Әдебиетіміз кейіпкер жасауда ақсап тұр
Ұлу жылы күнтізбенің өткен парағында қалып, Жылан жылы жылжып еніп, жаңа жыл беттерінің ашылуына да аз қалды. Өтіп бара жатқан жылда әдебиетімз бен мәдениетімізде, тарихымызда бірқатар жарқын жаңалықтар болды, ел руханиятының қоржыны тың дүниелермен толықты. Сиясы кеппеген туындылар мен көркем шығармалар, құндылыққа бай томдықтар оқырманға жол тартты. Жаңа жыл мен ескі жылдың тоғысында осы жылы жемісті еңбек еткен қаламгерлермен әдебиет төңірегінде әңгіме өрбіттік. Белгілі жазушылар – Жадыра Шамұратова, Қанат Әбілқайыр, Есбол Нұрахмет пен Досхан Жылқыбай қандай шығармаларға қалам тербеп, нендей образдардың өз жазушысын күтіп жүргені жайында ой қозғады.
Қ.Ә.: Биылғы жыл сіздің шығармашылығыңызға қалай әсер етті? Қандай ой түйдіңіз?
Ж.ШАМҰРАТОВА: Биыл, сол, шама-шарқымызша тәуір дүниелер оқыдық, мысалы, Л.Улицкаяның «Казус Кукоцкий» деген медициналық тақырыптағы романы дүниежүзілік соғыстан кейінгі адам шығынын толтыру үшін әйелдерге түсік жасауға тыйым салынғанын, салдарынан әйелдердің барақтарда, жертөлелерде заңсыз түсіктен мыңдап, миллиондап өлгенін айтады. Сол кезде атақты гинеколог Павел Кукоцкий басшылардың бұл шешіміне қарсылық білдіріп, түсікке қатысты заң қабылдату үшін басын қатерге тігеді. Автор «Лестница Якова» (бұл да «Переводчик Даниэль Штайн» сияқты еврейлер жайында) романында құжаттық деректер құрылымынан шыға алмаған болса, мына романның жазылу формасы бөлек, жүйе де, еркіндік те бар. Қаншама әйелдің өмірін құтқарып қалған дәрігердің өз отбасына келгенде бәрі күйреген трагедиясынан бөлек, «адам бәрібір жалғыз, оның ақыл-еркі де, еркіндікке құштарлығы да жалғыз» деген ойы екінші бөлімнен бастап кеңірек ауқым алып кете береді.
Сондай ақ Хан Ганның Нобель алғанының өзі әдебиетке қатысы барлардың әдеби танымына қозғалыс әкелгендей. Адамның жекелік сипаты, ішкі еркіндік қалауы мен сырт қоғамның ахуалының қабыспауынан нендей үлкен мәселелер туындайтынын біз әлі терең қаузай қойған жоқпыз ғой (аграрлық әдебиеттен алыстай алмай жүрміз), бұған қатысты жазылғандардың ішінде Гүлнәр Ізтаева деген әдебиетшінің мақалалары назар аудартты. Жеке шығармашылыққа келсек, биыл бір повесть пен төрт әңгіме жаздым.
Қ.ӘБІЛҚАЙЫР: 2024 жыл менің шығармашылығым үшін өте жемісті болды. Себебі 2022 жылдың желтоқсан айында Жазушылар одағы мен «BELES» құрылыс компаниясы бірлесіп ұйымдастырған «Жас қалам – жаңа роман» жобасының грантын ұтып алдық. Бізге үш ай бойы бес жүз мың (жалпы сомасы, әр жазушыға үш айда – бір жарым миллион) теңгеден қаламақы төлеп отырды. Нәтижесінде «Ағыраптағы аты жоқ адам» романын жазып шықтым. Бұл шығармам өзім ойлағаннан да биік көрсеткіш көрсетті. Оқырмандар өте жылы қабылдады. Сыншылар, әдебиеттанушылар, қарымды қаламгерлер осы романым туралы тұшымды пікірлерін білдіріп, кәсіби бағалауларын айтып, жазып жүр. Қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдік оң пікірін білдірді, белгілі сыншы, жазушы Тұрсынжан Шапай телефон шалып, бір сағат көлемінде үзіліссіз талдап берді. Бұл ағаларым арнайылап мақала жазбаса да, ауызша айтқан ойларының өзі мені қатты қуантты, 20 жылға жуық қалам ұстаған уақытымда ең үлкен бағалаулар деп есептеймін. Қазақтың белгілі сыншысы Амангелді Кеңшілік фейсбук әлеуметтік желісінде роман туралы жазба жариялап: «Шағын әңгімені оқыта алмайтын заманда романды осылай бас алмастан оқыту үлкен шеберлікті қажет етеді», – деген мазмұнда пікірін айтты. Белгілі жазушылар Дәурен Қуат пен Есей Жеңісұлының жылы талдау мақалалары баспасөзде жарияланды. Бір қуантарлығы, мен ешкімнің алдына шығып, ұсыныс тастап, «осы шығармам жайлы мақала жазыңыздаршы» деп айтпадым, соған қарамастан романым жайлы республикалық басылымдардың барлығында дерлік арнайы бет бөлініп, оң сын-талдаулар жарияланған екен. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Парижде өткен ауқымды жиында «Ағыраптағы аты жоқ» романымды желеу етіп: «Бердібек Соқпақбаевтың ізін жалғастырып келе жатқан бір адам болса, ол – Қанат Әбілқайыр», – деп атап өткені де көңіліме ерекше серпіліс сыйлады.
Қызық ретінде, өзім роман жайлы жазылған сыншылардың, жазушылардың, оқырмандардың пікірлерін жинақтап, топтастырғанымда 140 бетті құрады. Роман туралы жазылған рецензиялар романның бет көлемінен асып түсті десем болады. Бұл нені көрсетеді, болашақта шығармам туралы димломдық жұмыстар, диссертациялар, магистрлік, докторлық диссертациялар жазылып қалуы мүмкін екеніне сенім артып отырмын әрі қазақ әдебиеті үшін бұл роман биылғы жылдың ғана емес, алдағы ондаған жылдардың жаңалығы болады деген үміт бар.
Жылдың қорытындысы ретінде, «Assyltas» қоғамдық қорының стипендиясын да алғаныма осы роман септесті деп ойлаймын. Бұған дейін де әңгімелерім, повестерім жақсы оқылды ғой, дегенмен бұл туындым ұзақ жылғы еңбегімнің нәтижесі іспетті. Тағы бір айтқым келетіні, бізден кейінгі буын осы романнан асырып жазбаса, кем жазбайтындай, әдебиетке таразы болатындай бір шығарма қосқан секілдімін әрі кіші буынның шығармашылыққа жауапкершілікпен қарауына бірден-бір көрсеткіш болса деп тілеймін.
Е.НҰРАХМЕТ: Биыл былтырдан бері жазып жүрген бір фантастикалық романымды жалғастырып жаздым. Біршама тың ойлар қостым. Екінші, көлемді бір тарихи тақырыптағы мистикалық романды жазып аяқтадым. Екінші романды жазуға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағы бірлесіп жасаған «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» деген жақсы бағдарламаның әсері болды. Шарт бойынша, Солтүстік Қазақстан облысын таңдап алдым да, сол өңірдің 160 жылға жуық тарихының ең бір айшықты кезеңдерінен үзінді көріністер беретін толыққанды бір роман жазып шықтым. Бұл екі жарым айдың ішінде, аса қысқа уақытта қағазға түсті. Соған қарамастан, өз ойымша, сәтті шықты. Қазіргі таңда бағдарлама бойынша кітап болып жарық көрді. Жақын уақытта оқырман қолына да тиюі мүмкін. Ең бастысы, сондай бір күрделі тақырыпты толық қамтып, көлемді дүниені жазып шыққаныма өте қуаныштымын.
Роман постколониялды дискурс деп аталатын әдеби-философиялық теорияның негізінде жазылды деуіме болады. Бұл отарлаушы мен отарланушы арасындағы қарым-қатынас, өктемдік пен құлдық психология, жеккөру мен жақсы көру секілді құбылыстарды, сезімдерді қамтиды. Романның соңы бүгінгі ұлттың өзін іздеуі, өзін тануға құлшынуы секілді құбылыстарды баян етеді.
Жалпы, түйген ойым, қаламгерлерге алдын ала қаражат бөлініп, арнайы стипендия тағайындалса, небір жақсы шығармалар дүниеге келетініне сендім. Жағдай жасалса, өзім де жалықпай, ерінбей үстел басында ұзақ отыра алатынымды білдім. Бұл – менің биылғы жеңісім.
Д.ЖЫЛҚЫБАЙ: Биылғы жыл өткен бір-екі жылға қарағанда, мен үшін де өте жемісті болды деп айта аламын. Өйткені осы жылы көлемді шығарма жазуға отырдым. Жазушылар одағының «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша, Шымкент қаласы жөнінде повесть жаздым, ол кітап болып басылып шықты. Сонымен қатар балалар әдебиетіне қатысты ғылыми-танымдық ертегілерге қалам тарттым. Сол үшін де биылғы жыл менің шығармашылығыма өте жақсы әсер етті.
Шығармашылық адамдарының көбі барлық проблемамызды шешіп алған соң ғана жазуға отырамыз деп ойлайды, биылғы жылдан түйгенім, проблемалар, мәселелер, күйбең тіршіліктің қажеттілігі ешқашан шешіліп бітпейді. Сондықтан қаламгер қауымға сол жағдайлармен қабаттаса жүріп жазуға үйрену қажет.
Қ.Ә.: Ал жалпы, қазақ әдебиеті үшін бұл жыл жемісті бола алды ма?
Е.НҰРАХМЕТ: Жалпы, қазақ әдебиеті үшін бұл жыл өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жемісті жыл болды-ау деймін. Жыл басынан бастап бірінен кейін бірі романдар жарық көрді. Мақсат Мәлік, Қанат Әбілқайыр, Әлібек Байболдар үш ай уақытта үш романды жазып жарыққа шығарды. Ұларбек Дәлейұлы «Жошы хан» романын жазып баспаға бастырды. Күзге қарай тарихшы Қалбан Ынтыханұлы ағамыз «Әміршінің түсі» атты тарихи романының тұсауын кесті. Жыл соңында мемлекеттік тапсырысқа өткен біршама жастардың кітаптары жарық көрді. Міне, «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасымен» де жиырма кітап жарыққа шығып жатыр. Бұның бәрі санның өскені, енді сапа да міндетті түрде жоғарылай бастайды. Дәл осы құбылыс қаржылай демеу болғанның арқасында жүзеге асқанын да ұмытпаған жөн. Қаржылай қолдау күшейген сайын әдебиеттің олжасы да күшейе береді, менің ойымша.
Д.ЖЫЛҚЫБАЙ: Қазақ әдебиеті үшін де қуанышқа толы жыл болды. Басты қуаныш – Одақтың бастамасымен қазақ әдебиетіне үш ірі роман қосылып, руханиятқа серпіліс жасалды. Сонымен қатар өзім ғылым саласында жүрген соң, институт тарапынан Тәуелсіздік жылдарындағы жастар әдебиеті жоғары деңгейде зерттеліп жатқанын, ақын-жазушылардың көп туындысы ғылыми айналымға енгенін айтқым келеді. Қынжылтатыны, ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстары жасалып жүргенімен, әлеуметтік желілерде, әдеби сайттарда белгілі бір қаламгердің шығармашылығы жайлы жазылып, жарияланатын сын қалыс қалып барады.
Осы жылды жемісті етіп отырған жаңалықтың бірі, Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 20 жас қаламгердің прозалық, поэзиялық туындылары кітап болып басылып шықты. Осылайша, әдебиетімізде қазақ өлкелерінің, аймақтарының көркем образы жасалды деп айтуға толықтай негіз бар.
Қ.ӘБІЛҚАЙЫР: Биылғы жыл әдебиет үшін де табысты жыл болды. Мана айтқан «Жас қалам – жаңа роман» жобасымен үш роман дүниеге келсе, Жазушылар одағының тағы бір жобасы бойынша, жастар өңір-өңірді аралап, жаңа кітаптарын жазды. Оның ішінде електен өтіп, он пайызы әдебиетте қалса, соның өзі үлкен жетістік болып есептеледі. Жарты жылдың ішінде көптеген кітап жазылып, туындылардың жазыла салып жарық көруі бұған дейін болмаған.
Ж.ШАМҰРАТОВА: Жетістіктері бар. Бұған жастардың роман жазғанын, шетелде кітаптары шығып, оқырманмен кездесуін, Жазушылар одағының жобаларын айтуға болатын шығар. «Әдебиет порталының» «Автормен сұхбат» жобасына ондаған авторды шақырдық, сонда жаңаша ізденіспен келіп, қазақ прозасын тақырыптық жағынан байытуға, идеялық жағынан түрлендіруге тырысқан буынның жазған әңгімелерінен жаһандану әсерін байқадық. Оқырманның қызығушылығын тудыратын өзекті мәселелерді қамтып, қызықты сюжетті ұсына отырып, баяндаудың қарапайымдылығы мен анықтығын басты орынға қоятын әдебиетке сұраныс бар екенін «Үркердің» хабарынан да, әлеуметтік желіден де байқауға болады. Осы жерде айта кетейік, қаншама көркем шығарма жазылды, әдеби байқауларда қаншама дүние жүлде алды, соларға кеңірек шолу жасалғанын байқамадық. Егер бізде сауатты сын, парасатты әдеби шолулар болса, бұл жыл әдеби процесс үшін бұдан да жемісті болар еді. Сараптама бар сияқты болғанымен, ол да «оқыдым, ұнады» немесе «ұнамады» деген бағытта ғана. Белгілі бір эстетикалық платформа тұрғысынан бағалауға, шығарманың поэтикасы, қолдану тәсілдері, ойлау жүйесі, көркемдік кеңістікке әсері дегенге тоқталмайды. Ал біз оқырман ретінде «кім қай жерде жүр, қай деңгейге көтерілді?», «жазылған дүниелер ішінен оқырман қайсысын оқуы керек?» дегенге жауап алсақ деп едік…
Қ.Ә.: Осы кезеңде, осы кезеңге дейін әдебиетімізде жаңа кейіпкерлер легі қалыптасты деп ойлайсыз ба? Мысалы, қандай бейнелерді атар едіңіз?
Д.ЖЫЛҚЫБАЙ: Жаңа кейіпкерлер қалыптасты деп ойлаймын. Өйткені заман, қоғам өзгерген сайын ондағы кейіпкерлер де әртүрлі болады. Ол өзгерістерге реакция білдіретін кейіпкерлер де сан қилы. Көркем шығармаларда мінез көбіне жалпылама бейнеленеді. Ал, менің ойымша, адам, адамның мінезі ситуацияда танылады, яғни адамның әрекетін ситуация тудырады. «Оның мінезі сабырлы еді, мына ситуацияда ашушаңдығын көрсетті» немесе «ол ашулы еді, мына ситуацияда сабырлы болды» деп сипаттау – бұрынғыдан қалған мінездеу. Қоғамымызда адамдар жаңа ситуациялармен қақтығысқан сайын жаңа мінез, жаңа кейіпкерлер өмірге келеді.
Ж.ШАМҰРАТОВА: Жазушылар қоғамның адам өміріндегі рөлі мен тұрмыс түйткілдерінің басымдық рөлін сезіну, ұлттық мәдениеттің біртіндеп күйреуі, жеке адам тағдыры, шеккен жапасы, қоғамдағы әділетсіздік туралы айтып, кезеңнің драмалық мәселелерін өздерінше қарастыра бастағанда әдебиетке жаңа кейіпкерлер келді ғой. Т.Нұрмағанбетовтің «Періштелер өліміндегі» жарлы-жақыбайды өзінің жылан уынан дәрі жасайтын мақсаты үшін құдыққа салып, жыланға шақтырудан шімірікпейтін қара кісі, «Мешкейдегі» қарны жарылғанша ас ішіп, ақыры жарылып өлген Алыпхан, «Ұлттың дертінде» кезінде болып-толып, бір күні министрліктің орынбасарлығынан түсіп қалып, аяқ астынан зейнеткерлікке шыққан соң мылжыңдық ауруға тап болатын Керімқұл Алтайұлы… Таңды-таңға ұрып тек қана саяси әңгіме айтатын мылжың шалдың дерті ұлына да, немересіне де жұғады. Жазушының тұспалы – қоғамда боссөзділік көп, ұлтқа қолдағы аз-маз тәуелсіздіктің мәнін, қадірін өз деңгейінде сезіндіре алмай отырғандар да – бос мақтан, жалқаулық, даңғойлық дертіне ұшырағандар. Бізге бәрі оңай. Саясаткер болғың келсе – бол, атақты болғың келсе… екі минутта танымал қылатын тик-ток бар…
Тұрсынжан Шапайдың кейіпкері еске түсіп кетті:
«Салып ұрып баяғы досыма келдім:
– Менің саясатпен шұғылданғым келеді!
– Құттықтаймын…
– Рақмет! – деймін риза болып.
– Маубас, сені емес… Қазақстан халқын құттықтап жатырмын…. біздегі саясатшылардың қатары тағы бір топаспен толығатын болды деп қуанып отырмын.
– Айтшы, менен саясатшы шығады ғой?
– Әлбетте. Байсың, мисызсың, адамгершіліктен жұрдайсың, қазіргі саясатқа қажетті қасиеттер сенің бойыңда толық…» – дейді ғой.
Т.Шапай жазған «Әлемдік алмадағы» даңғой қазақ, «Бәйге» әңгімесіндегі «екі миллионға шашылып, бірақ бір миллиондық бәйгені қайтсе де алатын қазақ» – бәрі де таныс…
Образ демекші, өмірден ерте өткен Қуандық Шамахайдың «Төзім» деген әңгімесінде Найзағай деген туабітті мылқау адам аяқ астынан тұңғыш рет тіл қатып, халықты жинап, ұлт ретінде оянуға шақырады. Елдегі белең алған жемқорлықты, бассыздықты сынап сөйлеп, басшылардан осы бассыздық пен бетімен кетушілікке тосқауыл қоюды талап етеді. Сол бойда абақтыға қамалады. Қаламгер «бассыздық пен берекесіздік сау адамның жүйкесін шабақтағаны былай тұрсын, мылқау адамның да тілін шығарды, бұл жүйесіздікке бұдан әрі қалай төзуге болады?» деген сауал тастай кетеді. Кейіпкердің аты – Марат та, Самат та емес, Найзағай. Оның Найзағай аталуы – бір күні намысымыз бұрқ етіп жарылады дегенді меңзейді, ал бірақ әзірше намысымыз, рухымыз басылып, артық сөйлесек, жетер жеріміз белгісіз болып отыр…
Қ.ӘБІЛҚАЙЫР: Біраз жыл бұрын, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында өткен Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығын қорытындылау жиынында белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлына сөз берілгенде, ағамыз сахнаға шығып, бір ауыз сөз айтып түсіп кеткен еді. Өте бір мағыналы сөз болды жазушының айтқаны. «Біз бәріміз қолымызға қалам алып, жазу жазып жүрміз ғой. Осы жерде қаншама жазушы отыр. Осы жазушылардың қайсысы, қайсымыз Қожа секілді санадан өшпейтін, әрбір қазақ білетін кейіпкердің образын сомдай алдық? Осы бір ғана Қожамен Бердібек мәңгілікке қалады», – деген еді жазушы сонда. Қазіргі қазақ әдебиетінде айтулы шығарма көп екенін, жазылып жатқанын мақтанып айтамыз ғой. Бірақ кесек-кесек кейіпкерлердің сипаты жоқтығын мойындаймын және жалпықазақтық сипат алған кейіпкерлердің легі қалыптасты деп те айта алмаймын. Бүгінгі заманның образын жасауға сұранып тұрған үлкен-үлкен тақырыптар бар. Әйелдердің болмысы, 90-жылдардан кейінгі батыр аналарымыздың тұлғасы, қоғамдағы парақорлық, лудомания, интернеттегі алаяқтық сынды заманауи кеселдер толыққанды ашылмай тұр. Бұндай кейіпкерлер арқау болған шығармалар бар, дегенмен шынайы өмірді көрсететіндей кешенді кейіпкерлер әзірге жоқ. Сондықтан кейіпкерлер мәселесінде әдебиетіміз ақсап тұр деуге болады. Ағаларымыз жазып жатыр ғой, жастарымыз бүгінгі заманның толыққанды кейіпкерлерін алып келсе деген тілегім бар.
Өзімнің тарапымнан, атап өткен романымда Елдестің, Аты жоқ адамның, болмаса, Елдестің әкесінің, Әлияның кейіптері арқылы осы олқылықтың орнын толтыруға тырыстым. Бәрі де – қоғамда бар образдар, қоғамымыздағы түрлі әлеуметтік тап өкілдері. Бірақ қаншалықты сәтті шыққанын уақыт көрсетеді.
Қ.Ә.: Қандай образдар әлі де ашылмай, жазылмай жатыр деп ойлайсыз?
Е.НҰРАХМЕТ: Бүгінгі қоғамның барша образы ашылмай, жазылмай жатыр ғой. Жарамсақтар, жағымпаздар, жемқорлар, олигархтар, өзін зор сезінетін кедейлер, өзін кедей сезінетін байлар, данышпанмын деп ойлайтын ақымақтар, ақымақ секілді көрінетін данышпандар, ғасырлар көмген комплекстерден өзін арши алмай жүргендер… Қайсыбірін айтасыз, бұлардың өзі – типтік кейіпкерлер ғана, ал типтік сипатқа кірмейтін қаншама бөлек болмыстар жүр. Сондықтан жазушыларға жазатын дүние өте көп. Тек мұрсат керек. Мүмкіндік керек.
Д.ЖЫЛҚЫБАЙ: Тәуелсіздік кезеңінде дін сәнге айналды да, көптеген жастарымыз дінге бас ұрып, медреселерде оқыды. Бертін келе көзқарас өзгере бастады, еркін қоғам құрылды. Сол шақта манағы жастайынан дінге сіңісіп кеткен жастар жан-жағына қарап, етек-жеңін жинады. Десе де олар өзін белгілі бір рамкаға тығылып қалғандай сезінетіні жасырын емес. Рамканы бұзып шыққандар да бар.
Жалпы, дінге ес біліп, оң-солын танығанда саналы түрде бару керек. Ал бесіктен белі шықпай, айналасына еріп, қызығушылықтың, сырттан таңушылықтың ықпалымен осы жолға түскен жасөспірімдер ержете келе өз-өзінен жерінген де жайлар бар сынды. Осындай образдар да әдебиетте кейіптелу қажет.
Ж.ШАМҰРАТОВА: Біз ғой, баяғы жазушылар мінезін, әрекетін, психологиялық портретін сомдап жасаған образдар арқылы өмірді танығымыз келіп, дүниеге, махаббатқа сендік, түбі әділеттің жеңеріне шексіз иландық. Қазір де жазушылар классикалық үлгіден алыс кете қойған жоқ. Бірақ олар оқырманнан гөрі сергек болып, ескірген құндылықтардың уақыты өткенін өздері ашық айтып, кей нәрсені басқаша қарастыруға түрткі болуы тиіс. Бүгінгі жазушыға да оңай емес шығар, еңбек адамын жазайын десе, қолдаушы көкесіз, тендерсіз, тек адал жолмен бай болып, барша мұратына жетіп жатқаны аз, таңертеңнен кешке шейін белін жазбай тырбанып жүрген адамның бейнеті ешкімді қызықтырмайды. Бүгінгінің ерлігін жазайын десе, арманда кеткен есіл ерлер қанша, халықтың жері үшін, мүддесі үшін, қарапайым адамның қақы үшін көптің сөзін айта алатын адамдарды шетқақпай етеміз. Өткенде бір мақалаға батыл пікір керек болып, осы айтады-ау деген дуалы ауыз іздеп, кім айта алуы мүмкін деп әрі-бері ойланып көрсек, тура айтатын адам, тіпті сиреп қалыпты. Эко жүйе, табиғатты қорғаймыз деп жүргендер жайлы жазуға да бара алмай жатырмыз, адам деген өзімшілге өзінің жеке бас мәселесі жетерлік. Бұл ғаламның өте әлжуаз халде екенін, оны бүгін қорғамасақ, ертең бәріміз бір жұтым таза ауаға зар болып қаларымызды ойлап жатпаймыз, «Илон Маск марсқа көшірем деп жүр, бірдеңесін қылар» деген сияқты қамсыз жүреміз. Біз кейде тарихи шығарма арқылы бірдеңе айтқымыз келе ме, тарихи сахнаға баяғы хандар, батырларды оралтқысы келетін жазушылар бар, алайда ата-бабамыз басқаларды тізерлеткені жайлы ескірген даңқ бүгінгі уақытқа не береді деген сұрақ тағы бар (тарихтан сабақ алу деген болды ма өзі)? Сонда бізге қандай образ керек? Егер жазушылар өздері Гюго сияқты күрескер болса, онда басқаша болуы мүмкін. Мәселе сонда. Қалай десек те, кейіпкер бірдеңе өзгерте алатын катализатор ретінде болуы тиіс. Сондықтан оқырман ретінде рухани мешелдіктің иісі шыққан жерде жүйкесі шытынап, стереотиптерге қарсы тұратын, ғылымға көзқарасы сергек кейіпкер жайлы оқығым келеді. Көркем прозаның аясына әлеуметтік деген нәрсені араластырғың келмейді, десе де бүгінгі біздің қоғамдағы үлкен сұрақтар арқылы дискриминацияға, қағидаларға қарсы шығу арқылы кейіпкер ішінде өзгеру мен өсу қатар жүруі тиіс. Ол супермен болмай-ақ қойсын, ол адамның жағдайға қарай әрекет қылатын өзгерімпаз табиғатын, ішкі қақтығысын, ішкі дүниесіндегі боран-дауылды, қалауы мен жауапкершілігін, арманы мен қорқынышы арасындағы текетіресті бастан өткерген, ішкі күдік-күмәні көп, үрей-қорқынышы да жетерлік, тіпті өзіне сенімсіздеу адам болуы мүмкін, оны әртүрлі жағдайға салып, сынап көру арқылы түсінеміз. Ішкі қайшылығы көп кейіпкер ұнайды. Оның екі қыры көрініп отырса, кісілігі де, пендешілігі де. Бүгінгі образдан біздің өзіміз, біздің әлсіздігіміз, қорқақтығымыз айнадағыдай анық көрінуі тиіс. Адам қателеседі, қорқады, жеңіледі, өкініш өткереді, өзімен күреседі, бірақ осы күрестің өзі адамның ішкі дүниесін ақтаруға, өзін дәл бағалауға мүмкіндік береді. Ол күрес арқылы ішкі жағынан да өсіп, барған сайын тұлғаға айналса, онда оқырман өзі де ойланып, кейіпкермен бірге өскісі келер еді.
Қ.ӘБІЛҚАЙЫР: Ашылуға тиіс образдар көп. Әсіресе екіжүзді адамдар саны тіптен артып барады. Халыққа да жағымды, билікке де өтімді болғысы келетін топтар, бәріне де сүйкімді көрінгісі келетін жандар, жағымпазданудың шыңына жеткендер бар бір-бір кейіпкер болатын. Әкелердің балаға, балалардың әкеге деген көзқарасы да жазылуын күтіп тұр. Себебі әлемге телефонның көзімен қарайтын, жан-жағын интернеттің ресурсымен барлайтын ұрпақ өсіп келеді.
Әзірлеген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
ПІКІРЛЕР1