АЛҒАН БІЛІМ ОРҒА ЖЫҚПАЙДЫ
08.08.2022
862
0

Жуырда Американың Нью-Йорк қаласында филология ғылымдарының кандидаты, теле­журналист, ақын, Жаңылхан Асылбекова­ның «Сөнбес сәуле» сұхбаттар жинағының және зерттеуші-қаламгер, PhD Эльмира
Ибраеваның «Алаш қайраткері Жанұзақ Жәнібековтің шығармашылық мұрасы» атты монографиялық еңбегінің таныстырылымы өтті. Қос қаламгер Нью-Йорк фильм академиясында халықаралық «Болашақ» бағдарламасы
бойынша тағылымдамадан өтуде. Кітаптар Америкадағы «Біріккен Алаш» қорының (United Alash Foundation)
жанынан құрылған Кітап клубының (Book Club) ұйымдасты­руымен халықаралық деңгейде таныстырылды.
Көпшілікке ақын ретінде танылып жүрген, бірнеше жыр жинақтарының авторы, тележурналист, продюсер
Жаңылхан Асылбековамен сыр-сұхбат құруды жөн көрдік.

Үнемі ізденісте
жүруім Нью-Йоркке жетеледі…

– Американың төрінде «Сөнбес сәуле» сұхбаттар жинағының бағын ашып, шетелдіктерге таныстырып жүрсіз. Жалпы, қазақ халқы сізді «Сезім тамшылары», «Көңіл тағдыры», «Жанарымдағы жарқыл ең» атты өлең кітаптарыңыз арқылы, одан бөлек тележурналист ретінде «Сөнбес сәуле», «Ұмытпаймыз», тағы да басқа бағдарламалар арқылы таниды.
Ал бүгін біз сізден өлең сұрай отырып, ақындық қырыңызбен жақынырақ танысқымыз келеді. Әр адамның өзіне беретін ішкі бір бағасы болады ғой, бүгінге дейін жеткен жетістіктеріңізге, өзіңізге қандай баға бересіз?
– «Парақ Times» жобаңызға сәттілік тілей отырып, өмірдің әр күні өмір туралы кітаптың бір беті десек, онда бірге парақтайық. Өзіме-өзім қандай баға бере аламын?.. Жалпы, өзіме көңілім толмайды, ешқашан да толған емес. Өйткені бір өлең жазып біткеннен кейін жақсы көңіл күйде жүремін, араға уақыт салып оқығанда көңілім толмайды. Сондықтан да мен әлі ізденумен келемін. Өз-өзіме көңілімнің толмауы, үнемі ізденісте жүруім Нью-Йоркке жетелеп әкелген шығар…

– Демек, сіз әлі де өзіңізді баптап, зерттеп, өсіріп, қамшылап жүрген жансыз. Ақындығыңыздан бөлек, тележурналистік қызметіңізден бөлек, біз сізді болашақгер деп танимыз. Оны бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Оқырмандарға түсіндіре кетейін, Жаңылхан Мәмежанқызы – осыдан жарты жыл бұрын Халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері атанған адам. Яғни Америкаға тележурналистика бағытында тәжірибе жинақтауға келген сегіз ғалымның бірі.
– Негізі «Болашақ» халықаралық бағдарламасына айтар алғысым зор. Себебі біз – бір отбасынан екі болашақгерміз. Осыдан он жыл бұрын ұлым мектепті бітіріп, халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Канаданың Торонто техникалық университетіне оқуға түсіп инженер-программист мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шықты. Канадада алты жыл тұрды. Мен алты жылда балама бір рет келе алмадым, мүмкіндігім болмады. Мемлекеттік телеарнаның журналисімін ғой, бір айлыққа қарап отырған. Бірақ шетелге бір ізденіспен, тәжірибе жинақтаумен шықсам деген арманым болды. Арман-мақсатымды жазып жүретін дәптеріме: «Америкаға барамын, ағылшын тілін меңгеремін», – деп жазып қойыппын. Неге Америкаға барамын деп жаздым, білмеймін. Балам оқуын бітіріп келіп елімізде жұмыс істеп жатыр. Ағылшынша таза сөйлейді. Кейде тіпті жазғандарымды көрсетіп алуға ұялмаймын. Сонымен «Болашақпен» оқуға түсу қиын, таныс арқылы сатып алады екен», – деген сөздер жалған. Өйткені өзіміз үлкен күш-жігермен талаптарына қажет құжат тапсырып, сынақтардан өтіп барып түстік. Себепші болған – менің журналистика факультетіндегі қосымша жұмысым, негізгі жұмысым – «Абай арнасында» Бас продюсермін. Және филология ғылымдарының кандидатымын, 2008 ж. қорғағанмын, жетекшім – филология ғылымдарының докторы Гүлдархан Смағұлова. Ғылым жолына бір оралармын деп телевизия саласында жұмыс істеп жүргенмін.
Түсірілім тобымен бірлесе талай хабарлар дайындалды. Сол көргендерім мен түйгендерімді студенттерге үйретіп, соңғы жылдары журфакта аптасына бір күн сабақ беретін болғанмын. Кафедра жетекшісі Гүлмира Серікбайқызы үнемі жаңалық-ізденістермен бөлісіп отырады. Нью-Йорк кино академиясында тәлімдемеден өтуге болатын мүмкіндікті кафедрада естідім. Бағымызды сынап байқауға қатысып нәтижесінде өзіңмен бірге тәлімдемеден өтіп жатырмыз. «Болдым, толдым» деп отыратын адам емеспін. Көп нәрсе көрдім, білгенімнің өзіне басқа көзбен қарауға мүмкіндік туды. Бұрын оператор, администратор, ассистент, редактор, видеомонтажер жұмысына араласпайтынмын енді солардың барлығының жұмысын бір өзім істеп жүрмін. Өзің де солай істеп жүрсің, Нури ханым, сондықтан ол сізге таң емес.

– Сегіз болашақгердің ішінен сізді бөліп алып, ақынжанды Жаңылхан ханыммен ерекше әңгіме құрғым келгені де сол ғой. Ендеше, сұхбатымызды жалғастырайық. Сіздің «Жанарымдағы жарқыл ең» жыр жинағыңызды парақтай отырып, керемет бір әңгімеге көшсек. Жалпы өзіңізді елге танытқан өлең қай бетте? Соны әдемілеп бізге өзіңіз оқып берсеңіз.
– Рақмет! Кез келген өлеңімді жақсы көруім заңдылық. Өлең – көңіл күйдің көрінісі. Сондықтан мен қазір кітапты парақтап отырып, қолым қай жерге тоқтайды, сол беттегі өлеңді оқып берейін. «Шексіздік» деп аталады.
Шексіздік
Шегі жоқ түпсіз терең тұңғиық,
Санама менің сәулелі сәттер
жыр құйып.
Жүремін күнде көзімді ашсам
күн сүйіп,
Жанарымның ұшында шақырып
мені бір биік.
Жаратқан, қандай арайлы еді
жарығың,
Сергелдең сезім, өзіңе мен де жарыдым.
Сенделген жүрек лүпілін сездім
таң ата,
Өзгерген емес өзің көрген
сол қалыбым.
Марқайып көңіл жүрейін
әркез қуанып,
Бермесе тағдыр алақан
жайман сұранып.
Сәнімен емес, барыммен қалам,
қалсам мен-
Шексіз әлемнің бөлшегі болып,
бұл анық…

– Тамаша, «Парақ Times» жобасының ерекшелігі де осы, автордың кітабын парақтай отырып жан дүниесін тербеген «Шексіздік» өлеңін шығарып алғандаймыз. Әрбір ісіңіз берекелі, шексіз бір жақсылығымен ғана келсін. Кітап беттерін парақтай отырайық.
– «Сол биікте» деген өлең:
Тағдырдың бермегенін сұрамаймын,
Жүрегімнен жүз өтті құралай күн.
Мен сені жақсы көрем өз шыңымда,
Сол биіктен бір елі құламаймын.
Содан ұқ сен менің бар хабарымды
Сен жоқ жерде тау күрсініп,
дала мұңлы.
Кім біліпті, бір кездері жоғалтып ап,
Бір кездері қайтадан табарыңды?!
Тағдырдың тарту болмақ
сыйы кімге?
Ақиқаттың өзгермес күйі мүлде.
Мен қалармын, қанатым
жеткен жерде,
Сен білетін сол өзімнің биігімде.
Адамның жады – құпия тылсым
– Нью-Йоркке келгелі бері мақсат үдеңізден шығып жатырмын деп ойлайсыз ба? Алға қойған мақсат­тарыңыз қаншалықты жылжып келе жатыр, қандай жаңа идеялар туындап жатыр, шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? «Сөнбес сәуле» жайында кеңірек айтыңызшы.
– Идея бар, оның бәрі жүзеге аса ма кезінде көрерміз. Бұл енді шығармашылыққа байланысты. Кезінде Ұлттық арнада «Сөнбес сәуле» деген өмірден өткен адамдарды еске алатын бағдарлама болды. Телехабар – ұжыммен дайындалатынын білесіз. Басшыларға рақмет, мүмкіндік беріп, шабытымның жандануына жол ашқаны үшін. Кейіп­керіңді зерттей жүріп өсесің, ол шындық. Қазіргі жастар Тұманбай Молдағалиевтің, Фариза Оңғарсынованың, Алма Қыраубаеваның, Бейсенбай Кенжебаевтың кім болғанын, олардың жетістіктері мен қиыншылықтарын білуі керек қой. Сондықтан да мен бұл тақырыпты қозғаудан ешқашан шаршаған емеспін. Мен әр хабар жасаған сайын оларды әр қырынан ашуға тырыстым. Студенттерім, болашақ әріптестеріме де: «Кейіпкердің ашылмаған қырын ашыңдар», – деп үйретемін. Қазақ интеллигенциясы туралы барлық телеарналар жасайды. Ешкімге қой демейсің, әр арнаның өз бағыты бар. Сол кездегі сұхбаттарды, жазған сценарийлерді екшеп, қағазға түсіріп қойғанмын. Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы қаласы әкімінің қолдауымен кітап болып жарыққа шықты. Бұл бір жақсы дәстүр, таныстырылымы Одақта өткенде мен Америкаға жол жүріп кеттім. Араға алты ай салып «Біріккен Алаш» қорының жанындағы Кітап клубында Нью-Йоркте таныстырдық. Басы-қасында өзің болдың. Шығармашылық туралы айтар болсақ, мына оқиға есіме түседі.
Танымал қаламгер Шерхан Мұртаза: «Мен дүниежүзінің барлығын аралап шықтым, бірақ мен сол көзімді жұмсам, түсіме өзімнің кішкентай ауылым кіреді», – деген еді. Мен сол кезде Лондонда, Парижде жүріп ұйықтағанда түсіне қалай ауылы кіреді деп ойлайтынмын. Қазір мен Америкада жүргеніме алтыншы айға кетіп бара жатыр. Түсіме өзімнің ауылым кіреді, мен ауылды сағынамын. Адамның жады – құпия тылсым. «Біздің ауыл» деген өлеңіме сазгер Айтмұрат ағамыз ән жазған, оны әнші Рамазан Стамғазиев ағамыз орындағанда көзімнен аққан жасты көрсең ғой. Сағыныш. Бірақ бұл күндер өткінші, әрине елге қайтқан соң үйренгенімізді елдің қажетіне жұмсасақ дейміз. Әсерлер бар, оның барлығы көңілге тоқылып жатыр, қазір енді апта бойы сабақ, тіпті демалыс күндері түсірілім, кейіпкермен келісуге кетеді. Сондықтан мен күнде өлең жазып, рахаттанып жүрмін дей алмаймын.
Әсер алсам жазамын, менің көріп түйгендерімнің бәрі бір кездері өлең болып шығатыны анық. Мүмкін, Нью- Йоркты сағынғанда…

– Қандай тамаша, дәл осы жерде жанымыздың джемі, кремі болсын деп бір әдемі өлең оқып жіберейік.
– Жақсы. «Тұңғиық гүлі»… Мен гүлдердің ішінен тұңғиықты шынымен де жақсы көремін. Өзі жерде емес, суда өсетін гүл болған соң ба, өткенде «Бруклин» ботаникалық бағына барған кезде сол тұңғиықты іздедім. Көктем кезі болған соң, ол кезде болмады, көрмедім.
Ғажайыппын шынымен ашылғанда,
Аласармас оймын мен асылдарға.
Әрбір сәтім бір өлең білгендерге,
Менің сырым ұға алсаң
ғашық жанда.
Сүйгендердің пірімін қолдайтұғын,
Ақ көңіл періштем бар самғайтұғын,
Білмегенге жай гүлмін суда өсетін,
Тікені жоқ сұқ көзден қорғайтұғын.
Жайсаңдарға жаным кең ашыламын,
Әлдилейді әлемді ғашық әнім.
Таяздардан аулақпын сырым да жоқ,
Үнсіз қалам, сөзден де тосыламын.
Аялайды түнгі аспан жырымды ұғып
Бірін құп ап, сырымның бірін бүгіп.
Көл дейсіз бе, көлшік пе –
мекенім сол,
Тағдырдың тамшысына ілінді үміт.
Соқпақсыз суда өскен ақ әлеммін.
Аққу әнін су бетіне ала келдім.
Тұңғиықпын, тереңмін
тылсымы мол,
Сол әлемде келеді қала бергім,
қала бергім…
Үлкен ағама еліктейтінмін
– Жаңылхан ханым, жаңа сұхбат барысында жазушылар туралы айт­қан болатынсыз, сол қаламгерлер арасында шығармашылығыңызға арқау болған, кумир болған жандар бар ма ерекше атап өтетін? Олар қалай әсер етті? Сол жайында кішкене айтып өтсеңіз.
– Біздің бала кезімізде өлең жаттау дәстүр болатын. Үлкен ағам үйге түрлі кітаптар әкелетін. Филолог, ҚазҰУ бітірген. Жаны жәннаттан болсын, қазір арамызда жоқ. Өлең жазатын, соған қарап мен де еліктейтінмін, сол оқыған кітаптарды мен де оқитынмын, соның ақыл-кеңестерімен көптеген ақын-жазушыларды танып өстім десем де болады. Әрине, Мұхтар Шаханов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдерін жатқа оқитынбыз.
Фариза апаймен де бірнеше рет кездестім, бір өлеңін өзі оқып берген оқиға бар. Соны сізге айтып берейін. Фариза апаймен алдын ала кездесіп, Әбіш Кекілбаев туралы сұхбат беруін өтіндім. Әбіш аға ол кезде ортамызда аман-есен. Алматыдан Астанаға келдік, апайдың үйіне келісілген уақыттан 10 минуттай кешігіп бардық.
Апай кішкене қабағын түйіңкіреп қарсы алды. «Мен Әбіш туралы не айтамын? Сыйлайтын адамдар туралы ештеңе айтқым келмейді, жазғандарымды оқып алыңдар», – деді.
Жағдайды айта бастап едім, апай мені мүлде тыңдағысы келмеді. Қарсы алдында тұрған бойы өз өлеңін оқып бердім.
– Мінезің қыңыр дейсің,
Тағасың досыңа мін.
Білмедім бұрын дейсің,
Қайтейін осы барым.
Демеймін періштемін,
Бар шығар кемшілігім.
Келіс не, келіспегін,
Тек маған сенші күнім,
Суынған кезім бар ма?
Құшамын өліп-талып.
Осындай сезім барда,
Мінезден қорықпалық.
Ол сенен мұң жамасам,
Сезбейсің қалай күнім?
Назданып бір қарасаң,
Бар ашу тарайтынын, –


деп өлеңін оқып беріп едім, апайдың жүзіне жылылық ұялап, жымиды. – Cонымен, мені қайда түсіресіңдер? – деді. Ботагөз апай мен Мейрам аға дайын тұрған камераны қоса қойды.
Ол кісі орнына отырайын деп жатқанында: «Мен Мұқағали Мақатаевтың жерлесімін, қарындасы болып келемін», – деп едім, «Солай ма?! Ас үйде жүрген қыздар, естіп тұрсыңдар ма, қазыны тураңдар, Сарыарқаның қымызын шығарыңдар», – деп еді Фариза апай.
– Ол да енді сіздің ақынға ақынның тілімен жақындағаныңыз болып тұр ғой. Дәл осы жерде өлеңнің құдіретіне бас имеске амал жоқ! Ендеше, тағы да парақтап жіберіп, тағы бір өлең оқиық.
– Ал мен парақтайын.
Сен мені жоғалпадың, таппадың да
Қайда болдың қамыққан
шақтарымда?
Сезбедің ғой жанымның
қиналғанын,
Елге ұқсап өмір сұрап жатпадың ба?!
Сен мені жолатпадың, таппадың да,
Сырыңды айтқан жоқсың ақтарыла.
Мен үнсіз өмір сүріп жаттым
жаймен,
Миыңның мендік болған
қатпарында.
Сен мені жоғалтпадың, таппадың да,
Оған тау, аққан өзен, бақ та куә,
Жан дүнием құлазып жабыққанда,
Болмадың ғой жай түсіп
жатқанында.
Сен мені жоғалтпайсың,
таппайсың да,
Бояуы сіңген кезде бақ тайсын ба.
Жүрегіңде жүрмейін, жүк болмайын,
Қажет болсам миыңда сақтайсың да.
Сен мені жоғалтпайсың,
таппайсың да,
Көңілді ұғып, қабақты бақпайсың да.
Солғанымша санаңда жүре тұрам,
Сен енді жоғалтпайсың,
таппайсың да.
Бір-екі тіл білу аз
– Сізге көп рақмет! Бағанағы айтқан әңгімеміздің ішінде білімге, ғылымға сөз қозғаған кезде алдымен Cіз балаңызды үлгі тұтамын дедіңіз. Маған сол сөзіңіз қатты ұнады. Әрбір ана өзінің баласымен мақтанады, баланың әр жеткен жетістігі анаға күш-қуат береді. Мен сол дірілді Cізден сездім. Жалпы, ана ретінде болашақ оқырмандарға, сіздің ақындығыңызға, журналистік қызметіңізге қызығатын жастарға не айтасыз?
– Бір оқиғаны айтып берейін, біз отбасымызбен білімге, кітапқа, жалпы үнемі ізденісте жүруге бет бұрған адамдармыз. Үлкен ұл Канадада оқып жүрген кез, күйеуім Мәскеуде РАГС-те оқып жүрген, ол оның үшінші-төртінші мамандығы. Ал кіші ұл Ресейдің грантымен Мәскеуде МИСиС оқуға түскен. Содан бірінші күні бәріміз отағасын оқуына шығарып салдық, үш күннен кейін кіші ұлды оқуына шығарып салдық. Келесі күні үлкен ұлды Торонтоға оқуына шығарып салдым. Аэропорттан үйге қайтып келе жатырмын, рөлде өзім. Біртүрлі көңілім босап жалғыз қалған сияқты болдым. Екінші жағынан, балаларым өз білімімен халықаралық деңгейдегі шетелдік жоғары оқу орнына қолы жетіп жатса қуанбаймын ба деп қоямын. Шүкір. Қазір олар отанына оралып, ел қатарлы жұмыс істеп жүр. Үйдегілердің ішінде мен ғой кешеуілдеп барып шетелде оқып жатқан. Бірақ оқимын, ізденемін, тәжірибе жинақтаймын деген адамға ешқашан да кеш емес екенін түсіндім.
Сондықтан қазіргі жастарға айтарым, уақыттың бәрін ізденуге арнаңыз, тіл біліңіз, бір-екі тіл білу аз. Мүмкіндігінше көп тіл білген жөн. Адам өзін-өзі үнемі өсіріп отыруы керек. Алған білім алға сүйремесе, орға жықпайды. Жастар жауапкершілікті сезініп, көп ізденуге күш салса, еңбекқор болса деп тілер едім.
– Бір сөзбен айтқанда, сауық-сайран іздеме, білім-ғылым ізде дейсіз ғой жастарға. Лайым жастар ғылым мен білім ізденіп жүре берсін! Жаңылхан ханым, хабарымыз «Парақ Times» болғандықтан, ең соңғы өлеңімізді парақтап отырып, өлеңмен аяқтасақ.
– «Сүйікті әлем»:
Аялағыш ақ ниет, арманымды,
Жолдарым
жолықтырма жарға мұңлы.
Көңілімді қалдырма көркем ғалам,
Сезінбейін сенімсіз солған үнді.
Жүрегімді тербетіп биікпенен,
Көргенімді көңілге түйіп келем.
Жақсысын да түсініп, жаманын да,
Бұл жалғанды барынша сүйіп көрем
Сүйкімдісің, сүйікті әлем.

– Рақмет сізге, әдемі сырласу болды!
– Сізге де көп рақмет, сүйікті әлемде қазақтың сүйікті қызы, сүйікті ақыны болып шығармашылығыңызда өсе беріңіз. Әлемнің түкпірін өлеңдеріңізбен парақтап, шарлай беріңіз!

Нұрлыайым ДАНАЕВА,
Халықаралық «Болашақ»
бағдарламасы бойынша
Нью-Йорк фильм академиясының тәлімгері
NYFA – ҚазҰУ
New-York – Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір