ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТІМІЗ  БАТАГӨЙ СЫНШЫҒА ДА, ПРОКУРОР СЫНШЫҒА ДА ЗӘРУ ЕМЕС
07.08.2020
1452
0

Әдебиетте сын жанрының алар орны ерекше. Атқарар рөлі де орасан. Әдебиеттің ауылына көз салған көпшіліктің сыншылар тарапынан сүбелі сөз күтері де ақиқат. Осы орайда әдеби сынның негізгі миссиясы мен даму үдерісі жөнінде сөз қозғап, аталған жанр аясында қалам тербеп жүрген аға буын мен жас буынның ойларын ортаға салып көрдік. «Алқа» клубының кезекті жиынына ақын, әдебиетші Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ, әдебиеттанушы Әбіл-Серік ӘЛІАКБАР, әдеби агент  Анар ҚАБДУЛЛИНА, әдебиеттанушы Ақерке АСАН, жазушы-драматург Әлібек БАЙБОЛ қатысты.

 Қазіргі сын бұрынғы сыннан мүлдем бөлек

«Қ.Ә.»: Әдеби сын дегеніміз не? Сынның негізгі миссиясы қандай? Сыншы бойында болуы тиіс қасиеттерді атап берсеңіз?

 Ғ.ЖАНДЫБАЕВ:

 – Ұлттық энциклопедияда бұл сұраққа былай жауап берген: «Әдебиет сыны (әдеби сын) – әдебиеттану ғылымының бір саласы. Өмір шындығы мен әдеби көркем шығармадағы шындық арақатынасын саралап, көркем шығарманы әдеби тұрғыдан бағалайтын, әдеби дамудың ағымдағы мәселелерін талқылап, бағыт сілтеп отыратын әдеби-публицистикалық, ғылыми-эстетикалық шығармашылық түрі». (1-том, 629-б.) Осы анықтамадан сынның миссиясы (міндеті) да көрініп тұр. Ол – ой болса, сыншы – осы міндеттерді атқарушы шығармашылық тұлға. Сыншының бойында болуы тиіс қасиеттер оның қызметіне қойылатын талаптардан туындайды. Мысалы, әдебиет сыны әдебиеттану ғылымының әдебиет теориясы, тарихы, текстология мен библиография секілді басқа тармақтарымен тығыз байланысты болғандықтан, сыншының осылардың барлығынан да жеткілікті хабары болуы керек. Және тек осылар ғана емес. Көркем шығармада қозғалатын мәселелер мен тақырыптардың баршасын бейне бір «өзі тудырғандай» «қолында ойната» отырып, әдеби туындыға жоғары біліктілікпен баға берерліктей қабілеті болуы тиіс. Сыншыға керек екінші қасиет – қара қылды қақ жарған әділдік.Ұлттық әдебиетіміз батагөй сыншыға да, прокурор сыншыға да зәру емес, бізге керегі – маман сыншы.

Ә.ӘЛІАКБАР:

– Қазіргі қазақ әдеби сыны енді ғана шығармашылықтың жеке түрі ретінде өнер мен әдебиеттанудың синтезіне айнала бастады. Бұл енді көңіл көншітеді. Дегенмен дәстүрлі және жаңашыл ой-пікірлер арасында әдеби-сын кеңістігінде жәдидшілер мен қадымшылардың арасындағы текетірес басталып кетті. Нағыз сыншыға айналуды мақсат тұтқан жастарымыз әм жаңа буын қаламгерлері заманалық көзқарас тұрғысынан әм жеке бастық білімпаздығымен белгілі бір әдеби туындыға қатысты (бұл орайда мен назымдық емес, насырлық туындыларды айтып отырмын) қоғамдық және рухани өмірді молынан қамтитын жазушының шығармашылық бітім-болмысын танытатын, оқырмандық таным-түсінік қалыптастыратын дүниелерді өмірге әкеле бастады. Бұл арада мен әдеби сынның бағын ашқан жастардың атын атап, түсін түстеп бөліп-жарғым келмейді. Мені жас сыншылардың біреудің дардай атағына қарамай, әдебиетке енді келгендерге қатысты ұстанған әдеби бағыты мен әдеби процестегі алатын орнына лайықты баға бере бастағаны қуантады.

 Қазіргі сын бұрынғы дігідік қасқалық: тілі шұрайсыз, стилі шұбалаңқы, сюжеті шашыраңқы дейтін дәстүрлі сыннан мүлдем бөлек. Жастар орыстың Белинскийіне жалтақтамайтын, христиан дүниесінің нән жазушыларынан пір жасамайтын мұсылмандық үрдістегі, түркілік ділдегі әм алаштық дүниетанымдағы әлемдік әдебиет тарихымен, ислам әм шығыс философиясы әм эстетикасымен біте қайнасқан, түп қазығы ұлттық әдебиет теориясына сүйенген неосыншылық миссиясын өмірге әкеле білді. Қазіргі сын тарихпен, саясаттанумен, мәтінтанумен, библиографиямен мидай араласқан ғылыми стиліңе пысқырып қарамайтын, ғылыми көкемылжыңдықтан бойын ала қашып, көсемсөздік сипат иеленіп, оқырманын ынтықтыратын деңгейге жетіп қалды. Қазақ сынының қазіргі биік деңгейге көтерілуі Амангелді Кеңшілікұлынан бастау алады.

 Ең бастысы, сыншы болу үшін филология факультетін бітіру шарт емес. Жазушының сынға келуі бір бөлек, ғалымның сынға келуі бір бөлек. Біріншісі – өзі жазбаған дүниені басқаның жазғанына қуана пікір білдіреді. Ал, екіншісі – өзі шығармашылық мехнат кешіп көрмесе де, ұлт қаламгерінің әлемдік деңгейдегі туындысына өз көзқарасы тұрғысынан баға береді. Егер сыншының бойынан әрі қаламгерлік қарым, әрі ғылыми шалым танылатын болса, ол пікір айтқан автордың бағы жанғаны. Өйткені әдеби сынды бағалаушылар – сыншының алымы мен шалымын қалт жібермей бақылайтын әділқазы. Осы әділқазы Алаш оқырманының көкейіндегісін тауып, жазушының жасырын ойының мән-мәнісін ашып, ешбір жалпақшешейлік қылық көрсетпейтін сыншы ғана қара қылды жарып турасын айта алады. Бірақ бұл қасиет көп сыншының басына бұйырмаған бақ.

А.ҚАБДУЛЛИНА:

– Сын қазіргі әдебиетпен, жаңа шығармамен қатар жүреді, сөйтіп әдебиеттің дұрыс бағытта жүйелі дамуына ықпал етеді. Жаңа қазақ қаламгерлерінің шығармаларының деңгейі неге жоғары болуы керек? Себебі бұл оқырман үшін керек, бұл – оқырман қауым алдындағы зор жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті сыншы ғана емес, автор да жақсы сезінгені жөн. Жауапкершілікті сезіну деген – үздіксіз іздену, классикамен бірге жаңа шығармаларды да оқу. Әрине, оқу үшін уақыт керек. Оның үстіне, бізде кітап блогерлері аз. Өзге елдер сияқты ютуб және басқа платформаларды тиімді пайдалана алмай жатырмыз. Жаңадан шет қалғысы келмеген адам шағын ғана топпен жаңа кітапты бірге оқып, талқылайтын «оқырман клубын» неге құрмасқа? «Книжный клуб» деген жақсы фильм бар, орта жастан асқан төрт құрбы жаңа кітапты оқып, белгілі бір уақытта кездесіп, демалып отырып, талқылайды. Демалыста көруге болатын жақсы фильм.

А.АСАН:

– Әдеби сын туралы сөз қозғалса, жүрегім ауырады. Меніңше, біз сын туралы әңгімелесуге де жарамаймыз. Әйтпесе қойылатын сауалдар да басқаша болу керек еді… Жазған құлда шаршау жоқ. Жауап беріп көрейін. Өз ортамыздан алыстап, жалпы әлемдегі өнердің қалыптасу тарихына, әдебиеттану ғылымының тұжырымдамаларына сүйенсек, «әдеби сын» дегеніміз – ғылыми, публицистикалық һәм әдеби-көркем стиль түрлерінің үшеуіне де тән, табиғаты ерек жанр. Әдеби сынның тарихы тереңде. Көне дәуірден бастап қолданбалы сала ретінде дамуда. Бір-екі ауызбен сын тарихын қамтып бітірмейміз. Мен үшін сыншы – міндетті түрде кәсіби маман болуы тиіс. Әдебиеттанушы немесе өнер тақырыбына баса кірісіп, ізденген журналист жақсы сыншы болуы мүмкін. Мәселе мөрі басылған дипломда емес, кітапты қарындашпен сызып отырып оқитын білімді адам болу керек. М.Әуезовтің «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген бір ауыз сөзінде сыншыға қажет дейтін қасиеттердің ең басты құралы айтылған. Сыншы – ең алдымен азамат болуы керек. Өзінің ұстанымдарын берік ұстануымен қоса, барынша салқынқанды болуы қажет. Қазақ әдебиетінің тарихында Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Егеубаев, Серік Қирабаев, Бақыт Кәрібаева, Әлия Бөпежанова сынды сыншылардың орны бөлек. Оларды міндетті түрде оқу керек. Соңғы кезде сыни еңбектер Амангелді Кеңшілікұлының ізденістерінен кейін тұйықталып тұрғандай. Өз басым Ахаңның (Ақселеу Сейдімбек), Оралхан Бөкейдің сынға келтіріп жазған дүниелерінен ерекше тереңдік, биік талғам көремін. Және жазылған сын өзекті болса екен. Ақын-жазушылар, әдебиетші, филолог мамандар, жалпы оқырман халық, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат сыни еңбектерді үнемі бақылап жүруі керек. Оқырманы аз халық үшін бұл да бір белес… Әдебиеттің, мәдениеттің миссиясы қандай болса, сынның да миссиясы дәл сондай болмақ: өнерге, шындыққа, тазалыққа, әділет пен шығармашылыққа қызмет ету.

Ә.БАЙБОЛ:

 – Бұл түсінікті бір ауыз сөзге сыйдыра салу – оңай шаруа емес. Себебі ауқымы кең. Әдеби сын дегеніміз – көп көркем шығарма ішінен сәтті жазылғанын тани білу қасиеті, семиотикалық қабатты аршу, соны өз деңгейінде талғап-талдау, әділдіктен, турашылдықтан айнымау, әдеби интуицияны, эрудицияны күшейту, тұрақты түрде іздену, оқу, жаһандық жаңалықтардан қалыс қалмау. Оның ең негізгі миссиясы – әдебиеттегі бұрқ-сарқ қайнаған сан алуан процестерге баға беру, төрелігін айту, ахуал-атмосфераны бақылау. Сыншы өне бойындағы қасиеттер: нәзіктік, түйсік, терең білім, жанкештілік, табандылық, еңбек, шынайылық…

«Қ.Ә.»: Әлем әдебиетіндегі және қазақ әдебиетіндегі сын жанрының бүгінгі ахуалы турасында не айтар едіңіз?

 Ә.ӘЛІАКБАР:

 – Ислам әлемі мен Христиан әлемі екі бөлек дүние. Батыстық сын жанры мен Шығыстық сын жанрында айырмашылық мол. Біріншіден, Шығысты саяси отарлаған Батыс, енді мәдени отарламақшы. Ислам әлеміндегі сын жанры үнемі осыны есте ұстайды. Біздегі сын жанры дамуы үшін қазақи рухани-мәдени кеңістік аясында қалмай қазіргі Амангелді Кеңшілікұлы, Айнұр Төлеу, Аягүл Мантай сияқты танымал қаламгер, сыншылардың жазғандары БҰҰ-ның ресми тілдеріне аударылуы керек. И.Франко «тіл сезімі парасат тілімен танылуы керек» деген болатын. Қазақ өз сыншыларының парасат тілімен әлемге танылуға тиіс.

Қазақ сыны жазылу мәнеріне орай ғылыми қауымдық, жалпы бұқаралық деп екіге бөлінеді.

 Кеңестік дәуірде көбіне рецензия, әңгіленімдік рецензия (рецензия-пересказ), үнқатым рецензия (рецензия-отзыв), рецензия-памфлет, рецензия-фельетон, сын шолу, академиялық пікір, сыни монография сияқты жанрлар басымдыққа ие болса, енді тәуелсіздік дәуірінде қазақ сыны әдеби портрет, эссе, импрессионистік этюд, мақала-трактат, көсемсөздік немесе дидактика-ғақлияттық сын, сыни фельетон, сыни хикаят, әдеби хат, сыни сұхбат, диалог, пародия, әдеби параллель деп түрлене түсті. Сәкенге, Жамбылға, Мұқағалиға, Сәбитке т.б. сыни пародия, әдеби параллельдер жасала бастады. Тіпті қазіргі әдеби сында бітім-болмысы мүлдем бөлек Жүсіпбек Қорғасбектің «Премьер министр» сынды сыни хикаяттық классикалық дүниенің өмірге келуі ерек құбылыс болып танылады. Бұл туынды «Мұсылман мен кәпірдің Арасын өтіп бұзып дінді ашқан» деп Қазтуған жырау жырлағандай, көркем проза мен әдеби сынның арасын бұзып жанр ашқан мәдени-рухани феномен болды.

 Ғ.ЖАНДЫБАЕВ:

– «Әлем әдебиеті» дейтін ғылыми ұғым жоқ. Ендеше ресми түрде «әлем әдебиеті» де жоқ: қазақ әдебиеті, түрік, жапон әдебиеті бар. Демек, әдебиет – жүз пайыз ұлттық өнер. Көркемдік жағынан алғанда. Оның үстіне, «әдебиет – сөз өнері» болғандықтан, әсіресе тіл, менталдық тұрғыдан келгенде, әдебиет – бүтіндей түпнұсқа өнер. Бұл ерекшелік әсіресе қазақ әдебиетіне өте-мөте қатысты. Техникалық өркениет көзімен қарағанда қазақ – көштің ең соңында қалған халықтың бірі. Алайда «сөз қуған» халық ретінде қазаққа жететін ұлттың бар-жоғы екіталай. Айтып өткендей, «әдебиет – сөз өнері», бұл анықтама бірінші кезекте шығарманың тақырыбына, идеясына, жанрына, көтерген мәселесіне, тікелей тілдік бейнелеу тәсілдеріне қатысты көрінсе керек. Өйткені әдебиеттің тілден басқа компоненттерінің барлығы – бүкіл адамзатқа ортақ, былайша айтқанда, схемалық-алгоритмдік мәселелер. Мысалы, сатира, лирика, драма, роман,т.б. – бұлар барлық әдебиетте бар. Ал мұны кім қалай игерді? Біреулерге мемлекеттік, әлемдік ең үлкен сыйлықтарды әлі де бере берер, бірақ әдебиетті, шығарманы таразыға салып өлшейтін «құрал» әлі жоқ. Күллі әлемде күні бүгінге дейін біз, шығармадан гөрі авторларды ғана таразыға салып өлшеп келеміз. Яғни «әлем әдебиеті» деген – ғылыми ұғым болмағанымен, ауызекіде қалыптасқан территориялық меже. Қазіргі кезде (ежелден) «әлемге әйгілі» қаламгерлердің көбінше «әлемге әйгілі» елдерден шығатын себебі де осыдан. «Ұлт төрге шықпай, әдебиет төрге шықпайды» деген пікірімді мен бұдан он шақты жыл бұрын айтқанмын. Әлі сол сөзімдемін. Басқа – басқа, Абай мен Әуезовті «әлемдік» түгіл, шағын халықаралық аумақтың өзінде символикалық-дипломатиялық ауқымда ғана насихаттай алып отырғанымыз осыдан. Себебі қазіргі еуропаланған (яғни, «әлемдік») әдебиетте шығарманың тілінен гөрі жанры, стилі, тақырыбы, проблемасы, көркемдік шешімі, т.б. секілді кәсібилік шарттарына көбірек көңіл бөлінеді. Ал бұл шарттардың барлығы да «халықаралық» деп аталатын стандарт (бренд) бойынша өлшенеді. Кәдімгі тауар өлшеген секілді. Бұл жағынан, нарықтық психологиясы енді ғана қалыптасып, келе жатқан қазақ жазушыларының кібіртек екені рас. Кейбір модернизмге сырттай еліктеп, бірақ қолынан келмейтін «қас таланттардың» саз жасаймын деп – таз жасап, озық етемін деп – тозық етіп жүре­­­­­­­ті­­­ндері бар. Тегінде, ұлттың ең айрықша белгісі – тілі мен менталитеті болса, бұл екеуі – әдебиеттің де ең басты көркемдік шарттарынан саналмақ керек. Саясаттағы іспетті, әдебиетте де екі стандарттылық бар: біздің кейбір (көптеген) батысшыл «білгіштеріміз» олардың (еуропалық, латын-америкалық, т.б. әдебиеттер) әдебиетіндегі ұлттық менталитетті стильмен шатастырады, ал олар болса, қазақ әдебиетіндегі ұлттық менталитетке «көшпенділер» көзімен қарайды. Қазақ әдебиетінің ең басты көзірі – тіл десек, бұл – нарықтық әдебиет үшін маңызды емес, екіншіден, шығарманың мазмұнын басқа тілге аударуға болғанымен, ұлттық тілді сол қалпында жеткізу мүмкін емес. Абай мен Мұхтарды әлемге танытуда насихат деңгейін өсіре алмай отырғанымыз да осыдан.

Сын болу үшін – алдымен оқуға туратын әдеби-көркем туынды болу керек

А.АСАН:

– Жалпы, әлем әдебиеті мен қазақ әдебиеті деп бөліп-жару қаншалықты дұрыс? Әрине, ұлттық әдебиет деген ұғым орынды. Не десек те, белгілі бір халықтың әдебиетімен сол халықтың тілінде сөйлеп, оның тарихын сезінген оқырман ғана шын сусындай алады. Одан кейін көркем аудармалар жасалып, басқа елдер танып, білуге тырысады. Әлем әдебиетін шын зерделеймін деген адам әбден мұздап үлгермеген көлді кешіп өтетін ұзын сапарға бел буу керек шығар… Сіз сұрап отырған сын ахуалы да жалпы әлемдегі, не болмаса белгілі бір мемлекет шеңберіндегі мәдени, әдеби ағымға тікелей байланысты. Жалпы, сын болу үшін – алдымен оқуға туратын әдеби-көркем туынды болу керек. Мүмкін, еліміздегі әдебиет жағдайы сапалы сынды талап ететін халге келе алмай жатқан шығар? Сынды көтере алмайтын немесе сынауға тұрмайтын мәтіндер көп шығар? Осыны да ойлау керек… Мәдени өркендеу – ел болам деген елдің басты талабы болуы керек. Мүмкін біздің мемлекетте осы жағдай дұрыс ойластырылмаған да болар… Бұл – бөлек әңгіме. Салыстырып қарайтын болсақ, әлем әдебиетіндегі сын мәдениеті қазір маркетинг саласымен иық тіресіп келетінін байқаймыз. Әдеби-көркем шығармалардың жарнама компаниясы әдеби сынды басып озып барады. Себебі Еуропа, Америка, Ресей жазушыларының басым бөлігі әдебиетті кәсіпке айналдырған. Бұл біздің елде мүлдем жоқ нәрсе. Әдеби агенттіктер беделді басылымдармен жұмыс жасайды. Шетелдік БАҚ өкілдерін алып қарасаңыз, ішіндегі әдеби колонканың мазмұнына таңғалмай қоймайсыз. Сыншылардың, әдебиеттанушылардың жұмысы қайнап жатыр! Біздің де газет-журналдарда әдеби колонкалар бар. Бірақ осы күнге дейін олардың бір де бір сапалы, үздік жұмысын алға шығарып айта аламыз ба? Мен алысқа кетпей, өзім араласып көрген ортадан бір-екі мысал келтірейін. Ғылыми жетекшім бір мақалаға қажетті қайнаркөз ретінде Санкт-Петербург қаласында жылына екі рет жарыққа шығатын «Транслит» атты әдеби сынға бағытталған журналды оқуға ұсынған болатын. Журналдың жетекшісі жас ақын, әдебиет теоретигі (CПбГУ филология факультетінің түлегі) Павел Арсеньевпен кейін бір кітаптың тұсаукесерінде таныстым. Редактордың жылына екі рет басылып шығатын журналдың сыни материалдарын аса үлкен жауапкершілікпен дайындайтынын көрдім. Бұл бір ғана журнал, одан бөлек қаншама ғылыми, танымдық басылымдар бар. Және ең кереметі – оқырманы көп. Группаластарыммен «Новое литературное обозрение» нөмірін қалдырмай талқылайтынбыз. Тиражы тау­сылып қалса, бір-бірімізден сұрап оқыдық. Тағы бір мысал, екі жыл бұрын Түркияға оқуға бардым. Түрік әдебиеті десе орысшадан тәржімаланған бір-екі туындыларды оқып-білгенімізге мәз болып жүр екенбіз. Әйтпесе, осы бауырлас елдің жалпы әдеби үрдісі де, сын мәдениеті де әлдеқайда озық екен. Кез келген супермаркет, дүкенге кірсеңіз, кемінде 5 әдеби журнал сатып алуға мүмкіндігіңіз бар. «Kafka okur», «Tuhaf», «Masa», «Ot» сияқты басылымдардың сыртқы дизайннан бастап ішіндегі әдеби мақалалары, сын-пікір, естеліктері керемет, көз тоймайды. Журналдардың көптігіне қарамастан, халық талап алып кетеді. Одан бөлек қазақ әдебиетіне арналған нөмірлері де бар екен. Әдебиеттің қазаны қайнап жатыр деген – осы! Батыста, Америкада жыл сайын дүниежүзін дүрліктіретін қаншама әдеби сыйлықтар бар. Бәрін бірдей мақтай алмаймын, бірақ шетелде әдеби сыйлықтарға ұсынылатын шығармалар таңдаулы сарапшылардың алдынан өтеді. Біздің елдегі мүшәйраларға әкімдіктен келген қызметкер қазылық ете берсе, түк шықпайтыны анық. Әйтпесе, қағаз жүзінде қаншама әдеби шаралардың тізімі бар, пайдасы әдебиеттен өзгесіне ғана тиіп жатқан сияқты. Мұндай жағдайда әдебиетке сын, сыншыға әдебиет керек емес.

Нарықтық әдебиет жүйесі әлі қалыптаспады

Ә.БАЙБОЛ:

– Тек қазақ емес, жер-жиһан әдебиеті бір орында тұрған жоқ. Даму да бар, тоқырау да бар. Бұл – табиғи үрдіс. Сондықтан бәрін тегіс қалыпты жағдай ретінде қабылдамақ керек. Әлемдік контекстегі әдеби сын да өрістеуде. «Соқыр рецензия», кез келген туындыны ұжым боп немесе бір өлеңді екеу боп саралау, авто-сын есепті автордың өз шығармасын өзді-өзіне талдатқызу, уақытындағы Писаревтың «Базаровы» секілді моно-сын жазу қайыра жандануда, кең мағынадағы жаңалық – адам жанында, адамзат жаны нені қаласа – сол жаңалық боп саналмақ. Еңбек культі ерекше бағаланған Кеңес кезіндегі сойыпсал-сын Илья Ильич Обломовты (Трилогия: «Обыкновенная история», «Обломов» («Обломовъ»), («Обрыв») «тоғышар», «еріншек» қып көрсетті, «мещандық роман» дәрежесінен асырғысы келген жоқ, алайда бұл ұстанымға қарсы шыққандар да болды, пікір қақ жарылды. Ал сол табиғатынан сибарит Иван Александрович Гончаровтың автобиографизмге толы, жазушының өз сөзімен айтқанда, «баяу әрі ауыр», жалпы 12 жылға тарта уақытта жазылған шығармасын бүгінгі көзқараспен оқысаңыз, ол ешқандай да жатыпішер, масыл емес, тегінен дворянин, білімді, ойлы, шыншыл, етженділеу болса да қыз-қырқын үшін тартымды, сондай-ақ тағдыр ісіне мойынұсынған, адамның айтқаны емес, Алланың дегені болатындығын терең ұғынған жан екенін түсінеміз. Аталмыш романды Иван Сергеевич Тургеневтың 2 бөлімнен тұратын «Нахлебник» («Арамтамақ») комедиясымен шатастырмаған дұрыс. Қайбір сыншылар оны «феодалдық дәуірдің құрбаны, крепостничестваның нақ өкілі» деген-тұғын. Латифундист, феодал, помещик, қазақша айтқанда бай-бағлан, үстем тап өкілі, манап, Обломов – ауқатты адам. Николай Добролюбов 1859 жылы «Отечественные записки» («Отечественныя записки») әдеби журналында жариялаған «Что такое обломовщина?» атты сыни мақаласында романды жан-жақты ашып береді. Гончаров: «Я писал свою жизнь и то, что к ней прирастало», – депті. Кейде көркем мәтін, образ авторға бағынбай кетеді. Өйткені дәп сол шақта Жан-Франсуа Лиотар айтатын «кейіпкердің көркем өмірі» басталады. Осы тұрғыдан келгенде, Гончаров: «Обломовщина» деген не? «Алтын ғасыр» ма, дағдарыс па, әлде қаза ма?» деген сұрақты өзіне қояды да, соған жауап іздеуге тырысады. Ал бала кезден бергі досы, жаратылысынан прагматикке жақындау Андрей Иванович Штольц – антипод, әдебиеттану тілімен айтқанда трикстер. Автор оны мінсіз етіп, еліктегіш елге үлгі етіп көрсеткісі келген-ді. Бір қызығы, Штольц – неміс тілінен аударғанда тәкаппар, менмен, паң, өркөкірек дегенді білдіреді. Жоғарыдағы мысалды не үшін келтірдім?.. Біздіңше, сыншы – әдебиеттегі пікір туындатушы, пікір қалыптастырушы тұлға. Қайткенде де, біржақтылық емес, плюрализм қымбат, толымды, салиқалы, негізді ойды құптайтынымыз рас. Сол себепті, әркезде ешкімге зиян тимейтіндей, ешкімге қиянат жасамайтындай, орынды пікір, дұрыс сөз айтсақ дейміз. Кей-кейде, кек қайтару, аяқтан шалу, тұқырту мақсатында жазылатын жоспарлы сын да болады («Әдебиет – ардың ісі!!!»). Әдеби киллерлер қай елде болсын бар. Ол да «әдеби ойынның» бір талабы деп түсінген орынды. Десек те, бұның барлығы сайып келгенде сын айту мәдениетіне, сын қабылдау мәдениетіне, қаламгердің ішкі мәдениетіне, оның кісілігіне тікелей байланысты. Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Миллер Хемингуэйды кеңестік американтанушылар «буржуазияның сойылын соққан жазушы», «қоғами мәселелерге мән бермеуші», «пессимист, шыншылдықтан ада», «өмірмен ойнаушы» деп те сынаған еді. Дегенмен бүгіндері Хем өз биігінен түскен жоқ. Бұдан шығатын қорытынды мынау, не айтсаң да, не жазсаң да сапаға қызмет ету, бүкіл фактордан тәуелсіз болу (тек Құдайға ғана тәуелдіміз!).

А.ҚАБДУЛЛИНА:

– Сын бүгін неге жоқ? Себебі нарықтық әдебиет жүйесі әлі қалыптаспады.

 Ал сынның өзі ешқайда жоғалып кеткен жоқ, оны әр білікті әдебиеттанушы, көп оқитын, талғамы бар оқырман, талантты жазушы тірілте алады. Тек қазіргі тенденция­ны сезінетін қабілетің, салыстыратын дүниелерің болсын. Ештеңе оқымайтын адам сын айта алмайды. Себебі салыстыратын ештеңесі жоқ.

 Қазір сынмен айналысу тиімді ме? Жоқ. Неге десеңіз, ешбір нарықтық жүйе альтруистік бастаманы көтермейді.

(Жалғасы бар)

         «Алқа» отырысын жүргізген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір