Тамыры терең тарих және абыздар аманаты
…Замана көшіне көз салып, ой елегінен, жүрек сүзгісінен өткізуді адамзат баласы әлімсақтан армандаған. Жазу, сызу пайда болып, алғашқы пергаментті ойлап тапқан ғалымдар осы арманды жүзеге асырды. Енді адамзат тарихы бірте-бірте хатқа түсе бастаған заман да келіп жетті.
Солай бола тұра, білгенімізден білмегеніміз көп… Өткен тарихқа үңілген сайын болашағымыз да анықтала түседі.
«Тарихты тұлғалар жасайды» деген тәмсіл бар. Осы – дәл айтылған тұжырым. Бүкіл түркі әлеміне танымал көрнекті түріктанушы ғалым, үнемі ізденіс үстінде жүретін ойлы қаламгер, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі Дархан Қыдырәлінің жақында ғана «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Абыздар аманаты» және «Тамыр» атты қос кітабын қолыма алып парақтай бастағанда, күллі түрік бабаларымның өткен мыңжылдықтардағы талайлы тағдыры мен адамзаттың ұлы рухани көшіне, ұлы өркениетіне жасаған, ықпал еткен ұлы тұлғалары көз алдымнан өте бастады. Оларды сүйсініп оқыдым, бас көтермей оқыдым. Теңіздің ұйығына түсіп кеткендей кітаптар мені тереңіне тарта берді, тарта берді…
Түріктілді жұрттың, ислам дінді елдің туын ұстаған, қаймағындай болған осынау тарихи тұлғалар бірінен-бірі өтеді. Бір тұлғаның тағдыры арқылы тұтас бір ұлттың немесе тұтас бір елдің, мемлекеттің жүріп өткен жолын, мұңы мен шерін, өрлеуі мен өшуін өрнектеп беруге болатынына осынау кітаптар көзімді жеткізді.
Қос еңбекке де түбі бір түркі жұрты құрмет тұтқан, алты алаш ардақтаған тұғырлы тұлғалар туралы зерделі зерттеулер, ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет еткен қайраткерлер жайлы эссе-мақалалар кіргізілген. Ал бөліп айтқым келетіні, «Тамыр» атты кітабына автор сонымен бірге кең қамтып, сирек деректерді құнарлы тілде сөйлете отырып, өте терең, өте ауқымды аяда Ұлы Далада құрылған ежелгі және ортағасырлық алып мемлекеттер туралы ғылыми тұрғыда іргелі, тарихи-танымдық мәні, маңызы аса бағалы әңгіме өрбітеді. Талдау жасайды. Даңқты бабаларымыздың Еуразиялық өркениетке, жалпы адамзат мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне қосқан сүбелі үлестерін сөз етеді.
«Ұлы Даланың алғашқы көшпелілері», «Тарпаң мінген темірші түріктер», «Ежелгі жұрт – Ергенеқон», «Ұлы Ғұн империясы», «Батыс Ғұн империясы», «Алтын әулет – Ашина», «Ұлы Түрк қағандығы», «Екінші Шығыс Түрк қағандығы», «Өрісті Өтүкен, киелі Керулен», «Құтлық қағанның құтты қонысы», «Қарахан мемлекеті және оның билеушілері», «Шыңғыс хан империясы», «Талас құрылтайы – Моғолстан мемлекетінің бастауы», «Ұлық Ұлыс», «Мәңгі ел мұраты – Қазақ хандығы» атты тарихи, әдеби танымдық мақалалардың әрқайсысының маңызы өте жоғары.
Автор осынау іргелі зерттеулерінде ескі сүрлеуге түспейді, бұрыннан белгілі деректерге сөз шығындамайды, тыңнан түрен салады, жарқ еткен жаңалықтарды ғана оқырманға жеткізуді көздейді. Ештеңені өзінен бастамайды. Алдыңғы буын ғалым ағаларының да орасан еңбегін орағытып өтпей, ылғи да ілтипат білдіріп, еске алып, тың деректер мен құнарлы ой-толғамдарын орайын тауып, ұрымтал тұстан оқырман зердесіне ұтымды жеткізе біледі. Асыра баяндау, артық бояудан таза, тек дәйек пен дерекке ғана құрылған осынау дүниелер бір-бір монографияның арқауын, бел омыртқасын көтеріп тұрғандай әсер тастайды.
Тарихи, танымдық деректерді, заманауи оқиғаларды, орасан із қалдырған кезеңдерді әсерлі сөйлету үшін де, алдымен, тіл керек. Бұл мақалалардың тілі, көркемдік қуаты, жазылу стилі тұрғысынан Дархан Қыдырәлі ешкімді қайталамайды. Өз стилін тапқан, соған ұзақ жылдар бойы төселген, айтайын дегенін төгілтіп ақ қағазға түсіре алатын талғамы биік қаламгер десем, артық айтпаймын. Мысалы, «Ұлы Даланың алғашқы көшпелілері» деген тақырыпты түп тамырынан тартып, таратып айтып келеді де: «Түрк әлемінің байырғы тамырларының бірі – далалық көшпелі скиф-сақтар. Еуразияның ұлан-байтақ аумағында, оның ішінде, қазіргі Қазақстан аймағында «Азия скифтері, сақтар» деген жалпы атаумен «сақтар, массагеттер, дайлар, исседондар, аримаспалар, аргиппейлер» сияқты көптеген көшпелі және жартылай отырықшы тайпалардың одағы өмір сүрді.
Қазақстанның оңтүстік аумақтарында тиграхаудта сақтар, дахтар, орталық аумақтарында исседондар, батыс аумақтарында савроматтар (сарматтар), солтүстік шығысында аримаспылар мекендеген. Ғалымдардың пайымдауынша, сақтарды түрк этногенезисінің бастаулары бар, олар ерте замандардан парсы және өзге тайпалармен көрші өмір сүрген», – деп тұжырым жасайды («Тамыр», «Атамұра» баспасы, 2024. 6–7 б.б.). Құнды дерек пе? Дерек. Әділ тарихи бағасын беріп отыр ма? Беріп отыр.
Екі кітаптың да дереккөздері, ғылыми құрылымы, ғылыми әдебиеті, ғылыми сілтемелері шегедей мығым. Өте сапалы түзілген. Бір таңғалғаным және сүйсінгенім, бірде-бір мақаласында босбелбеу сөйлем, мақсатсыз жазылған немесе көтеріп тұрған жүгі жоқ, дерегі жоқ жалғыз бетті де кездестірмедім.
Дархан Қыдырәлі нендей тақырыпқа назар аударып, қандай мәселені қаузамасын, алдымен, ұзақ зерттеп алып, қайталауға ұрынбай, оқырман үшін аса қажет, орасан маңызы бар-ау деген ақпараттарға ғана ден қойып отырады. Бір сөзбен айтқанда, жаңалығы бар дүниені ғана жариялайды.
Алты алаш ардақтаған тұғырлы тұлғаларға арналған кітабында түркітанушы ғалым Дархан Қыдырәлі Майқы биден Мөңкеге дейін, Қайду бек, Байбарыс баһадүр, Берке хан, Ер Едіге, Манас батыр, Шайбани хан, Низами Гәнжауи, Әлішер
Науаи, Имадеддин Насими, Әулие ата, Нұран баб, Еңсегей бойлы Ер Есім, Хан Кене, Сүйінбай, Исмаил бек Гаспралы, Мұстафа Шоқай, Маржани, Икбал, Ахмет Байтұрсынұлы, Тұрар Рысқұлов, Мұхтар Әуезов, Батыр Бауыржан, Әмір Нәжіп, Ғұбайдолла Айдаров, Оразақ Смағұлов, Телғожа Жанұзақ сынды билер мен батырларға, хандар мен қолбасшыларға, қаламгерлер мен ғалымдарға бір-бір іргелі, сүбелі, сүйекті мақалалар арнайды.
Бұл дүниелердің барлығы бір айдың, бір жылдың өнімдері емес. Ғалым-зерттеушінің ұзақ жылдардан бері қаламын қолынан тастамай жүріп, қыруар кітаптар ақтарып, сандаған мұражайлар мен мұрағаттарда, сирек қолжазбалар қорында, әйгілі кітапханаларда жатқан мыңдаған шаң басқан парақтарды аударып, көз майын тауысып, тірнектеп жиған, жүрек көзінен өткізген том-том қолжазбаларынан іріктеліп, сығымдалып шыққан, әр жылдары ұлттық басылымдарымызда жарияланып, қалың қазақ оқырмандарынан жақсы бағасын алған тарихи-танымдық, әдеби-көркем зерттеулер болатын.
Мен барлығын, бір бетін де аттап кетпей бар ықыласыммен оқып шықтым. Күллі түркі жұртының төрінде тұратын, ұлттық мақтанышына, баға жетпес рухани құндылығына айналған осынау тұлғалар қазақ тарихының тұтас галереясындай, тірі шежіресіндей.
Қаншама жаңа тұлғалармен танысамыз. Сирек мағлұматтарды, қоғамдық, саяси, әлеуметтік, күрделі оқиғалар ізін, тарихи кезеңдер ақиқатын, шынайы өмір шындығын күтпеген тұстан тапқыр айта білетін, кей тұстарда таным көкжиегін, ой ауқымын кеңге салып, заман биігінен, уақыт бедерінен толғап, тебірене қайырып, терең қазып жазу стилін қаламына дарытқан талантты қаламгер төгілтіп айта алатын қарым-қабілетін осы жолы анық аңғартыпты.
Мысалы, Әуезов және түрік әлемі деген тақырыпта мен де кезінде бір адамдай ізденіп едім. Ал Дархан Қыдырәлі өзінің «Әуезов және түркі әлемі» атты құнарлы мақаласында Мұқаңның түркі әдебиеті мен мәдениетіне жасап кеткен баға жетпес үлесін тыңнан тауып, концептуалды мәні бар бірнеше еңбегін санамалап, алғаш рет ғылыми айналымға енгізеді. «Әуезовтің түркі әлеміне ынтасы Алаш рухының буырқанып оянуымен тұспа-тұс келіп, алғашқы кезеңі дәуір тудырған сауалдарға өткір ой, ұтқыр пікір айтумен ашық та батыл басталғанымен, келесі кезекте саяси шектеулерге байланысты сақтығы сабырға ұласып, «Күн сөнгенше сөнбейтін» күретамыр тұғырнамасы теңіздің терең түбіндегі астарлы ағысқа біртіндеп айналғанын, бұл құбылыс тымық көрінгенімен тынысы кеңіп, арнасы мен алқабы ұлғая түскенін аңғаруға болады», – дейді зерттеуші.
Заманның мың құбылған желін, тыныс-тіршілігін автор тамыршыдай тап басып танып отыр. Алаштың мен деген қайраткерлерінің, көсемдерінің болашақ тағдыры сол жылдары-ақ белгілі бола бастады. Дұрыс айтады. 1930 жылы түрмеге қамалған Әуезовтің қолынан келетін басқа шарасы да болмады. Басқа жол жоқ еді…
Әсіресе ғұлама ғалымның туған әдебиетіміздің тарихындағы ежелгі дәуір, Түркі империясы кезеңіндегі, ислам дәуірі тұсындағы, орта ғасырлар, Алтын Орда тұсындағы, хандық билік құрған, дербес, тәуелсіз мемлекет болған ғасырларымыздағы жыраулық поэзияға, ертегілер мен батырлық эпосымызға, тарихи дастандарға қатысты өте құнды ой-пікірлерін талдап, таразылайды. Әдебиет тарихындағы қаншама жаңа, тың ғылыми құндылықтардың көшбастаушысы, ғылыми мектептердің негізін қалағанын ажыратып айтып, терең талдап береді. Көбіне Әуезовтің өзін сөйлетеді, еңбектерін, кітаптарын сөйлетеді.
Түйіндеп айтқанда, қолымызға тиген қос кітап қазақ руханиятының қоржынына түскен құнды дүниелер деп есептеймін. Сәтімен жарияланды. Сапары ұзақ, оқырманы көп болсын.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың профессоры,
академик, ф. ғ. д.
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының хатшысы