Орағаңның аманаты…
Жалпы, «өркениеттің», қасаң қағидалы қоғамның айыр құлаш жезтырнағының адам жанына салатын ойдым-ойдым іздерін аршуды бүкіл творчествосына арқау еткен жазушыларымыздың бірі – Оралхан Бөкеев еді. Мәңгілік мызғымас категориялар мен өткінші адам табиғатының бетпе-бет келуін арқау еткен О.Бөкеевтің ірі шығармасы – «Атау кере» повесі. «Атау керенің» алайда оның басқа шығармаларынан бір ерекешелігі бар. Егер бұрын мәңгілік стихия – сынаушы күш, қыл көпір болса, бұл шығармада жасампаз күш, адам жанын дүр сілкінтіп, түлетіп, баяндылық жолына бұратын, «тазалықшы» құбылыс.
«Атау кереде» бір-бірімен жиі шағысатын екі бағыт бар. Олар – «қауіпті будан» Ерік және өмір сырғанағында тайғанақтап, оңбай тайып жығылған Таған. Осы екі әлемнің қақтығысы, өмір сайысы – асқаралы Алтай тауының бөктерінде өтеді. Қаламгердің бұрынғы шығармаларында табиғат – сырлы, сыншыл стихия, мызғымас алып күш ретінде суреттелсе, «Атау кередегі» Алтай тауы – жанды кейіпкер. Сондықтан шығарманың үштен екісі соның суреттеріне арналған.
Жалпы, О.Бөкеевтің қай-қайсы шығармасын алсаңыз да, табиғат – сұлулық өрісі. Адамдар әлемінен, өркениеттен «қуылған» немесе аластатылып үдере қашқан үйлесім табиғат ананың бойын сағалағандай, тек соның бауырына тығылып, жан сақтап, аман қалғандай. Сондықтан әсемдік пен үйлесімділік қашқан адамдар әлеміндегі қарым-қатынас та тым құрғақ, тым дөрекі. Еріктің өзін жыл бойына зарыға күтетін, сүйетін келіншегі «Перінің қызы Бекторы» – Бекзатқа деген қатынасы да сондай.
– Өртеп-ақ жаққан екенсің… (Монша жөнінде).
– Сенен немді аяйын. Сағыныштан шығар…
– Ыстыққа күйіп өлсін дегенің бе? – деп, Ерік әзілдеген болды. Бірақ басқа-басқа, бұл жігітке әзіл айту жараспайтын. Балшықтан төртбұрыштап қолапайсыз соға салған секілді, төртбақ денесі селкілдеп рахаттана күлгенін естіген, суық та сұсты ақ сұр бетінің жайсаңдана жадырағанын көрген пенде жоқ-ау, әй, жоқ!..».
Міне, кеңістік төріне тарыдай шашылған адамдар тағдыры бір-біріне қапелімде жұғыса қоймай, дөрекілеу қалпымен көрініс береді. Бір-біріне ұмсына түсінуге, түсінісуге деген талпыныс жоқ. Еріктің Құдай қосқан қосағы
Айнаның ойы: …«Тәңірім-ау, сонда не қызық көрді? Көрер қызығымыз алда дейін десе, өзі отыздан асып, Ерік қырыққа толыпты…». Ал Еріктің орыс шешесі – Нюра – Нүрке кемпірдің ойы бір басқа. – «…Күні ертең жиған-тергеніңе ие болар ұрпағың жоқ болған соң, дүние боқтың керегі не? Шыр еткенге зар қылған тәңірдің тәлкегіне не дауа»… «Жалғыз бала қатты болады деуші еді, содан ба, Ерігім өсе келе жұртқа жұғымы жоқ, даланың тағысы секілді тәкаппарлау болып кетті. Саған да обал, келіншырақ, ішім сезеді, құсалық бар, қайтейін, Алтайдың аңғарына қамап тастайтын аң емессің…». Міне, осылайша, алғашында салғырт та маңғаз, сұлу да тәкаппар көрінген Алтай аңғарының – Еріктің пейіліне сай
Айнаның жанын езген қапас болғандығын біле бастаймыз.
Осы повестегі екінші бағыт Тағанмен байланысты. Оның алғашқы шығарма төріне шығу ұсқыны – … «жетім балаша қол-аяғын бауырына ала бүрісіп жатқан маскүнемнің жанына жақындады. Үсті-басы адам көргісіз кір-қожалақ, ұзын болып өсіп кеткен шашы құйын ұрғандай дудырап білтеленген, кір басқан аяғына әбден тозығы жеткен бәтеңкені шұлықсыз сұға салған және өмір бақи шешпейтін болуы керек, бауы шиленген, ауының, өңірінің бірде-бір түймесі салынбаған. Ең сұмдығы сол – жатқан жері, жамбасы су, астына жіберіп қойғанын сезбеген-ау, жазған…».
Алғашында болашағынан үлкен үміт күттіріп, дарынымен жарқ етіп, дүйім елді мойындататын кейбір жас жігіттердің кейін, ондаған жылдар бойы бар мүмкіншілігін сығып бере алмай, берекесіз күн кешуі – сол кездегі қасат қоғамның қалпына салып қарасақ, заңды да. Таған да сол галереяның жалғасы. … «Алматыда бес жыл қатар оқыған, аспирантураны тауысқан, ешкім жауырынын жерге тигізіп көрмеген жігіттің сұлтаны, қыз-келіншектің сырттаны – Таған еді!..». Сол Таған енді, міне, ішімдік үшін қу құлқынның қамымен айдаладағы Еріктің ауылына құл болуға мойынсұнып, ілбіп басып келеді.
Не қоғам адамның бар қабілетін өз игілігіне сарқа жұмсай алмай, не тұлға берерін қоғамға сығып бере алмай, екі арадағы үйлесімділіктің бұзылған тұсы – осы Таған. Алайда тіршілікке деген жоғалған құштарлығын, өмірдің баяндылығына деген сөнген үмітін Таған мәңгілік стихиямен – Алтайдың жадыраған табиғатымен, тәкаппар биік үнсіздігімен бетпе-бет келгенде табады. Оның жаны да табиғат жанына сәйкес қайта түлеп, ол бірте-бірте өз ренессансын, қайта жаңғыруын бастан кешіреді.
Шығармада әлсін-әлсін бой көтеріп, әр жерде бір жылт етсе де, мағынасы, көтерер жүгі қомақты екі сала бар. Бірі – аралар мемлекеті, екіншісі – Қатын суының арғы бетінен жұмасына бір көрінетін, салт атты, жаулықты қыз.
Аралардың арасында – африкалық пен еуропалық тұқымдарды будандастырғаннан пайда болған «Қауіпті будан» бар. Сол «қауіпті будан» ақыраяғы – Еріктің өзі қолқалап, мыңдаған шақырымдардан алдырғанына қарамастан, оның шешесі Нюраны шағып өлтіреді… Әрі беріден соң, Еріктің өзі де – сол «қауіпті будан» деген түйін жасайды автор.
Аралар арасындағы «қауіпті будан» – жат-жұрттық тұқыммен будандасқан ұрпақ. Ал Табиғат-ананың бойындағы қауіпті будан – адам, адам болғанда, Ерік секілді, иман-ниеті бұзылған ұрпақ. Әрине, «Атау-Кередегі» Ерік проблемасын тектік сипаттармен ғана түсіндіру – автордың позициясын тым қарабайыр бағалағандық болар еді.
Тағдырдың мұзтайғағында тайып жығылған Таған – қаймағы бұзылмаған мәңгілік сұлулық – Алтай қойнауына келгеннен кейін қайта жаңғыруын бастан кешіріп, Өмірге қайта оралады. Оралғанда, өгей өмірдегі жалғыз тіреніші болған енесі – Нюрадан, Нүрке кемпірден айырылған Айнамен бірге оралады. Екеуі сезім табыстырып, жұбымен оралады…
Шығарманың «Атау-кере» аталауы тегін емес. «Атау-кере» – адамның өлер алдында, яки ақтық демі таусыларда ғана ұрттайтын сусыны.
…«Бұл жалғандағы ең сорлы нәрсе – өзіңді-өзің тұтқындау, өзіңнен-өзің қашып құтыла алмау, бұған дейінгі жиіркенішті әрі жаныңды жарылқамай жаралайтын ойсыз қылықтарың мен опасыз әрекеттеріңнен құлан-таза арыла алмау немесе тазалықтың нарқын бағамдай отырып, рухыңа, болмысыңа, тіпті тәңірім-ау, табиғатыңа жат оғаштықтың ортасында сүңгілесіп жүру емес пе»? – дейді автор. Міне, мәселе осында – осынау «табиғатыңа жат оғаштықтың ортасында». Бұл – Орағаң баяндаған өркениеттің символы. Өйткені Адам мен Жалған арасындағы үйлесімділіктің, табысулардың – «адам табиғатына жат оғаштықтың» тұсында жүзеге асуы әсте мүмкін емес. Өйткені өркениеттің бойында табиғатқа, әсіресе адам жанына «қауіпті будандастық» бар. Ол будандастық ізгілік атаулыны өзіне жат, «артық» көріп, денесінен сығып тастаған. Аластатқан…Сол «будандастық» – адамзаттың «атау кересі» болып жүрмесін?! Өйткені тарих аренасына түп-тұқияны күңгірт, шала, иман-мұраты шайқалған, алаңғасарлау, дүбәра құндылықтармен сусындаған жаңа буын-будандастық келе жатыр. Өзі айтпақшы, «адамның арманы бұзылмаған заманда» өмір кешіп, сол заманда мәңгілікке сапар шеккен Оралхан Бөкеевтің өркениетке бағыттаған ескертуі, аманаты – осы…
Ермек АМАНШАЕВ