Абай мен Дулат аманаты
21.01.2025
210
0

Ұлы даламыздың қайраткер ұлдары айналайын қазағының азат­тығы үшін қарумен де, қаламмен де күресті. Дана Абай да елінің еркіндігін аңсап, «ер сынарлық бескүндік майданның тамырын» басады. Халқының қайткенде озық жұрт­тардың қатарына қосыларын уайымдап, көріп-білгені мен танып-түйгенін мұқият пайымдайды.
Үнемі «өзінен-өзі есеп алып, естілердің айт­қан сөздерін» ақыл таразысында саралайды. Төрткүл дүниені мойындатқан жиһангер бабалар ұрпағының бодандағы ұйқылы-ояу халінен «сырты сау болса да, іші өліп қалғандай». Ел-жұртының еңсесін басқан заман тауқыметінен жаны аяз ұрған жапырақтай бүрісіп, қабағын мұң басады. Туған елінің еркіндігін аңсаған жанның, әлбет­те, жалғыз өзі ғана емесін де біледі. Осындай «жүдеулі» сәт­терінде Хәкімге Дулат Бабатайұлы сияқты абыз ақындардың жыр-толғаулары «ойына сана құйып, бойына қуат береді».
Атақты жыраудың көркем тілмен көмкеріп, тереңіне ой жауһары тұнған мұрасынан Абай жан азығын табады. Бір уақ, тіпті «жалғыздығын» да ұмытқандай болады. Егер жеке, басын ғана күйт­теген көпшіліктің бірі болса, «ығы зор» әке қанатының астында ештеңеге алаңдайтын да жөні жоқ. Жастық дәуреннің де, билік пен байлықтың да сыбағасы Хәкімнің бір басына қаптал жетеді. Осыған енді ақынның «қазақта қара сөзде дес бермеген» табиғи дарқан дарынын қосыңыз.
Бардың парқын білер жанға бұл аздық етпесе керек. Бірақ ол – Абай ғой! Құдіреті күшті Алла тағала «қайран қазағына» айсыз «түнде» бағыт-бағдар сілтеу үшін жаққан шамшырақ! Демек, кемеңгер ақынды мұңға батырып, уайымға салатын өз басының «сақинасы» емес, халқының жалтақ хал, күйбең күнкөрісі. Кәпірге кіріптарлықтан құтылып, еркіндікке жетудің жолы – «ақыл, қайрат, жүректі тең ұстаған толық адам» тәрбиелеу екеніне де көзі жеткелі қашан.
Алдыңғы ақын-жыраулардың тағылымға толы сөздерін Абай өз ұстанымының тезіне салып, қабырғасымен кеңеседі. Соның бірі – Құнанбай шаңырағының қадірлі қонағы Дулат Бабатайұлының ғибрат­ты мұрасы. Ұлы жырау­дың «Темірсіз теңдік алмайды… тетігін тауып темір соқ» деген өсиеті бостандық пен теңдікке жетуде өзі тапқан білім мен ғылым жолының дұрыстығын діт­тей түседі. Бодандық «құрығынан» босанудың жалғыз амалы – қарулы қақтығыс емес, оқу мен тоқу екеніне еш күмәні қалмаған.
Абай қандастарын «жарыққа» – ілім-ғылымға бастап, бауыр бастырудың зор қажыр-қайрат­ты талап ететінін де түсінеді. Семейдегі Ахмет Риза медресесінде дәріс ала жүріп, орысша оқуының да сыры бір өзіне ғана мәлім. «Орысша оқу керегін, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұрғанын» еріксіз мойындайды. Тіпті «зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі, олар дүниенің тілін білді, мұндай болды».
Жат жұрт­тарға жалтақ күй кешпеу үшін де ілім-ғылымды меңгеру қазаққа аса ділгір. Ал «әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды». Сондықтан Хәкім «өнерлерін айтысып, таласып келген қайрат, ақыл мен жүректі» ғылымға жүгінтеді. Бір уақ Дулат Бабатайұлының «темірсіз теңдік алмайды» деген тәмсілінен де теңдікке жетудің «тетігін» тапқандай болады. Оқу-білімсіз темір кенін игеріп, оны іске жаратудың екіталай екеніне сенімді.
«Темірсіз теңдік алмайды,
Тетігін тауып темір соқ…»
Қазақ даласында небір ұсталар бағзы замандарда-ақ темір, алтын мен күміс қорытып, олардың ісмерлігіне жат жұрт­тықтар да тәнті болумен келеді. Бірақ хас шеберлердің маңдай терімен суарылған еңбегі отбасынан, ат­тың сайманы мен қару-жарақ соғудан аспай қалатынын да ақын көріп жүр. Атақты жыраудың дуалы сөздерінен басқыншы биліктің «ызғарынан» қалқан, «дімкәс» жанына шипа тапқандай толқиды. Отарлық қасіретін алдын ала болжаған Дулат­тың «аса түсіп ағы да, әжімі де көбейіпті».
Абыз ақынның қайғы-шерінің куәсі бола отырып Абай «тірі болса да, анық тірі емес». Халық ауыз әдебиетінің қазыналы «сандығын» ақыл сәулесімен ақтарып, «жүрегінің көзін ашады». Аға буын ақындардың жекетұлғалар жөніндегі «Пайдасы көпке тимесе, Салтанат пен сәні арам» деген ұлағатын жадына мықтап тоқиды: «түбін ойлап, уайым жеп, ойланып түзеле ме деп, талай сөзді» өзі де көп айт­қан. Адам деген атқа лайық болып, көштен қалмаудың мәңгілік талабын есті «құлаққа» құюдан жалықпайды.
Алайда ел келешегіне деген үміті күннен-күнге көмескі тартып, оның басына түскен бодандық қасіретінен қабағы түйіледі: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үміт­ті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған…» Бас еркінен айырылған халқының аумалы-төкпелі заманда шалыс басуының қаупі жан-жақтан анталайды. Ұлт мәртебесін асырудың адал еңбекке, тынымсыз талап пен оқу-білімге тәуелді екені даусыз болатын.
Амал қайсы, «көнгенім-ақ соған деп табандаған» қандастары «өзі ермей, ерік бермей қор етеді». Ақын «Қадірлі басым, Қайрат­ты жасым / Айғаймен кет­ті амал жоқ» – деп, мең-зең күйде: «Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға. Не ол емес, бұл емес, Менің де күнім күн емес…» Бұдан асқан өкініш болар ма?! Жаңаға – басшы, ескіге – жұмбақ жанның күйінішін «кісімсінген білімсіздердің» ұға қоюы екіталай: «…Құлағын салмас, Тіліңді алмас / Көп наданнан түңілдім».
Төңірегін қалың тұман тұтып, «ой саларлық ағайын табылмаса», тағы не шара? Ызалы ақынның «Естісем үнін, Білсем деп жөнін, Көп іздедім қаңғырып. Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас», – деген ащы тілінен улы сия төгіледі: «Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным». Демек, ақынның өзінің «нені сүйіп, неден күйгеніне бір Алла мен арын ғана қазы» тұтудан басқа амалы жоқ.
Ақыл қосар ағайын табылмағаны аздай, құлдықтың қырсығы шалған қарындастары өзара дүрдараз: «аяз мүйізді қысса, мүйіз тұқылды қысқан» бодан әрі надан ортада тынысы тарылады. Оңашада «бұлт­тан өтіп мұнарды болжай-тұғын» Дулат ақынмен «мұңдасып», өзара «сұхбат­тан» Хәкімнің бойы жеңілдеп, көңілінің көзі шырадай ашылады. Жыр жампозының 1880 жылдың соңына қарай «Қазан» баспасы тұсауын кескен «Өсиетнама» кітабы Семейге тез-ақ жетіпті.
Алты алаштың дұшпанын «улы тілмен улатып, кегін сөзбен әперген» сөз сүле­йінің ойлары Абайдың жанына балдай жағып, көңілсіздік пердесін серпіп жіберген. Бір уақ алдындағы ақ қағаз селеулі беті Күнге шағылған Ақшоқыдай жарқырай қалды. Келесі сәт­те атамекені ақ бесіктей аялап, қоңыр жүзі нұрға бөленеді. Бейне бір бозбала шақта жүрегін тербеп, жанарын байлаған ару қызға деген махаббат «самалы» желпіп өткендей, серпіледі. Қолына алған қаламы өлең жолдарын өре жөнеледі.
Жүрегі лүп-лүп соғады… өмірдің «соқтықпалы, соқпақсыз» жолында жанын қытықтаған тәт­ті сезімді «үркітіп» алудан қорғанатындай. Ақ қағаздағы иненің жасуындай түйіршікті жайлап қана үрлеп түсіреді: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды. Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, ал қызыл бет тіл байлайды, – деп жыр арнасы ашылып кетеді.
Абайдың «көңіл құсы шартарапқа құйқылжып, шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды»: «Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген іш қайнайды. Сөйлесе сөзі – әдепті, әм мағыналы, Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды». Көз алдынан сұлу бойжеткен бұлаң қағып өте бергенінде өне-бойының ысынып, қызғылтым реңк араласқан жүзінің дуылдай жөнелгенін сезінеді: «Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар, Үлбіреген тамағын күн шалмайды…»
Қазақ жырауларымен қатар Шығыс шайырларының да ғашықтық ғазелдеріне бала жасынан қанық ақынның «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысына» деген талғам-талабы шыңдалып, өзі сурет­теген арудың ажары бұрынғыдан бетер құлпыра түсіп, көңіл арбайды: «Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды. Етіндей жас баланың білегі бар, Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы. Қолаң қара шашы бар жібек талды, Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды…»
Дегенмен ақынның айналасына, туған табиғатқа, ару қызға деген тәт­ті әсер мен әсем сырға толы әуелгі тебіренісінің Дулат жырауды «ұйқы мен тыныштыққа» зар қылған алаң көңілге алмасатын шағы да алыс емес. Малмен көзін ашып, одан басқаны ойламайтын ағайынның күлді-көмеш күйбеңінен ашық күн де көмескі тартады: «Адамзат тірілікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп, Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек…»
Жаратылысынан – жарық, адамдық талабына адал тұлға «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына кеткен» кертабан кезеңдегі халқының тым бейқам, тіпті өзара аңдысқан тірлігінен түршігеді: «Біздің қазақтың достығы мен дұшпандығы, мақтаны мен мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз… Өстіп, жер жүзіндегі жұрт­тың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе?».
Хәкім «жырымен елді жетелеген» Дулат Бабатайұлының ойлы да нәрлі сөз орамын одан әрі тарқатып, ендігі бар үміті – жастармен тілдеседі: «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық. …Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық». Соған орай, тіпті өз өкінішін де жасырмайды: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім».
Бар кінәні ақын, алдымен, өзінен көріп, себебін алаңсыз албырт шағынан іздейді: «Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы, Қолымды дөп сермесем өстер ме едім?.. Есіңде ме жас күнің, Көкірегің толық басың бос, Қайғысыз, ойсыз мас күнің», – дей келіп, жан сырымен бүкпесіз бөліседі: «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға да, ашуға да жақтым шырақ…» Бұдан әрі, бірақ «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын» деп замандастарына адамдық қарызын еске салады.
Алайда төңірегін қымтаған қараңғылық бұлтының жанарын жасқай беретіні де рас: «Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?!» Өйткені «Үлгісіз жұрт­ты үйретіп, қалдық ке­йін, Көп надандар өзіне тартар бейім» деп шындықты мойындайды. Абайдың немере інісі Шәкәрім де «замандасы болмады сөзді ұғарлық… Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан, Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан. Тегін білсең – аласың, бос береді, Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан… – деп, ұстаз-ағасын ерекше ардақ тұтады».
Өз қатарластарынан әбден көңілі қалған ол оқу-білім туралы өсиетін «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға аманат етеді: «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шат­танба, Ойнап босқа күлуге… Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз? Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз…» Ақынды мынау қас-қағым тірлікте «ғылым оқып ой таппайтын» қандастарына деген «ызалы күлкі» буады.
«Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы, Салқын қуыс – өмірі я қараңғы, – деп ақынның қабырғасы қайысады. – Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ, Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды». Ол жастарды бес дұшпан – «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан» сақтандырып, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» секілді бес асылды санаға тоқытады. Алла тағаланы, адамды және әділет­ті сүюдің ғана «адам деген атқа» лайықты өмір сүруге жеткізетінін айтып үлгеріп қалғысы келеді.
Данышпан ақын талапты жастан қолында бар асылын, әсілі аямақ емес. «Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық, – деп өскелең жасқа ой салудан дәмелі, – Ақылға, өмірге де адам кенде, Өлмес өмір, қайрат, күш – бәрі менде. Күнінде жүз қуанып, күліп жүрген, Осы адам уайымсыз неткен пенде?!. Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, Көңілінің көзі ашық сергек үшін». Жастарға осылай үміт арта отырып, жанына сәл де болса дауа тапқандай, ой-санасы сергиді.
Олай болса, Абайдың қырық жасында-ақ «қарт­тық мінез» танытуына таңдануға болар ма? Ол бұдан былай шын сырлас әрі «сеніскен досы» – кітаппен төл әдебиетіміздің теңіздей шалқар айдынында «желкен керіп», іш-құсасын да өлеңмен бөліседі. Балағына сүрінген, «ойға олақ, көңілсіз құлақтан» суынып, көкірегі булыққан Абайдың ендігі «бір тәуір дос», сенімді серігі де өлең: «Өзгеге көңілім тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың? Оны айт­қанда толғанып, Іштегі дерт­ті жоярсың…».
«Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз».
Абай қамал алатын шағында «Беріш боп шері байланған, Ұйқы беріп, қайғы алған / Қайғылыны уатқан» Дулат­тай шайырымен «бірге отырып» толғанады: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ақылың – ашыған у, ойың – кермек…» Халқының жер жүзіндегі озық жұрт­тардың қатарына қосылуын тілегенінде атақты жыраудың «Темірсіз теңдік алмайды…» – деп, өлеңге түйген өсиетінен тиянақ табады. Халқының бағзы замандардан бар темірді өндіріп, баптау тәжірибесі қайта оралуын көксейді.
Ал темір кенін табу мен игерудің, ең әуелі, оқу мен тоқуға тәуелді екенін Хәкім жақсы біледі. Бар арманы – қадір-қасиетін басқыншы биліктің зымиян саясаты «іріткен» қазағын өркениет көшінің алдынан қарсы алу. Сын садағымен «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ» алақ-жұлақ, күлкішіл, опасызды» нысанаға алады: «Ғылым да жоқ, ми да жоқ, Даладағы аңдарсың, Жүрегіңмен тыңдамай, Құлағыңмен қармарсың…» Сырт көзден сырын бүккен Дулат жырының жарыққа бастаған сардар «мінезіне» сүйінеді.
Өлең сөздің «сәйгүлігі» еліктірген ақынның шабыт «тұлпары» өнер бәйгесінде қара үзуден үміт­ті. Атақты жырау­дың, әсіресе темірді қандай мақсатқа пайдаланудың ара-жігін ашып көрсеткен адамгершілік ұстанымына разы: «Ұста соққан темірден / Әртүрлі аспап, сайман бар. Темірсіз теңдік алмайды, Керектісін сайлаңдар», – деген ол кетпен, балта, ара, қысқаш, балғаның «күн көрудің құралы» екеніне назар аударады. Бір қарағанда, кәсіп жайын ғана қаузайтындай көрінген толғаудың ойы терең.
Дулат­тың, әсіресе «түбі қарғысқа ұшырататын қылышпен хандардың ғана орындалар мұраты» деген тұжырымы Абайдың барша адам баласын бауыр санаған жүрегінің мейірім пернесін тап басады: «Қылыш алсаң қолыңа / Біреуге зорлық істеуге, Біреудікін тартып ап, Өзіңдікін күштеуге, Қайда барсаң, оңбайсың, ұшырарсың қарғысқа». Ойына «тамыздық» болған өлеңнен Хәкімнің жаны жадырайды: «Адамзат­тың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы осы деп әділет­ті».
Бұл үшін, бірақ «Біріңді қазақ, бірің дос / Көрмесең, істің бәрі бос». Тегінде, қай халықтың болсын темір кенін игеріп, оны кең қолданбайынша қолындағы шаруасының қарымсыз болып, өзгеге күні түсері кәміл. Өзі көзін көріп, батасын алған Дулат ақынның өлең «бәйгесін» қыздырған жүйрігін «тізгіндеп», темір туралы өсиетінің қайнарынан шөлін басады. Мұндай кез­де Турағұл әкесінің «өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайтынын» байқайды.
Хәкім «естілер-естілместей ғып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп жазып кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды». Қағазға шүйілген ол бәйгеге қосқан жүйрігінің мәреден жарқ етіп өтер сәтін күткен бапкердей тақымын қысады. Жыраудың «темірдің теңдік» әперетіні туралы тәмсілінің шумақ-шумақ өрімін енді өз тұсынан тарқатады: «Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әртүрлі кен…»
Бұдан әрі ақын темірдің қасиетін жұмбақ етіп жасырады. «Ішінде жүз мың түрлі асылы бар, Солардың ең артығы немене екен?». Осылай жұмыр жердегі «қазынаның ең артығы» – темірді игеру туралы ғана жазғандай бола отырып, Абай да адам баласы үшін аса қымбат оқу-білім «сандығының» кілтін ұстатады. Өлеңдері мен қарасөздерінде «халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» (М. Әуезов) екеніне ұйытып, ел-жұртын өркениет көшінің алдынан қарсы алудан үміт­ті.
Шынында да, «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды… жан құмары: білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен», яки еркіндік пен теңдікке де жетудің амалы – ілім мен ғылым жолы. Өз еркімен ой «тұтқынына» айналған Абай түн болғанын үйдегі бала-шағаның жасқана сыбырласқан күбір-күбір даусынан ғана барып аңдайды. Ақынның жатар алдында «біреуге ертегі айт­қызып, не өзі айтып отыратын» әдеті.
Осыны білетін үйдің үлкені мен кішісі қазір де отағасының аузына қарайды. Кешелі-бүгін оқу мен білім әлемін емін-еркін шарлаған Хәкім әуелі «жан құмары» туралы жұмбағын жасырды: «Сыналар, ей, жігіт­тер, келді жерің, Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең, әрнені білгендерің». Бәрі жапатармағай, жарыса ойланғандарымен, жауабын ұлы Мағауия табады. Сөйтіп, «жан құмары – білмекке құмарлық» туралы жұмбақ өлең елге жайылады.
Ендігі тыңдайтындары Дулат Бабатайұлының «Бір патша» ат­ты ертегі жыры. Оны жат­тап алып, айтып беруді әкелерінің Мағауияға алдын ала тапсырғанынан олар хабардар. «Қазақтың ертегісінен, Абайдың айтуынша, бұрын оның қай жерлерде жүргені, көршілесі, күндес елдері кім екені, қарекеті не екені, елдің арманы, білімінің қандайлық кезінде шығарғаны көрінеді». Алашорда қызметінде жүргенде де Тобықты жұртын ертегі-аңыздармен әкесінің алғаш таныстырғанын Турағұл мақтан етеді.
Сонымен бүгінгі тыңдайтындары – «Бір патша» ертегісі. Ағасы Мағауияның өлеңді мұқият жат­тап алғаны көрініп-ақ тұр. Бастапқыда, жыр жолдарын судыратып ала жөнелген оны отағасы қабағымен «шаужайлап», ол бірқалыпты ырғаққа ауысты. Кәкітай «шоң» өзара «қу көсе» деп әзілдесетін жас ақын өлеңді үйреншікті дағдысымен мәнерлеп жатқа айтады. Ертегінің кей жерінде Мағауия­ның дауысы сыбырға көшіп, отырғандар құлақтарын «созып», ентелесе қалады.
Соңында «дәулет пен қазына басып жатса да, қанағат жоқ, тәубә жоқ, тойым­сыз патшаның қырғи соққан торғайдай» жер құшқанына тыңдаушылар мәз-мәйрам болысады. Осылай адалдық пен «әділет, шапқат» сезімі ақын ұрпақтарының бойына бірте-бірте дариды. Бірақ әкелерінің бұл өлеңді таныстыруының шын себебінен олар бейхабар. Мұның жауабын «От­ты ұстап тұрғаным, Отқа бәрі табынбақ, От­тың тілін білгенге / Жердің жүзі бағынбақ, – деп, ертегі кейіпкері – сұлу қыздың өзі береді.
Барша тіршіліктің, оның ішінде, от­тың да тілін білудің оқу мен білімге тәуелді екені аян: «…От­тың тілін үйренсең, Орындалар тілегің». Дулат жыраудың туған елінің өзге жұртпен терезесі тең болуын тілеген арманынан Абайдың көңілі қанат­танып, темір мен от туралы ой құшағында қалғып кетеді. Алайда «ұйқысы әдетінде шағын, жалпы жұрт­тан кеш жатып, ерте тұратын» ақын көбінесе өң мен түстің арасында болады. Жанына батқан бодандық пен қараңғылыққа зығырданы қайнайды.
Ондайда бірде Семейдегі білімпаз достарымен әңгімелесіп отырады… енді бірде қаладағы кітапханадан алған құшақ-құшақ кітабы мен газет-журналына қуанып отырады… келесі сәт­те жаңағы «олжасын» жоғалтып алып, іздеп отырады… Қайта қалғып кеткенінде «елге жеткізсем, өзім де, көзі ашық жастар да оқысақ» деген дүниесінің «қолды» болғанынан ұйқысы ашылып, ренжіп отырады. Оқуға алса құба-құп, ал өзінің кітапқұмарлығын жақтырмайтындардың іштарлығы болса ше?
Қандастарының «бірінің-біріне қаскүнем болып, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғыны» жабырқатады. Өзін талайдан бері мазалаған сауалдың жауабын да біледі: «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді… Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүние­дегі жақсы-жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады…»
Келесі күні де ақын кешегі ой шырмауынан оңайлықпен босанып шыға алмайды: «Естілердің айт­қан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады… естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Ұлы ойшылдың «білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі не керек?» – деп, жорғалай жөнелген қаламы сәл-пәл ауада «тыныстап», қайта «бауырын» жазады:
«…әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарт­тары бар…».
Сондықтан «Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас,– деп, түнде ұйқысын ұрлаған ой «сүрлеуі» енді ап-айқын тартылып сала берген: «Әуелі білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек… ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек…» Осыны жаза отырып Хәкім терең ойлы, от тілді Дулат­тың ел басындағы зобалаңды көре тұра үнсіз қала алмасын әбден түсінеді.
Ежелден «айтпаса, сөздің атасы өледі» деп, турашылдықты ұстанған ақын-жырау­лардың озбыр әрі айлакер отаршыл биліктен жасқанбай, қарсы шауып, күндей күркіреген «найзағай» намысы әрқашан ұрпақ жадында. Олардың отаншылдығы мен шыншылдығына Абай да әрқашан сүйінумен келеді. Ақынның Әйгерімнен туған ұлын Турағұл деп атауы да содан. Перзенті оқу-білімге сүйеніп, турашыл болсын дегені: «…ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.
Абай «бахасқа бола үйренбей, әрбір хақиқатқа тырысып, иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұтып, өлсең айырылмауды» тапсырады. Бірақ «ғылымды, ақылды сақтай-тұғын мінез деген сауыты болады» екен. Қазағының сол бір «табиғи мінезін» құлдықтың балшықша илеп, қалауына көндірген өктемдігінен шерленеді. Арызқойлық пен жағымпаздықтың салдарынан жік-жікке бөлінген алакөз ағайынның жуырда басы қосылып, жауға шабар қауқары байқалмайды.
Оның үстіне, от­ты қарумен жасанған басқыншыға қарсы қылыш-найзамен көтерілген күнде халқының қайраты жетпей, жігері жасып, босқа құрбан боларын ойласа, еріксіз түнереді. Хәкім «бодандық» бұғауында тыпырлаған ел-жұртының азат­тыққа жетуі үшін оқу мен білімнен басқа жолдың қалмағанын ет жүрегімен түйсінеді. «Қайран елін» ұйқыдан оятып, қарекетке көшіруге белін бекем буған қайраткер ақын өскелең ұрпаққа ілім-ғылымды аманат етеді.

Болат Жүнісбеков,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір