Бекжан ӘШІРБАЕВ. Поэзия – бұл еліктемеуге еліктеу
22.11.2020
1631
0

Жыл сайын Қазақстан Жазушылар одағында дәстүрлі түрде өтетін әдеби жыл қорытындысы биылғы карантиндік шараларға байланысты онлайн режимде сараланды. Бүгін назарларыңызға 2019 жылы жарық көрген жыр жинақтары мен балалар әдебиетін талқылаған ақын Бекжан Әшірбаев пен жазушы Ділдар Мамырбаеваның баяндамасын ұсынып отырмыз.

Бекжан ӘШІРБАЕВ, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Ақындық – мамандық емес, оны ешқандай жоғары оқу орны даярлай алмайды. Егер «өнер» сөзінің түбірі «өн», «өндір» деген мағына беретіні рас болса, онда шығармашыл тұлға да жаратушылық функцияға ие. Біздің жатпланеталықтар туралы түсінігіміз ғылыми гипотизалар мен барлау қызметтері таратқан фотосуреттер, аудиоайғақтар және бейнеүзіктер арқылы қалыптасқан. Мұны біріміз – аксиома, енді біріміз жай ғана аномалиялық құбылыс ретінде қабылдаймыз. Бәдені басқа, бөгенайы бөлек тіршілік иелерінің селуэтінің өзіне сескене қарап, «қолдан жасалған сәтсіз көшірме ғой» деген ішкі күдігіміз де тұрады. Сұлулық – бұл жанды не жансыз заттың бойында бірде-бір артық-кем мүше-бөлшектің болмауы, гармония заңдылығының сақталуы десек, біздің, адамдардың жаратылысы соның керемет мысалы. Сол үшін Төбедегі Құдіретке тағзым етіп, авторлығына ешкім таласа алмас «қайталанбас туындысы» екенімізді мойындаймыз.

Біздің айтпағымыз, эталонды поэзия жа­рату да осыған параллель бағыт: бұрын ешкім естімеген метафора, эпитет-теңеулерді тауып, ойыңды образбен орап, әдеби тілмен әрлеп, балталаса – бұзылмас ұйқасқа құрып шедевр шумақтар тудыру асқан шеберлікті, қасиет пен машықтың, асыл мен жасықтың аражігін айыра білуді қажет етеді. Пайғамбарлардың уахи қабылдауы мен ақындардың шабытты сәтін «творчестволық тандемге» баласа болғандай, неге десеңіз, екеуі де тың дүние тудырады. Есіңіз­де болсын, еліктемеуге еліктесеңіз ғана ерекшеленесіз! «Ғалым», «ақын» деген ұғымдардың мағыналарының ажыратылғанына онша көп бола қойған жоқ. Екеуі де бір сөзбен айтылған: Еуропада – «артист», Орта Азияда – «чаляби». «Чаляб» – көне түркі тілінде «жарат­қан» дегенді білдіреді», – дейді ақын Олжас Сүлейменов.
Заманауи масс-медианың техногендік сипат алуы, интернетте жаңа трендтердің пай­да болуы, контент жасаушылар санының күрт өсуі коммуникацияның тілі мен стилін бұзып, оның сапалық шәкілін төмендетіп барады. Бұл алабота қаптағандай алағат көрініс соңғы жылдардың бедерінде әрпіл-тәрпіл жарияланып жатқан поэзиялық туындылардың түр-мазмұнынан да байқалады. Өкінішке қарай, көп жағдайда әлеуметтік желі тұтынушылары бір қайнауы ішіндегі әдеби шығармаларды асыра мақтап, байдың әздек аты бәйгеге қосылғандай қиқуға баса жөнелетін әдет тапты.
Ертеректе әдеби басылымдарға тілімдей ғана өлеңің шығуы үшін ҚЖО-ға мүше екі маманның мақұлдаған рецензиясы қажет бол­са, қазір ондай талап-ереже қойылмайды. Нәтижесінде, рухани кеңістігімізге публицис­тика мен поэзия тілінің айырмасын, көркемдік қуатын өлшей алмайтын әуесқой топ келді. Олардың алды өз-өздерін ақын деп жариялап, ешқандай редакциялық сүзгіден өтпеген кірпіштей кітаптарын шығарып үлгерді. Бір әттегені, Қазақстан Жазушылар одағының поззия секциясына тапсырылған 30-ға жуық жыр жинақтарының ішінде де баспадан бірден макулатураға жіберсе обалы жоқ шатпақтар мен тақпақтар ішінара кездесіп қалады. Біз 2019 жылдың әдеби жыл қорытысында ондай шалажансар дүниелердің атын атап, түсін түстеп жатудың өзін авторға жасалған артық жарнама көрдік. Негізгі акцентті әдебиет әле­мінде әйгіленіп те, бәйгіленіп те үлгерген, ерекше жазу үлгісі қалыптасқан ақындар шығармаларына шолу жасауға бердік. Аға буынның алқауын көріп, бағасын алып үлгер­ген бірлі-екілі кейінгі толқын өкілдерінің өлең жолдарына да назарымыз ауды.
Қазақ әдебиетінде сыршыл лиризмнің жарқын өкілі саналатын Исраил Сапарбайдың «Қазына» баспасынан 2019 жылы жарық көр­ген «Ойтұмар» кітабы бітімі бөлек, сипаты жаңа дүние. Тартымдылығы мен татымдылығы мол, формасы жағынан фольклорлық үлгіге жақын үзік ойлар тез жатталып, ауыздан ауызға көшіп, бұқара санасына сіңімді болуымен бағалы. Поэзия әлемінде жақұт жырларымен танылып, өзінің баға-бәсін алған аға буын өкілі өріс ауыс­тырып, басқаша өрнек іздеп, ақыл-өсиет, нақыл сөздерін қарасөзбен өріп, өлеңмен кестелеп жеткізуі заңды құбылыс. Мұндай қа­сиет мәуелі ағаштай мағыналы ғұмыр кешкен жандарға ғана тән. Исраил ақынның:
«Ерте тұрдым. Бал жаладым,
Өз еншімді олжаладым.
Жеті күнмен жетектесіп,
Етігіммен жол жамадым.

***
Сыртым сылақ, ішім ірің…
Дерт емес ол кішігірім.
Көкті шарлап кете алмай жүр,
Көңілімнің құсы бүгін», – деген төрттаған­дары адамның жан дүниесінде болатын пси­холо­гиялық ауа райын дәл болжап, өмірде орын алып жататын кетікті бүтіндеуге, қисықты түзеуге көмектеседі. Ал мақал-мәтел мәнерінде жазылған үзік ойларын маржанқалта дерсің. Мысалы:
«Бөрінің баласы – бөлтірік,
Өсектің баласы – өтірік.

***
Жапырақ –талдың көркі,
Абырой – ардың көркі.

***
Кешегі көрікті бақ
Бүгінде – көліктұрақ», – деген қанаты сөздері тілге жатық, жаттауға жеңіл құрылған. Автордың үлгі-өнеге, тәлімге толы осындай ұтқыр ойларын мектеп оқулықтарына енгізіп, сөмке ұстағандардың санасына сіңірсе, жас ұрпақ тәрбиесінде аз олжа болмас еді.
Ел тарихына зер салсақ, отарлық езгіге қар­сы күресте қалам қайраткерлерінің рухани шайқасы маңыздылығы жағынан қару­лы қақтығыстардан ешбір кем түспеген. Оның жар­қын мысалын кешегі жыраулар поэзия­сынан көреміз. Сонау тоқсаныншы жылдардың елең-алаңында ақырып, азаттығын сұрап, қай­сар мінез танытқан шешен ұлтының ерлігіне өлеңмен ескерткіш орнатқан ақынның бірі, ол – Рафаэль Ниязбек. Алдынғы лектің адуынды өкіліне тау халқының қаһарман ұлдары да кезінде лайықты құрметтерін көрсетті. Арынды да қарымды ақынымыздың 2019 жылы «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Арғымақтар дала­сы» кітабы да көбебұзар ойларға толы. Ақ пен қарасы, алғысы мен наласы араласқан өмір иірімдерін дәл суреттеп, озығы мен тозы­ғы қатар жүретін заман келбетін айнытпай бейнелейді. Оның алғадай рухты жырлары тәуелсіздіктің қадірін тануға, бейбіт таңның арайын аялауға шақырады.
«Қамқа төрде бесігі тербетілген,
Қазақ неге айрылсын келбетінен?!
Болашақтың іргесін қалай алмай,
Құрып кеткен жұрт қанша жер бетінен», – дейді ақын береке-бірлік пен татулықтың баға жетпес байлық екенін меңзеп. Рәміздер мәртебесі, шекара күзеті, ұлт мүддесі жолында бір қадам да артқа шегінбеу – міне, Рафаэль Ниязбек өлеңдерінің басты тақырып желісі осы. Шығармашылық адамы белгілі бір дәрежеде психолог, ол қоғам мен оның азаматтары болмысында кездесетін жағымсыз жайттарды қағазға түсіріп, теріс оқиға-құбылыстарды әшкерелейді. Біздің автор «Арам сирақтар», «Уызына жарымағандар», «Қайтеді», т.б. өлеңдерінде тойымсыз пенделер портретін шебер бейнелеп, сатираның уытты тілімен шымшып, қағытып алады.
«Жалынсаң да жаныңды шоққа қарып,
Әділдік табам деме сотқа барып.
Өзіңді-өзің қорғайсың бұл заманда,
Өзіңді-өзің мылтықтай оқтап алып», – дейді ақын тура жолдан тайған бүгінгінің биі мен қазысын сын садағына іліп. Жалпы, Рафаэль Ниязбектің ел өміріндегі кертертпа құбылыстарға, саяси оқиғаларға өз көзқарасын білдіріп, бүгежектемей тура сөйлеп, тіліп түсе­тін тұстары аз емес. Ақынның астана жұрты мен арының алдындағы бұл адалдығы өлеңді малайындай жұмсап, қарын тоғайтар малтабарына айналдырған қаламгерлік цехтағы кейбір әріптестеріне үлгі болса дейміз.
Өлең өлкесінің ерке өзеніндей, гүлзарлы бағындай әсем шығармашылық болмысы бар, науат тілді назым жырларымен оқыр­ман жүрегін әлдеқашан жаулап үлгерген ақындарымыздың бірі – Бауыржан Жақып. Оның 2019 жылы «Sunshine plus» баспасынан жарық көрген «Желбіреп тұрған көк туым – биік тұғырым» атты кітабы ақынның ке­мел­ден­ген шағының панорамасы іспетті. Жинаққа енген «Қазақ елі», «Тұғыр», «Менің далам», «Байтағым», «Қос жағасы Есілдің», «Алматының оттары», «Семейтолғау», «Оралдың ақ түні», «Ақмешіттің ақшамы», т.б. тақырыптық өлеңдері жай географиялық атау ғана емес, кестелі тілмен, дестелі оймен туған елдің, жердің рухын асқақтату, өскен ортаның тақия төбелері мен кесірткебас келте жалдарын поэзияда пейзаждау. Бұл кітапты қолына алған оқырманның көз алдына біздің байтақ, баябан даламыздың әдеби атласы келетіні анық. Оның:
«Қазақстаным,
Тәуелсіз Қазақстаным!
Ақ қанат таңның көрдім мен ғажап ұшқанын.
Көрдім мен сенің мөп-мөлдір айдындарыңды.
Алатау, Алтай, Қаратау – айбындарыңды.
Ұлытауыңды көрдім мен,
Шыңғыстауыңды,
Абайдың жыры оқылған мың қыстауыңды.
Гүлденді қазір кең далам иесі болмаған,
Жамбылдың қызыл жолбарыс киесі қолдаған.
Махамбет сөзі лаулаған
Қаройды көрдім,
Мағжан боп өзі қаулаған дара ойды көрдім», –
деген «Қазақстан» өлеңінің ішкі энергетикасы күшті, жарды ұрған толқындай екпінді. «Фатиха» сүресі Құранның кілті десек, ақын кітабының беташары дәл осылай басталуы оның тұтас мазмұнын идеялық тұрғыдан біріктіріп тұр.
«Керегесі күмістей,
Саябағы пүліштей.
Жолы сымдай тартылған,
Шаңырағы алтыннан.

Керуен-керуен кебеже,
Астанама тоқташы.
Еуропаға терезе,
Азияның қақпасы», – дейді ақын еңселі елордамыздың ертегі қалпын сырлы сөзбен суреттеп. Қандай тамаша кескіндеу! Қазіргі біздің ақпарат кеңістігіміз негативтерге толып, жағымды жайттар соның тасасында жұтылып кетіп жатқаны өтірік емес. Қоғам­дық палитрадағы қара бояудың қалыңдығын азайтып, оған лимит қою керек деген жана­шырлық дауыстар әр бұрыштан естіліп қалып жатады. Баю идологиясы ғана насихатталып, рейтинг пен хайп қуған бүгінгі заманның дертіне қарсы осындай поэзия терапиясы керек-ақ. Ақынның «Сарыағаш дәптерінен», «Алакөл әуендері» циклды өлеңдері мен «Мәңгілік қазақ елі» секілді эпикалық кең тынысты поэмалары атамекенге деген құрметті арттырып, отансүйгіштік сезімді ұлықтайды. Ал портрет жанрында жазылғын арнау өлеңдері жас ұрпақты тұлғалар арқылы тәрбиелеуге қызмет етері анық.
Қазақ әдебиетінің дамуы мен өркендеуіне, мазмұндық тұрғыдан кемелденуіне тәуелсіздік алған жылдары тарихы отанына оралған творчестволық интеллигенцияның қосқан үлесі зор. Соның бірі – Мұрат Шаймаран. Бұ­ған дейін «Түнгі сарын», «Еркін аспан өлеңі» жыр жинақтары арқылы ақындық пас­портын алып, өз аудиториясын тапқан шайыр шығармаларының бояуы қанық, үні анық. Оның 2019 жылы «Үшқиян» баспасынан «Жасыл түн» де­ген атпен жаңа кітабы жарық көрді. Туған жер топырағын, оның бір жұтым ауасын аңсап, шекарадан бері ауған қандасымыздың өлеңдерінде қымыз бен жусанның иісі бұрқырап тұрады. Ұлттық колорит басым. Жалпы, Мұ­рат жырларын марғау қалыпта оқу мүмкін емес. Автор құрғақ баяндау мен дидактикаға ұрынбай, ойды шебер шендестіріп, тосын шешімдерге барады. Мысалы, «Оспанның соңғы портреті» өлеңіндегі:
«Сәуірдің айы, жаулары матап әкеліп,..
Өледі енді,
(өледі деуім қателік)
Талпынар көкке қанатын қатты сабалап,
Қайғысын жердің көтеріп», –
деген жол­дар­дан автордың жеке-дара стилі бірден аңғ­арылады. Ешқандай мультимедиялық құралдың көмегінсіз осы баяндалған көріністі кино көргендей көз алдыңа елестете аласың. Немесе:
«Қаба сақалы қап-қара түннің түсіндей,
Ер Оспан солай қасқайып тұрды кішірмей.
Тәңірдің қолы Алтайдың асыл тасынан,
Жасаған қашап мүсіндей», –
деген шумақтан батыр болмысын, баһадүр қалпын жаңылмай танып, қаламгердің образды орамдарына таңырқай қарайсың. Сондай-ақ оның мон­шақтай тізілген махаббат тақырыбындағы жырларының да жарқырауы бөлек.
«Жасады екен ғаламның қайсы зергері?!
Елітіп біттің сен мені!
Созсам бір қолым жетер ме,
Ей, Құс жолы – аспанның күміс белбеуі», – дейді ақын сүйіктісіне арнаған құсни хатында. Сезім шарабына мас болған сағым өмірдің бір сәтін ақынның көз жанары суретке баса қойғандай. Соңғы үлгідегі смартфон аппараттары аулай алмайтын фрагмент қой бұл. Ғашық жүректің әлемді құтқаратын сұлулыққа осылайша ерекше мәртебе беруі оқырмандарын сендіріп, олардың қатарын көбейте түсері анық.
Қай заманда да діни ағартушылықтың мәні кемімеген. Оған идеологияның бір түрі деп қарап, билік тарапы конфессиялар жұмысын бақылаудан тыс қалдырмай, тәртіп пен талаптың босаңсуына жол берме­гені дұрыс. Басқаша айтқанда, зайырлы елдегі наным-сенім бостандығы оны ме­м­лекет­тік реттеу тетіктері жоқтығын білдір­мейді. Жат ағымдардың теріс ақпараты жады жауланғандардың қолына автомат алдыратынын соңғы онжылдықтағы өмір тәжірибеміз көрсетті. Дұрыс ислами тәрбиеге баулуда әдеби формаларды пайдаланудың өз жемісін берген кездері баршылық. 2019 жылы «Асыл кітап» баспасынан жарық көрген Дәулетбек Байтұрсынұлының «Ақыреттің егіні» кітабы осы бағыттағы санаулы да сауатты көркем дүниелердің бірі.
«Жүрміз біз ақыреттің егісінде,
Сафтықтың өрінде емес, еңісінде.
Алдымен өзімізді реттейік,
Содан соң күн туады Ел ісінде», – дейді ақын. Иә, өмір мен өлімнің құқығы тең. Бесік пен бейіт арасындағы бес күн жалғанда арыңа дақ салмай, біреудің ала жібін аттамай, жүрегіңе иманнан күзет қойып, нәпсіңді құлыптап, туыс-бауырға тұқмат жасамай ғұмыр кеше алсаң, амал дәптеріңе сауаптан ғана жазылады. Ақ парақты жайнамаздай қасиет тұтқан ақын жырлары осындай өмір салтын дәріптейді. Жас ұрпақты діни алауыздықа бармай, аға­йын арасын жақындастыруға, ата-ана қадірін біліп, отбасы құндылықтарын тануға шақы­рады. Ал оның жинаққа енген «Жылқы – қазақ», «Көкпар», «Тәуелсіз елдің ұлымын», «Мем­лекет», т.б. өлеңдеріне тән ерекшелік, ол – баба дәстүрін сақтау, қарашаңырақтың қасиетін ұғыну. Бұл баба мекенін аңсап келген ақын шығармашылығының ажарын кіргізіп, өңін ашып тұрғанын астын сыза айтқымыз келеді.
Тәуелсіздік дәуірі тарихи жадымыздың жаңғырып, қатпар-қатпар ғасырлар қойнауын­дағы ақтаңдақ беттердің аршылуына, ғылы­ми айналымға енуіне басымдық берді. Мемле­кеттік идеологиямызға айналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлт санасына сіл­к­ініс жасайтын тарихи тақырыптағы әдеби шығармалардың жазылуы маңызды екенін меңзейді. Осы ретте, ақын Қаржау Оразбаевтың 2019 жылы «Ағатай» баспасынан шыққан «Дәуірдастан» және «Қызғыш құс» атты екі томдық шығармалар жинағын айрықша атасақ болады. Бірінші томына таңдаулы өлеңдері топтастырылса, екінші томында поэма, толғау, балладалары біріктірілген. «Тұмар ханшайым» тарихи дастаны, «Қызғыш құс» поэмасы және «Бейбарыс» жыр-толғауы дерек-дәйектер қорының молдығымен, сюжет пен фабуласының қызықтылығымен оқырманды тарта түседі. Эпикалық жанрға тән эпилог, пролог, ситуация, кулминация, т.б. құрылымдық тәртіптері сақталған.
«Орта Азия ошағымен ойран боп,
Грекия шалажансар
Қайран жоқ.
Ұлы Тұран…
Сақтығын айт сақтардың,
Қарғып тұрды қара орманын шалғанда өрт.

Көрсеқызар
Тойымсызға не дауа?!
Азияға әміршімін деді-ау, ә!
Сақ дегенің сақпан екен атылған,
Бақ дегенің қонады екен кейде ауа», – деп басталатын ерлік дастанында автор бағзы замандағы запыран құстырған зұлматтарды баяндап, ұрыс даласында жан алып, жан беріс­кен бөрі кеуде, бұқа тұмсық батырлар порт­ретін шебер сомдайды. Голливуд фильм­дерін­дегі супермен кәстөмін киюге әуес жасөспірімдеріміздің таңдауын өзгертуге қауқарлы шығарма.
Қазіргі БАҚ белсенділігі журналистиканы алдыға оздырып, ел өмірінде әдебиеттің мис­сиясын әлсіреткендей әсер қалдырады. Әйтсе де, абсалютті сөз бостандығы қай заманда да ешбір елде болған емес. Цензураның қылы­шына қиылмай, айтар ойыңды астарлап жеткізуде аллегориялық жанрларға, ым-ишара, тұспалға құрылған әдеби әдіс-айлаға баруың керек болады. Тыйым салынған тақырыптарды құзырлы орындардың мың қабат сүзгісінен өткізіп жіберуде кәсібиліктің кілті жасырылулы жатыр. 2019 жылы «ОНОН» баспасынан жарық көрген Оразбай Байбақұлының «Ой өрімі» кітабында қоғамды жайлағын жемқорлық пен жағымпаздық, ашкөздік пен тоғышарлық дертін айыптайтын өткір де зілді өлеңдер аз емес.
«Тақымдыларың таласса,
Сабырға тоқтар сәт қайда?
…Бөрілер ауыз жаласса,
Бөлтірік ойға батпай ма?» – дейді ақын билік дәліздеріндегі сыбайласқан қылмысқа семсерін кезеп. «Жағыну деген жалтаққа жайлы мамандық» екенін айтып, азаматтық позициясын ашық білдіреді. Қалам қайраткері үшін шығармашылық алаңы қашанда қоғамдық парламет саналған. Автор туындыларында махамбеттік мінез, әлихандық алаңдау байқалады.
Белгілі ғалым, геология саласының маманы Нәсіпқали Сейітов 2019 жылы «Ағатай» баспа­сынан жарық көрген «Өмір жырлары» кітабына жазған алғысөзінде: «Жыр жинағына ту…у…у жасөспірім кезден бастап бүгінгі шау тартқан шағымызға дейінгі аралықта жазылған өлеңдердің ең таңдаулы дегендері іріктеліп енгізіліп отыр. Десек те, кейбір шығармаларда, әсіресе жасырақ кезде жазылған өлеңдерде «таңдаулы» деген эпитетке сәйкес келмейтін туындылар – орамсыз ойлар мен шалағайлау шумақтар да ұшырасып қалатындығы көзі­қарақты оқырманға бірден байқалуы тиіс», – дейді. Расында, автор өзі айтқандай, кітап ішінде редакциялауды қажет ететін, «үтіктеп» жібергің келетін бірлі-екілі тіркестер ұшырасып қалады, алайда, бұл оның жалпы салмағын жеңілдетіп тұрған жоқ. Авторда әр жолына «құда түсіп» алғың келетін, қойын дәптеріңе түртіп қоятын шумақтар мол-ақ.
«Түркіменнің түлегі,
Құралай көз қарағым.
Топ жігіттің бірі едім,
Сонша неге қарадың?» – дейді ақын «Түр­кімен қызына» атты лирикалық өлеңінде. Жүрек лүпілін тудырған сезімді ақ ұлпаға орап әдемі жеткізу.
Ақын Орысбай Әбділдәұлының 2019 жылы «Жамбыл» баспасынан жарық көрген «Тәуекел тәңір тұмары» атты кітабына толғаулары мен шалқымалары топтастырылған. «Сөз сайыстың сардары», «Желмая Жәкем жырласа», «Шәкірт­терін шарболаттай шыңдаған», т.б. эпикалық туындылары туған елдің ақындары мен батыр­ларын, ғылым мен спортта ерекше көзге түскен саңлақтарының дәрежесін көтеріп, олардың еңбектерін жастарға үлгі етуімен құнды.
«Долана домбыра қолға алып,
Тереңнен тартып тоғанып…» – деп төк­пелете жөнелетін Орысбай ақынның шығармашылығына кешегі жыраулар поэзиясындағы сарыны тән. Жай ғана оқуды емес, әуенге қосып орындауды сұрап тұрады.
Еліміздегі ірі мегаполистерді қайдам, әдебиет пен өнер өкілдерін материалдық-моральдық тұрғыдан қолдау, арнайы гранттар мен стипендиялар тағайындау өңірлерде осыдан біраз жылдар бұрын жақсы жолға қойылған. 2019 жылы «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан Гүлжайнар Қалдинаның жыр жинағы осы сөзімізді дәлелдей түседі. «Жақсы мұқаба – жарты кітап» деген түсінік бар. Қатқыл қаптама, сапалы қағаз, сәтті дизайнерлік шешім – бәрі тамаша! Баспа мәдениеті білікті маман тарту мен шығынды өтеуге, қаламақы төлеуге жетерлік қаржы бөлінсе ғана қалыптасады. Ал мазмұнды қадағалайтын редакциялық алқа сапасыз шығармаларды санатқа онсыз да іліндірмейді. Біздің қолымыздағы жыр жинағы осындай талап пен талғамға толық жауап береді.
«Мамық бұлттарды маңытып,
Қыркүйек келсе тұсыма.
Жер-Ана уыз жарытып,
Уыстап нәрін ұсынар», – дейді ақын «Қыркүйек» атты өлеңінде. Күз көрінісін сәтті суреттеу. Гүлжайнар жыл мезгілдерін, табиғат құбылыстарын адамның көңіл күйімен шебер астастырып, психологиялық портреттер жасайды. Шағын эпизодтан әдемі этюдтар табады. Оның «Ымырт», «Жылы жаңбыр», «Түнгі сурет», «Ойлы кеш» өлеңдерін тамсанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес.
Бүгінгі жас толқынның ішінде ерекше дауысымен танылып, топтан озып танылып келе жатқан ақындарымыздың бірі – Мерей Қарт. Оның 2019 жылы дайын файлдан «РЕГИС-СТ Полиграф» баспаханасынан шыққан «Қарашықтағы құбылыстар» кітабы оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды.
«Арқыраса тарпаң күреңім,
Бал-бұл да жанар түр-өңім.
Көнеден қалған көзімсің,
Күміс көмкерген жүрегім,

Өмілдірігім де дін аман,
Өң-бойын ою құраған.
Омырау тұсы шашақбау,
Астары – қызыл шұғадан», – дейді ақын «Сайыпқыран сақтың ұлымын» атты өлеңінде. Рух тасыған жігерлі өлеңді ат үстінде шауып келе жатқандай рақаттана, ләззат ала оқисың. Батыстық білім мен шығыстық даналықтың тоғысуынан, қос сәуленің селбесуінен туған туындылары оқырмандарын қуанта бергей.
Ұрпақтар сабақтастығы жалғасы бермек. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дейді Мағжан ақын. Әдебиет ауылының босағасынан имене аттап, бүгінде буы бұрқыраған балғын жырларымен өз ау­диториясын тапқан қыз-жігіттеріміз көп-ақ. Солардың бірі – Табиғат Абаилдаев («Миллениум» кітабы, 2019 жыл) болса, екіншісі – Ұлмекен Лесбекова («Арман аралы» кітабы, 2019 жыл).
«Ойларымның ойдым-ойдым аралы,
Жапырақтай жаным неге жаралы.
Мен жайында әңгіме естіп шамалы,
Жиегімнен жұлдыз құлап барады», – деп сүйіктісіне сыр ашатын Табиғат өлеңдеріне жастық максимализм, стандартқа сыймайтын ойлау тән.
«Ай, маған сұлулық берші,
Бір кейіп жасайын.
Таң, маған жылулық берші,
Сырымды ашайын», – деп жырлайтын Ұлмекен жырларында қызға тән нәзіктік, өмірге еркелеу, сұлулыққа сүйсіну бар.
Қазақстан Жазушылар одағының «Поэзия» секциясына тапсырылған барлық кітаптың мазмұнын бір мақалада талдап (2019 жылы), шолу жасауға газет көлемі көтермейтіні белгілі. Әлемді жайлаған пандемияға байланысты жарияланған карантин шаралары жеңілдеп, қалыпты жұмыс тәртібіне көшетін күн келеді деп үміттенеміз. Одақ жұмысы жанданып, жанрлық секциялардағы әдеби талқылаулар да жүйелі түрде жүре бастар. Сондай алқалы жиындарда Бекбақыт Мұхамадиұлының «Аялдашы, уақыт, айтарым бар!», Мұхамбетбай Әміреұлының «Келмембет батыр», Қазыбек Мыңжанның «Ұлылық киесі Сұлтанбек», Перизат Алмасқызының «Ай-тұмар», Махмұтбай Әміреұлының «Інжу жырлары» кітаптары сарапшылар талқысына салынып, әділ бағаларын алады деп сенеміз.
Кітаптан бөлек, республикалық әдеби басылымдар мен әлеуметтік желілерде жеке және топтама өлеңдері жиі жарияланып, оқырмандар арасында резонанс тудырып, басбармақпен бағаланып жүрген ақындарымыз да аз емес. Олардың қатарында Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Сағатбек Медеубек, Жүрсін Ерман, Ақберен Елгезек, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегман, Қазыбек Иса, Аманғазы Кәріпжанәулеті, Жарас Сәрсек, Маралтай Райымбекұлы, Әлібек Шегебай, Бақыт Беделхан, Жанарбек Әшімжан, Алмат Исаділ, Бауыржан Әліқожа секілді творчестволары мойындалған, қолтаңбалары қалыптасқан авторларымызды атасақ болады.
«Егер адамзат өмірінен әдебиетті алып тастасаңыз, онда атылған мылтық пен сыңғырлаған тиынның ғана дауысы естілер еді»,– дейді орыс жазушысы Андрей Битов. Біз шығармашылық өкілдерін осы бір миссиясы үшін аялап, ардақтап, хан көтереміз. Салауатты өмір салтын ұстанатын әрбір жан күнде таңертең ырғақты гимнастика жасап, бұлшық етін шынықтырады. Не үшін? Үздік спортшы атанып, олимпиада чемпионы болу үшін бе?! Жоқ, әрине. Ол оған денсаулығын тіктеу, қан қысымын реттеу, шымыр қалпын бұзбау үшін керек. Сол сияқты, басқа мамандық иелеріне көркем әдебиетпен сусындап, дүниетанымын байытып отыру маңызды. Рухани тұрғыдан толысқан адам ғана отанының қорғаны, отбасының тірегі бола алады. Сол үшін де шығармашылықпен айналысатын тұлғаның қоғам өміріндегі мәртебесі ерекше болуы тиіс.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір