Қазақтың болашағы руханиятқа байланған
28.04.2025
406
1

4 сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінің №13 санында Е.Жиенбаевтың «Фараби аманаты» атты көлемді мақаласы жарияланды. Автор бұл мақалада педагогика саласындағы олқылықтардың туындау төркіні мен олардан шығу жолдарына талдау жасаған. Егер осы кемшіліктерге мән беріп, оны түзеудің жолдарын қарастырмайтын болсақ, онда еліміздегі білім мен тәрбие саласының құлдырау мүмкіндігін ашық айтқан. Оның себебін де ашып көрсеткен. 

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде білім саласында тоқтаусыз жүргізілген реформалар біздің еліміздегі оқу жүйесін тығырыққа тіреді. Қанша жаман дегенімізбен, Кеңес өкіметі кезеңіндегі білім жүйесі білімді де, тәрбиені де беретін. Ал қазіргі білім жүйесінде осы бар ма? Жоқ. Қазіргі мектепті бітіріп шығып жатқан оқушылардың көпшілігі сауатсыз, тәрбиесі төмен. Оның басты себебі бұрынғы мектеп бағдарламасынан бас тартып, батыстық стандарт­тарға көштік. «Не дейсің, Батыс елдері Қазақ­станның білім жүйесін реформалауға пәлен миллион қаржы берді, соны игеруіміз керек», деп бөркімізді аспанға аттық. Өзіміздің сапалы бағдарламамыздан бас тартып, Батыстың ұсынған қойыртпағын оқу-тәрбие жұмысының негізі етіп алдық. Осылайша, сол ойсыз әрекеттің жемісін енді татып отырғанымызбен жұмысымыз жоқ. Батыстың технологтарына да осы керек болатын. Олардың қазақ қоғамын білімсіз, тәрбиесіз тобырға айналдыру мақсаты орындалды. Алайда олардың да асып тұрғаны шамалы. Оны мақала авторы дөп басып айтқан екен. Ол былай дейді: «Өкінішке қарай, шын ғылым Еуропада тура жолынан жаңылып, парасаттылықтан надандық пен қараңғылыққа қарай бет бұрды, ал санамызға «ренессанс» деп сіңірілді. Оның мәнісі ғылыми болмыстың шынайы жаратылысынан, яғни «көзге көрінбейтін» рухани бастауынан ажырап, тек қана «көзге көрінетін» материалистік, атеистік арнасына түсті. Содан бері ғылымның жаратылыстану саласы қарқынды дамып, адамға қатысты бағыттары құрдымға кетті. Басқаша айтар болсақ, ғылым адамның рухани әлеуетін ашып, оны кемелдендірудің орнына, тек қана нәпсәни құлқынына қызмет жасайтын құралға айналды». Өте дұрыс айтылған пікір. Міне, осы ойсыз реформа нәтижесінде үлкен-кішіміз түгелімен материалдық құндылықтың құлына айналдық. Өкінішке қарай, мұның соңы құрдым екенін әлі көпшілігіміз сезіне алғанымыз жоқ. Қуанатыным еліміздің оқу жүйесінде осындай күрделі проблеманың бар екенін мойындап, Министр мырзаның көпшіліктің талқысына шығаруы десем артық емес. Енді осы мәселені ел-жұрт болып талқылап, оқу-тәрбие жұмысын қайтадан ұлттық мүддеге қарай бет бұрғыза аламыз ба? Әлде бұл мәселеден теріс айналып, құрдымға кете береміз бе? Өкінішке қарай, тәуелсіздікпен бірге келген еліміздегі экономикалық қайта құрулар, нарық экономикасы халықты қалыпты өмір сүру арнасынан ажыратып, есеңгіретіп жіберді. Халыққа әдебиет те, мәдениет те қажет болмай қалды. Ала дорба арқалаған заман туды. Бұрынғы ел мен жердің қамын ойлайтын халықтың санасы өзгеріп, күнделікті ішіп-жемін, күнкөрісін ғана ойлайтын тобырға айнала бастады. Бар арман-мұраты бірді екеу қылу болып жүрген ата-ананың назарынан бала тәрбиесі тыс қалды. Бұған Батыстың күлдібадам бағдарламасын қабылдаған, тәрбие емес, тек білім беруді мақсат еткен, онда да жүйелі білім емес, әр тақырыптың басын шалып, жалпы тақырыптан хабардар ететін мектепті қосыңыз. Осы факторлардың ықпалымен қазақ халқы рухани дағдарысқа түсе бастады. Қазіргі күні сол рухани дағдарысты бастан кешіріп жатқан жайымыз бар. Бұл дағдарыстан шығудың бір ғана жолы – қазақтың қайтадан рухани бастауларына оралу екенін мақала авторы нақты мысалдармен дәлелдеп берген.
Дегенмен бұл мақалада көтеріліп отырған атеизм мен материалистік дүниетаным мәселесі бір ғана педагогика ғылымының басындағы түйткілді мәселе емес. Бұл – гуманитарлық ғылымдардың бар саласын қамтыған проблема. Философия болсын, тарих болсын, мәдениет болсын, барлығы да осы атеистік таным мен материалистік дүниетаным шеңберінен әлі шыға алмай отыр. Соның салдарынан біз әлі күнге рухани салада алға жылжи алмай келеміз. Мысалы, өзім жақсы білетін тарих ғылымы саласына қатысты айтар болсам, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан аса уақыт өтсе де, қазақтың тәуелсіз тарихы жазылмай келеді. Оның басты себебі, тарихты зерттеу методологиясы баяғы еуроцентризм мен тарихты материалистік тұрғыдан түсіну әдістемесі шеңберінен әлі күнге шыға алған жоқ. Тарихты зерттеудің бұл тәсілі қолданыста тұрғанда, қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадын тарих ғылымында қолдану мүмкін емес. Демек қазақ халқы өзінің тарихына өзгенің көзімен қарауға мәжбүр. Мысалы, қазақ халқы ата-бабаларының Алтын Орда сияқты ұлы мемлекетті тарих сахнасына шығарған халық болғанын күні бүгінге дейін өзге түгілі, өзі мойындай алмай келеді. Оның себебі – біздің тарихшыларымыздың санасында қатып қалған еуроцентризм мен тарихты материалистік тұрғыдан зерттеу тәсілі. Бұл жердегі басты мәселе еуроцентризм негізінде христиандық дүниетаным жатқанын, тарихты материалистік тұрғыдан түсіну методологиясы негізінде маркстік-лениндік атеистік идея жатқанын танып-білу оншалықты қиын шаруа емес. Солай бола тұра біздің тарихшыларымыз тарихты зерттеудің бұл тәсілінен бас тарта алмай келеді. Әйтпесе, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұстанымда болған қазаққа тарихты зерттеудің бұл тәсілі қазақтың өзін-өзі тануына мүмкіндік бермейтін басты кедергі екенін түсінбеу мүмкін емес. Тарихты зерттеуде діни-рухани үдерістерді негізге алып, қазақ тарихын қайта зерделемесек, онда қазақтың тәуелсіз тарихын білу де, халықтың тәуелсіз тарихи танымын қалыптастыру да мүмкін емес. Бұл проблема тек қана тарих пен педагогика салаларына тән құбылыс емес, жалпы еліміздің руханият­қа қатысты бар саласын, ғылым мен білімін, мәдениетін құрсаулап тастаған жүйелі кертатпа құбылыс десек, артық айтпайтын шығармыз. Керек десеңіз, қазіргі дін де сол материалдық болмысқа негізделген. Соның салдарынан руханияттың барлық саласында кері кетушілік байқалады. Сондықтан да қазақ халқын ұйыстырып, тарих сахнасына шығарған материалдық құндылықтар емес, рухани фактор екені мойындалмай келеді. Мысалы, бізде «Біз – әлі күнге ұлт болып қалыптаспаған халықпыз, мәдениетіміз еуропалықтардан төмен» деген түсінік қалыптасқан. Сонда мына ұлан-ғайыр территорияға ие болып, арасы бір-бірінен мыңдаған шақырым қашықтықты құраса да, тілі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде ешқандай ерекшелік жоқ халықтың басын біріктіріп тұрған қандай күш деген сұраққа ешкім тереңдеп ойланып, жауап бергісі келмейді. Себебі сананы еуроцентризм мен атеистік дүниетаным шырмап алған. Олардың пікірінше, жалпы қазаққа ортақ өмір сүру формасы болған «көшпенділік» өмір салты. Көшпенді өмір салты бір болғаннан кейін олардың тілі де, әдет-ғұрып, салт дәстүрі бір болған деген тұжырымға келеді. Сонда, өзбек халқының құрамында да көшпенділер бар. Бірақ олар неге қазақ емес деген заңды сұрақ туындайды. Керек десе, өзбек көшпенділерінің көпшілігі қоңыраттар. Бірақ қазақ емес. Неге? Міне, бұл факторлар қазақ болмысына анықтама беруге еуроцентризм мен тарихты материалистік тұрғыдан түсіну тәсілі қауқарсыз екенін көрсетеді. Демек қазақтың басын біріктіріп тұрған қандай күш, қандай құдірет деген заңды сұрақ туындайды. Осы жерде ұлы Абайдың әкесі Құнанбай айтты деген мына сөз ойға оралды: «Құм жиылып тас болар, ылай болса, құл жиылып ел болар, Құдай болса». Негізгі бұл халықтың басын біріктіріп тұрған Қожа Ахмет Ясауи негізін салған сопылық ілім жолы екенін көпшілігіміз мойындағымыз келмейді. Ясауи бабамыз XI ғасырда дүниеге келіп, XII ғасырда «Хәл» ілімін қалыптастырып, адамзат рухын қайтадан Рухани әлеммен байланыстырды. Бұл сол кезеңде адамзатты басына төніп тұрған ақырзаман апатынан құтқарған болатын. Өзінен кейін Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыс үзілмесін деген ниетпен, Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты жаңғыртып тұратын әулиелер мектебін қалыптастырды. Бұл адамзаттың осы кезеңге дейін өмір сүруіне мүмкіндік берді. Болашақты болжап, қандай кезеңге тап боларымызды дәл айтқан кешегі Мөңке, Тайжан билер, Ақтан жырау, Мәшһүр Жүсіптер сол әулиелердің сарқындысы болатын. Мысалы, бір ғана Мөңке бидің мына айтқандары бүгінгі өміріміздің шындығын көрсетіп тұрған жоқ па?

Құрамалы, қорғанды үйің  болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ 
жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады,
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір жерге теңеледі,
Әйел ерге теңеледі.
Көл теңізге теңеледі,
Сиыр өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы 
Сағынып тамақ жемейді.
Ащыны ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді,
«Алһам» білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады.
Заманақыр боларда, жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
«Ә» десе, «мә» дейтін кесір болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар,
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар.
Міне, бүгін осыдан үш жүз жылдай бұрын Мөңке бидің бұл айтқанын жоққа шығара аламыз ба? Жоқ. Бізбен бірге жүріп, біздің бар қиындығымызды, өміріміздің бар шындығын көріп жүрген замандасымыздай суреттеп беруі – ол кісінің тағдыр тақтасынан (Лаух ал-махфуз) қазақтың болашағын көргенінің дәлелі. Бұл тек әулиелерге – Алланың достарына ғана тән қасиет. Осындай дәлелдер болып тұрса да, біз сол еуроцентризм, материализм шырмауынан шыға алатын түріміз жоқ.
Мысалы, жоғарыда келтірілген «көш­пенділер концепциясы» Қазақ мем­лекеттігінің тұтастығына қауіп төн­діріп жатқанымен де жұмысымыз жоқ. Өйткені еуроцентристік бағыттағы зерттеушілердің дені қазіргі «Қазақстан территориясы – қазақ халқының Атажұрты емес» деген пікірді алға тартып, оны ғылыми тұрғыдан негіздеп қойғалы да қаншама уақыттың жүзі болды. Мысалы, тарихшы-этнограф, марқұм Н.Масанов былай деп тұжырымдайды: «Сторонники миграционной теории считают, что предки казахов были недавными мигрантами и довольно поздно пришли на территорию Казахстана, а  сам казахский народ не имеет никакого отношения к древным насельникам региона и не ведет свое происхождение от  индо-иранского субстрата. Эту точку зрения так или иначе вот уже на протя­же­нии более 200 лет поддерживает большинство исследователей» [1,58]. Ал орыс антропологы В.П.Алексеев болса, «андронов мәдениеті» өкілдерінің индоеуропалықтар болғанын алға тартады [2,14].  Сонда мына ел мен жер кімдікі деген сұрақ туындамай ма? Осы «көшпенділер концепциясына» арқа сүйеген зерттеушілер еліміз территориясындағы қалаларды қазақтың қалалары емес деп біледі. Себебі қазақ көшпенді, қала сала алмайды деген түсінік саналарына сіңіп қалған. Біздің тарихшылардың осы сыңаржақ пікірі Өзбекстан ғалымдарының Сырдария бойындағы қалаларды біздің ата-бабаларымыз салды деген тұжырымға келуіне себеп болып отыр. Алайда атақты Асан қайғы Алтын Орданың ханы Жәнібек қажы Тархан қаласын орыстарға салдырып, той қылып, тойына шақырғанда тойына бармай қалған. «Не тойға келмедің?» деп сұрағанда Асан қайғының: «Қаланы жатжұрттыққа салдырдың, енді ол қалаға болашақта солар ие болады», – деп тойға келмегені баяндалады. Демек қазақтың ата-бабалары тек далада көшіп жүре бермей, қала да салған, сол қалаларда өмір де сүрген. Бұл дәлелдер қазақтың басын біріктіріп тұрған материалдық болмыс емес, рухтың бірлігі екенін, Құдайдан келген рухани күш екенін көрсетеді. Қожа Ахмет Ясауи адамзат баласына «Хәл» ілімін әкелді. Осы ілім рухани әлем мен адамзат баласы арасындағы байланысты қамтамасыз етіп тұрды. Осы «хәл» ілімі салтанат құрып тұрғанда Түркі баласы адамзатқа үкімін жүргізді. Өзбек ханнан кейін таққа отырған Жәнібек хан «Құдайдың басқаруынсыз билікке өзіміз ие боламыз» деп, Ясауи жолынан – «хәл» ілімінен бас тартқанда, адамзат басына қара бұлт орнаған болатын. Қытайдан басталған оба дерті Британ аралдарына дейін жетіп, жер бетінен 450-500 миллион шамасында халықтың қырылуына себеп болып еді. Соған қарамастан, біздің ата-бабаларымыз өзара 20 жыл бойы соғысып, 25 хан бірін-бірі өлтіріп, Алтын Орда мемлекетін күйреткенде, Ясауи жолының өкілдері Әмір Темірді таққа отырғызған болатын. Оның алдына Шыңғыс хан империясын қайта қалпына келтіру міндеті қойылды. Ол Тоқтамысты Алтын Орда тағына отырғызып, Алтын Орданы қалпына келтірді. Ол өзінің алдына қойылған басқа міндеттерді орындауға кіріскенде, кеше өзі таққа отырғызған Тоқтамыс хан Руханият билігіне қарсы шығып, 1389 жылы Яасыға келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қиратты. 1392 жылы Әмір Темір Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанып, оны Булғар жерінде талқандады. Тоқтамыс қашып Литваға кетті. Әмір Темір кері қайтты. 1393 жыл­дан бастап, Тоқтамыс өзінің Әмір Темірге қарсы әрекетіне қайта кірісті. Бұған қаны қарайған Әмір Темір Тоқтамысқа дем беріп, айтақтап отырған Еділ бойы қалалары мен Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы қалаларды қиратуға мәжбүр болды. Соңында орыс қалаларына бет бұрғанда Владимир қаласын қоршауға алып, енді шабуылға бұйрық бергелі тұрғанда Қызыр пайғамбар келіп, Құдай тарапынан орыстарға шабуыл жасауға тыйым салғанын хабарлайды. «Әмір Темірге Қызыр пайғамбар сен оларды қорқыт, бірақ шаппайсың. Бұйрық осы», – дейді де, өзі орыстар жа­ғына өтеді (бұл әңгімені 1975 жылы әс­кер­ден келгенде ауыл молдасынан, өзімнің алғашқы ұстазым Бекболат атадан есітіп едім. Кейіннен сол оқиға баяндалған қолжазбаны өзім аударып, жариялағанда да мән бермеппін). 
Осы оқиғадан кейін Әмір Темір түр­кілердің, олардың ішінде, өзінің де қандай қателік жібергенін түсінді. Сол қателіктің өтеуі ретінде Яасыға келіп, Қожа Ахмет Ясауи бабасының басына Орталық Азияда теңдесі жоқ алып кесенені салды. Ол Түркістан жерінің көнеден келе жатқан рухани орталық ретіндегі айбынын одан ары асқақтатты.
Алтын Орда күйрегеннен кейін түркілер Ясауи жолын – хәл ілімін сақтап қалу жолында үздіксіз соғыс жүргізуге мәжбүр болды. Ясауи жолының өкілдері 1428 жылы 16 жасар Әбілхайырды таққа отырғызып, Өзбек ұлысын тарих саханасына шығарды. Есейген соң ол да абсолюттік билікке жетемін деп Ясауи жолынан бас тартты. Өзінің беклер бегі болған Едігенің ұлы Уаққас биді өлтірді. Қобыланды батыр Ақжол биді өлтірді. Қазақ, өзбек, ноғай болып бір халық үшке бөлінді. Ясауи жолына адал болған халық қазақ атанып, өз мемлекетін құрды. Абсолюттік билікке ұмтылған Есім, Тәуке сынды хандар мемлекеттің тамырына балта шапты. Абылай ханның мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу жолындағы әрекеті ғана қазақтың одан әрі бөлшектенуіне жол берген жоқ. 
Құрметті оқушым, тақырып басқа еді, мына кісі қайда лағып кетті деп отыр­ған шығарсыздар. Бұлай тарихқа экскурсия жасаудағы бір ғана мақсат, өз болмысында рухани ілімнен шегінген әрбір қадамның қазаққа қасірет әкелетінін сезінсе деймін. Қазақтың бұдан ары адасуына жол да, мүмкіндік те қалмады. Адасқан Еуропа құрдымға кетуге бет алды. Рухсыз қоғам өзінің «даму» деңгейінің шегіне жетті. Азғындықтың жеті атасы пайда болды. Ал ондай азғындықты Құдай Тағала кешіре алмайды. Адамзат тарихындағы бізден бұрын өткен өркениеттердің күйреп, жер бетінен кетуі адам баласының рухани азғындыққа ұшырауымен тікелей байланысты. Кезінде адам болмысындағы рухани өзекті ысырып тастап, дамудың тек материалдық формасын дамытуды негізге алған Еуропа азғындықтың шегіне жетті. Олар бізден бұрын өткен Нұх пайғамбар қауымының азғындап, топан су апатына ұшырағанын біле тұра сол жолға бет бұрды. Олар қазіргі күнгі жер бетін түгелімен жайлаған апатты жағдайларды экологияның бұзылуынан деп түсіндіргісі келеді. Шындығына келгенде, бұлардың барлығының бір ғана себебі адам баласының рухани азғындыққа ұшырауымен байланысты болып жатқанын мойындағысы келмейді. Мына он сегіз мың ғаламды жаратып, өзі сеніп иелік етуді тапсырған адам ұрпағының бұлай азғындағанын Тәңір Тағала кешіре алмайды. Егер де біз әлі де болса, есімізді жиып, руханиятқа қарай бет бұрмасақ, онда ертеңгі күні солардың киген қамытын біз де киеміз. Сондықтан әлі де болса, мүмкіндік бар кезде руханиятқа бет бұруымыз керек. Кезінде Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс үзіліп, адамзат баласы материалдық болмыс жетегіне кетіп, ақырзаман апаты адамзат басына төнгенде Ясауи бабамыз ислам дінін шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеріп, Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта қалпына келтірді. Оның ықпалы бір мұсылман халқы емес, бүкіл адамзат баласына тиді. Қазіргі күні сол байланыс қайта үзілді. Адамзат басына қайтадан ақырзаман апаты төнді. Ол қатерден құтылудың жалғыз жолы – Қожа Ахмет Ясауи негізін салған тариқат жолын қайта қалпына келтіру, яғни Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайтадан қалпына келтіру. Егер ол байланыс қайта қалпына келмейтін болса, онда Нұх пайғамбардың қауымының басына түскен зұлмат біздің де басымызға келетінін түсінуіміз керек. Қазіргі материал­дық болмыс жетегінде кеткен санамызды қайтадан руханиятқа қарай, шынайы адами болмысқа қарай бұрғызуымыз керек. Ата-бабаларымыздың рухани іліміне қарай ұмтылып, соларды қайта тірілтуге әрекет жасауымыз керек. Өйткені Әулие – Алланың досы. Жаратушы Құдірет ешқашан өзінің достарын назарынан тыс қалдырмайды. Ол жерде әр кезде Алланың нұры бар. Сол нұрдан қуат алу әрбір адам үшін пайдалы. Тек сонда ғана рухани әлемге қарай қадам жасаймыз. Бір қуанарлығы, еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын зерттеп, халық арасына насихаттау мақсатында «Ясауитану» орталығын құруға пәрмен беріп, Түркістанда осы орталықтың ашылуы болды. Қазіргі күні «Ясауитану» орталығы «Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық-музейі» құрамында өз жұмысын бастады. Алайда бұл орталықтың өзінің жеке ғимараты жоқ. Осы тұрғыда орталықты орналастыруға боларлық қалада мешіт пен медресе болады деген дайын тұрған ғимараттар бар. Сол ғимараттарды облыстық әкімшілік ҚМДБ-ға емес, «Ясауитану» орталығына берсе, бар мәселе өздігінен шешілген болар еді. Бір жағынан ғылыми зерттеулер мен ізденістер жүргізіп, екінші жағынан рухани ілім іздеген жастарды оқытатын орталық та жұмысын бастар еді. ҚМДБ-ның қарамағында мамандар дайындайтын орталықтар жеткілікті. Жоғары оқу орны, университеті мен қаншама медресесі бар. Егер шын қажеттілік туып жатса, мешіт пен медресе салуға ҚМДБ-ның қауқары жетеді. Ал алдында айтып өткеніміздей, қаладағы дайын тұрған ғимараттардың бірі жаңа шаңырақ көтеріп жатқан «Ясауитану» орталығына берілетін болса, онда халқымыздың руханиятын жаңғыртуға бағытталған ізгі қадам болар еді.
Қорытып айтқанда, халқымыздың болашағы үшін рухани тұрғыда не керегін осы мақала шеңберінде айтуға тырыстық. Тақырыптан алшақ кеткен жеріміз де болуы мүмкін. Өйткені қазақ халқының болашағы ешқандай ма­териалдық құндылықта емес, рухани дамуда екенін түсіндіргіміз келді. Транс­цендентті, екі дүниеде қатар өмір сүретін адамның рухани болмысының қамын жемей, бүгін бар, ертең жоқ материалдық болмыстың жетегінде кету ақылы бар адам үшін қасірет екенін сезінсек деймін. Абай атамыздың мына бір айтқан сөзіне құлақ түріп, мәнін ұға алсақ, біздің бұл мақаланы жазғандағы мақсатымызды түсінер деген үміттемін:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

Зікірия ЖАНДАРБЕК

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.04.2025 | 09:54

Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады.
Асан қайғы

Ерұланның талдауынан толқып щыққан, көкірегінде адами сәуле қабылдар жүрегі бар жанды ойландыратын, тарихи деректермен шегеленген туынды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір