КҮНГЕЙГЕ БЕТ­ТЕГЕН КЕРУЕН
27.08.2024
291
0

Жақында Алматыға қонаққа келгенде, кез­десейсоқ Мырзахан Ахметовтің «Қилы-қилы тағдырлар» кітабы қолыма түсті. Бірден көзіме от­тай басылып, өткен күндер көз алдыма тізбектеле қалды. Себебі Мырзахан менің курстасым болатын.

Ол ерекше еді

Сонау 70-жылдардың ортасында бұрын көп ешкімнің қолы жете бермейтін С.М.Киров атындағы КазГУ-дің (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетіне Қазақ­станның түкпір-түкпірінен 25 бала оқуға түстік. Біздің басқа факультет­тен бір ерекшелігіміз, оқуға түскендердің бәрі дерлік өмір тәжірибесінен өткен, әскер қатарында қызмет еткен, көпшілікке танымал адамдар болды. Сол кез­де «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнімен танылған ақын Тынышбай Рахимов, белгілі жазушылар Әлібек Асқаров, Мұхтар Шерім, белгілі спорт журналисі Жүсіп Қисимов бізбен бірге оқыды. Ішіміздегі ең жасы, бүгінде белгілі жазушы Заря Жұманова болатын. Әсіресе Тынышбай Рахимовтың акт залындағы фортепианода ән салғанын көргенде жұрт­тың бәрі тамсанатын.
Сол курстастардың арасында Жамбыл облысынан келген, аққұба, шашы бұйра келген, үнемі көңілді жүретін бір жігіт көңілімізге жылы ұшырап тұратын. Ол жігіт Мырзахан Ахметов еді. Мырзахан да мен сияқты мектеп бітіргеннен ке­йін әскерге барып, содан оқуға түскен сәті екен. Мырзаханның басқалардан бір ерекшелігі – өте елгезек, үнемі асығып жүретін, бір ашу шақырғанын көрмейсің, курстастарына қол ұшын беруден аянбайтын. Сондықтан болар, Мырзаханды курстағы жігіт­тер де, қыздар да өзіне жақын тартуға тырысатын. Бір қызығы, біздің курстағы екі жігіт болашақ жарын осы курстан тапты. Балтабай Нұржанов Балтагүл Оспановамен бас қосса, Мырзахан Бейбітгүлмен отау көтерді. Бейбітгүл – қателеспесем, Алматы облысының қызы, орта бойлы, қызыл шырайлы, әдемі қыз болатын. Олардың отау құрғанына балаша қуанғанымыз әлі күнге де­йін есімізде.

Саяси жұмыстың сарбазы

Мырзаханмен содан ке­йінгі кез­десуім, 1986 жылы Алматы Жоғары партия мектебінде болды. Оқу бітіргеннен ке­йін, аудандық партия комитетінде жұмыс жасап, соның жолдамасымен келген екен. Біз тағы да 2 жыл бірге оқып, бір-бірімізді одан сайын жақын біле бастадық. Ол осы Жоғары партия мектебін бітіргеннен ке­йін, өзі туып-өскен Жуалы ауданында аудан әкімінің орынбасары қызметіне де­йін көтеріліп, абыройлы қызмет атқарды.
Мырзаханның жоғарыда аталған кітабын оқып отырып, оның ата-анасының да өмір жолы оңай болмағанына куә боласың. Әкесі сонау соғыс жылдарында бір ауылда басшылық қызмет­те жұмыс істеп, халықты қиын уақыт­тан алып шыққан қажырлы жандардың бірі болыпты. Ал анасы кеңшардың қарбалас жұмысында жүріп, төрт баласын ешкімнен кем қылмай өсіріп, олардың келешегіне керемет негіз қалап берген.

Шығармашылыққа басталған жол

Он бір жасында әкеден жетім қалған Мырзахан бауырларымен бірге ерте есейді, ойынды ұмытып, ата-анасына қолғабыс болды. Шөп шапты, мал бақты, су тасыды, әйтеуір барлық жағынан еңбекпен ширығып өсті. Қолы сәл босай қалса, өлең жазатын өнер тапты. Бұл жетімсіреп өскен көңілді жұбататын, қиналған сәт­те ерекше күш беретін қасиет еді. Ол жазғандары алтыншы сыныпты оқып жүргенде республикалық «Қазақ­стан пионері» газетінде жариялана бастады. Бұл ақын баланың бойына одан әрі күшті шабыт беріп, арманын асқақтата түсті. Тіпті мектеп бітірген бойда оны аудандық газетке корректорлық жұмысқа шақыруы, ол кез­де сирек кез­десетін құбылыс еді. Мырзахан корректор болып жүріп, журналистикаға ең алғашқы қадамын жасады.
Жоғары оқу орнын бітірген Мырзаханға тек журналистика ғана емес, аудандағы партия қызметкерлері де қат­ты қызығушылық таныт­ты. Сөйтіп, алғашында аудандық партия мектебінде нұсқаушы, бөлім басшысы болып бастаған ол, аудан әкімінің орынбасары қызметіне де­йін жоғарылады. Соңынан өзінің қалаған мамандығы – журналистикаға қайта оралып, аудандық газет­тің бас редакторы қызметін атқарды.

Ауылдастары арқа сүйеген аға

Мырзаханға деген ауылдастарының сенімі мұнымен шектеліп қалған жоқ, оны халық аудандық мәслихат­тың депутат­тығына сайлап, үлкен сенім білдірді. Тағы біраз уақыт­тан ке­йін депутат­тар оны мәслихат­тың төрағалығына сайлап, еңбекқор жігітке деген ел құрметінің үлгісін білдірді.
Осындай сәт­те Мырзахан баяғыдан бері қанша айтса да жүзеге аспай келе жатқан бір арманы – орысша аталған елді мекендер атауын қазақшалауға жанын салып кірісті. Шындығын айтсақ, аудандағы барлық орыс тіліндегі атауларға арнайы негіздеме дайындап, оларды тез арада өзгертуге күш салды. Бұл бастама нәтижесін бермей қалмады. Аз ғана уақыт­тың ішінде 47 елді мекеннің, 10 ауылдық округтің, 35 мектептің, мыңдаған көшелердің атауы қазақшаланды. Бұған, әрине, күңкілдеген адамдар да аз болмады, бірақ сауат­ты жігіт­тің сындарлы жауабы талай кержақтардың жағын қарыстырғаны рас еді. Мысалы, бұрынғы Кантемировка селосы Қошқар ата деп өзгерсе, Некрасовка – Ақтасты, Луначарка – Рысбек батыр, Алексеевка – Көлтоған, Самсоновка – Күреңбел, Казанка – Тасбастау, Успеновка – Жетітөбе, Петровка – Қарасаз, Бурный – Б.Момышұлы, Зыковка – Жұрымбай, Кременовка – Шақпақ ата, Евгеневка – Көлбастау, Столыпинка – Көктөбе, Кастелевка – Қосбөлтек, Гагарин – Түктібай, Андреевка – Алатау, Габаека – Ақтөбе, Калинин – Көксала, Октябрское – Нұрлыкент, Путь Ленина – Жүргенов, тағы басқа ауылдар өздерінің байырғы атауларына ие болды. Бұрын «кіші Ресей» аталған Жуалы 2000 жылдың басында іс-қағаздарын жүргізуде түгелдей қазақшаға көшті. Осының бәріне «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде Мырзахан Ахметовтің қосқан үлесі ұшан-теңіз болатын.
Мырзахан соңғы жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлт­тық педагогикалық университет­те баспасөз бөлімінің басшысы қызметін де атқарды. Ол бұл жаңа істе де университет­тің әлеммен байланысын кеңейтуге бар күш-жігерін жұмсады. Себебі жетістікке жетудің жолы ақпарат алудан, оны қорытып, практикада тиімді пайдаланудан тұрады. Мырзекең бұл жерде де өзін талант­ты журналист, табанды қызметкер, арда азамат ретінде таныта білді, білім ордасы басшыларының ақылшы ағасына айналды.

Талант­ты адам – барлық жағынан талант­ты

Мырзахан қырық жылдан астам мемлекет­тік, журналистік қызмет­те қоғам дамуына өлшеусіз үлес қоса жүріп, шығармашылық жұмыстан да сырт қалмады. Қолы қалт еткенде қаламын алып, өлең, әңгіме, ән жазды, оны қағазға түсіріп, том-том кітап етіп шығарды. Мысалы, қат-қабат қоғамдық жұмыста жүріп, жиырмаға тарта публистикалық, поэзиялық, әдеби-көркем, танымдық кітаптарды жарыққа шығарды. «Талант­ты адам – барлық жағынан талант­ты» дегендей, Мырзахан елуден астам музыкалық шығармалар, әндер жазған. Жақында оның бір әнін курстастарға арналған желіден тыңдап, таң-тамаша болғанбыз.
Мырзекеңнің бір ерекшелігі, осыншама тума талантқа, қаннан тараған қасиетке ие бола тұра, «мен мынандай шығарма жазып едім, мен мынандай ән жазып едім», – деп ешкімге кеудесін керген емес. Бірде оның шығармашылығымен танысқан белгілі абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов: «Құдай саған әркімге бұйырмайтын жеті өнерді де үйіп-төгіп беріп еді, өмірдің сансыз қиямет­терімен алыса жүріп, Астанадан жырақ жүріп, елге танылмай, ашылмай қалдың ғой, шырағым-ай!» – деп қат­ты жанашырлық танытыпты. Ал Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Мырзахан – ақын, Мырзахан – азамат, Мырзахан – Цицерон», – деп ақынның бүкіл болмысын осы үш ауыз сөзге сыйғызыпты. Бұдан басқа қазақтың көрнекті ақындары Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсембаев, Өкім Жайлауов, Әлібек Асқаров сияқты ағалары да Мырзаханның өлеңдері мен әндеріне жоғары бағасын берген еді.
Осындай ұлағат­ты да өнегелі жолмен келе жатқан Мырзекең – үлкен, сүт­тей ұйыған, сыйластығы жарасқан жарасымды отбасының тұтқасы. Бейбіткүл екеуінің дүниеге әкелген балалары да отбасы бақытын молайта түскені хақ. Балалары да шығармашылықпен айналысады, бұл – қанмен дарыған қасиет­тің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқанының белгісі. Жалпы, Мырзаханның өткен жылдарда ел үшін жасаған істері бір керуенге жүк болардай бірегей өнегеден тұрады. Соның бәрін оқып, көріп отырып, құрдас, курстас, әріптес үшін көңіл марқаяды. Өмірдің күміс шұғылалы күнге­йіне бет алған Мырзекеңнің ол бастаған керуеніне сәт­ті сапар тілейміз!

Нұрлан ҚАБЫЛОВ,
курстасы, Қазақ­станның
Құрмет­ті журналисі
Ғабит КЕНЖЕБАЕВ,
тарих ғылымдарының
докторы, академик

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір