Ясауи аманаты: руханият пен өркениет тоғысындағы адами капитал
17.07.2025
965
0

Жақында «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы» тақырыбымен Түркістанда өткен халықаралық симпозиум – рухани пікір алаңының өзегіне айналды. Жиырмадан астам елдің ғалымдары бас қосқан сол күндері киелі шаһарда ерекше аптап ыстық орнады. Бұл табиғи құбылыс көпшіліктің ішкі түйсігіне әсер етіп, әлдебір тылсым белгідей қабылданды. Ал конференция біте салысымен жауған жаңбыр бұл әсерді тереңдете түсті. Табиғат­тың осы бір үндестігі бұл шараның мәні мен мазмұнына назар аударуды талап еткендей болды маған. Ендеше, сол мазмұнға көз жүгіртіп көрейік.

 

Симпозиумның құны мен құндылығы

Негізі бұл іс-шараның өтуі «Қожа Ахмет Ясауидің еңбектерін жан-жақты зерт­теп, дәріптеу маңызды. «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады» деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасын іске асырудың нәтижесі десек болады. Осыған орай 2025 жылдың басында «Ясауитану» ғылыми орталығы ашылды. Орталықтың ашылып, Қазақ­стан мемлекеті мен бүкіл түркі жұртшылығы үшін, қала берді қазіргі тұтас адамзат үшін аса құнды іспен айналысуды бастағанына қуандық. Енді, міне, осы орталықтың бастамасымен Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктері бірлесіп, халықаралық симпозиум өткізуін батыл әрі дұрыс қадам деп бағаладық.
Қоғамның тұрақты дамуына кері ықпал ететін факторлар жетерлік. Оның басты себептерінің бірі – адамның өзін-өзі танымауы мен өмірдің мәнісін
түсінбеуі. Осы тұрғыдан алғанда Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы – әлемде теңдесі жоқ аса құнды ілім. Оны симпозиумға қатысушылардың басым көпшілігі өз баяндамаларында атап өт­ті.
Біз де осы ойды қуат­тап статистикалық мәлімет­тер мен ғылыми дәлелдер келтірдік. Қазақ­стан халқының әлеумет­тік-экономикалық хал-ахуалын сипат­тайтын көрсеткіштердің бірі – кедейлік пен әлеумет­тік теңсіздік. Кедейлікті өлшеудің абсолют­ті көрсеткішіне сай Қазақ­стан халқының бір миллионнан астамы кедей санатына жатады, ал оның салыстырмалы көрсеткішіне сай Қазақ­стан халқының шамамен екі миллионы, яғни он пайызына жуығы кедейлік деңге­йінен төмен өмір сүріп жатыр.
2025 жылғы Forbes журналының мәліметіне сүйенсек, Қазақ­станның жеті азаматы ресми әлемдік миллиардерлер санатына енген. Сол жетеуінің 2024 жылғы табысы Қазақ­станда өмір сүріп жатқан барлық кедейлердің жылдық табысынан шамамен екі есе көп. Ал енді әлеумет­тік теңсіздіктің өзгеру динамикасы, яғни байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық жыл өткен сайын артып барады. Егер осы өсу қарқыны сақталатын болса, айналдырған он жылда жаңағы жеті миллиардердің байлығы бүкіл Қазақ­станның жалпы ішкі өнімінен асып түседі.
Бұл сандардың құрғақ статистикадан әлдеқайда терең мәні бар. Олар Қазақ­стандағы әлеумет­тік теңсіздіктің шекарасы күннен-күнге ұлғайып, кедей мен бай таптар арасының алшақтап бара жатқанын көрсетеді. Бұл жай ғана экономикалық құбылыс емес, бұл – қоғамның іргесін шайқалтатын алапат толқынның хабаршысы. Егер бұл үрдіс қазірден бастап жүгенделмесе, ертеңгі күннің шындығы тым сұрапыл болуы мүмкін: аз ғана топтың шектен тыс байлығы тұтас елдің қазынасынан асып, тіпті мемлекет­тің өзі үшін саяси-экономикалық қарсыласқа айналуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл үрдіске тосқауыл болар нақты, пәрменді құрал жоқ.
Осы тұста бізге бағыт-бағдар болар бірден-бір рухани әрі қоғамдық жүйе бар, ол – Ясауи мұрасы. Ол көне заманның рухани жауһары ғана емес, ол – әлеумет­тік тепе-теңдік пен әділет­тілікке негізделген тұтас өмір сүру қағидат­тары. Қоғамдағы жіктелудің ұлғаюы – тұрақты дамудың басты жауы. Мұндай сын-сағат­та Ясауи ілімін тарихи ескерткіш ретінде ғана емес, терең әлеумет­тік-экономикалық модель ретінде қайта зерделеу – уақыт талабы.
Қазіргі қоғамның рухани кеңістігінде алаңдаушылық тудыратын жайт­тардың бірі – «кедейлік» пен «кемелдік» ұғымдарының бұрмаланып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеумет­тік желілер арқылы жалған бейнеде ұсынылуы. Бұл үгіт-насихат науқаны әсіресе жас ұрпақтың санасына терең сіңіп барады. Қарапайым тұрмысты – бейшаралық, кедейлікті – масқаралық, ал кемелдік пен табысты өмірді – тек байлықпен, миллиондармен, виртуалды танымалдықпен өлшейтін түсінік үстемдік ала бастады. Осылайша «өмірдің шынайы мақсаты – бай болу» деген үстірт ұстаным жастардың өмірлік мұратына айналып барады.
Бұл – аса қауіпті құбылыс әрі ішкі тірегі әлсіз, рухани иммунитеті жоқ, өмірдің алғашқы соққысында-ақ шайқалып түсетін, депрессия мен суицидке бейім буынның пайда болуына себеп болатын тенденция. Өмірдің мәнін материалдық байлықпен өлшеуге ұмтылу – адам болмысының тереңін түсінбеудің көрінісі.

Адами капитал трансформациясы және рухани негіз

Мемлекет экономикасының негізі болып саналатын адами капиталдың заман ағымына қарай қалай трансформацияға ұшырап жатқанына назар аударайық. Беделді әлемдік ұйым – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2001 жылы адами капиталға былай деп анықтама береді: «Адами капитал – бұл жеке тұлғалардың бойында қалыптасқан, экономикалық қызмет үшін маңызды білім, дағдылар, құзырет­тер және өзге де қасиет­тер жиынтығы». Ал енді сол ұйым 2025 жылы адами капиталға қатысты ойын мүлдем өзгертіп, басқаша анықтама береді: «Адами капитал – бұл зияткерлік, эмоциялық, цифрлық және рухани интеллектіні біріктіретін, технологиялық даму үдерісімен қатар бейімделіп, өзгеріп отыратын қабілет­тілік». Адами капиталға қатысты көзқарастарын соңғы бір-екі жылда ЭЫДҰ ғана емес, Халықаралық банк, Халықаралық экономикалық форум, ЮНЕСКО сияқты ұйымдар мен ғылыми қауымдастықтар да өзгертуде.
Қазіргі кезде адами капиталдың негізгі құраушылары – адамның зияткерлік, цифрлық, эмоциялық интеллекті және рухани әлеуетінің бірігуі нәтижесінде іске асатын адам баласының заман талабына сай бейімделгіш қабілет­тері. Түптеп келгенде, адами капиталдың ең негізгі құраушысы адамның рухани әлеуеті болады.
Қазіргі экономист-ғалымдар адами капиталдың ең негізгі құраушысы ретінде рухани капиталдың басқа қабілет­тер мен дағдыларға әсер етуін өлшеуді қолға алған. Шынайы руханият­тан хабары болмаса да, көптеген шетелдік экономистер заман талабына сай адамның рухани әлеуетін зерт­теуге кірісіп кеткен. Шәкәрімнің тілімен айтқанда:
Жас қозыдай болып тұр,
Білсек, мұның мысалы.
Қолтық, шабын түртіп жүр,
Анық соған ұқсады.
Осы бет­терінен танбаса ерте ме, кеш пе, олардың барлығы да Ясауи мұрасына келіп табан тірейтіні айдан анық. Себебі Ясауи мұрасы – руханият бұлағының қайнар көзі. Оны симпозиумға қатысушылардың барлығы да бір ауыздан мойындады.

Ұлт­тық жоспар және болашақтың рухани өлшемі

Кеше ғана алыс көрінген өзгерістер бүгін есігімізден кіріп, төрімізге шығып жатыр. Ал ертең олар біздің өмірлік шындығымызға айналады. Бүгінгі күн – ертеңге дайындықтың соңғы сәті. Сондықтан біз өзімізге шын сұрақ қоюымыз керек: ертең болғалы тұрған жедел өзгерістерге қазір қаншалықты дайынбыз?
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 30 шілдедегі Жарлығымен бекітілген «Қазақ­стан Республикасының 2029 жылға де­йінгі ұлт­тық даму жоспарында» былайша түйінделген: «Қоғам, бизнес және мемлекет серіктестігінде жүргізілген институционалдық реформалармен қатар адами капиталдың сапасын арт­тыру және дамыту трансформациялардың негізгі акценті болып табылады».
Бұл тұжырымдарда адами капиталдың ел болашағындағы орны мен салмағы дұрыс айқындалған. Алайда оны дамыту бағыт­тары мен нақты іске асыру тетіктері уақыт талабына, яғни өркениет­тің өмірімізге еніп жатқан Индустрия 5.0 мен енді есік ашқалы тұрған Индустрия 6.0-дің шынайы шарт­тарына сай келе ме? Бұл – басы ашық сұрақ.
Ұлт­тық даму жоспары Индустрия 4.0 негізінде құрылған. Алдағы онжылдықтардағы өрлеу мен тұрақтылықтың кілті – адамның рухани әлеуетіне негізделген адами капиталда. Біз осы ақиқат­ты шын қабылдап, барлық күшті, барлық назарды адами капиталды өсіруге бағыт­тауымыз қажет. Бүгінгі әлем – жаңашылдық пен технологияны, креатив пен цифрлық ойлауды, рухани-адамгершілік қасиет пен әмбебап қабілет­терді талап ететін жаңа кезеңге аяқ басты. Ендеше біз шикізат­тық бағыт­ты шетке ысырып, адами капиталға негізделген экономикалық модельге батыл қадам жасауымыз қажет. Бұл – жай ғана таңдау емес, бұл – тарихи қажет­тілік. Себебі келешек – білім-білік пен дағдыға ғана емес, рухани кемелділікке негізделген адами капиталға мұқтаж.
Әлемдік өркениет жанталасып алға ұмтылып, рухани салада жоқтан бар жасап жатқанда, біз қолда бардың қадіріне жете алмай отырғанымыз өте өкінішті. Ұлт­тық даму жоспарлары тек экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, адамның ішкі әлемін, рухани қуаты мен мәдени кодын жаңғыртып, дамытатын тетіктерге негізделуі тиіс. Сонда ғана біз тарихты қуалап жүрмей, оны өзіміз жасайтын ұлтқа айнала аламыз.

Симпозиум қарары

Симпозиумға келген ғалымдардың деңгейі – сөзсіз жоғары. Оған «Егер Ясауитану саласында әлемде үздік төрт ғалым болса, соның үшеуі осы жиында болды» деген ғылыми ортаның бағасы дәлел. Бұл жай ғана мақтау емес, бұл – Қазақ­стан үшін, Түркі дүниесі үшін, Ясауи мұрасы үшін тарихи мүмкіндік. Алайда біз сол мүмкіндікті игере алдық па? Ғылым тек тыңдау емес, талқылау мен түсінуге ұмтылу, пікір алмасу арқылы тереңдей түседі емес пе? Ондай сәт­терде дискуссия құру – шарт емес, қажет­тілік. Әсіресе Ясауи мұрасының жан-жақты қырларын түсіну үшін ғылыми ортада көпқырлы көзқарас қажет. Алайда соңғы баяндамашылар асығыс-үсігіс тыңдала салып, бірден қарар қабылданып кет­ті. Қабылданған қарардың өзіне үңіліп көрелік:
1. «Қожа Ахмет Ясауи мұрасын заманауи гуманистік құндылықтармен үндестіру – жастар арасында рухани тәрбие, бейбітшілік пен төзімділік қағидат­тарын кеңінен тарату үшін білім беру мен мәдени іс-шараларға енгізу».
Кейде біз маңызды мәселелерді толық талқыламай, шешім қабылдауда асығыстық танытамыз. Егер симпозиумға қатысқан баяндамашыларды мұқият тыңдасақ, Ясауи мұрасы – сөрелерде шаң басып тұрған жәдігер емес, өмірлік мәні бар рухани ілім екенін түсінер едік. Ясауи мұрасы мен қазақ халқының дүниетанымы, мәдениеті, салт-дәстүрі – бәрі біртұтас құндылықтар жүйесін құрайды. Қазақ ұлтының тарих сахнасына өз алдына дербес ұлт ретінде шығуы осы мұраның рухани қуатымен тығыз байланысты. Ясауи ілімі – адамзат өркениетіне қосылған үлес қана емес, қазақтың ұлт­тық болмысының тірегі. Егер қазақ халқы осы мұрадан ажыраса, болмысынан айырылып, ассимиляцияға ұшырау қаупі туады. Қазақ – тән болса, Ясауи мұрасы – сол тәнге жан беретін рух. Сондықтан бұл ілімді тек білім беру немесе мәдени шаралардың контенті ретінде енгізу – рухани тұрғыда жанды тәннен бөліп қараумен тең.
2. «Ясауи ілімін ЮНЕСКО шеңберінде жаһандық деңгейде насихат­тау – оның шығармаларын (әсіресе «Диуани хикмет­ті») әлемнің негізгі тілдеріне аудару, ғылыми-академиялық айналымға енгізу».
Ясауи ілімінің қадіріне жетіп, өзіміз кәдеге жарата алмай тұрғанда, өзгеге насихат­тау қисынға келмейді деп ойлаймын. Қазақта «әулие болсаң, алдымен өзіңді жарылқа» деген сөз бар. Өз заманында Ясауи бабамыз рухани ілімін жұртқа насихат­тайын деп мақсат қойған жоқ. Ол ең алдымен өзін, айналасындағыларды кемелдендірумен айналысты. Кемелденген Ясауи бабамыздың нұрына ашық болған жандар жер-жерден іздеп келіп, шәкірт болуға асықты. Рухани ілімнің таралу заңдылығы осындай. Абайша айтқанда:
Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы,
Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы.
Сол жүректен жылылық, достықпенен,
Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы.
Өзің қадіріне жетпеген құндылықты жаһанға насихат­тау – бұған не деуге болады, «отарлық санадан арыла алмаған жалпақшешейлік әдет» деп қысқа қайыра салайық.
3. «Ясауитануға бағыт­талған ғылыми-зерт­теу орталықтарын қолдау – бұл орталықтар түркі халықтарының ортақ рухани негізін зерт­теуде жетекші институт­тарға айналуы тиіс».
Жалпы өте жақсы ұсыныс, бірақ алдымен ашылған бір орталықтың жұмысын жандандырып, жолға қойып алған дұрыс шығар. Ал әңгіме бірнеше орталықтар жайлы болатын болса, оларды ұйымдастырудың тиімді жолын ке­йінірек келтіреміз.
4. «Орталық Азия мен түркі әлеміндегі мәдени сабақтастықты зерт­теуде Ясауи мұрасын тірек ету – ол түркі халықтарының ортақ тарихи жады мен болмысының негізін құрайды».
Өте дұрыс ұсыныс. Конференция барысында Ясауи мұрасының Орта Азия мен түркі әлеміндегі мәдени және рухани сабақтастықтың тірегі, түп тамыры екендігі туралы көп айтылды. Ендігі мәселе соның себебін зерт­теп, қазіргі заманға бейімдеудің жолдарын іздестіру болса, мақсат дұрыс қойылар еді.
5. «Орта, арнаулы және жоғары білім беру салаларында оқу бағдарламаларына енгізу арқылы Ясауи мұрасының этикалық-моральдық құндылықтарын білім беру жүйесіне енгізу».
Біздіңше, бұл ұсыныс жүзеге асуы екіталай, нәтижесіз әрекет болмақ. Өйткені қазіргі педагогика ғылымында «құндылық» пен «тәрбие» ұғымдары материалдық негізде қарастырылатын абстрактылы категориялар ретінде қабылданып жүр. Ал, шын мәнінде, бұл ұғымдар – рухани болмыстан бастау алатын терең категориялар. Сол себепті мұндай ұсынысты қабырғасы қақырап тұрған үйге сыртынан тағы бір қабат сылақ жүргізумен салыстыруға болады. Ғылыми негізсіз әрі үстірт дайындалған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» секілді бұл бастама да білім беру саласына қосымша бір білім контенті ғана болмақ. Қазірдің өзінде оқушының оқу жүктемесін жеңілдетудің жолын таппай отырған Оқу-ағарту министрлігі үшін бұл жығылғанға жұдырық болары сөзсіз. Аталған мәселеге қатысты ой-пікірімізді «Қазақ әдебиетінің» №13 санында жарық көрген «Фараби аманатында» жан-жақты тарқатып жазғанбыз.
6. «Ясауи орталықтарын түркі мемлекет­тері ұйымына кіретін мемлекет­терде ашуды ұсыну, өзара байланыс мүмкіндіктерін дамыту».
Жақын болашақта Ясауи мұрасына деген жаһандық сұраныстың күрт арта түсетіні анық. Сол сәт туған кезде бұл асыл мұраның иесі ретінде жауапкершілік жүгінің қазақ халқына артылары анық. Сондықтан назарды сыртқа бұрмай, ең әуелі өз ішімізде терең зерт­теп-зерделеп, тұрмысымызға тиімді игере білгеніміз абзал. Егер осы іске шындап кіріссек, түркі елдерін айтпағанда, күллі әлем халықтарының өзі «бізге де үйретіңдерші» деп Қазақ­станға ағылатын күннің тууы ғажап емес.
7. Білім беру, тәрбие, қоғамдық, мемлекет­тік мекемелерде Ясауи құндылықтарын қолдану тетіктерін ұсыну.
Білім беру, тәрбие, қоғамдық және мемлекет­тік мекемелерде Ясауи құндылықтарын қолдану – сырт­тай қарағанда құптарлық ұсыныс. Алайда тереңірек ойласақ, бұл бастама өткен онжылдықтағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа нұсқасына айналып кетуі мүмкін. Себебі Ясауи мұрасы – әр жерден үзіп-жұлып қолданатын ілім емес, тұтас мемлекет­тің рухани, мәдени, ағартушылық әрі әлеумет­тік-экономикалық өмірінің іргетасы болуға лайықты идеологиялық платформа. Ол Алтын Орда дәуірінде алып империяның рухани өзегіне айналып, ке­йін сол негізінен ажыраған кезде күйреудің де бастауы болғаны – тарихи ақиқат. Сондықтан Ясауи мұрасын өмірге ендіру үшін оны қолдану тетіктері ретінде емес, мемлекет­тің рухани тұғырнамасы ретінде қарастыру қажет.

Ясауи әдіс-тәсілі – рухани кемелдену технологиясы

Симпозиум қарарында назардан тыс қалған ең маңызды мәселенің бірі – Ясауи мұрасындағы рухани кемелденудің нақты құралдары мен жүйеленген әдіс-тәсілдер жиынтығы. Бүгінде әлем елдері өздерінің рухани практикаларын мәдени мұра ретінде кеңінен насихат­тап жүр. Алайда салыстыра қарасақ, Ясауи іліміндегі рухани әдістердің тұтастығы мен тереңдігі жағынан баламасы жоқ. Мұны осы салада зерт­теу жүргізіп жүрген адам ретінде нық айта аламын.
Көптеген әдіс-тәсілдер адамның тек бір немесе екі қырын дамытуға бағыт­талса, Ясауи жолы – дене мен рухты, сана мен жанды, эмоциялық және физиологиялық қабат­тарды біртұтас қамтитын кешенді жүйе. Бұл – жай ғана рухани тәжірибе емес, жаһандық деңгейде мойындалуға лайық кемелдену технологиясы.
Мысалы, әлемде кең тараған медитация – зе­йінді шоғырландыру мен ішкі тепе-теңдікті табуға арналған жат­тығу ретінде танымал. Гарвард медицина мектебі оның миға, жүйке жүйесіне және психикалық күйге оң әсер ететінін дәлелдеген. Ал Ясауи тәжірибесі – тек сана мен жүйкені тыныштандырумен шектелмей, адам болмысының барлық деңге­йін қамтитын әмбебап рухани амал. Ол – ағзаны тазартып, рухани қуат­ты күшейтетін, адамды терең кемелдікке жетелейтін әдіс.
Шығыс жекпе-жектеріндегі рухты шыңдауға арналған жат­тығулар да Ясауи тәсілдерімен үндес. Бұл – қолдану техникасы мен дене-сана үйлесіміне бағыт­талған ортақ принциптердің көрінісі. Мәселен, В.В.Бартольд Батый ханның жауынгерлерін үлкен шайқастардың алдында рухани тұрғыда бірнеше күн бойы дайындағанын жазады. Бұл – жеңісті тек қылышпен емес, сеніммен де келтірудің көрінісі.
Қазақ батырларының ерлігі де осындай рухани мектептің жемісі. Бұл – ұрыс даласындағы ғана емес, ішкі жан дүниедегі күрестен жеңімпаз болып шығу жолы. Бүгінде жастардың әскерден жалтаруы – рухани дағдарыстың көрінісі. Мұның себебі әскери-тәрбие жұмыстарындағы сарбаз бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру әдіс-тәсілдерінің осалдығы деуге болады.
Егер біз әскердегі жастарды Ясауи ілімінің рухани тәлім-тәрбиесімен жетілдіре алсақ, онда әскер рух пен жігер мектебіне айналар еді. Себебі Ясауи жолындағы жауынгер – тек қару ұстаушы емес, өзін-өзі жеңіп, ашуын ақылына билеткен, Отан қорғауды рухани жауапкершілік деп түсінетін тұлға. Сондықтан қарумен қатар, оның жүрегіне рух, жанына ізгілік, санасына мағына беру қажет. Бұл – көнеден келе жатқан ата-бабаларымыздың аманаты.

Рухани дерт­тер: себеп, салдар және шешім

Қазіргі қоғамда маскүнемдік, нашақорлық, зинақорлық, құмар ойындарына әуестік, темекі мен насыбайға тәуелділік сияқты рухани дерт­тер күрт асқынуда. Шынайы рухани сау адамды табудың өзі қиындап барады. Ең сорақысы – бұл кеселдердің жас қыз балаларға да ерте жастан әсер ете бастауы. Бұл – болашақ ұрпақ саулығына төнген өте үлкен қауіп. Қазір балалар арасындағы инклюзия мәселесінің де бір себебі – осы рухани дерт­тер екені даусыз. «Қызға қырық үйден тыйым» деген бабалар заңы – осы қатерлердің алдын алу үшін қажет болған ұстанымдар.
Бүгінгі рухани дерт­тердің алдын алуда заманауи медицина, фармакология немесе психотерапия сияқты көп технологиялар дәрменсіз. Себебі бұл дерт­тердің тамыры адам жанының терең, рухани қабат­тарында жатыр. Оларды емдеу үшін сондай деңгейдегі рухани тәсілдер мен терең таным қажет.
Медициналық тұрғыда айтсақ, адам ағзасындағы вирустар қышқылдық ортада көбейіп, сілтілік ортада жойылады. Ағзадағы қышқыл-сілтілік тепе-теңдік бұзылса –дерт­тердің бәрі дендеп, аурулар асқына бастайды. Сол секілді адам жаны да рухани ортада белгілі бір үйлесімділікте өмір сүруі тиіс. Бұл тепе-теңдік жоғалса, адам жанын азғындық, тәуелділік, рухани күйзеліс жайлайды.
Өкінішке орай, қазіргі адамзат осы ішкі үйлесімнен ажырап қалды. Соның салдарынан бұрын-соңды болмаған рухани азғындықтар белең алып отыр. Батыста бір жынысты неке, есірткі қолдануды заңдастыру, тіпті отбасы мүшелері арасындағы азғын қарым-қатынастар, адам мен жануар байланысы сынды сұмдықтар қалыпты жағдайға айналып барады. Бұрын естігенде шошитын қазақтың өзі бұл құбылыстарға еті үйреніп бара жатқандай. Себебі ғасырлар бойы жанымызға сіңген салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрпымыз – Ясауи мұрасының мәні жоғалып, адам бойындағы қуаты әлсіреуде.
Мұндай рухани апат­тың алдын алатын технологияны заманауи ғылым әзірге ойлап тапқан жоқ. Себебі бұл – тек ақылмен емес, рух қуатымен емделетін дерт. Ал ондай рухани қуат­ты өндіретін бірден-бір жол – Ясауи әдіс-тәсілдері. Бүгінгі күні бұл әдістердің қажет­тілігі күн санап артып келеді, әсіресе тәуелділіктен арылту мен психофизиологиялық сауықтыруларда. Қазір қолданылып жүрген оңалту жолдары – биопсихоәлеумет­тік модель, реабилитация, кеңес беру – тек физиологиялық және психологиялық деңгейлермен шектеледі. Ал, шын мәнінде, тәуелділік – рухани дисгармонияның сыртқы көрінісі. Оны емдеу үшін адамның жанына терең бойлайтын, рухты үндестікке келтіретін тәсілдер қажет. Бұл тұста Ясауи әдіс-тәсілдерінің орны ерекше.
Ясауи жолы – адамның тәнін, ақылын, рухын бірлікте қарастырып, осы үш қабат­ты қатар тазарта алатын әмбебап жүйе. Бұл – өзіңмен, жаратылыспен және қоғаммен үйлесім табуға жетелейтін кемелдік жолы. Өзім куә болған бір мысал, Англия мен АҚШ-та емделе алмаған жас жігіт Ясауи әдіс-тәсілдерінің көмегімен есірткі тәуелділігінен толық арылып, шынайы сауығу жолына түскен. Медицина университетінің студент­тері оның оқиғасына таңғалып, емделу жолдарын құмарта сұрап жатқанынын көзім көрген еді.

Рухани ілімдер жүйесі – ғылыми жаңғырту мүмкіндігі

Әлемде теңдесі жоқ рухани ілімдер жүйесі бар екенін абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы сан рет атап өткен. Бұл – қазақ халқының өзіне ғана тән, терең танымдық дәстүрдің бірегей сабақтастығы. Оған VII ғасырдан бастау алатын «Ақилар ілімі», әл-Фарабидің «Парасат­ты адам ілімі», Жүсіп Баласағұнның «Жауанмәрт­тік ілімі», Ясауидің «Хәл ілімі», Абайдың «Толық адам ілімі», Шәкәрімнің «Ар ілімі», әл-Машанидің «Жар ілімі» сияқты дүниетанымдық жүйелер жатады.
Бұл ілімдердің әрқайсысы – тек өз дәуіріне емес, күллі адамзат­тың рухани сұранысына жауап беретін біртұтас ілім. Сондықтан оларды жүйелі түрде зерт­теу және заман талабына бейімдеу – бүгінгі ұрпақтың тарихи және ғылыми міндеті. Осы мақсат­та аталған рухани мектептердің географиялық тамырына сәйкес ғылыми-зерт­теу орталықтарын ашу – уақыт талабынан туған қажет­тілік. Мәселен, Таразда – Баласағұн, Семейде – Абай мен Шәкәрім, Керекуде – Мәшһүр Жүсіп, Ақтауда – Бекет ата, Алматыда – әл-Машани орталығы құрылса, бұл бастама кешенді ғылыми жүйенің негізіне айналар еді.
Мұндай орталықтар тек гуманитарлық бағытпен шектелмей, психология, педагогика, әлеумет­тану, сондай-ақ биология, нейрофизиология, медицина және жаратылыстану салаларының мамандарымен бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана бұл ілімдердің ішкі мәнін ғылыми негізде ашып, қазіргі заман сын-қатерлеріне лайықтап ұсынуға мүмкіндік туады. Рухани мұраны ғылым тілінде сөйлету – бүгінгі күннің басты міндет­терінің бірі.
Жүйелі әрі кешенді жұмыс атқарылса, қазақ дүниетанымының терең рухани әлеуеті ашылып, еліміздің тұрақты дамуы мен өркениет­тік бағыты айқындала түсер еді. Қазақ­станның барлық қазба байлықтарын қоса алғаннан да құндырақ – адами капитал қалыптастырудың кең мүмкіндігі туар еді. Бабалар салып кеткен сара жолды жалғастырып, көшбасшылық тұғырға қайта көтерілу – келешек ұрпақтың қолынан келеді. Тек бабалар аманатына қиянат жасамай, біз көрмесек те, сол ұрпақ жететін жолды салып кету – біздің адамдық парызымыз, қазақы міндетіміз.

Ерұлан ЖИЕНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір