Сен бетіңді жоғалтып алған жоқсың ба?
01.07.2024
847
1

Жуырда Атырау қаласындағы алдаспан ақын, аруақты батыр Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында «Бет. Off face» спектаклінің тұсаукесері өт­ті. Неміс драматургі Мариус фон Майенбургтың «Ұсқынсыз» («Freak») пьесасының желісімен қойылған бұл спектакльдің режиссері – Данияр Базарқұлов. Пьесаны қазақшаға тәржімалаған − Әлібек Байбол.

Спектакльдің аты айтып тұрғандай, негізгі оқиға рухани құндылықтар арзандаған саудайы заманның талабына сай ғұмыр кешпек болған адамның бет-әлпетіне пластикалық ота жасатуының нәтижесінде ешкімге ұқсамайтын түрінен айырылғаны жайлы өрбиді. Соның салдарынан өзінің «менінен» ажырап қалып, «қоғам» ат­ты алапат конвейердің тетігіне айналған пенденің тағдырын көрсетеді. Қазіргі заманда күллі дүние стандарт­тармен өлшенеді. Ғимарат­тардың да, сәннің де, қала берді сұлулықтың да өзіндік өлшемдері қалыптасқан. Табиғилықтан қарағанда жасандылық жоғары бағаланатын заманауи қоғамның тыныс-тіршілігін қаз-қалпында көрсететін өзекті туындының айтар ойы терең, әлеумет­тік жағдайға меңзері де жоқ емес.
Махамбет атындағы ұжымның репертуарына осындай әлемнің ең атақты авторы, пьесалары жер шарының мақтаулы театрларында сахналанып жүрген Мариус фон Майенбургтің үздік туындысы қосылғаны құптарлық. Оған қоса бұл неміс драматургінің шығармасы тұңғыш рет еліміздің сахнасына жол тартып отырғанын ескерсек, аталмыш өнер ордасына үлкен шығармашылық жауапкершіліктің артылғанын түсінеміз.
Спектакль жанры «драм-шоу» деп қарастырылып, актерлік ойын өрнегі, режиссерлік һәм сценографиялық шешімдер, костюмдер мен жарық беру тәсілдері осы жанрға бағындырылған. Режиссер Д.Базарқұлов клоунадалы-буф­фонадалық шоу тәсілін қолданыпты. Қойылымның экспозициясы әйгілі сайқымазақ Слава Полуниннің «Қарлы шоуын» еске салады. Тарқата баян­дасақ, сахна кеңістігін жартылай толтыра тепкішек орналасқан. Оны «өмірдің баспалдағы», «мансап баспалдағы» деп оқып отырдық. Ырғақты әуен ойнап, сол тепкішекке қойылған үлкен көлемді кәдімгі балалар ойнайтын шарлар қозғала бастайды. Бірінің ішіне адам отыр. Ол шардан шыққысы келіп талпынады, бірақ оны тыстағылар ары-бері дөңгелетіп, ес жинауға мұрша бермейді. Шарға қамалған адам авансценаға жетіп, томаға-тұйық өмірінің мән-жайын бейвербалды әрекет­терімен түсіндіреді. Бұл үнсіз ойналған көрініс тамашалаушыны сан алуан ойларға жетелейді. Символдық жағынан қарастырсақ, пенде атаулының фәни дүниедегі шектеулі тіршілігін меңзесе, кейбір сәт­терде мәңгілік хаоста күн кешкен кейіпкерлердің шар іспет­ті жеңіл ғұмыр кешуге талпынысы ма деген ойға да шомдық. Басқаша айтсақ, режиссер бұл көрініс арқылы қазіргі рухани дағдарысты сыни тұрғыда түсініп, қоғам дамуының қайсыбір жаңа түрлерінің мәнін ашуға тырысады.
Жанр ерекшелігіне сай пьесадағы кейіпкерлер де өзгеріске ұшыраған. Әлеумет­тік маскаларды (типтерді) жеткізетін бейнелер режиссер тарапынан карикатуралық-клоунадалық тәсілде шешілген. Басты кейіпкер Лет­те – өнертапқыш-ғалым. Режиссер бұл рөлді мультфильмдегідей басы бүтін ғылымға беріліп, өзінің сырт кескініне мән бермеген қияли ғалым ретінде көреді. «Ұсқынсыз» болып отырған да – осы адам. Басындағы жалбыраған жасанды шашы мен қоңқайған мұрны, аяғына ілген ебедейсіз кебісі де көңілді сайқымазақты еске салады. Езуге күлкі ұялатар кейіпкердің сыртқы кескіні ғана емес, үндік-дыбыстық шешімі де комедиялық реңкке бай. Ал Карлман бейнесін режиссер жол шабаданы ретінде қарастырған, яғни өмірге тез бейімделетін, өзерістерге ашық кейіпкер деп түсіндік. Бірде дәрігер, бірде кәсіпкерге айналатын Шефлерді режиссер кәнігі қуыршақшы кейпінде сурет­тейді. Демек, барлық адамдардың өмірін бақылауында ұстай білетін, олардың санасын басқарудың жолын жетік меңгерген кәсіпкер. Оның сыртқы киімі, сөйлеу мәнері мен өзін-өзі ұстауы да сол тараптан шешілген. Фанни рөлі «қызғылт көзілдірік» киген, өз әсемдігі мен сұлулығынан басқаға бас қатырмайтын, өмірдің ағысымен ілесе білетін биші-балерина бейнесінде беріледі. Жалпы, пьесада кейіпкерлер мүлдем басқаша… қандай оқиғаға тап болса да олардың бет-жүздері өзгермейді. Режиссердің әдеби нұсқаны өзгерткенін осыдан және мәтінді қысқартуынан байқаймыз. Ол әр кейіпкерінің карикатуралық-сатиралық және әлеумет­тік астарының ашылуына мән бергендіктен, өзінің режиссерлік тұжырымына сай басқаша шешкен. Мұнда режиссер Слава Полунин, Майкл Джексон сынды атақты шоумендермен қатар, әйгілі Леонардо да Винчидің «Мона Лизасы», «Ақкіс ұстаған бикеш», Ван Гогтың «Автопортреті» сынды танымал өнер туындыларына және әр түрлі анекдот­тарға дәйексөздер береді. Сол арқылы режиссерлік тұспалдау нәтижесінде қазіргі өнердегі, өмірдегі сұлулықты қабылдаудың өлшемдерін жеткізіп, жылт еткен жылтыраққа қызығатын, зат­тың мәнін емес, орауын қадірлейтін құбылмалы заманның қитұрқы астарын ашады. Постмодернистік театрда бұлайша толғау жаңалық емес. Қазіргі қазақ­стандық өнерде сахналық форманың салтанат құрып тұрғаны да белгілі.
Дегенмен режиссер ұсынған спектакль­дің бұл формасы актерлер тарапынан қызу қолдау таба алмаған. Режиссер өзі тапқан сахналық пішінге өнерпаздарды ілестіре алмағыны сезіледі. Спектакльдің екі құрамын да тамашалағандықтан осыны анық байқадық. Актерлер шарт­ты кейіпкерлерді (әлеумет­тік типтерді) емес, шынайы өмірдегі адамдардың бейнесін жасауға талпынған. Ойындық театрдың ситуацияны әсірелеп ойнату сынды тәсілдерін актерлер тобы еркін меңгеріп кете алмай жатқаны сезілді. Сахнада актердің тіршілік етуі режиссер ұсынған «ойын ережесінің» үдесінен шықпағандықтан қайсыбір бейнелер ашылмай қалған. Бірінші күні Лет­тені актер Ғазиз Сураппаев ойнады. Оның ойын бедері кейіпкердің сыртқы пластикалық ерекшеліктерін ашуға құрылған. Ота жасатқаннан ке­йінгі Лет­те-Ғазиздың дауысы өзгергенімен ойыны сол қалпында қалады. Кейіпкердің өз болмысын, рухын жоғалтқан кезіндегі драмалық халі жанр табиғатына қарсы психологиялық сезімге құрылып, актердің ойыны бір бояумен ғана орындалғандай әсер қалдырды. Шефлер рөліндегі Мырзабек Макуловтың қаһарманы өзіне сенімді, жалғанды жалпағынан басып, өмірде өз дегеніне еш қиындықсыз жете білетін адам болып шыққан. Сөз саптауы да, қимылының ширақтығы да қазіргі кәсіпкерлердің жинақтық бейнесін жеткізеді. Карлман рөліндегі актер Райымбек Кәденнің пластикасы жақсы дамыған, дауысы да келісті. Десе де өнерпаз кейіпкердің құбылмалы бейнесін толыққанды аша алмаған. Сол күні актерлік құрамда Фанни рөлінде өнер көрсеткен актриса Шынар Рамазанованың ойынында мелодрамалық сипат басым шыққан. Әйелге тән нәзік қасиет­терді кейіпкерінің бойына жинап, қылықты да сүйкімді бейне жасаған.
Екінші құрамда өнер көрсеткен артистер біріншілерді қайталамай, өзінше ой толғапты. Бұл құрамның өнерпаздары да психологиялық ойын үрдісінен аса алмады. Дәл осы актерлік ойынға келгенде оқиға жанрдан шығып кетіп жат­ты. Актерлік тапқырлықтарды да көптеп қолдануға болар еді. Алайда сахналық емін-еркін импровизация жағы кемшін түсті. Шефлер рөліндегі актер Бақытжан Үтегалиев өз кейіпкерін түсініп ойнайды. Оның Шефлері режиссер ұсынған рөлдің қалыбына сәйкес шыққан әрі нәзік ирония бар. Артист Асыланбек Жанбалаев жасаған Лет­те бейнесі қарапайымдылығымен көзге түседі. Әлеумет­тік маскадан қарағанда әр кімге бір алданып қалатын аңғал ғалымды еске салады. Қойылымның соңына қарай оның ойынында басы артық мелодрамалық реңктер өте көп орын алды. Карлманды орындаған Сағыныш Махсотовтың ойынында кейіп­кер не болса да алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын пысықай жігіт болып шыққанымен, актердің сөз астарын ашу, детальдерді ойнату жағы әлі де бейнені зерт­теуі қажет екенін көрсет­ті. Актриса Айгерім Қабдешова жасаған Фанни бейнесі романтикалық бикешті көп еске салады. Ол үш түрлі Фанниді бір-біріне ұқсатпай ойнай білді.
Қойылымда тұтас ансамбль түзілген. Балетмейстер Айжан Құнанбаева қойған хореографиялық билер шоу жанрына толықтай келгенімен орындаушылар би сахналарының әсем де әсерлі болуына еңбек етпеген. Актерлер бұл көріністерге салғырт­тық танытпай, мінсіз орындау үшін көп жат­тығуы керек деп білеміз.
Қазіргі кез келген дүниеден шоу жасауға деген құлшынысты астарлап жеткізген «Бет. Off face» спектаклінің көтерген өзекті ойын спектакльдің басқа да элемент­терінен танимыз. Әйелдікі ме әлде еркектікі ме түсініксіз киім үлгілері бүгінгі аумалы-төкпелі заманның сыйқын еш әсірелеусіз көрсетіп тұр. Мульти­медиалық сценографияны қолдану барысында режиссер өз ойын заманауи тілде жеткізуге мол мүмкіндік алған. Қоюшы суретші Алексей Говязин, видео дизайнер Мария Степанова мен жарық беруші Арсений Макаров және режиссердің шығармашылық тандемі тамаша нәтижеге қол жеткізген. Режиссердің айтар ойларын бейнеқатар арқылы толықтырып отыратын сценографиядағы таңбалар жүйесі спектакльдің мазмұндық астарын тереңдеткен. Сонымен қатар ота жасау процесі сынды сахналық көріністерді бейнеқатармен беру көрерменнің оқиғаны толыққанды қабылдауына жәрдемдесті. Режиссер тарапынан табылған ұрымтал шешімдер аз болған жоқ. Соның көпшілігі сценография арқылы жетіп тұрды. Жарық берудің де ұтымды тұстары баршылық. Көлеңкені түсіру арқылы адамның екіге жарылуын, жаңа келбетке ие болған Лет­тенің өзін-өзі танымай қалуын өте тиімді берген. Режиссердің қайыра бір қарайтын тұсы бірнеше финалдың болуы дер едік. Шешуші сәт­тер өте көп созылып кетеді де, көрермен жалыға бастайды. Болашақта спектакль­ді фестивальдерге, гастрольге апарар болса, онда қойылымның темпо-ритмін дұрыстап, қайсыбір көріністерді қысқартып, бейнелерді тереңдетумен жұмыс жасаудың артығы болмас дер едік.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сахналаған «Бет. Off face» спектаклі қоғамымыздың тыныс-тіршілігін көрсеткенімен көрерменнің сұрағына жауап бермейді. Керісінше, олардың өздеріне сауал қойып: «Сен бетіңді жоғалтып алған жоқсың ба?» – деп тұрғандай әсерге бөлейді. Адамның адамдық қалпын жоғалтпауы үлкен өнер ме дерсің.

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
театртанушы

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 02.07.2024 | 20:20

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір