«ӘДЕБИЕТІҢ МЫҚТЫ БОЛСА, АЛДЫМЕНЕН СЫНШЫҢДЫ КӨРСЕТ»
12.08.2020
2840
0

Әдеби сын жанрының бүгінгі мәселелеріне арналған «Алқаның» алғашқы отырысында: «Біздің кейбір батысшыл «білгіштеріміз» еуропалық, латын-америкалық, т.б. әдебиеттердегі ұлттық менталитетті стильмен шатастырады, ал олар болса, қазақ әдебиетіндегі ұлттық менталитетке «көшпенділер» көзімен қарайды», – деді белгілі ақын, әдебиетші Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ. Жас әдебиеттанушы Ақерке АСАН әлемдік кеңістікте әдеби-көркем шығармалардың жарнама компаниясы әдеби сынды басып озып бара жатқанын алға тартып, оның себебін Еуропа, Америка, Ресей жазушыларының басым бөлігінің әдебиетті кәсіпке айналдыруынан іздесе, әдебиет сыншысы Анар ҚАБДУЛЛИНА «Ешбір нарықтық жүйе альтуристік бастаманы көтермейді», – деп, әдеби сынмен айналысу үшін қаржылық қолдаудың маңыздылығын түсіндіруге тырысты. Ал жазушы-драматург, әдебиеттанушы Әлібек БАЙБОЛ уақыт тезіне төтеп берер сын жазудың өзектілігіне тоқталса, сыншы Әбіл-Серік ӘЛІАКБАР бүгінде бітім-болмысы мүлде бөлек сыни туындылардың басылым беттерінде жарық көріп жатқанына қуанышын білдірді. Сын саласы төңірегінде өрбіген пікірлер мен ойлардың жалғасын ұсынып отырмыз.

(Жалғасы. Басы өткен санда)

…ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ҚҰДАЙҒА ТАПСЫРЫП ОТЫРҒАН ХАЛДЕМІЗ

«Қ.Ә.»: Нағыз әдеби сынның көкжиегін кеңейту үшін не істемек керек?

Ғ.ЖАНДЫБАЕВ:

– Сынға байланысты отырысымыздың басында қойылған сұраққа жауап бергенімдей, батагөй сын мен прокурор сын дәстүрін архаизмге өткізу керек. Сонда сынның көкжиегі «өзімен-өзі» кеңейеді.

Ә.ӘЛІАКБАР:

– Мен үшін нағыз әдеби сын деген жоқ деп білемін. Тек өмірде қазақи сын деген бар. Осы қазақи сыннан өз орнын тапқан сыншы тек әдебиетті ғана күйттемейді, сонымен бірге мәдениет пен руханиятты да қоса қаузайды. Бұған Асқар Сүлейменов, Әуезхан Қодар, Таласбек Әсемқұловтардың артында қалдырған жаһұт мұралары куә дей аламын.

Қазақ сыны әдеби портрет, эссе, импрессионистік этюд, мақала-трактат, көсемсөздік немесе ғақлияттық сын, сыни фельетон, сыни хикаят, әдеби хат, сыни сұхбат, диалог, пародия, әдеби параллель деп түрлене түсті деп алғашқы сөздерімде айтып өттім. Сын дамуы үшін аталған жанрлар бойынша жас буын әдебиетшілері мен қаламгерлері арасында интеллектуалды байқау­лар өткізіп, Оңтүстік, Батыс, Шығыс-Орталық және Солтүстік аймақтар бойынша университеттерде сыншылық мектебін дүниеге әкелу қажет. Әйтпесе, қазақ сыншысы жетім баланың күйін кешеді. Еш пайдасы жоқ сыншы болудан қашқақтайтындар өз үйірін шынайы табуы үшін желеп-жебейтін қолдау көрсетілсе, әдеби сынның бағын асырар еді. Сыншы жоқ емес, бар, тек соған ақын мен жазушыдай көңіл бөлінбей жүр. Сыншылар мен әдебиеттанушылардың әм аудармашылардың басын қосатын жеке шығармашылық одағы керек. Бұл – үй ішінен үй тігу емес. Сыншы тек әдебиетті ғана емес, мәдениет пен руханияттың түрлі саласы бойынша да ой толғайтын ерекше дарын иесі. Тек соны алақанға салып бағалау жағы бізде жетіспейді.

А.АСАН:

– Нағыз әдеби сынның көкжиегін кеңейту үшін алдымен мемлекеттік деңгейде дұрыс мақсат қоя білу керек. Әдебиеттегі, өнердегі мақсатымыз айқындалмай, әдебиетпен айналысу – бос әңгіме. Орыс прозасының көрнекті өкілі, сыншы, публицист Евгений Замятиннің бір ауыз сөзі бар: «Я боюсь, что у русской литературы одно только будущее: её прошлое». Өткен дәуір әдебиетін қажетті деңгейде зерттей алмай, қазіргі қазақ әдебиетін Құдайға тапсырып қана отырған халдеміз. Жүрегім ауырады. Мұнымен ақын-жазушыларға, талпынып жүрген сыншыларға сөз тигізгім келмейді. Себебі қазіргі жағдайда қолына қалам ұстаған азаматтар қиянатқа қарсылық көрсетіп келеді. Мәселенің төркіні қоғамдағы сұраныс пен талғам болып отыр. Мәдениет, білім министрліктерінің жұмысын дұрыс нәтижеге бағыттасақ, мектеп, университет қабырғасында әдебиет пәндерін оқыту сапасын арттырып, әдебиетшілерге нәтижелі міндет арту керек. Әлеуметтік жағдайдың да зор ықпалы бар. Жалпы, тал бесіктен бастап академиялық білімге дейін берілетін тәрбие мен білімде әдебиеттің, кітап оқу мәдениетінің орны бөлек болса деймін. Осы сияқты біраз мәселелер алға қойылса, сынның да бағы жанатын сияқты.

Ә.БАЙБОЛ:

 – Нағыз әдеби сынның көкжиегін кеңейту үшін туындының айтпақ ойын, түпкі мәнін, табиғатын, идеясын, мазмұнын жарқыратып ашып беретін, оқып отырып жаның рақатқа бөленетін, сағына іздейтін эстетикалық сын қажет, адамгершіліктен алыстамайтын, жанашырлыққа жақын сын әсіресе қажет. Мырзабек Дүйсенов, Айқын Нұрқатов, Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Сағат Әшімбаев, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Тәкен Әлімқұлов, Рымғали Нұрғали, Құлбек Ергөбек, Әшірбек Сығай, Бағыбек Құндақбаев, Бақытжан Майтанов, Бисенғали Зейнол-Ғабден, Жаңғара Дәдебаев, Аслан Жақсылықов, Темірғали Есембеков, Нұрдәулет Ақыш, Сайлаубек Жұмабек, Бекен Ыбырайым, Айгүл Ісімақова, Гүлзия Пірәлі, Таласбек Әсемқұлов, Рафат Әбдіғұлов, Сәмен Құлбарақ, Раушан Әбдіқұлова, Тұрсынжан Шапай, Әлия Бөпежанова, Әмірхан Меңдеке, Жолдасбек Мәмбетов, Амангелді Кеңшілікұлы, Әмірхан Балқыбек, Ардақ Нұрғазы, Еркінгүл Солтанаева, Ермек Қаныкей… Осылай кете береді. Кейінгілерден: Анар Қабылқақ, Заңғар Кәрімхан, Нартай Ескендір, Айнұр Төлеу, Дүйсенәлі Әлімақын, Елдос Тоқтарбай, Бағашар Тұрсынбайұлы, Назерке Жұмабай, Батырхан Сәрсенхан, Нұрлайым Батыр, т.б. атап өтер едім. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» деп жазады ойшыл Абай. Сол секілді кісі сыншы боп тумайды, сыншы боп қалыптасады. Ата-бабамыз: «Сөйлей-сөйлей шешен боласың, көре-көре көсем боласың» демей ме?! Біздің ұғымдағы сын бас пен көзге төпелеп, тас-талқан етіп сынау емес, болжампаздық, футурологиялық қабілет, байқампаздық таныту, сыншының сыншы екені содан байқалады. Кезіндегі билер институты – сөзіме дәлел.

САНДА БАР, САНАТТА ЖОҚ СЫНИ МАҚАЛА КІМГЕ КЕРЕК?

«Қ.Ә.»: Сын тезіне алудың салмағы қандай ауыр болса, әдебиет майданындағы сыншылар қатары да саусақпен санарлық қана. Әдебиетке адал сыншы мамандарды арнайы даярлау мүмкін бе? Бұл процестің қандай алғышарттары бар?

Ғ.ЖАНДЫБАЕВ:

– Осы газетке берген бір сұхбатымда «шарт­ты атаумен «Азия сын институтын» (әрі оқу орны, әрі ғылыми зерттеу орталығы ретінде) ашу керек», – деген едім. Яғни әдебиетке адал сыншы мамандарды арнайы даярлау мүмкін ғана емес, қажет те! Бірақ мұның «алғышарттары» қазір біздің түсімізге де кіріп отырған жоқ. Бәлкім, «өңімізде» көретін шығармыз…

 Ә.ӘЛІАКБАР:

– Бұл сауалға қазақ «Тура би туғанына жақпайды» деп жауап береді. Сондықтан әдебиеттегі «Шөп те – өлең, шөңге де – өлең» деуші жаман-жәутікті сойып салып, қарап отыратын сыншы болуға ешкімнің жүрегі дауалай бермейді. Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші жағы төрт аяғын тең басқан туындыға пікір айту бар. Міне, осы тұрғыдан сыншы атану қиынның-қиыны. Әрі Асқар Сүлейменов, Таласбек Әсемқұлов, Амангелді Кеңшілікұлы сияқты көп оқып-тоқығандық қажет етіледі. Сол себепті, сынау үшін де, дұрысты бағалау үшін де сыншы болатын адамның өзіндік ұстанымы мен ерек дүниетанымдық концепциясы болуы керек. Филология ғылымының шекпеніне сыймайтын бұндай гуманитарлық-философиялық бітім-болмыс әдебиет әлеміндегі көпшіліктің тұла бойынан табыла бермейтін «қасқалдақ қанды – дарындылық» деуге болады.

Қазір елімізде не көп, гуманитарлық бағыттағы гимназия мен лицейлер көп. Соларда сын жанрына жататын әдеби портрет, эссе, импрессионистік этюд, мақала-трактат, көсемсөздік немесе ғақлияттық сын, сыни фельетон, сыни хикаят, әдеби хат, сыни сұхбат, диалог, пародия, әдеби параллель жасаудың негіздері арнайы оқытылатын болса, онда болашақ сыншыны мектеп қабырғасынан дайындай аламыз. Қазір филология факультеттерінде не көп, оқу орны жанындағы мектептер мен клубтар көп, ал бірден бір сыншы дайындайтын арнайы пәндік оқыту оқу процесінде мүлдем қарастырылмаған. Сын жазудың өз технологиясы, өз үрдісі әм өз әдістемесі бар. Осының бәрін оқытатын жас әдебиетшілердің білімін көтеретін жеке әдебиеттану мен әдеби сынға баулитын ұлттық әдебиет институты керек емес, қажет. Дербес институты болмағандықтан қалайша сын дамып, сыншы жұртқа танылмақ?..

А.ҚАБДУЛЛИНА:

– Білімді жетілдірудің жолдары көп. Шығармашылық адамы тек өзінің ой-қиялында ғана өмір сүріп, сол жерден ғана шабыт алуы жеткіліксіз. Бәрібір ол жерде бұрынғы оқығандарыңның әсері болады. Ол бұрынғы оқығандарың шабыт көзі ретінде өзіңді қанағаттандыратын шығар, өзің де «маған сол жеткілікті» деп ойлайтын шығарсың, бәлкім өзіңді осы күйіңде сарқылмайтын қайнар сезінетін боларсың? Бірақ не нәрсе де ескіреді. Кеше ғана бүршік жарған жасыл жапырақ уақыт өте сарғайып, қар астында жатып шіритіні рас. Табиғат келесі жаңаруды күтеді. Ал адам – табиғат бөлшегі, ерекше энергия, бөлек жаратылыс. Әсіресе, оның ойлау жүйесі еш нәрсеге ұқсамайды. Сондықтан ойды қозғау, оны үнемі жаңартып, тазартып отыру жайында неге ойланбасқа? Ми үшін жаңа шығып жатқан дүниелер әсерлірек, ой қозғалысы маңыздырақ. Мысалы, Джан Сюэнің «Любовь в новом тысячилетии» кітабы халықаралық Букер сыйлығының лонг-парағына кірген. Қазақ тіліне аударылмағандықтан, орыс тіліндегі атауымен атап отырмын. 2019 жылы Нобель сыйлығын алған Петер Хандке, сол сияқты, 2018 жылғы сыйлық иегері, поляк жазушысы Ольга Токарчук шығармаларын оқуға болады. Негізі, халықаралық әдеби сыйлықтар кімді оқу керектігіне таңдау жасау үшін аса тиімді бағдар. Айтпағым, әдебиет те, сын да оқу арқылы дамиды. Талай шығармалар, олардың идеясы уақыт призмасынан өткен: дәл қазіргі сәтте адамзат баласына не нәрсе тән болса, сол ерекшелік әдебиетте жасай береді. Мәселен Кафканың жалғыздығын алайық. Ол кеше Муракамиде жалғасын тапты, бүгін Арман Әділбектен («Жоғалған бөлмелер») көрініс беріп отыр дегендей. Сол сияқты, Рахат Әлішерді қазақтың бүгінгі Габриель Гарсиа Маркесі деп атар едім. Бірақ бүгінгі жас таланттар елеусіз қалып жатыр. Ал бұл жігіттерге қолдау керек.

А.АСАН:

– Әдеби сыншы мамандарды даярлау әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Өз басым Санкт-Петербургте білім алған кезде «Семиотика», «Текстология» сабақтарында үш группаның басы қосылатын: әдебиет теоретиктері, тарихи-әдебиеттану мамандары және әдеби сыншылар. Еуропада, Америкада әдеби сыншы кадрларын даярлайтын оқу орындары бар. Бірақ, тағы қайталап айтамын, ол үшін сұраныс қажет. Қазіргідей аумалы-төкпелі шақта елімізде әдеби сыншы мамандығын таңдауға баратын замандастарымыз табылар ма екен? Жалпы, тарихи тұрғыдан алып қарасақ, қазақ халқы қашанда тура сөзді ұнатқан. Сын айту мәдениеті көшпенді бабаларымыз үшін жат емес-ті. Біздегі жыраулар поэзиясы қандай?! Асан Қайғыдан қалған деректер де керемет емес пе? Абай, Шәкәрімдердің мұрасы – кез келген сыншыға ғибрат іспеттес. Алаш қайраткерлерінің еңбектері бір төбе. Айта берсек, көп. Шетелге оңды-солды еліктемей, өзіміздегі сын айту мәдениетін, тарихын зерттеп, зерделесек те тұңғиықтан шығар едік.

Ә.БАЙБОЛ:

– Жоғары оқу орындарында арнайы сын тарихы, сынтану мәселелері тереңдетіліп оқытылса, сол пән аясында теория мен практика қатар жүрсе, қазақ және әлем әдебиетіндегі әркім өз қолайына жаққан шығарманы талдаса, әдеби басылымдарда сол мақалаларға бөлек колонка, бағана берілсе, кейін талабы таудай сол ұл-қыздар толықтай сыншылықпен шұғылданса, теріс болмасы анық. Үлкен, елге белгілі сыншылар жастарға кезек-кезек лекция оқып, тәжірибе алмасатын курс ұйымдастырылса құба-құп. Осы бағытта еңбектеніп жүрген шетел мамандарымен бас қосып, түрлі мазмұндағы вебинар, журфикс, семинар өткізілсе, әлдеқайда өнімді дүние болар еді. «Ұсыныс бізден, орындау Сізден!» – депті ғой «ұлы комбинатор» Остап Бендер…

Әуелі, біреуді сынамас бұрын, адам өзіне-өзі сыншылдықпен қарауы қажет деп ойлаймыз. «Не бітірдім? Не тындырдым? Не істеп жүрмін? Ендігі жоба-жоспарым қандай? Қай жерден қателестім? Қайтсем дамимын, өркендеймін?» деген сан алуан сауалды әркім өзіне қойғаны артық емес. Абайша айтқанда: «Өзіңнен-өзің есеп ал». Санда бар, санатта жоқ сыни мақала кімге керек, оның әдебиетке қандай пайдасы бар? Айтты, өтті-кетті, қайран сөз, қайран уақыт. Осы нәрселерден аулақ болған жөн. Содан соң саралауға алынған объект лайықты болуы керек.

БҮГІНГІ ҚАЛАМГЕРЛЕР АМАЛДЫҢ ЖОҚТЫҒЫНАН ЖАБАЙЫ ӘДЕБИЕТ НАРЫҒЫН ЖАСАП АЛЫП ОТЫР

«Қ.Ә.»: Сыншы ретінде, әдебиеттанушы ретінде қаламгерлерге қояр басты талабыңыз қандай болуы мүмкін?

Ғ.ЖАНДЫБАЕВ:

– Адам жазушы болмай тұрып, алдымен сауатын ашып алуы керек емес пе… Бүгінде жүз роман жазып тастаған аты белгілі-белгісіз авторлар (қаламгер деуге әлі ерте) көп екен. Солардың көпшілігі өзінің жарты беттік өмірбаянын сауатты жаза алмай жатады. Мұндай «ерекшелік» кейбір (бірсыпыра) атағы зор ғалымдарға да ортақ. Демек, білімсіз «талант» – құр кеуде.

Ә.ӘЛІАКБАР:

– Мен сыншы емеспін, бірақ әдеби сынмен аралас-құраластықтықтағы салыстырмалы әдебиеттанудың өкілімін. Осы аралас-құраластықтан ғылыми еңбектерімде – кейде, әдебиеттану басым, кейде оқырмандық сын басым түсіп жатқандықтан амалсыздың күнімен сыншы атанып жүрген жайым бар. Өз басым біреудің туындысын сипай қамшылағаным болмаса, шығармашылық жанына батырып сын айтып та, жазып та көрген жан емеспін.

Қазіргі қазақ әдеби процесінде өзін танытқандар мен енді таныта бастағандар үшін ең басты талап – ұлт әдебиетінде бұрын «ешкім жазбағанды жазу». Одан кейін өзіне дейінгілер жазғаннан да асып түсетін туындыны өмірге әкеле білген шеберлік. Осы екеуінің тізгінін тең ұстап, өз ұлтын әлемге таныту. Алашын әлемге таныта алатын жазушының өзге тілге қазақша сөзі емес, тәржімашы тереңіне бойлап, ой маржаны мен образдық символының дүр асылын танып білген авторлық дүниетанымы мен ұлтының бітім-болмысы жаттың көзқарасы мен діліне ыңғайланып аударылады. Өз буынымнан тап осындай қаламгерлерге Асқар Алтай, Дәурен Қуат, Думан Рамазан, Әділбек Ыбырайымұлы, Нұржан Қуантайұлы, Дидар Амантайларды және кейінгі толқыннан Қанағат Әбілқайыр, Қанат Әбілқайыр, Қуат Қиықбай, Бейбіт Сарыбай, Арман Әділбек, т.б. жатқызар едім.

 А.ҚАБДУЛЛИНА:

– Жазушы адамға жалтақтау, кідіру, екі ойлылық, адамдармен мақсатсыз араласу – уақытты босқа өлтіру.

Енді өзімнің үнемі айтып жүрген көзқарасымды сәті келгенде, тағы бір айтып қалайын, ол ойым тәуелсіз әдебиеттің дамымай қалу себептеріне байланысты:

1991 жылы еліміз, Совет Одағы тарап, жеке мемлекет болды, бірден әлем таңдау жасаған бағытқа – нарықтық жүйеге көшіп алды. Өкінішке қарай, шығармашылық ұйымдар нарықтық әдебиетке көшуге еш талпыныс жасаған жоқ һәм оған баяғының ескі санасы мүмкіндік бермеген сияқты. Одақ мүшелігінен өз еркімен шығып кеткен, меніңше, марқұм ағамыз Талғат Кеңесбаев қана болар. Мүмкін, менің білетінім сол кісі ғана. Ал қалған 700 адам тапжылмай, тізімде тұр ғой. Неге? Жазушылар одағы бүгін Ресей, т.б. бірқатар ТМД елдерінде бар, бірақ Ресейде алғашқы әдеби агенттік 1991 жылы құрылған, бұл күні кітап нарығының ол елде жақсы жолға қойылуының себебі осы. Қазақстан Жазушылар одағының кейінгі 20-25 жылы билікке жалтақтаумен өтті. Ал бұл – ұзақ мерзім. Бүгінгі ЖО төрағасы Ұлықбек Есдәулет мойындалған, мықты ақын. Ол жердегі Ақберен Елгезектің творчествосымен де таныспын, сырттай сыйлаймын. Сондықтан ол кісілерден жаңалық күтемін. Ал менің сыным – бүгінгі әдебиеттің жалпы дамуына қатысты сын.

Кейбір баспалар да мемлекетке аузын ашып, тапсырыс күтіп отыр. Баспа ісі – нарықтық әдебиеттің дамуының маңызды тетіктерінің бірі. Бірақ біздің қазіргі баспалардан қимыл-қозғалыс байқалмайды.

Отыз жылда талай су ақты, бүгінгі отыз жастағы қаламгер қыз-жігіттер бес жүз кітабын өз қаржысына шығарып алып, өздері сатып жүр. Пиар жоқ, сатуға, аударылуға, ғылыми негізде талдану және жоқ. Олар бүгін амалдың жоқтығынан жабайы әдебиет нарығын жасап алып отыр. Сонда жас таланттар қай кезде ізденеді? Қай кезде жазады?

Біздің қазіргі жағдайда нонсенс көп… Алайда жас жазушылардың іштей жаңарғаны көрініп тұр, сол қуантады. Демек, өзгеріс уақыты таяу.

 А.АСАН:

– Шығармашыл адамға талап қою мүмкін емес. Өнер адамы – шын дарын болу керек. Бірақ әдебиеттанушы ретінде қалам ұстаған замандастарымды оқыған кезде, алдымен мәтіннен автордың шығармашылық мақсатын көргім келеді. Мақсат – әдебиет, өнер, көркем мәтін, шығармашылық болса, ондай қаламгер жерде қалмайды. Ал өнерді жеке бас мүддесі, саяси көзқарас, еліктеушілік, атақ-даңқ, танымалдылық, тәкаппарлық, пайда сияқты төмен мақсаттармен қолданғандарды уақыт түбінде жеңеді. Ақын Серік Ақсұңқарұлының осы мәселе төңірегінде ғажап эсселері бар. Әсіресе поэзияға келгенде жұлдыз болуға ұмтылатын жазарлар көп болып кетті. Олардың әдебиетке тигізіп жатқан кері әсері аз емес. Сондықтан әдеби мақсатқа адал қаламгерлердің бағы жанса екен деп тілеймін.

 Ә.БАЙБОЛ:

– «Өнердің өмірден айырмашылығы – өнер өмірден үйренбейді. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар. …Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді» дейді Асекең, жазушы, драматург, әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменов. Әр қаламгердің өзіндік мұраты, өзіндік жоспары, ең бастысы өзіндік концепциясы болады. Ол осыдан алыстап кетсе я мүлде ажырап қалса, онда суретші-маринист, баталист Айвазовский (Ованнес Айвазян) картинасындағы штильге түскен кеменің күйін кешпек, соның әсерінен әр пікірге тәуелділік пайда болады. Бұл – қатерлі құбылыс, жағымсыз жағдай, қалам иесінің қас жауы. Мұнымыз «сөзге құлақ аспа», «ешкімді елеме» дегенді білдірмесе керек, тек Темірқазығыңыз теңселіп кетпесе деген тілек қана. Кейде ұтасың, кейде ұтыласың, өмір ғой. Сондай сәтте тез ес жиып, етек жауып, тек қана алға жылжып, мақсатыңа, асқақ арманыңа ұмтыла берген пайдалы. Біреу сіздің орныңызға жазып бермес, біреу сіз үшін оқып бермес, бәрін өзіңіз істейсіз, соны ұмытпаған дұрыс. Ақыл айту оңай, әрине. Алайда оны жүзеге асыру қиынның қиыны. Сондықтан екінші жолды таңдайық. Әлеуметтік проблемаларға мән бермей, психологиялық қиындықтарды жеңгенде ғана шыңға шығасыз. Психологтар бұны мотивация дейді.

ЖАЗУШЫ – «АДАМ ЖАНЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ», ОҒАН БҰЛ КҮНДЕ «ЖҰМЫС КӨП»

«Қ.Ә.»: Әдебиетті мақсатты түрде дамыту мүмкін бе? Қазақ әдебиетінің қазіргі жағдайын жанрлық тұрғыдан сипаттай келе, төл әдебиетімізді өркендетудің басты шарттылықтары жайлы әңгімелесек.

Ғ.ЖАНДЫБАЕВ:

– Дәл бүгінгі таңда сыншылардың қатары саусақпен санарлықтай екені рас. Жалпылама жалаң сыншылар бар шығар, бірақ маман сыншы өте аз. Аға ұрпақтан сын жанрына адалдығынан айнымай келе жатқан Бақыт Сарбалаұлын, бергі кезеңнен заманауи сын жанрын әлемдік деңгейде меңгерген Амангелді Кеңшілікұлын атар едім. Жалпы, сынды жолбикелер емес, жанрды меңгерген маман адамдар жазса, құба-құп. Және ол шолу түріндегі жалпылама сөз емес, нақты сын болмағы ләзім. Мысалы, бір ғана балалар әдебиетін он шақты түрге бөліп, соның әрқайсысында он шақтыдан маман сыншы болса – қандай ғанибет!

 Ә.ӘЛІАКБАР:

– Әдебиет ешкімнің алдына салып, қайда апарсам, сонда жаям деген қойы да, ешкісі де емес, шығармашылық мехнат кешкен қаламгердің жүрегінің түкпіріндегі, санасының қатпарлы қойнауында бұғып жататын асыл елігі. Осы көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын асыл елікті мақсатты түрде белгілі бір қаулы-қарармен кеңестік дәуірдегідей бұғаулап ұстаймын деу жараспайды. Төл әдебиетті дамытудың ешқандай басты шарты жоқ, тек қаламгерлердің әдеби процеске қосқан үлестерін дер кезінде бағалап, қадіріне жете білу керек. Үкіметке мөлиіп қарап отырмай, меценаттарға алақан жаймай, шет тілдеріне аударып, ақылы онлайн кітапханалардың рестріне енгізіп, әлемге таныта алуға ұлт болып жанталасуға тиіспіз. Әрі қалтасында Жазушылар одағының қызыл куәлігі бар қаламгерлеріміздің 300-500 беттік туындыларын арзан қағазға, жұқа мұқабаға басып шығаруды жолға қойып, ешбір инфляция құнын жемейтін 100 теңгелік бағамен сатылымға шығара алсақ, әдебиет өзі-ақ дамиды. Оқырманын таба алмаған қаламгерлер тамаша аудармашыға айналып шыға келеді. Қазақ кітабы өтпейді емес, өтеді. Қазақ кітап оқымайды емес, оқиды. Бірақ бар бәле қосымша құн салығы мен тасымал тарифіндегі монополияда және ірі баспагерлердің орыс тілділігі мен авторлардың қалтасын қағу үшін қымбат полиграфиялық материалдарға үйірлігінен және қазақша ақылы онлайн кітапхананың әрі оның абоненттік жазылымының жоқтығынан. Осы бес проблема өз шешімін тапса, қазақ әдебиеті әйелдер романын да, детективті де, фэнтезиді де, тарихи экшн туындыларды да тасқындата өмірге әкеледі. Лайым сол күнге жеткізсін.

 А.ҚАБДУЛЛИНА:

– Дамыту мүмкін және керек. Бұл мақсаттағы үдерістерді бұдан былай кері тартуға болмайды және артыңа жалтақтамаған дұрыс. Жүзіңіз тек алға қарасын. Техникалық дәуірдің келуіне қарсылық акциясын жасап, Ги де Мопассан Парижден безіп кеткенде, нені өзгертті? Онымен даму тоқтап қалған жоқ, өз жөнімен алға жылжи берді. Біз жаңа технологиялар кезеңінде өмір сүріп отырып, кешегі ескі теріні илеуге саналы-санасыз ұмтыла беруден ештеңе таппаймыз. Бүгінгі қазақтың санасы жаңаны қабылдап үлгере алмай жатыр, оны сан сынаққа салып, адастыратын ағымдар да, құралдар да, күштер де қазіргі қоғамда жетіп артылады. Сау адам ауру болатындай. Күйзелістің көбеюі – жаңаға бейімделудің арғы-бергі шекарасы. Жазушы – «адам жанының инженері», оған бұл күнде «жұмыс көп».

 А.АСАН:

– Жоғарыда осы мәселеге қатысты ойлардың біразы айтылды. Жалпы, қазақ әдебиеті ешқашан тоқтап қалмайды. Сын жоқ, анау жоқ, мынау жоқ деп қолымызды бір сілтеп кетсек те, Абайы бар әдебиет өлмейді. Бірақ тежеулер көп екенін бәріміз көріп отырмыз. Дәл қазіргі әдебиетіміз қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, кең жолмен дамудың орнына, кері әсерлермен күресіп, тар жол тайғақ кешіп келеді. Жазармандар кері тарта берсе, шын жақсыларымызға қиянат емес пе?! Біздің күн санап жоғалтып отырғанымыз да сол. Әрине, ақын да, жазушы да қай елде болмасын, қай уақытта болмасын, күрескер азамат болатын. Бірақ білімсіз, жаны ашымайтын, надан жүйемен күресу – қарусыз-ақ түбіне жететін ең ауыр соғыс. Осы тұста шын дарындар кейде өртеніп те кетеді…

Қазіргі таңда қазақ әдебиетінде поэзияның бағы басым сияқты. Жаңашыл ақындарымыз көп. Оқуға тұрарлық авторлар жетеді. Ал проза жағынан тартыс аздау… Біз ХІХ немесе ХХ ғасырда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Қазіргі әдебиет, мысалы, театр және кинематографпен ерекше тығыз байланыста болуы керек деп ойлаймын. Бұл салада әбден қалып барамыз… Төл әдебиетімізді өркендету бір топ сыншы, жазушылардың қолында емес. Бұл – кешенді жұмыс. Сондықтан бесіктегі бала тәрбиесінен бастап, биліктегі қызметкерлердің барлығы жауапкершілікті сезіну керек. Бұл тек қазақ әдебиетінің ғана емес, жалпы әлемдегі өнердің, мәдениеттің, бүкіл адамзаттың даму шарты.

 Әлібек БАЙБОЛ:

 – Әдебиетті мақсатты түрде дамыту мүмкін бе? Әрине, мүмкін! Бірақ бәрі шынайы боп, арты алаулатып-жалаулатқан жалған ұранға ұласпағаны абзал, тарихтан сабақ алған орынды. Магниттік дауыл кезінде қан қысымы жоғары немесе жүрек талмасына шалдыққандар қаза табуы да мүмкін, техника істен шығады, қылмыс, зорлық-зомбылық көбейеді, адам ашуланшақ болады. Себеп – Күннің Жерге әсері, табиғаттағы аномалия, Ғарыштағы өзгеріс (нағында, «плазма ағыны», физиктер «Күннен соққан жел» дейді). Сол сықылды, әдебиетке өзгеріс алып келетін ерекше жан, бұл – суреткер деңгейіне көтерілген ақын, жазушы, драматург. Кенже қалған, аз қамтылған жанрларды жандандыру керек. Ендігі міндет – қазақ әдебиетін шетелге таныту, ірі-ірі Халықаралық сыйлықтарды қанжығалау, бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдеу, әдеби агенттерді көбейту. Әдебиетті өркендететін екі-ақ фактор бар: жақсы жазушы және жақсы туынды, аз сөз, көп іс.

Қорыта келе айтарым, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Әдеби сын тарихы» атты монографияның авторы Дандай Ысқақұлының мына сөзі көкейге қонымды: «Қазіргі уақытқа дейін зерттеушілер әдеби сынды көркем әдебиеттің бір саласына, әдебиеттану ғылымының құрамдас бір бөлігіне, журналистиканың әдебиет мәселелерін қамтып жазатын тармағына, билік басындағылардың сойылын соғатын идеологиялық құралға, өнерді зерттейтін эстетикаға жатқызатын пікірлер айтуда. Шынында да, әдеби сынның табиғаты аса күрделі. Сондықтан да оның осындай сан қырлы сипатын ескермей, білмей, оны мынаған жатады деп, біреуіне қоса салу жөн емес. Өйткені әдеби сын – тар көлемге сыймайтын, қоғамдық өмірдің күллі рухани әлеміне қатысы бар сан қырлы, сан сыпатты сала». Расында да, аталған жанрдың генезисін, генеологиясын, тарихи-мәдени даму эволюциясын толықтай зерттеп, зерделегенде ғана өзімізді мазалап жүрген сұрақтарға жауап таба алмақпыз. «Әдебиетің мықты болса, алдыменен сыншыңды көрсет», – деп қалжыңдайды екен, балқандықтар (әдеби әзілдер циклынан). Анекдотты үстірт шалмай, астарына үңілген ойлы жан осыдан-ақ сын жанрының қандай алапат күшке ие екенін аңғарар, ұғар…

«Алқа» отырысын жүргізген Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір