Ділдар МАМЫРБАЕВА. КҮНГЕ БЕТ АЛҒАН КЕРУЕН
22.11.2020
1982
0

Жыл сайын Қазақстан Жазушылар одағында дәстүрлі түрде өтетін әдеби жыл қорытындысы биылғы карантиндік шараларға байланысты онлайн режимде сараланды. Бүгін назарларыңызға 2019 жылы жарық көрген жыр жинақтары мен балалар әдебиетін талқылаған ақын Бекжан Әшірбаев пен жазушы Ділдар Мамырбаеваның баяндамасын ұсынып отырмыз.

Ділдар МАМЫРБАЕВА

Қолыма өткен жылы түрлі баспадан шыққан балаларға арналған оншақты кітап тиді. Алғашқысы Мейіржан Жылқыбайдың «Асыл кітап» баспасынан шыққан «Тауға саяхат» жинағы. Автордың тырнақалды туындысы. Мейіржан жазғандарымен жедел алға шығып, көптен оза бастағаны туралы ертеректе естігенбіз. Сұрыптағанда да суырылып, сөз бен ой қуатынан есе жібере қоймайтынын аңғартты. Кітапта бір ауылда тұратын жануарлардың тауға саяхат кезіндегі оқиғалары суреттеледі. Мейіржанның жазуы күрделі емес, түсініксіз, күңгірт те емес. Қарапайым, әрі сондай шынайы. Өмір сүру сіз ойлағандай қиын емес екендігіне көз жеткізеді.

Бала қораз – Айдар, оның қарындасы балапан – Үрпек, күшік – Дос, мысық – Мими, құлын – Жебенің іс-әрекетінің суреті көз алдыңда ұзақ сақталады. Себебі осы шығармасынан Мейіржанның ауыз әдебиетін бойына сіңіріп өскендігі де, Г.Андерсеннің ертегілеріне еліктегені де аңғарылды. Су ортасында, жапырақ үстінде отырған бақаға мақтанғысы келген Айдар, сөзін жоғалтып алған Үрпек, оның сөзін тауып бермекші болып жапырақ сыбдырын, жел гуілін тыңдаған Мими, құлын Жебені көрген Үрпектің құлын болғысы келгені, кейін әрқайсысының өз бейнесінде қалғаны дұрыс екенін мойындауы «әдебиет не береді, адамның өмір сүруіне бағыт-бағдар бере ала ма?» деген сұраққа жауап дер едім. Бұл шығармада педагогиканың, психологияның, дефектологияның түп тамыры жатыр. Қазір балалар әдебиетінің қазанында қайнап жатқандар – қария жазушылар. Жастар бұл салаға жоламайды деген пікір бар. Ол өтірік те емес. Дегенмен Мейіржанның бір өзінің жазғаны бес жазушының жазғанына татиды. Тек өзге бау-бақшаны баптаймын деп, балалар үшін жазуды ат шалдыратын жайлауындай ғана көріп жүрмесе екен деген ниеттеміз.
Лев Толстой: «Орыс әдебиеті менен ке­йін біраз жыл демалады» ­­– деген екен. Қазақ балалар әдебиетінің демалуына мүмкіндік бермеңдер дер едім.
Желпініп сөйлемейтін, мінезі сыпайы, үнемі «бірнәрсе жазсам», – деп толқып жүретін бір қаламгер бар. Ол – Арасанбай Естенов. Бір кездері Жарасқан Әбдіраш, Мұзафар Әлімбев, Қастек Баянбаев, Құрманбай Толыбаев, Әдібай Табылдиев, Ермек Өтетілеуов, Сұлтан Қалиевқа арнап мынадай пародия жазған екен.
Көрдім кеше түсімде:
Балабақша ішінде –
Бір бөлмеде аса кең,
Баянбаев Қасекең
Үлкендігі былай қап,
Балалармен жүр ойнап.
Ал бұрышта Ермек тұр,
Ағыл-тегіл терлеп тұр.
Сәбиге бір жыр оқып,
Сұқ саусағын сермеп тұр.
«Балдырғанды» қолға алып,
Сұлтан отыр толғанып
Құрманбай бар қасында
Үндемейді ол неғып?..
Қалды мені танымай
Табылдиев Әдібай…
Кіріп келіп Мұз-ағаң
Кейбіріне жекірді…
Кіріп келіп Мұз-ағаң
Мақал айтты не түрлі.
Сол бақшаға Мұз-ағаң
Меңгеруші секілді… – дегеніндей, балақұмар, сарбазы аз сала генералының бірегейі. «Көне кенттер күмбірі» кітабына өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар жинақталған. Мемлекеттік тапсырыспен шығарылыпты. Суреттері әйбәт. Өлкетану, Табиғаттану, Салауаттану, Ой ұшқырлау мектебі деп аталатын төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімдегі өлеңдерді оқыған сайын шыңдалған, кемелденген, байсалды суреткерлікке ойысқан ақынды көреміз. Ел қамы, халық тағдырымен еншілес тақырыптарды қозғаған. Үлкен өмірді саралауға көшкен. Арасанбай Естеновтың Аспара, Баласағұн, Баршынкент, Доржыкент, Испиджаб, Отырар, Жент, Сығанақ, Іңкәрқала туралы өлеңдері шап-шағын, жып-жинақы дәйекті деректермен берілген. 1580 жылы 27 тамызда Иван Грозный арнайы жасақ жіберіп, Сарайшықты қираттырады. Себеп: Кремль бейнесі Сарайшық қаласынан көшірілген екен. Орыс патшасы «Әлемде Мәскеуге ұқсайтын қала болмауы тиіс», – ,– деп Сарайшықты жермен жексен еткен. Осындай деректерді жақсы форматта, нәрлі тілмен көркемдеп жеткізген. Жаңбыр мүлде жаумайтын қаланы, шөбі жоқ құрлықты, теріс ағатын өзенді, өзені жоқ елді, астанасы жоқ елді, Ата заңы жоқ елді, орден, медальмен марапаттамайтын ел туралы географиялық жұмбақтары өлеңмен жазылған сөзжұмбақ іспеттес. Жаныңмен беріліп оқисың. Жұмбақ, жаңылтпаш, логогрифтер, қарама-қарсы сөздер ұйқасы Мұзафар Әлімбаев, Әбдірахман Асылбеков, Ермек Өтетілеуовпен бірге кеткендей әсерде жүргенімізде заманауи жұмбақтарды, омоним жаңылтпаштарды, есеп-жаңылтпаштарды тапқырлығы мен байқағыштығын, шеберлігін үйлестіре отырып поэзия әуенмен балалар әлеміне кібіртіксіз жеткізген.
Жүріс-тұрысы қарапайым, бәлденбейтін, біреудің алдында мықтымсынбайтын, желденбейтін, тіптен сыртқа мойны-басы бостау көрінетін, бірақ жазғандары шегедей, өмірге жақын, сондықтан шығармалары шынайы шығатын жазушы – Дәнеш Ахметов. Оның заманауи ертегілері топтастырылған «Робот және алты асық» деген кітабы мемлекеттік тапсырыспен жарық көріпті. «Балалар әдебиетін талқылаған жиындарда аға буын қаламгерлер өздерінің кітаптары туралы айтып, бағытты бұрып жібереді» деген сын-пікірлер айтылады. Ол 100 пайыз шындық. Ал бала секілді ойнап, бала секілді ойлап, солар секілді жүріп тұратын қаламгерлер өзге толқында жүреді. Бала – аңғалдық, бала – адалдық, бала – тазалық. Болмысы таза қаламгер сол образды шығара алады. Дәнеш Ахметовтың кітапқа енген «Айлы түнгі айқас», «Бөгде құстар», «Жаңғалақ», «Қимас достар», «Робот және алты асық» (Қырық өтіріктің жаңа түрі) әңгімелерінің қай-қайсысы да өзіндік үнімен ерекшеленеді. Өзіндік үн деген – сол дәуірдің сипаты десек, техникалардың сайысы туралы жазылған «Жаңғалақ» әңгімесіндегі велосипедтің ұшқалақтығы, «Қимас достардағы» жанармай таситын машина мен алып лайнердің достығы, «Робот және алты асықтағы» Қазақия деген мемлекеттің әлемде алатын орны туралы жазылған әңгімелері кәдуілгі өлшемдерден өзгеше. Оқып отырсаң, қарапайым секілді, бірақ бір өзгешелігі, жетелеп әкететін сиқыры бар. Баланы жалықтыратын басы артық, ұзын-сонар суреттеулер, ділмарлыққа салыну жоқ, нақпа-нақ, кейіпкерлерінің мұрын, көзіне дейін көз алдыңда тұрады.
Кітап оқу не береді? Торыққанды қолтығынан демей ме? Адасқанды түзу жолға сала ала ма? Ол нан бола ма, шай бола ма? – деген сұрақтың жауабын Заря Жұманованың балалар мен жасөспірімдерге арналған ертегілері, мысалдары, әңгімелері, хикаялары жинақталған «Ақбота» деген кітабынан таба аласыздар. Кітап мемлекеттік бағдарламамен жарық көрген. Үлкен бола алмай жүрген бала кезімізде де, үлкейіп бала бола алмайтын шағымызда да жалмауыз кемпірдің қайдан шыққанын білмей дал болатынбыз. Жалмауыз кемпір, мыстан кемпір бар, неге жалмауыз шал, мыстан шал жоқ деп ойлайтынбыз. Жауабын таба алмайтынбыз. Оны Заря Жұманова біледі екен.
«Ұйқыдан тұра сала дастарханға отыра кететін. Беті-қолын жумастан. Көзі былшық-былшық болып. Анасы қолынан жетектеп апарып, күшпен жуындыратын. Құмған, леген көрсе, бұл шошқадай шыңғырушы еді. «Көзім ашыды, ойбай!» – деп, үйдің ішін азан-қазан қылатын. Күнде бұлардың үй-іші у-шу. Талай баланың басын жарып, көзін шығарған. Шөп қора өртеді, қозы-лақтың аяғын сындырды. Енді жапан далада жалғыз тұрып жатыр».
Шын өмірдегі жалмауыз кемпір де дәл осындай шығар. Портретін айнытпай салған. Сөйлеген сөзі құлағыңа естіліп тұрғандай, іс-әрекеті көз алдыңа елестейді.
«Мақтақыз бен Ернар» – ескі ертегінің жаңа формасы, «Көбелек қуған балақай» – ояна сала теледидар мен телефонға үңілетін «мультик-пультик» бала жөнінде, «Мың бояулы мың жылдық шаһар» – қала, адам, қоғамды жайлаған ұлтсыздану, тілсіздену, рухсыздану дерті туралы. Жазушы ретіндегі ұстанымы – балалардың таза болғанының үстіне таза болуы, кісілікті болғанының үстіне кісілікті болып қалыптасуына ықпал ету. Балалар әдебиетін тек балалар оқуы керек деп ойласа, оны үлкендер «баланың сөзі» деп қабылдаса, онда тұйықталу шеңберіне кіргеніміз. Ұрпақ тәрбиесінің фундаментін қалайтын – балалар әдебиеті. Заря Жұманова ұлттық рухта жазылатын әңгімелерге ден қойғыш. «Ақботаның» төртінші бөліміндегі аудармалары сол жауапкершіліктің жүгін көтеріп тұр.
Көмек Ыбырайұлының «Баянжүрек» баспасынан «Есті көктем самалы» деген кітабы жарық көрген. Балаларға арналған өлеңдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар. Балаларға арналған 20 шақты кітабы, 300-ге жуық ән-күйі бар. Ұстаз. Өткен жылы жарық көрген кітаптардың ішіндегі 400 беттік қалыңы да Көмек Ыбырайұлыныкі. Бөлімдерін санап, саусақ жеткізе алмайсыз. Бұл кісі шығарма жазса, бәйге алады. Ғабит Мүсірепов кезінде Сәбит Мұқановқа: «Сәбит-ау! Біз шалдар жазбай отыра алмаймыз ғой. Тек бір ғана тілек айтқым келеді – жаман жазбасақ екен. Біздің жаман үлгіміз жастар үшін жақсы үлгі болып көрініп жүрсе, бізге бұдан ауыр күнә болмауы керек», – деген екен. Көмек Ыбырайұлы сол жауапкершіліктің үдесінен шығып жүрген ақын. Өзге жұрттарда балабақша жасындағыларға, мектепке дейінгі, бастауыштағы балалардың жас ерекшелігіне қарап жазатын қаламгерлер қалыптасқан. Біздегілердің көпшілігі жоғары сынып оқушыларына арнап жазады. Бөбек тілін игере алмаудамыз. Көмек Ыбырайұлының бір ерекшелігі – осының орнын толтырып, «р»-ға тілі келмейтін, сақау балаларға арнап «р»-ы жоқ әндер, «р»-ы жоқ өлеңдер, өтірік өлеңдер, жаңылтпаштар жазғаны. Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қадыр Мырза-Әлі: «Көмек өлеңдерін оқығанда әдемі ауыл кітапханасы емес, көшпелі көркемсурет көрмесіне кіріп шыққандай үстеме әсер аласың», – деп жазса, ақын, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Сабыр Адай: «Көмек өлең тамырына қан жүгіртіп, жан бітіреді», – деген екен. Көмек Ыбырайұлының шығармашылығына айтылған артық-кемі жоқ, тоқтам сөз – осы. Әдебиеттегі әулиелерге бұдан артық айтсаң дәмі кетеді.


Нұртан Төлепберген бірінен бірі өтетін суретті 3 кітапша шығарыпты. Олар – «Қорқақ қоян, ашулы арыстан», «Әріптер мен қалалар, кел жаттайық балалар», «Балалар мен достар – алуан түрлі құстар» – деп аталады. Кітаптарды қолыңа ұстап, қызықтап отыра бергің келеді. Альбом секілді. Кітап қағазы сапалы, безендірілуі тіптен әдемі. Кейде бір шығарманың оқиғасына қызықсаң, бірінің формасына қарап әсерленесің ғой. Бұл кітаптардың әуені, бояуы, әсері бір ырғақты, үйлесімді. «Балалар мен достар – алуан түрлі құстар» кітабында құстардың көзінің, тұмсығының, қанатының ерекшелігін, мінездерін, қалай ұшып, қалай қонатынын, бір-бірімен қалай үн қатысатынын 2 – 3 шумаққа жеп-жеңіл сыйдыра салады. «Тотықұс» деген өлеңінде:
«Қазақша да біледі,
Орысша да біледі.
Ағылшынша үйретсең
«Ай ловю» деп күледі» –
деп оқып отырған өзіңді де күлдіре салады. Дуадақтың мұрты болатынын, гага деген құстың тасқа ғана ұя салатынын, кивидің ін қазатынын айтып қызықтырады. Орнитолог ғалым секілді. Бір сөзбен айтқанда, құстар туралы өлеңмен жазылған кіші энциклопедия. Шуақты күлкі, жылы юмор бар.
Есенәлі Ералы мектепке дейінгі, сондай-ақ бастауыш сыныпта оқитындарға арналған «Кірпі мен сұржыланның айқасы» деген кітап шығарыпты. Кітапқа 13 ертегі енген. Бұл қаламгердің ерекшелігі – жазғандарынан мейірім төгіліп тұрады. «Мыстан кемпірдің ұлы» деген ертегісінде, мыстан – мыстан болып қалмайды, өміріне, қателіктеріне өкінеді. Бармағын тістейді. Сөйтіп ұлына өнегелі өсиет айтады. «Мен адамдарға өмір бойы кесір келтірдім, жаманшылық жасадым. Адамдардың бақытын ұрладым. Мына таяқ – сиқырлы таяқ. Жақсылыққа сілтесең ісің оңғарылады. Ал жаманшылық болсын деп сілтесең адамдар тасқа, жануарға айналады. Таяғымды игілікті мақсатқа пайдалан», – дейді. Бір қарағанда отбасы, ошақ қасы, тұрмыстық жағдайлар секілді көрінуі мүмкін. Дәл осы мәселелерді ел-жұрттың тағдырымен өзектестіріп, қоғамдық деңгейге көтереді. «Мөлдір тамшылардың ұзақ сапары» ертегісінде тамшы – ұлы мұхиттың анасы дегенді аңғартады. Өмір құбылыстарының ағысы іспеттес қарастырады. Жазушының қаламына көрік беретін, ажарландыратын, беделін көтеретін, оқырманға сыйлы ететіні – адамшылықты, салт-дәстүрді басты ұстаным етіп отыратынында десек, Есенәлі Ералы балаларға бұлт арасынан күнді тауып алуды үйрететін жазушы дер едік.
Оразбай Байбақұлының «Ұят деген не?» деген кітапшасы балаларға арналған 37 топтамадан тұрады. Шағын дүниенің ішінде балаларға арналған мол қазына бар болып шықты. Білетін мен білмейтіннің арасындағы қайшылықты іздеу, оны шешудің жолын қарастыру, оқырманын ойлауға бейімдеу жолында жұмыс істейтін қаламгер. «Құдайы қонақ» әңгімесінде Әлихан деген баланың Жауһар деген қарындасы бүлдірген теруге кетіп, содан үйге оралмайды. Оны жезтырнақ ұрлап әкеткен екен. Әлихан ақ саусақ емес. Қолынан садақ тарту да, найза лақтыру да, сойыл жұмсау да келеді. Жезтырнаққа сақадай сай болып барады. Сөйтсек, жезтырнақтың түрі қорқынышты емес екен. Мінезі биязы. Соңғы жүз жылдықта ешкімге жамандық істемепті. Тек жалғызсырап жүріпті. «Ұрадағы бейтаныс», «Ұстаз» ертектері де осы сарындас. Тілі қарапайым.
Рахат Наурызбаеваның үш тілде жарық көрген «Ғажайып әлем» деген «Құлағынан күн көрінетін» кітап болғанымен мазмұндары өзіндік танымы, тәлімімен ерекшеленеді.
Тілеуғазы Бейсембектің «Көкжиде» аңыздары» деген кітабын «кейіпкерлері – балалар, идея – үлкендердікі», – деп айтуға болады. Талғам мен таным құбылыстарын айтып отырған сюжетін ашуға орынды қолданады. Кейіпкерлерін қақпалап, қайырмалап, саясаттың ығына жығып бермейді. Осы кітап мазмұнына сай суреттермен безендіріліп шығарылғанда көркемділігі өрнектілігіне сай болар еді.
2018 жылы республикалық «Алтын қалам» әдеби конкурсының бас жүлдесін жеңіп алған Бекен Ыбырайымның «Аспандағы саяхат» деген ертегі хикаяты кітап болып жарық көріпті. Ол туралы жазушы, драматург, филология ғылымдарының докторы Серік Асылбекұлы «Егемен Қазақстан» газетінің осы жылғы 10 сәуірдегі нөмірінде: «Кішкентай оқырман өзін кітап оқып отырғандай емес, мультфильм тамашалап отырғандай күй кешеді» , – дей келіп, жан-жақты талдапты. Біздің міндетіміз – шолу жасау болғандықтан, оның үстіне Серік Асылбековтен асырып айта алмаспыз, ғалым, жазушы кісі дөп айтады ғой деп әңгімені доғардық.
Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Парламент мінберіне депутаттық сауал жолдады. Онда балалар кітаптарының азайып бара жатқанын айта келіп, «осы орайда балалар мерзімдік басылымдарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, оларды да Үкіметтің жарылқап жатқаны шамалы»,– деген пікір айтты. Шынында, «Балдырған» «Ақ желкен» «Ұлан», «Дружные ребята» секілді газет-журналдар балалар әдебиетінің жел жағына ық, күн жағына көлеңке болып отыр. Олардың қатарына «Жыл – он екі ай», «Айгөлек», «Алақай, балақай», «Балбұлақ» «Ерке», «Мөлдір бұлақ», «Балабек» келіп қосылған. Олардың жазармандары да, оқырмандары да балалардың өздері.
Жекелеген азаматтар үкіметке қол жаймай, жазылым бойынша балаларға арнап газет-журнал шығарып отыр. «Жыл – он екі ай» – негізі 1965 жылы қаланған, жылына бір рет кітап болып шығатын басылым. Тоқырау кезінде тоқтап қалған. 2001 жылдан бері жазушы Талғат Айтбайұлы жылына бір рет шығатын кітапты ай сайын шығатын журналға айналдырып, өз қаражатымен балаларға базарлық ретінде 3 мың данамен шығарып келеді. Бұл өз нәтижесін беріп, журнал Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдызын» иемденді. «Жыл – он екі айды» әдеби-танымдық журнал ретінде балалар әдебиетін толықтырып отырған рухани көз деп те, мұғалімдерге көмекші құрал деп те бағалауға болады. Балаларға қажетті өмір оқулығы. Журналдың тағы бір ерекшелігі – балаларға жазушы ата, ағаларының, апа, тәтелерінің жазған-сызғандарын таныстырып отырады. Жазушы лабороториясымен таныстырады. Бір сөзбен айтқанда «Жыл – он екі ай» кішкентайларға арналған «Жұлдыз» журналы секілді.
Балалар драматургиясынан қолымызға ешнәрсе ілікпеді. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының соңғы кезде қойып жүрген спектакльдері де саусақпен санарлықтай. Бұл салада жас драматург Әлібек Байболды, Әлішер Айтуарды, Мұрат Қанағатты, Айдана Аламанды, Әділхан Асановты, Ықылас Шалғынбайды ерекше атауымыз керек. Осындай кемшін тұстардың орнын толтыруды ойлағанда тағы да Мұзафар Әлімбаев көкеміз еске түседі. Мұзағаң «Балдырғанда» бас редактор болып жүргенінде ауыл тіршілігінің қыр-сырын қала балаларына қанықтыру үшін арнайы тапсырмамен әңгіме жазғызған екен. Онысы ұтымды да шығыпты. Бердібек Соқпақбаевтың «Аяжаны», «Жол», «Түнде кімдер ұйықтамайды» деген әңгімелері осылайша өмірге келіпті. Қаламының ыңғайы келіп тұрған қаламгерлерді осы сүрлеуден сынап көрсе де болатын шығар.
«Мемлекет балалар әдебиетін қамқорлығына алу керек» деген сөз жыл сайын осындай басқосуларда айтылып келеді. Үлкен жақтан өкіл келіп қатысып отырса, оның да құлағына іліп жібереміз. Уәде беріп кетеді. Сенеміз. Бірақ балалар әдебиетінің мәселесін шешуге келгенде ортадан әйтеуір бір нәрселер кесіп кетеді. Бар тәттісін балалардың аузына тосатын халық едік, балалар жазушыларын «тәтті жесең, тісің түсіп қалады», – деп сый-сияпат берерде далаға ойнап келуге жібереді.
Президенттік стипендия деген тізімге де балалар бақшасының бапкерлері ілінбейді. «Өз жазған кітаптарыңызды неге өздеріңіз насихаттамайсыздар?» – деп айтатындар да бар. Ол мінез – біздің мінез емес. Кезінде насихат бюросы деген болған. Қазір де соны қолға алуға болады деп ойлаймын. Мемлекеттің идеологиясы солай болуы керек. «Мынау керек» деп жинақтайтын, жүйеге салып отыратын қормал саясат керек. Орыстардың «Маша мен медведін» қараңыз. Жазылды, мультфильм болып шықты. Іле-шала оны насихаттайтын қуыршақтар, күнделіктер, дәптерлер қаптап кетті. Осы аттас журнал да ай сайын шығып келеді. «Тетрадь смерти», «Мстители» де солай болды. Кешегі «Мұзды өлкенің» жанашырлары да лезде осындай жан-жақты жұмысқа кірісіп жатыр. Оның бәрін жалғыз автор атқара алмайды, мемлекет демеу беріп, қозғау салып отырмаса…
Мемлекет ақын-жазушыны бауырына тартпағаннан кейін оны кім көрінген түртпектеп кететіні де шындық. Балалар әдебиетінің бақшасынан басқаға бас сұқпаған классигіміз Ескен Елубаевтың өлеңдері кішкентайлардың миына тез қонады. Сол жазушының:
«Уһ» дедім,
«Туһ» дедім,
«Ой» дедім,
«Аһ» дедім,
«Еһ» дедім,
«О» дедім,
«И» дедім,
«Е» дедім.
Мен неге өйттім
Кім айтар себебін?» – деген ішкі эмоция­ны беретін жұмбақ өлеңі оқулықта бар. Соны бір ата-ана ФБ парақшасына (әлеу­меттік желі) салып, жерден жеті қоян тапқандай, «осы өлең ба?» деп жерден алып, жерге салады. Оқулықта: «өлең мазмұны бойынша көңіл-күйді көрсет», – деген тапсырма тұр. Әрине, ол ата-анаға ФБ-дан біз де саусақ безеп қойдық. Болды, басқа айла жоқ. Мұның бәрі әдебиеттің насихатталмауынан, ұлт жазушыларын білмеуден.
Әдебиет байқауында ересектердің прозасына, поэзиясына, драматургиясына бөлек-бөлек номинациялар тағайындайды да, балалар әдебиетіндегі бұл жанрларды бір-бірінің үстіне кіріктіріп, бір бөлмеге әкеп қамайды. Шынтуайтына келгенде жұмбақ, жаңылтпаш, логогрифтерге, қарама-қарсы сөздер ұйқасы мен мазақтама өлеңдерге бөлек бәйге жариялау керек. Қазір сақау балалар, сөзді дұрыс айта алмайтын, әріптерді бір-бірімен шатыстыратын бүлдіршіндер саны күннен күнге көбейіп келеді. Себебі бұл жанрға жазатын ақындарымыз аз, тіптен жоқ десе де болады.
Әлемдегі бай жазушылар – балалар жазушылары екен. Қазірше біз соның көзін таппай келеміз.
Осы биік мінберді пайдаланып, жыл бойы ФБ бетіне балаларға арналған шығармаларын салып, ой-пікірлерін бөлісіп отырған Серікбол Хасанға, Қуат Адиске, Әдина Жүсіпке, Олжас Қасымға, Есей Жеңісұлына, Алмат Исаділге, Мира Сембайқызына, Еділбек Дүйсенбекке, діни бағытта жазатын Гүлмекен Қасенқызына шексіз ризашылығымызды айтамыз. Жыл қорытындысына кітаптарын әкелген авторларға рақмет! Бұл рецензия, не сын айту емес. Ақпараттық негізде жасалған шолу.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір