АЛЛА АМАНАТЫ
12.12.2022
763
0

Қарасөз бен Қараөлең

Ерекше сезімтал, сергек, көргек адамдар болады. Керісінше, салмақты, сабырлы, салиқалы адамдар болады. Алғашқысы (мінез-құлықты айтам) – көбіне ақындарға тән, кейінгісі – жеті өлшеп, бір пішетін қарасөз иелеріне лайықты. Иә, сіз бен біз айта беретін Назым мен Насыр. Уақыт деген ұлы мәртебелі ұғым-танымды кез-кезеңімен салмақтап-сараласақ, екеуінің қоғамға, әлеуметтік ортаға қызмет атқару аясы әрқилы. Солай болып көрінгенімен, ортақ мақсат – ағзы-баяғы мен бүгін-ертеңнің арасын алтын жіппен әдіптеу, ой мен сананы үнемі алға оздыра отырып, адамзат әлемінің рухани өсу, даму, өркендеу үрдісін назарда ұстау. Мұндай ұстанымды келер-кетер уақыт, озар-көшер замана тек осы бір өнермен де өлермен жандарға беріпті! Алладан келген аманат! Ал өңгесі – пенденің пейілге сай пешенеге бұйырған жазмышы. Одан өзге болуы да мүмкін емес. Себебі: «Қар кетеді – Жер қалады, Хан кетеді – ел қалады». Өйткені «Ақынның аузына Алла сөз салады». Жазушы, Ақын деп айдарлағанымыз болмаса, екеуінің де анасы – Сөз. Ананың әзіз омырауын еміп өскен егіздер. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» іспетті қазақы қалып ілкідегі сөзді беріректе қостай, үстей түседі деп ұғынсақ керек.
«Заманына қарай амалы» демекші, біздіңше, дәл қазір қандай ауыртпалық кезеңді, мойынсал мезгілді басынан кешіріп жатқанына қарамастан, поэзияның қан тамыры, ісініп-тасынып кетпесе де, үрдісінше үздіксіз бүлкіл қағып тұр. Бұл – асыра, не әсіре әспеттеу емес, әдеттегі ақиқат. Мұны, сөйлесе не сырласа қалсаңыз, қарасөз өкілдерінің қай-қайсысы да мақұлдайды. Кезінде, ано-оу он тоғызыншы ғасырдың қат-қабат қапталында қарасөздің қатепті қара нардай ауыр да абыройлы жүк арқалағанын көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Бұл кезең Батыспен қоса орыс жазбагерлерінің қалам қарымына бірдей қатысты.
Уақыт өзгерді. Одан бергідегі қым-қуыт оқиғалар сүреңін алға тартпағанның өзінде, ілуде бір болатын формациялар алмасуы адамзат баласының өмір сүру, ғұмыр кешу салтына күтпеген өзгерістер әкелді. Дүниенің тең жартысы ғасырға жетер-жетпесте «жаздық, жаңылдық» деп сол баяғы қартаң жолға қайта түсті. Алланың бұйрығы шығар – құйрық жағына. «Төрдегілер күлсе, ауызүйдегілер ыржиядының» кері болды да шықты. Басқаны қайдам, біз пақырларға, яғни руханият пен өнер өкілдеріне бұл заманауи төңкерістен кем түскен жоқ! Сол үшін де біз күні кешегі «қырғиқабақ кезеңнің» «қызылдарын» да, «ақтарын» да ешқашан, ешуақытта кешіре алмақ емеспіз!..

* * *
Қалыптан шыққан үрдіс адам баласының қас-қабағына қарап жатпайды. Қаладың-қаламадың, жаңа ғасыр әлетіндегі өмір өрісі өз керегіне сай сипат алды. Идеология есіктен сығалап, саясат төрге озды. Күнкөрістік дейсіз бе, дүниеқоңыздық дейсіз бе, патша көңіліңіз білсін: қанағатсыз, тоңмойын, тойымсыз бір әлеуетті күш атқа мінді. Оның айтқаны мен дегені – баю, тою, кердең қағу, кекірік ату. Ол сіздің ақыл-кеңесіңізді, парасат-пайымыңызды, Алла дарытқан даналығыңыз бен даралығыңызды аса керек етпейді. Керек ете қалғанның өзінде, сізді пұлдық құндылық пен құлдық психология ұғымында ұстағысы келеді. Әрине, бұл риуаятта Рухани дүниеңіз (Алла дарытқан) баяғы занжырлы (шынжырлы) зәңгілер сияқты оның не қолжаулығына, не құлақкесті құлына айналмақшы. Солай болып та жатыр! Дәл қазір біз бейбақ – Қарасөз бен Қараөлең иелері, айтты-айтпады, осы бір келеңсіз кесірлі кеспірді бастан кешіп жатырмыз. Өкініштісі сол, бұған етіміз де үйреніп үлгерді. Иә, шын асау шуламайды, тулайды. Алғашқы кезде туладық та. Тулағаны сол – қағазын өртеп, қаламын тастағандар қарамызды азайтты. Бірақ бұған ешкімнің қылы қисая қоймады. Жүні жығылғандардың біразы әлі де арамызда жүр. Біреулерден бірдеңені дәметіп. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, рухани демеу­шіміз – айналайын мыңболғыр Оқырманымыздан да ада-күде айрылып тыныппыз. Оның ішінде әке-шешемізден бастап, алыстағы, жақындағы жаппай қазақы жұртымыз бар еді… Затты жоғалтсақ, бірер күндік өкініші бар, жалпыны жоғалтқан жаман екен: «…екі көзден мөлтілдеп жас келеді…». Бөле-жарып қайтеміз, бұл «әттең-ай» – бүгінде бәрімізге ортақ опыныс. Кітап оқымайтын да жұрт болады екен – көріп те жүрміз, көніп те жүрміз.
Бұрын ұсақ-түйекпен араласы жоқ марғау, маңғаз қазақ баласының сарттың салты – саудаға араласып, сақалын сатуы қарадай өліммен қарайлас екенін шыққыр көзіміз көрді. Сөйтсек, ол да бір кәсіп пен нәсіптің арасындағы өлдімтал «өнердің» бірі екен. Талғажау тірлік тауқыметті тағдырымызға айналды. Абай заманындағы «сияздан», Бейімбет заманындағы «даудан» дал болып қайтатын қазағыңыз бүгінде «қайдан келесіз?» деген қалыпты сауалдан қара басын алып қашатын болды. Кешегі алушыңыз – бүгін сатушы. Ал сатушыңыз – Сана деген саяқ философиялық категориядан гөрі санау, санақ деген есеп-қисапты өзіне өте-мөте жақын көреді. Былайша айтқанда, сіздің санатта болмағыңыз күнбе-күнгі санаққа тікелей байланысты һәм бағынышты. Аз жыл ішіндегі осынау алай-дүлей өзгеріс, әсіресе санаткерлер ауылының «сал-серілеріне» сойқанды болмаса да сойылды соққы болып тигені анық. Сойылды соққыны баукеспе барымташылардан хабары бар адам жақсы біледі. «Абай» романын оқыған шығарсыз?..
Осынау рухани «ұрдажықты» ең алдымен біздің «ауыр артиллериямыздың» санаттағы сардарлары алды. Дәуір мен кезең оқиғаларына аспан асты, жер үстінен ақыл көзімен, сабыр тезімен қарайтын Қарасөз майталмандарының қарасы бүгінде қарашаның қырбақ қарындай қараң-құраң. Бірі – алаң, бірі – елең. Есін жиып, еңсесін тіктеп дегендей, есік пен төрге көз салғандары бірен-саран. Дүние дүмінің шолақ екенін күні бұрын сезіп-біліп қойған ерекше, бөлекше дарын иелеріне келсек, баланың ойынындай мына бір жайдақы, бойдақы тіршілікке көре тұрып көнгісі де, сенгісі де жоқ. Әліптің артын бағайын десе, әлекедей жаланған аялсыз да аяусыз қу тірлік айласыз, амалсыз өтіп-кетіп барады. Құдайға мың шүкіршілік айтсақ болады – бұларға қарағанда, Қараөлеңнің қатардағы қағілез жауынгерлері әлдеқайда ширақ та шымыр. Екі кезең арасының алтын көпірі демесек те, талассыз таразбаны осылар. Адам тағдырына алаңдап, қоғам қоламтасын жалаңаш қолымен уыспен ұстап, ауызбен үрлеп, Прометейдің от-жалынын өшірмей келе жатқан осынау жазбагерлердің бүгінгі жанкешті жаратылысына таңғалсаң болады! Баяғы сопылық шаһбаз шайырлардың Тәркідүниелік тәуекелі мен тәубешілігі тәрізді. Сенбесеңіз, көріңіз, біліңіз, көз жеткізіңіз – баяғы ішу, іш пысудан мүлдем аулақ, тапқан талқаны мен талғажауын (өжет те өміршең өлеңін, өнерін) ананың да, баланың да аузына тосып, ар-ожданын қамшылап, қаратер күн кешіп жүргендер де осы пәтшағарлар! Шынтуайтына келгенде, бірінің күйі жоқ, бірінің үйі жоқ, бірінің пұлы жоқ… Бірақ қайыршы емес!!! Қаңбақы да емес! Мына қауқарсыз, қауметсіз қауымға, анау ат төбеліндей «ақсүйек» ауылға қаймана да бола алмайды! Бірі – Алатауда, бірі – Қаратауда, бірі – Ақтауда, бірі – Көктауда, бірі – Ұлытауда… «Қыран құс не алмайды, салса баптап!..» (Абай). Бәрібір қансонарда! Шаңқылдаған шабытты шағында! Әлдебір Атымтай жомарт уысындағы жәми жұлдыздар жауһарын таң алдында жан-жаққа жамырата, шашырата шашып жіберген тәрізді! Қолына қалам ұстаған бүгінгі ақберен ақындардың тұлабой-тумысында осындай бір сұлу да суық сұс бар. Мейлі, астарлап айтсын, мейлі, ашынып айтсын, бүгінгі қоғамның бүркемелі шындығы оларды сынай отырып, шыңдау үстінде!..

Шындық шырағы

Ебіден ескен желдей есі-дертіңнің емі – көнеден қалған көз, атадан қалған сөз. Ақтамберді айтады:
«Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алтыауыз,
Еліңе кірер әреке…»
Бабалар айтудайын айтқан-ау, бірақ балалары – мына біз бұған құлақ асып жүрміз бе? Өсиет, әдетте, дуалы ауыздан адым сайын шыға бермейді, ілуде бір айтылады, ілуде бір айтылған сөзді ізет пен ілтипат иесі желге ұшырмай, жерге түсірмей іліп алмақ керек, ішкі астарын біліп алмақ керек.
«Біліп алмақ керек…» демекші, осындағы «әреке» сөзіне келгенде тоқталып қалдым, тосырқап емес, әрине. «Еліңе кірер әреке…». Әңгіме бірлік жайында болып отырғанда «әрекенің» жәй сөз емес екені анық. «Бүлік», «іріткі», «алауыз» сөздерінің баламасындай көрінеді. Бірақ тілімізден түсіп қалған, ауызға да жиі оралмайды. Таңсық сөз болса таңдай қағып, тамсана қайталар ма едік. Айтыла-айтыла ақжем болған деуден де аулақпыз. Кірме сөзге де қимаймыз. Әлде архаизм аулына атанып кетті ме екен? Бәлкім, тіл білгірлері көмекке келер? Ақтамберді бабамыздың аузынан шыққан сөз ғой бұл?! Астарында өміршең өсиеттің түпкі мәні жасырын жатса не дейсіз? Алды-артымызды орай қамтып отырған ақынды бұдан кейін Абыз демей не дейік?! Сол бірлік, сол татулық тағлымы әлі күнге дейін біздің – қазақы қоғамның тағдыр-талайында екені талас тудырмайтын шығар-ау…

* * *
Біз көбіне «ақыл айтатын ақсақалдарымыз ақаба судай азайып барады…» деп ауызды қу шөппен сүртуге машықпыз. Түк те олай емес! Саңылаулы санаға қай кезде де сәуле сарайы айқара ашық. Барды жоқ деуіміз – Жаратқанның жарлығынан емес, пейіл, зейініміздің тарлығынан. Тар шеңберден шыға алмаған пенде иесі өзін де, өзгені де ажалдың аузынан, тарының қауызынан іздейді.
Сонау бір кездегі сопылық ақындардан бастап кешелі-бүгінгі ғұламаларға дейін «Алланы танудан бұрын әуелі өзіңді танып ал» деп емеурін танытқанын, күні кеше ғана Мұқағалидың ту сыртына келіп: «Шеңберден шық, Фариза, шеңберден шық!..» деп әулиедей үн қатып, тәңірдің тал түсінде ғайып болғанын біреу біліп, біреу білмес. Бірақ бұл – аян емес, ақиқат. Ал шындықты шырақ алып іздеудің қажеті жоқ. Ол – сіздің ішіңізде, жүрегіңіздің терең түкпірінде. Тар кеудеңізді, тор кеудеңізді илаһи нұрға бөлеп тұр. Иә, Шындық шырағы! Шел басқан көз сияқты жел кернеген кеудеде ақыр бір күні өшіп қалуы әбден ықтимал. Көрдіңіз бе, шырақ үйге ғана емес, кеудеңізге де керек екен! Алыстан іздеп әуре болмаңыз, бұл сөз Абайда да бар: «Кеудеңде шырағың болмаса…», «Жүректің көзі ашылса…», «Жүрегімнің түбіне терең бойла…»

Күлгін түс

Жұмекен Нәжімеденовтың «Жеті бояуы» ойға оралып отыр. Танымал ақындардың ол кездегі жарық көрген әр кітабын жаңа туған Айға балаушы едік. Таласа оқып, жарыса жазатын жақсы ғадетіміз де бар еді. Сол кітаптың бірі осы – «Жеті бояу». Жас баладай сусамыр көңіл, Абай айтпақшы, сыртын қойып, ішіне үңілуге асығатын…
Енді қарасақ, заты былай тұрғанда, атында да біраз гәп бар екен-ау: жеті күн, жетіген (жеті кен), жеті муза, жеті бояу… Орекеңнің «Радугасын» Жұмекең «Жеті бояу» деп қазақыландырыпты. Жарасып-ақ тұр! Бұрын-соңды қалай ойымызға келмеген? Айтпақшы, «Кемпірқосағымыз» да бар емес пе еді? Атамзаманнан бері… Неге бұлайша қойған? Ойланатындай-ақ сұрақ. Не керек, аңсар-ауаныңыз әр саққа алып қашады. «Қосақ арасында кетпейік…» дейді бір пысықай ел-жұртқа ескертпе жасап. «Ендеше, «кемпір» мұнда не бітіріп жүр?» дейді көлденеңдеген біреу. «Екеуін қосақтап тұрып сабады-ай келіп…» дейді сөзшең бір жазушы. Не керек, «қос» түбірінің тамыры тарам-тарам. Ал менің бір түйсігім былай демек болады қарап тұрмай: кәдімгі өрмек, қызыл-жасыл бояулы. Өрмекке алшая қонып алып өрнек салып отырған кәдуілгі Қаракемпір. Өрімдей қыз, өрелі келіндеріне өнеге көрсетіп… Қалай десеңіз де, жерден көтеріп алып, немесе аспаннан түсіре салған әулекі сөз емес бұл! Әйдік-ақ естіледі. Сөйте тұра, Жұмекең әдейі өзгертіп отыр мұны. Осындай да «қисық-қыңырлығы» бар болатын ол кісінің…

* * *
Әдетте бояу басқа, түс басқа. Бояу жетеу де, түс түрліше. Мұны мына бізден гөрі суретші ағайындар өте-мөте жақсы біледі. Жақсы білген соң да, бір бояуды екінші бояуға арластырып жіберіп керегінше түр-өңі бөлек-бөлек басқа бір түс жасап алады. Мысалы, ақ пен қараны араластырып көріңізші, қандай түс шығар екен? Әрине, күлгін – не ақ емес, не қара емес. Ақын Жұмекен, күйші Жұмекен, ойшыл Жұмекен, суреткер Жұмекен осыны білген соң да, кітап атын «Жеті түс» емес, «Жеті бояу» деп айшықтап, айдарлап отыр. Әрі-беріден соң «өң» де, «түс» те бояуға балама бола алмақ емес, сыңарды былай қойғанда!..

* * *
Иә, Қазақ өлеңі. Ұлттық поэзия. Кешегі эпостық жыр-дастандардан бастау алған бүгінгі өлең өрнегі, өмір өрімі. «Жоқ» деуге жоқтаушысы да, «дат» деуге даттаушысы да болмауға керек бояуы анық, болмысы қанық кірпияз әлем. Әуенді де сазды, назды да нәрлі, ойлы да ожданды, пайымды да парасатты, айдынды да айбынды, шабытты да шалқарлы, жайсаң да жауһарлы ұлан-ғайыр бір әлем!.. Алуға сараң, беруге жомарт халықтың қанына сіңген қасиетті рухани қазынасы. Хақ қалауына жақ қауым, жұрт қана осыншама дүниенің қадіріне жете алса керек-ті. Анығында солай ма?
Фейсбукқа үңіліп отырсам, өзі де өлең жазатын жігіт болуы керек, «Аға, бір сұхбатыңызда «сын өлді…» депсіз. Мұныңыз тым артық емес пе?» депті. Бұл – әрине, ішкі қарсылық. Мен не дейін, «өлтіріп қайтеміз, бұл кеше болатын, ал бүгін ше?» деп қайыра сауал тастадым. Ол «дұрыс шығар…» деп дүдәмалдау жауап берді. Көрдіңіз бе, «әр кәллада бір қиял».
Мұны айтасыз, дәл қазір жұтаң жұрт, қаражаяу қауым – үлкені бар, кішісі бар, жаппай жазармандар ауылына өзінше «ат қойып, айдар тағып» жатыр. Әлгі қалақтай ғана «Айна-ижаһанда»! Олардың айтуынша ақыны бар, жазушысы бар – қаламгерлер қауымы дәл қазір түп-түгелімен сұраншақ та жыламсақ, ұятсыз да миятсыз болып кеткен көрінеміз. Бірінің айтқанын бірі қостай, қосарлай жөнелгеніне қарағанда, қарап жүрмей нені бүлдіріп алдық екен біз байғұс? Астана жақты жағалап, Биліктің есігін сағалап, қарайған жұртты табалап, кім-кімдерді мезі еттік екен, тәйірі? Айтпақшы, осы «білгір де білгіштер» күні кеше ғана «біздің сүйікті оқырмандарымыз» емес пе еді?! Бұларға бүгін не болған? Таңғалмасқа шара жоқ. Сөзім жаңсақ болса, анау қолыңыздағы фейс­букты ашып көріңіз. Осынау беталбатты бейәдеп сөздер көзіңізді оттай қариды, шоқтай шошытады! «Айдалаға оқ аттым – атқан оғым жоғалттымның» дәл өзі.
Айналайын, оқушым, білмесеңіз, көзіңізге ілмесеңіз, мен айтайын: біздің де оңып тұрған түгіміз жоқ. Қаламгер болған соң ғана қаламымыз қолда. Дәтке қуат, гәпке миятымыз осы ғана. Асып-тасып бара жатсақ – осы күнге дейін көздеріңіз көрер еді ғой, көңілдеріңіз жетер еді ғой. «Сол баяғы-баяғы – Байғожаның таяғы»: біз сіздермен біргеміз – өлсек те, тірілсек те!.. Тек өкініп тұрып өтінеріміз: айбаттан да, ғайбаттан да, өсектен де, төсектен де… (мұны әзірге қоя тұралық) аулақ болайықшы…
Есіме түсіп отыр… Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов) айтқаны бар еді: «Мен жыламаймын, жыласам – әйелден де асырып жіберемін…» деп. Құдай бізді жылатпасын. «Дүние өтер-кетер, кемпірім…» деген де бір мақамды мақал бар еді, оны әзірге айтпай-ақ қояйын. Рет-кезегі келер кейін… Ал қазіргі айтарым: қаперіңізде болсын, дәл қазір сол Қаламгер, иә, Қазақы Қаламгер өз алауы мен қалауында. Бірақ ішкі әлемі қандай: бай ма, кедей ме, әлде жарлы ма, жақыбай ма? Басқа-басқа, оны мына сіздер білуге тиістісіздер! Балдыр-батпақ өсек-аяң емес, Серт те, Семсер де осы! Қаперлеріңізде болсын: Өнердегі өмір өрнегі де әлемдегі үштағанмен өлшенсе керек: Кеңістік, Тереңдік, Биіктік!

 

Исраил САПАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір