыми жүйеге келтіру қажет.
Қазақтың дүниетанымы атеистік, материалистік таным емес. Сонымен қатар бүгінгі көріп жүрген догмалық діни таным да емес. Қазақтың дүниетанымы ол екеуінің де қалыбына сыймайды, өлшемдеріне сай келмейді, керісінше, ол екеуін де өзіне сыйдыра алатын терең дүниетаным.
Шынды таптым, қайғы басты,
Шын сырымды айтайын.
Дін де пән де қатты адасты,
Дау сабасты арқырап.
(Шәкәрім)
Қазақтың шынай дүнитанымын айқындау арқылы ғана біз ғылым мен діннің адасқан тұстарын түсіне аламыз. Қазақтың шынайы дүниетанымына тек қазақ қана емес, бүкіл адамзат баласы мұқтаж.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй хақ жолы деп әділетті.
Абай өз ұлтына жаны ашып қазақты сынайды, кемшіліктерін көрсетеді. Бірақ қазақты сүй демейді, «бүкіл адамзатты сүй» дейді.
Адамның бәрі бір болмайды аласы,
Оларды бұзатын нәпсінің таласы.
Ар билейтін заманда нәпсі өліп,
Бірігер еңбекте барша адам баласы.
Шәкәрім Құдайбердіұлы да тек «қазақтың басы бірігеді» демейді, «барша адам баласының басы бірігеді» дейді.
Қазақтың ұлттық дүниетанымының негізінде ұлттық педагогиканың іргесін қалаған Мағжан Жұмабаев та сол қағиданы ұстанады: «Тәрбиеден мақсұт адамды һәм сол адамның, ұлттың, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі – әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі – әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару».
Түрік ойшылы Зия Гөкалп былай депті: «Ірі ұлттардың әрқайсысы әлемдік өркениеттің белгілі бір саласында алдыңғы орындарға ие: ежелгі гректер – эстетикада, римдіктер – хұқықта, еврейлер мен арабтар – дінде, француздар — әдебиетте, ағылшындар – экономикада, немістер – музыка мен метафизикада, ал түркілер – адамгершілік тәрбиесінде».
Қазақтың ұлттық дүниетанымы мен рухани-адамгершілік құндылықтар әлеуеті тек өз ұлтының ғана емес, бүкіл адамзат баласына тура жол көрсетуге және үлгі болуға әбден лайықты. Түркілердің төл ұрпағы қазақтың ұлт ретіндегі мұраты – адамгершілік тәрбиесінде. Өкінішке қарай, сол қолда бар алтынның қадірін білмей, тағдырдың жазуымен ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан аманатқа қиянат жасап келе жатырмыз. Мекемтас Мырзахметұлы ағамыз бұл турасында былай дейді: «Мұндай жүйелі ілім әлемде жоқ, біздің қолымызда бар. Бірақ біз бұны кеш қолға алдық, енді ғана жан-жақты дамытып жатырмыз». Бұл қандай ілімдер жүйесі дейтін болсақ:
–«Ақи ілімі» (б.з.д. VІІ ғ.);
–әл-Фараби, «Парасатты адам ілімі» (ІХ-Х ғ.);
–Жүсіп Баласағұн, «Жауанмәртлік ілімі (ХІ ғ.);
– Ясауи, «Хал ілімі» (ХІІ-ХІІІ ғ.);
–Абай, «Толық адам ілімі» (ХХ ғ.);
– Шәкәрім, «Ар ілімі» (ХХІ ғ.).
Мекемтас Мырзахметұлының жасаған бұл ілімдер жүйесінің жетіншісі етіп біз, Ақжан Машановтың «Жар ілімін» (ХХІ ғ.) қостық. Педагогикадағы ең негізгі проблема осы – ұлттық дүниетаным. Ұлттық дүниетаным дұрыс жолға қойылса, қалған мәселелердің шешімі қиын емес. Қазіргі педагогикада шет қалып бара жатқан этнопедагогика деген сала бар. Этнопедагогиканың мазмұны – ұлттық, бірақ, танымы – атеисттік, материалистік. Осы этнопедагогика танымын рухани тұрғыдан тереңдетіп, мазмұнын ұлттық құндылықтар тұрғысынан кеңейтетін боласақ, бізге қажетті ұлттық педагогиканы сол болмақ.
Педагогикадағы келесі проблемалардың бірі ұлттық құндылықтар мәселесі. Ұлттық дүниетаным дұрыс шешімін таппаған соң, ұлттық құндылықтар мәселесі де түсініксіз күйде. Ауыз толтырып айтатын көп дүние бар сияқты көрінеді, нақты ұстайын десең түк жоқ. Жалпы, құндылық категориясы материалдық емес, оның табиғаты – рухани болмыс. «Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» (Абай) демекші, материалистік көзқараспен құндылықтың шынайы табиғаты мен қадір-қасиетін танып білу мүмкінсіз. Қазіргі педагогика тұрғысынан құндылық туралы түсінікті құмырсқаның түнде ай мен жұлдыздардың өлшемдері мен жарықтығын сипаттағанымен салыстыруға болады.
Затшылдық көзін байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей тән билеп,
Ақылдың соры қайнады.
2025 жылдың 24 қаңтарында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» заңы бекітілді. Қазақтың ұлттық дүниетанымы тұрғысынан қарағанда құндылығы жоқ, оқытудың ережелері мен нормалар жинағы болуға жарайтын құжат. Ал енді өмір шындығы мен қазіргі қалыптасқан ғылыми-педагогикалық дүниетанымға қатысты қарасаң, бұрынғы стандарттармен салыстырғанда әлдеқайда ілгерілеушілік бар, тіпті, ұлттық мүддені қорғауға ат салысып жүрген құрастырушылардың ісін ерлікке балауға болады. Стандартқа орынды-орынсыз болса да «жалпыадамзаттық, ұлттық, рухани құндылықтар» деген ұғымдардың кіргені білім жүйесі беталысының дұрыстығын көрсетеді.
Келесі назар аударатын бір мәселе — стандарттың құрылымы. Педагогикадан хабары бар кез келген ғалым стандарттың құрылымы Блум таксономиясына негізделіп жасалғанын оңай байқайды. Ал Блум таксономиясы деген не, оның қандай құндылығы бар?
Жалпы алғанда, Блум таксономиясының әлемдік педагогикада өзіндік үлкен орны бар, алты когнитивтік деңгейден тұратын оқыту мақсаттарын жүйелеуге арналған иерархиялық модель. Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірге ілесіп келген оқушының білімін бағалауға арналған құрал.
Қарапайым халыққа түсінікті болу үшін бұрынғы бестік бағалау жүйесімен салыстырайық. Бестік бағалау жүйесі кезінде баланың білімі «1», «2», «3», «4», «5» деген критерийлермен бағаланатын. Әдетте, «1» деген баға қолданылмады, ал кем дегенде бір пәннен жылдық бағасы «2» болған оқушы келесі сыныпқа көшірілмейтін, яғни «стандартқа сай білімді меңгермеді» деген сөз. Сонда іс жүзінде баланың білімі бестік емес үштік («3», «4», «5») критериймен өлшенетін.
Қазақстанның білім жүйесін реформалаудың түпкі түйіні жаңашылдық деп алып келген Блумның 6 деңгейлік иерархиясын бұрыннан қалыптасқан 5 деңгейлік бағалаумен алмастыруда болды. Кешенді ғылыми зерттеулер мен сынақтан өткізудің және алдын ала дайындық жұмыстарының жетіспеушілігінен білім жүйесі тоқырады, әлі де зардап шегуде. Блум таксономиясының арқасында бағалу жүйесі пайыздық өлшемде жүргізіліп, қайтадан бестік бағалау жүйесіне ауыстырылады. Айналып келгенде, күрделі критериалды бағалау бәрібір сол «5» тік жүйеге ауыстырылады. Осы үдерістердің психологиялық, физиологиялық, педагогикалық және экономикалық тиімділігі мен артықшылықтарын зерттеп, тиісті бағасын беріп жатқан ғалымдар мен ғылыми еңбектердің ашық талқыланып жатқанын кездестірмедім. Болашақ орталықтың маңызды міндеттерінің бірі осы баланың білімін бағалау болуы қажет.
Блум таксономиясының Қазақстан білім жүйесінің дамуына қалай және қаншалықты үлес қосқанын бағалау – білім жүйесін ары қарай дұрыс дамытудың көрсеткіші болмақ. Қазіргі стандартқа сай баланың білімін бағалау Блум таксономиясына негізделген. Мектеп түлегі үшін ең маңызды емтихан ұлттық біріңғай тест сұрақтарына талдау жасайтын болсақ, дені Блум таксономиясының бірінші «білу» деңгейінен көп ары аспайды. Біршама бөлігі «түсіну» мен «қолдануға» сай болса, ал қалған маңызды «талдау», «жинақтау» және «бағалау» деңгейлеріне келетін сұрақтар табу қиын. Себебі оқушының ол деңгейдегі білімін анықтауға тесттің мүмкіндігі жетпейді. Оны тек қана ауызша сұрақ қою, немесе жазған шығармасы арқылы ғана бағалауға болады.
Білім жүйесінде екі стандарт орын алып отыр. Оның біріншісі мектептегі ресми оқу бағдарламалары болса, екіншісі оқушының грантқа оқуға түсуі үшін мектептен тыс, ақылы түрде қосымша білім беру орталықтарына барып білім алуы. Бұл – қыруар мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалып жатқанының айқын көрінісі. Оқулықтар мәселесі де осы стандартқа келіп тіреледі. Бір қателіктің құны миллиондаған оқулықтардың саны арқылы мииллиардтарға ұласуы мүмкін.
Аттестациядан өтетін мұғалімдердің білімін өлшеу стандарттарының жиі өзгеретінін ескерсек, білім саласының «аққу, шортан, һәм шаян» күйін елестете беруге болады. «Ғылым мен білім сабақтастығы» орталығының тағы да бір маңызды міндеттерінің бірі осы олқылықтардың орнын толтыру болуы шарт.
Тарихи тұрғыдан алып қарайтын болсақ, Блум таксономиясы жиырмасыншы ғасырдың ортасында, дәлірек айтсақ, 1956 жылы америкалық психолог және педагог Бенджамин Блум және оның әріптестерімен жасалған. Жарты ғасырдай артықшылықтары мен кемшіліктері талдынып, 2001 жылы модернизацияланды. Соның өзінде де кемеліне жеткен әмбебап құрал деуге болмайды. Себебі әлемде таксономиялардың оннан астам әртүрлі баламалары бар, ғалымдар тарапынан айтылатын сын пікірлер де аз емес. Блум таксономиясының отаны АҚШ президенті орта білім жүйесі сапасының сын көтермейтінін алға тартып, білім министрлігін мүлде таратып жіберу туралы жарлыққа қол қойғанынан қандай қорытынды шығаруға болады? Қазақстанның бүкіл білім жүйесі, тіпті стандарттың өзі Блумның жиырмасыншы ғасырдың ортасындағы нұсқасына негізделгені ілгерілеушіліктің нышаны емес.
Стандарттағы көңіл аударатын тағы бір мәселе білім беруде балалардың жас еркешеліктерін ескеру мен өмірлік шындықтың үйлеспейтіні. Таксономия иерархиясына сәйкес бастауыш мектепті бітірген баланың даму деңгейі таксономиядағы 3 яғни «қолдану» деңгейіне жетсе де жаман жетістік емес. Одан кейінгі «талдау» мен «бағалау» жасай алу деңгейіне оқушы орта буында жетіп жатса да жаман болмайды. Мектепті бітіріп шыққан оқушының бойында Блум таксономиясының барлық деңгейлеріне сәйкес дағдылар қалыптасып шықса үлкен жетістік деуге болады. Ал стандартта бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушыдан күтілетін нәтиже таксономияның толық иерархиясы бойынша бағаланады. Қарапайым сөзбен түсіндіретін болсақ, «білегің көтере алмайтын шоқпарды, беліңе байлама» деген сөздің кері. Бастауыш мектептегі балалардан жоғары сыныптарда қалыптасатын нәтижелер күтіледі.
Жарықтық Блум өз заманында таксономияның үш түрін жасады. Жоғарыда біздің сөз етіп отырғанымыз Блумның когнитивті таксономиясы — жаңа білімді үйреніп, оны өлшеу деңгейлейлерін көрсететін құрал. Одан бөлек аффективті және психологиялық таксономиялары бар. Білім мен тәрбие берудің екі түрлі үдеріс екенін ескерсек, баланың білімін когнитивті, ал тәрбиесін аффективті және психологиялық таксономиялар арқылы өлшеу қажет. Алайда, Қазақстанның білім жүйесі мен стандартында ол екі таксономияның қолданыс тапқаны көрінбейді. Бұдан шығатын қорытынды стандарттың түпкі мақсаты мен білім жүйесінің зейіні, негізінен, білім беруге ғана шоғырланған. Тәрбие беру үдерісі ғылыми-әдістемелік тұрғысынан алғанда ғылыми негізі жоқ, формальды түрде жүргізіледі деген сөз.
Бурабайда өткен соңғы құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фарабидің сөзін келтіріп айтқан мәлімдемесін «Ғылым мен білім сабақтастығы» орталығының «құлағына алтын сырға» деп түсінген жөн: «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрқашан қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан білім мен тәрбиеге қатар айрықша назар аудару өте маңызды».
Стандарттан бір жыл бұрын бекітіліп қолданысқа енген «Біртұтас тәрбие бағдарламасына» талдау жасаудың мәні жоқ. Жоғарыда айтып өткеніміздей шынайы ұлттық дүниетаным мен ұлттық құндылықтардың рухани тұрғыда ғылыми тұжырымдамасы жасалынып, таным әдіс-тәсілдері мен теориясы айқындалмай, тәрбие үдерісі туралы сөз қозғау, құрғақ сөзбен қарын тойдырғандай. Себебі тәрбие беру сырт көзге қарағанда түсінікті болып көрінгенімен ішкі табиғаты күрделі рухани үдеріс. Басқаша айтсақ, тәлім – теория болса, тәрбие – технология. Бізде «теория» бар да, технология жоқ, яғни тәлім бар да, тәрбие жоқ.
Бұл Қазақстан білім жүйесінің ғана шеше алмай отырған мәселесі емес, бүкіл адамзаттың алдында тұрған ғылыми тұрғыда түбегейлі шешімі табылмаған проблема. Бұл проблеманы басқа ел ғалымдарының шешу ықтималдылығы өте төмен. Себебі олардың дүниетаным өресі руханият тұңғиығына терең бойлай бермейді. Десе де бұл бағытта әлем ғалымдары әлдеқайда ілгері кеткен. Білім жүйелерін төл дүниетанымдары негізінде жасап, елеулі жетістіктерге жетіп жатқан мемлекеттер де аз емес.
Адамгершілік тәрбие мәселесін қазақ ғалымдарының шешу ықтималдылығы өте жоғары, себебі қолымызда сүйенетін рухани мұрамыз бен ата-бабаларымыздың жүріп өткен өмірлік тәжірибесі бар. Әлемде өмір мен бақыттың мәнін, Адам мен Ғаламның жаратылысын және тәлім мен тәрбиенің қыр-сыры мен табиғатын ғылыми тұрғыда әл-Фарабиден артық талдап берген ғалымды табу қиын.
Адам, ғалам – ғажайып, жеке дара,
Жан азығы — ізденген мәңгі сана.
Өзіңді-өзің танысаң істің басы,
Түзеген өз ғаламын болған дана.
Шәкәрімнің сөзімен айтқанда: «керексізді керек деп, санасыз ойсыз дедектеп, керекке осы кезек деп, адасқан азап емес пе?». Ғылым мен білім сабақтастығы орталығының мұраты осы – Фараби бабамыздың аманатын заман ағымына сай абыроймен алып шығу!
Ерұлан Жиенбаев,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Экономика және Бизнес
жоғары мектебінің» докторанты
ПІКІРЛЕР12