«Ақмышта туып, АҚШ-та жүлде алған балаң бар ма?»
«Қазақтың амандығынан артық бақыт та, тақыт та керек емес», – дейді сұхбатымыздың кейіпкері. Сіз бен біз алған марапаттары мен сыйлықтарын айтып тауыса алмайтын «Дүниені дүбірлеткен дарабоздың» шын көңілі, ақ пейілі – осы.
Биыл сексен бесінші жазын қарсы алған Әмин Тұяқовқа барып әңгімелескен едік. Ол кісі бізге көргені мен түйгенін, қуанышы мен өкінішін, бүгінгі қоғам, спорттағы кейбір мәселелер туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Спортшы болмасам, математик болуым мүмкін еді
– Ассалаумағалейкүм, Әмин аға! Адам жасының асқаралы биігі – 85 жасқа толып отырсыз. Құтты болсын! Сексен жылдық мерейтойыңыздан бері де ел назарынан, бұйырған марапаттардан кенде емессіз. Былтыр «Қазақ спортының майталманы» құрметті атағын, «Барыс» орденін иелендіңіз. Тағы да құтты болсын! Сұхбаттасар алдында сіз туралы бірталай әдебиетті ақтарып шықтым. Сонау өткен ғасырдың 70 жылдарында жарық көрген жазушы Маршал Әбдіхалықовтың «Желаяқ баласынан» бастап, 2017 жылы баспадан шыққан «Дүниені дүбірлеткен дарабоз» кітабында бүкіл спорттық көрсеткіштеріңіз, жетістігіңіз, әлемдік спортқа қосқан қайталанбас үлесіңіз барынша насихатталыпты. Осы орайда, өмірбаяныңыздың біразына соқпай, кейінгі жылдардағы атыңызды ұлықтау шараларына мән берсек. Жаңаөзен қаласындағы ат шаптырым спорт сарайына есіміңізді беріп, Маңғыстау облысы басшылары жыл сай «Әминиада» спартакиадасын өткізеді. Күні кеше мерейжасыңызға байланысты Атырау университеті спорттық шаралардың тұсауын кесіп, арнайы конференция ұйымдастырды. Туған жеріңізге ризасыз ба?
– Туған жеріміз жан баласына қимайтын жер ғой, айналайын. Ата-бабаны қадірлеген, аруақты сыйлаған, ағайынға жанашыр, қуанышың мен қайғыңды тең бөліп, қиындықты бірге өткізген аңқылдаған ел ғой біздің ел. Кім-кімге де туған жері ыстық. Сол жерде өмірге келіп, сол жерде өсіп-өнгеннен кейін оны жаман көру мүмкін емес те. Маңғыстау деген түбек бар. Мұнайлы, шұрайлы мекен. Сол мекеннен он жеті жасқа қараған шағымда кеткен екенмін. Спортпен айналысып елге белгілі болдым. Кәкелеріміз жарықтық бір-бірімен сөз жарыстырғанда: «Ақмышта туып, АҚШ-та жүлде алған балаң бар ма?» – дейді екен. Әрине, бұл мақтан үшін емес, менің мерейімді өсіру үшін айтылатын гәп-дағы. Себебі олар жарысып отырған жоқ, бірі өз әкем Құлшық та, бірі нағашы атам Алшекем (Алшын Меңдалыұлы Маңғыстауға белгілі шежіреші, шешен кісі болған. 1937 жылы «халық жауы» деген атпен сегіз жыл Краснояр өлкесіндегі лагерге айдалған. – ред.), риза болғандықтан жарасып отыр. Бірақ «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген сөзді ұстын еткен бұрынғылар үлкен спортқа ерекше мән беріп қарамайтын. Спорттың мән-мағынасын түсінбейтін, сыйламайтын адамдардың да талайын көргенмін. Дегенмен ел өзгерді, түсінік қалыптаса бастады. Туған түбекке жыл сайын барып тұрамын, елдің, ел азаматтарының жаны қалмай сыйлағанын көремін. Өзің айтқан спорт сарайы бар, есімімізбен аталатын спорттық жарыстар бар дегендей.
Шындап келгенде мұның бәрі не үшін керек? Келешек ұрпақ үшін, жастар үшін, мұнайшылардың балалары үшін керек. Маңғыстау мұнайдың көзін ашып, жақсылығын да, қиындығын да содан көріп жатқан ел. Менің де баяғыдан бергі арманым «Аймағымызда үлкен спорт кешені ашылса, сонда спортшы ғана емес, қазақ балалары өсіп-өркендесе» деген ізгі тілек еді. Міне, жарыс жыл сайын өтіп жатыр. Енді қалай ырза болмассың?!
– Әмин аға, сұхбатымыз бірыңғай спорт жайлы болып қалмасын деп, сізге 85 рет қар басқан саңлақ, көкшулан дарын ретінде, өмір, қоғам, жалпы тіршілік туралы алуан-алуан сауал бергенді қалап отырмын. Жазмыш, тағдыр дегенді қалай түсінесіз? Егер әйгілі спортшы болмай, ел ішінде қатардағы мұғалім болып қалғаныңызды көзіңізге елестете аласыз ба?
– Тағдыр жайлы жиі ойланамын. Біз – соғыс басталмастан бұрын, қазақтың арда азаматтарын атқан, қуғындаған, жалпы ел құрып кете жаздаған уақытта өмірге келген адамдармыз. Кейін соғыс басталды, әкелеріміз, ағаларымыз елді қорғауға кетті. Қалған кемпір мен шал осылардың өмірі жалғассын деп бізді аман алып қалды, тәрбиеледі, қазақы әдетке үйретті. Сондай қиын-қыстау кезеңде, тар заманда ғұмыр жібімізді жалғаған қарияларға алғысымыз шексіз. Сол кісілердің санамызға құйған, атын аузымызға салған Аллаға сыйынамыз, оның жазған тағдырына күпірлік етпейміз. Әмин Тұяқов дейтін далада жалаң аяқ жүгірген бала бүгін елдің атын шығарған азаматқа айналды. Тағдыр деген – осы. Бұл да бір ақ жолдан айнымаған, ана сүтін арда емген ата-бабамның «Ұрпағым өссін, өркендесін, азамат болсын!» деген пәкизат ниетінен шығар. Маңғыстаудың Ақмыш дейтін жерінде, Теміртау деген қорымда менің аталарым жатыр. Кеше 80 жылдығымды әке-шешеме ас беріп, кішкене ағайынымды жинап, ауылда, Ақмыштың басында өткіздім. Ақтауда өткізуге болатын еді, қарсы болдым. Аруақтан үлкен емеспіз.
Егер ата-бабаның аруағы желеп-жебемесе, қолдап-қолпаштаған жігіттер болмаса, мен осылай отырар ма едім, жоқ па?.. Кім болар едім!? Қазақтың жайсаң тұлғаларымен дәмдес болдым, дос болдым, қатар жүрдім. Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Төлен Әбдік қатарлы үлкен жазушылармен сөзіміз жарасты, талай сұхбаттас болдық, араластық. Бұл тағдыр емей немене!? Спортшы болмасам, математик болуым әбден мүмкін еді. Өйткені кезінде Гурьевтегі (қазіргі Атырау – ред.) Пединститутқа математик мамандығына түскенмін. Дегенмен тағдыр өмір жолымды басқа арнаға бұрды.
Осы ретте айта кетейін, мен үлкен спортты қойғаннан кейін, жұмыс береді-ау, үлкен істер атқаруға көмектеседі-ау дейтін Кәркен Ахметов, Октябрь Жарылғапов сынды ағаларым бақиға аттанған соң, аты белгілі-белгісіз кісілер жолымды көп жерде кесті. Біраз қиындық көрдім. Бірақ Құдай кең ғой, берері таусылмайды, ептеп-септеп тырысып, отбасы құрып, бала-шағаны өсірдік. Артынан сыйлы болдық, түрлі-түрлі марапат алдық. Жалпы, үлкен спорпен айналысу үшін мықты денсаулық, қажырлы еңбек керек. Алайда спортшының екі өмірі болады. Әуелгісі – спортпен айналысып, жетістікке жетіп жүргендегі өмірің. Ол уақытта айналаң алақанына салып, әрдайым көтермелеп жүреді. Сонда өзіңнен басқа ешкім жоқтай сезінесің. Спортты қойғаннан кейінгі өмір – екінші өмір. Ол уақытта сені бұрынғыша сыйлайды, бәрі баяғыдай керемет болады деп ойлайсың. Болмайды! Өзің тырысуың керек. Жан-жағыңда жақсы азаматтар болуы керек. Ал екінші өміріміздің жоғалмай, жақсы болып кетуі үйдегі апаңа байланысты. Бұ да тағдырдың бұйырмысы.
– Бір жазбасында Г.Бельгер: «Әбіш Кекілбайұлы жұмыстан келгенде әйелі Клара отыра қалып, ерінің аяқ-киімін шешкенін көріп таңғалдым», – деген екен. Сол тәрізді Алма апайға спортшының жары болу ауыр тиген жоқ па?
– Айналайын, апаң да әлі күнге дейін аяқ-киімімді шешеді (күлді).
Айттым ғой, қиындықтар болды. Бірақ өмірімнің керемет жақсы болуының барлығы осы апаңның арқасы. Әдет-ғұрпыңды, дәстүр-дәбіңді білетін елдің қызына үйленген жақсы. Шүкір, біздің үйден қонақ арылмайды. Содан соң кейбір мінезіме көнгені де ырысымызды құтайтып отыр.
Маған қиянат жасады
– Біздің қазақ біреуді біреумен салыстырмаса отыра алмайтын жұрт қой. Кейбіреулер «Жеңіл атлетиканың заман үрдісіне сай қазіргі әдістері бұрынғыға қарағанда көш ілгері. Бүгінгі спортшылар тіпті, әртүрлі дәрумен мен биологиялық белсенді қоспа да қолданады. Егер де Әмин ағамызға осындай жағдайлар жасалса, Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында Усейн Болтпен тайталасып жүрер еді», – деген пікірлер айтады. Осыған не дейсіз?
– Үлкен спорт елдің қандай екенін, ел азаматтарының қандай екенін көрсетеді. Жалпақ тілмен айтқанда, мұнда ию-қию саясат бар. Олай болмаса, әр төрт жыл сайын олимпиада ойындарын неге өткізеді? Олай болмаса, екі жыл сайын неліктен әлем чемпионаты болады? Әрине, тудың көкке көтерілуі үшін, ел әлеуетін көрсету үшін.
Ал дәрі-дәрмектің түрі бар. Мәселен, жаттығу кезінде шаршап-шалдығып қалмау үшін ішеді немесе бойдағы артық, зиянды нәрселерден арылу үшін қолданады. Бірақ мұның арты жарысқа айналды. Бұл – допинг. Допингті алдымен немістер пайдаланды. Сосын ол АҚШ-қа, Қытайға сол секілді біраз елге шыға бастады. Допинг ауруға айналды, спортшылар онсыз үлкен нәтижелерге жете алмайтын болды. Тіпті қазір допингтің ізін организмнен кетірудің жолдарын меңгеріп те алды. Дегенмен кейін бәрі белгілі болып жатыр ғой. Осыған дейінгі бүкіл марапатынан айрылған штангистерге назар аударсаңыз жетіп жатыр, сөзіме шек келтірмейсіз. Мен өз кезегімде бұған қарсы болдым. Өйткені, ойлаңызшы, спортшылардың көбі өмірден неге ерте кетіп жатыр? Жеке басым біреудің бағына қызығып, күндес болған адам емеспін. Сондықтан жұрт айта берсін.
– Спорттағы карьераңыздың осылай аяқталғанына өкінбейсіз бе, жеңіл атлетикаға бар тегеурініңізді сарқып бердім деп ойлайсыз ба?
– Бар мүмкіндігімді көрсете алдым ба, жоқ па қазір оның маңызы қанша…
Негізі 1968 жылғы Олимпиадаға қатысуым керек еді, бара алмай қалдым, жібермеді. Спортты аяқтар кезде де орыстар маған қиыншылық келтірді. Өкінгеннен не пайда?! Солар кейінгі күндері, тіпті, түсіме кіреді. «Осылар маған неге қиянат жасады, қазақтығымнан ба, әлде мінезімнен бе?» деп ойлаймын. Мүмкін, кісіге тіке қарайтыным, бетің бар, жүзің бар демей айта салатыным жақпаған шығар. Спортты қойып, елге келгеннен кейін адамдар тағы да оң қабақ таныта қоймады.
Бұған нақ кінәлі – алдынғы буын
– Сіз жай ақсақал емессіз, Қазақ- стан, бұрынғы КСРО-ны айтпағанда, әлемдік спортқа олжа салған қайраткерсіз. Шындап талап етсеңіз, сөзіңізді ешкім жерге тастамайтыны анық. Ұлттық тіл мен ділдің, тәлім-тәрбиенің, салт-сананың қожырап бара жатқаны сізді ойландыра ма, осы туралы не айтасыз?
– Мен азаматтардың жақсы тұратынына, жақсы тұруға ұмтылатынына қуанам. Дегенмен қазір білімнің уақыты. Тәуелсіздік алған тұста көшімізді алға сүйрейтін мықты-мықты, білімді жігіттер шығып еді. Бәріміз солардың тілеуін тілеген едік. Кейін оларды байлық бүлдірді. Көбі ақша табудың жолына түсіп, бір-біріне ор қазды. Сатты, сатылды. Жарысқанды, бой салысқанды жақсы көретін халықпыз ғой, «анадан қаламын ба» деп әдет-ғұрыптарымызды, мінезімізді, ділімізді ұмыта бастадық. Сол жігіттер бір-бірін айдап салмай, жер үшін, ел үшін жұмыла жұмыс істей бергенде, бұдан әлдеқайда басқаша болар ма едік…
– Ал сіздің бойыңызда материалдық құндылық жолында рухани құндылықты ығыстыра салатын ұрпақ өсіп келе жатыр деген қорқыныш жоқ па?
– Бұл қорқыныш менің ғана емес, келешекті, келер ұрпақты ойлайтын көп адамның бойында бар шығар. Экономиканы өсіреміз дедік, бірақ руханиятты құлдыратып алдық. Бұған жастар айыпты емес, нақ кінәлі – жаңағы мен айтқан жастардың алдындағы буын, одан қала берді – біз. Қоғамның өсуі үшін, алға жылжуы үшін, жастар мықты болуы керек. Қазіргі жастар – шынымен мықты, бастамашыл, өзгеріске құмар. Ендеше, түңіле берудің де реті жоқ. Кемшілік болды. Әйтсе де мықты жастар өсіп келе жатыр, солар бәрін орын-орнына қоятынына, реттейтініне сенемін.
– Осы уақытқа дейін есіңіз кете қуанған жәйт болды ма? Ал алдағы уақытта солай қуансаңыз, не нәрсеге қуануыңыз мүмкін?
– Адамның қуанатын нәрселері көп қой, айналайын. Мен өзімнің елім үшін, жерім үшін қуанатын жанмын. Осыдан қанша уақыт бұрын бір немерем таңертең тұра салып: «Ата, біздің әнұран айтылып жатыр», – деді. Содан соң тағы: «Ата, біздің ауылдың табиғаты қандай!», – деп бас бармаған көрсетті. Төбем көкке жетті, әрине. Бұл еліме, жеріме деген махаббатымды немерелеріме дарыта алғанымның көрінісі емес пе! Әр қазақ баласы жастайынан осылай өссе, еліміз жұмыр жердің ғұмыр сағаты тоқтағанша тұрады деген сөз емес пе, бұл?!
Енді кейінгі қуанғаным – күні кешегі, қаңтардағы, қиын уақытта ел ішінің тұрақтылығы сақталып, туының құламағаны болды. Уақыт дәлелдейді, бұл – жастардың арқасы. Бір-бірімен билікке таласып, қара халықты арандатқан уақытта көп өңірде кішігірім дүкендерді де кірпік ілмей күзеткен сол жастар еді. Көшенің сотқар баласы деп ойлап келген балаларға дейін сол кезде-ақ жүрегін ту қылып ұстап, тыныштықты мейлінше сақтауға атсалысты. Кім не десе де, біз – Қазақ елі, аман қалдық. Бұдан артық бақыт та, тақыт та қуантпас.
– Айып болмаса, діндарлығыңыз қай деңгейде, ораза ұстап, намаз оқисыз ба?
– Бұл жағынан кемшілігіміз бар. Кейінгі жиырма жыл ішінде шетелге көп шықтым. Бірде Тайландта банкетте болдым. Жағалай атымызды айтып, танысып отырмыз. Мен де есімімді, атамның інісі қойған атымды айттым: «Әмин». Ортаға шарап келді. Анадай жерде Пәкістанның бір қызы отыр екен, орнынан атып тұрды да: «Бұл кісі шарап ішпейді, ол – мүслім», – деп шыр-пыр болды.
Мен намаз оқымағаныммен, Құдайға құлай сенген адаммын. Ата-бабамның ақ жолынан таймауға тырысамын. Әр жұма сайын жеті шелпек пісіріп, өткен-кеткен аруақтардың рухына құран бағыштаймыз. Қандай жағдайда да: «Ей, Алла, бергеніңе шүкір!» – дейміз.
– Шыныңызды, сырыңызды айтып сұхбат бергеніңізге мың да бір алғыс! Сөз соңында не айтқыңыз келеді?
– Қазағыма Құдай қарасып, жақсылығын үйіп-төгіп бере бергей! Бергенінен айырмағай!
– Рақмет!
Сұхбаттасқан
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ