Әкесін ақтап алған академик
02.04.2023
493
0

ҰҒА Академигі, философия ғылымының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев туралы үзік сыр

Әбдімәлік Нысанбайұлы ағамен 1994 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс ітеп жүргенде танысқан едім. Басылымның «Әдебиет және өнер» бөлімінің меңгерушісі, жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Бүгін үлкен бір жиналыста сөз алған академик Әбдімәлік Нысанбаевты тыңдадым. Айтқан ойлары ұшқыр, пікірлері тың екен. Сен сол кісіден сұхбат алып, газеттің келесі нөміріне дайында», – деп тапсырма берді. Артынша, академиктен алған сұхбатым жарық көрді. Материал қызғылықты шығып, сұхбатты жалғастырып, тағы жарияладық. Осылайша Әбдімәлік ағамен жақын араласып, отыз жылға жуық қарым-қатынаста болыппыз.

Төрге шықса – төбедей, төбеге шықса – төредей ағамыздың жақын мен алысты бірдей көргенін бүгінде жалпақ жұрт жақсы біледі. Жақында сексен алты жасына қараған шағында дүниеден өткен Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев елінің жігері, қоғамның тірегі болған азамат десек, әсілі артық айтпасақ керек. Себебі, ұрпақ үшін өлмейтұғын ісі, өнегелі еңбегі қалды.
Әкесі төбесінен құс ұшырмаған Әбдімәлік ағамыз сан қырлы салдардың сарқытындай мінезді, тура сөзді жігіт болып жетіліпі. Рас, әкесі Нысанбай тым қатал кісі болған деседі. Алайда, бар жылы-жұмсақты осы Әбекеңнің аузына тосқан. Аталарымыз кейбір баланы «ақылды тентек» деп, басынан сипаған емес пе? Бұл баланың келешегінен үміт күткен үкілі көңілдің белгісі іспеттес.
Әрине, Әбекең отбасындағы жарға біткен жалғыз «жантақ» емес еді. Десе де, сонау отызыншы жылдардың соңында дүниеге келген ұлды әкесі жанына жақын тартты. Қатал мінез болса да, бір мейірім үстемдік етіп тұратын. Жалпы сол уақыттың қайтпас қайсар қазақтары ертеңгі ұрпақ қамын әріден ойлағаны анық.
Әбдімәлік Нысанбайұлының ғалымдығын, қоғамдық еңбегін халық жақсы біледі. Осы жолдағы жеткен жетістігі, алған атағы мен марапаттары аз емес. Алайда кешегі солақай саясаттың ауыртпалығын көрген жанның бірі – Әбдімәлік аға екенін былайғы жұрт біле бермейді.
Әбекең отыз жетінші жылы Қызылорда облысының «Үшінші ауыл» аталатын елді-мекенінде өмірге келген. Әке-шешесі сол қиыншылық заманында күн көру қамымен «Қарауылтөбе» ауылына ауысады. Нысанбай әкей Бостан би деген өңірге мәшhүр аузы дуалы кісінің кіндігінен тараған екен. Осындай текті ұрпақтан өрбіген Нысанбай әкей білекті батыр, ешкімнің бет-жүзіне қарамаған айбынды да айт­қыш кісі болыпты деседі. Бірде ауылда канал қазып жатып, «Қарауылтөбе» колхозының бастығымен сөзге келіп қалады. Әлгі кеңес өкіметінің шолақ белсендісі түнделетіп үш әріптің кеңсесіне барып: «Нысанбай деген «Совет үкіметі жеңіледі, немістер жеңеді» деп айтты», – деп арызданады. ОГПУ-дің үштігі түнделетіп келіп, Нысанбайды алып кетіп, соттап жібереді. Жылап-сықтап қалған бала-шағаны шешелері: «Әкелерің бір жаққа кетті, жуырда келеді», – деп алдарқатады.
Сол зұлмат заманда халық жауы атанған қаншама жазықсыз жандар қуғын-сүргінге ұшырады, азап көрді, құрбан болды. Ал, елде артында қалған әулеті, ұрпағы, балаларының да тағдыры тәлкекке түсіп, мехнатты тіршілік кешті.
Соның бірі – Әбекең туған шаңырақ. Әжелерінің жалғыз өзі балаларды асырау­ға шамасы келмегендіктен олар «Сталин» колхозындағы Қатира апасының күйеуі Қалмағанбеттің отбасымен бірігіп тұруға тура келді. Содан кейінгі тауқыметті тағдыры турасында Әбекең кезінде былайша айтып берген еді: «Қырық үшінші жылы жездемді соғысқа алып кетті. Артынша «Сталинград түбінде қайтыс болды» деген қара қағаз келді. Біздің ауыл күріш шаруашылығымен айналысатын. Қыркүйек айында күрішті орып алады. Күріштен қалатын масақты теретінбіз. Кеңестің қызылкөздері жерде жарамсыз болып қалған сол масақты да қызғыштай қорып алғызбайды. Ішінде қатігез бір бригадир бар еді. Сол бір рет қуып жүріп ұстап алып, құлағымның тамырларын үзе-мүзе тартқаны өмір бақи есімде қалып қойды. Кішкентай ғана дорбамызды масағымен қосып тартып алды. Аш-арық әлжуаз баламыз ғой, қарсылық көрсете алмадық».
Бұдан басқа да Әбекең көрген қиыншылық жетіп артылады. Мектепте «Халық жауының баласы» атағымен көрмеген құқайы жоқ. Бәрінен бұрын мұғалімдердің сыныпта артқы партаға отырғызып қойып, «Халық жауының баласысың» деп, ашықтан-ашық тисетіні жанына батушы еді. Әбекеңді бұл жайттар жасыта алмады. Қайта жас баланы ширата, қайрай түсті. Керісінше болашақ академик Әбдімәлік Нысанбай өте жақсы оқуға тырысты. Әкесін қалайда ақтап алу үшін өте сауатты болу керектігін түйсінді. Сөйтіп, алдына «үлкен ғалым атанып, әкемді қайтсем де ақтап аламын» деген мақсат қояды.
Мектепті тырмысып жүріп жақсы бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Институтты өте жақсыға тамамдаған Әбекең жолдамамен Алматыдағы Ғылым академиясына келеді. Сәтбаев заманында Ғылым Академиясында қызмет істеу деген – үлкен абырой еді. Мұнда Әбекең алпыс жылға жуық отасып келе жатқан болашақ жұбайы, жас ғалым Зейнеш апаймен танысады.
Алматыдағы ғылыми ортадағы Орынбек Жәутіков, Жабайхан Әбділдин, Лев Науменко, Мамия Баканидза сияқты талантты ғалымдар Әбекеңнің ғалым болып қалыптасуына оң ықпалын тигізді. Бұдан соң ізденімпаз, еңбекқор, талантты жас ғалымды ұстаздары жолдамамен Мәскеуге аспирантураға жібереді. Сол кездегі одақтағы жаратылыстану философиясымен айналысқан, бірден-бір атақты ғалым, профессор И.В.Кузнецов Әбекеңді Мәскеудегі ғылыми ортаға құшақ жая қарсы алып, аспирантурада ғылыми жұмысына жетекшілік етті.
Аспирантураны ойдағыдай қысқа мерзімде тамамдап, кандидаттық диссертациясын қорғаған жалынды жас ғалым Мәскеуде тиісті органдардың барлығына барып, түсіндіріп, жазып жүріп әкесі Нысанбайдың «халық жауы» атағы жала екенін дәлелдеп, ақтап шығады. Осылайша Әбекең өз сертінде тұрып, үлкен олжамен Алматыға қайтып оралады.
Иә, Әбекең білім мен ғылымда үздіксіз алпыс жылға жуық еңбек етті. Осы жылдары 600-ден астам ғылыми жұмыстары, қырыққа жуық кітаптары, олардың ішінде 75-тен астамы әлемнің жиырма бес тілінде (Ресейде, АҚШ-та, Қытайда, Германияда, Түркияда, Иранда, Вьетнамда, Тәжікстанда, Бело-рус­сияда, Украинада, Болгарияда, Польшада, Венгрияда және тағы басқа ел­дерде) жарық көрді. Және ғылыми жетекшілігімен көптеген мамандарға диссертациялар қорғатып, философия, социология, мәдениеттану, саясаттану бойынша өзінің халықаралық танымал ғылыми мектебін қалыптастырды.
Академик Әбдімәлік Нысанбаев талай ғылымға ұмтылған жасқа қол ұшын беріп көмектесті. Бүгінде олар еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етуде. Солардың қатарында өзім де бармын. Әбдімәлік ағамыз ғылымға деген қызығушылығымды байқап, ғылыми жұмысыма жетекшілік еткені – бүгінде мен үшін мақтаныш.
Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетінде, Абай атындағы Қазақтың Ұлттық педагогикалық университетінде, Қазақтың мемлекеттік педагогикалық қыздар университетінде, «Қайнар» университетінде (осы уақытқа дейін кафедра меңгерушісі), Қытай Халық Республикасының Ухань қаласындағы Хуажон ғылым және технология университетінде, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, Францияның университеттерінде, Түркияның Анкара университетінде лекциялар оқыды, диссертациялық жұмыстарға ғылыми жетекшілік етті, бірлескен ғылыми жұмыстары жарық көрді. Вашингтондағы Американың және Кембридждегі Англияның өмірбаяндық институттары 2008 және 2009 жылдардың аяғында зерттеу мен сараптау нәтижесінде Әбекеңді әлемдегі екі жүз тұлғадан тұратын «ХХІ ғасырдың ұлы ойшылдары» атты топқа кіргізіп, алтын медаль және сертификат тапсырып, арнаулы ағылшын тілінде кітапты жарыққа шығарды. Бүгінде аталған кітап әлем елдеріндегі кітапханалар, мектептер және ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі зиялы қауым үшін тамаша дереккөзі болып отыр. Бұл – Әбекеңнің әлемдік ғылым мен қоғамның дамуына қосқан үлесі деп білеміз.
Әбекең – қызметтің буына масаттанып кетпей, балаларының да ертеңін елең алаңнан ойлаған азамат. Сондықтан шығар, балалары мамандық таңдауда жаңылмады. Отбасы – отанның кішкене мекені деген ұғымды үнемі жадында түйді. Бұл әрине ұрпағының отбасылық өміріне берген өнегесі. Бүгінде Әбекең мен асыл жары Зейнеш апай екеуінен тараған ұрпақ үлкен әулетке айналып, ұл-қыздарымен бірге немере-шөберелері де үйлі-баранды болды. Жалпы Әбекеңнің өкінетін жері, әттеген-ай дейтін кезі жоқ. Ең бастысы – әкесі ақталды, әулетінің ел-жұрт алдында жүзі жарқын. Асыл ағаның нұры пейіштің төрінде шалқығай!

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
философия ғылымының
кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір