«Қазақ әдебиетіндегі» бір «сыншыға» жауап
Осындағы сөзбен ойнап, елге түк айта алмай, ғаріп боп қартайған бір дәлдүріш қазақтың әдеби ортасына өзінше баға беріп, бізді шетімізден сыбап жатыр деп естіп едік. Әлгіні әйелінің атынан «кітап жазыпты» деседі ел. Мән бермеп едік…
Әлі есімде, Қызылордада «Парасатты поэзия» фестивалінде Шаһизада Әбдікәрімовтің үйінде осымен бірге болып едік (ақын Байбота Қошым-Ноғайды айтады.–ред), сонда ол «Есенғалидің алғашқы шимайларын мен түзетіп беріп ем, қазір мені менсінбейді…» – деп отырды. Ол кезде Есенғали тірі еді.
– Ей, не деп отырсың?! – дедім шыдай алмай кетіп, – Есенғали қайда? Сен қайдасың?!. Сен оның шаңын жұтып, баяғыда осында қалып қойған жоқсың ба?!.
Сол сөзім құлағына тиді ме екен, әлемжеліде әйелі Есенғалиды да, мені де «оңдырмапты» деп естіп жүрмін, (Есенғали кеткелі қай-қайдағы еске түсетін болды). Енді бүгін білекті сыбанып, «сыншымның» өзі шығыпты: «2005 жылы оның «Өмір деген – Күнді айналу» деген кітабын редакциялап шығарып бердім. Кітаптың аты да менің «Әлемнің кіндігі» атты цикл өлеңдерімдегі:
«Қуанышпенен арбасып көңілімде мұң,
Сапардың дәмін бұл күні сезінгем мүлде.
Саяхаттардан тұрады өмірім менің,
Айналып шығам Күнді де ӨЗІҢМЕН БІРГЕ!» –
деген жолдарымнан алынғанына шүбә келтірмеймін», – дейді?..
Менің «Күнді айналуым» – «ХХ ғасырдың 20 сәті» деген поэманың эпилогы. Ол 2005-ші жылы емес, 1984 жылы шыққан болатын (суреттерге қараңыз). Байботамен менің өлеңімнің көркемдік қуатының арасы – жер мен көктей болса да, оның ойынша, мен бәрін Байботадан «ұрлап алған» екенмін?..
Өмір деген – Күнді айналу
(Эпилог)
Дірілдерін
Гүрілдерін
Құлақ түріп, тыңдай қалып –
Бүгін менің,
Жұмыр Жерім
Бара жатыр Күнді айналып.
Күн дегенде –
Дүрбелеңде
Жүріп жатыр майдан әлі.
Күймелер де,
Мінбелер де,
Түрмелер де
Жермен бірге айналады.
Керуен күнде –
Серуен бірге.
Тән Рухқа суарулы.
Елмен бірге,
Жермен бірге,
Мен де айналам Күн Аруды.
Күнді айналу –
Мұңды ойлану,
Көзжастағы көліңменен.
Өмір деген –
Күнді айналу!
Күлге айналу –
Өлім деген!
Алтынға аптап асығыңды,
Босап бір сәт мұңды
ойлардан,
Қарсы ал Жаңа Ғасырыңды,
Алаш-Анам,
Күнді айналған!
Тектілері гүлге айналған,
Тексіздері күлге айналған…
(«ХХ ғасырдың 20 сәті», «Жалын» баспасы, 1984 ж.).
«Сол кезде ол менен әлдеқандай «қауіп күтіп» Қарағандыдан Алматыға ұшып келді, – деп жазады мына жазған, – Баспадағы кабинетіміздің есігін ашып кірген бетте: «Байбота, сен гениальный ақынсың! Мен өлеңде қандай жетістікке жетсем де, бәрін сенен үйренгенмін!» – деді ентігін баса алмай».
Мұнысы мүлде жалған. Мен «гениальный ақын» деген сөзді қайдағы бір байботалар түгілі өзіме де қиған емен! Бұл шайырдың күллі ғұмыры сөзбен ойнаумен өтті; ал поэзия деген – адам жүрегіндегі шиыршақ атқан рухтың жалғанның жарығына ат ұрынып шығуы емес пе еді?! Оның бар жазып, сызғаны, өзі айтпақшы эксперимент деңгейінде ғана қалып қойды; өмір жасын қазақтың қара өлеңіне арнаған мына шіркін алпыстан асқанша поэзия дегеннің не екенін білмей өтсе, оған менің қандай кінәм бар?!
Пенде баласы анасының құрсағында шарана боп жаралып, сәби боп жарық дүниеге келеді. Олар да біз сықылды балдырған, одан кейін жеткіншек боп ер жетіп, жігіт болды. Бірақ Азамат болмай қалған екен! Ең өкініштісі – осы! Бұлар «Ақын болу шарт емес, азамат болу – міндетің» деген Некрасовтың сөзіне ой жіберіп қарамай, қаламға жармасып, ала қағазға төпелей берген ғой? Содан не шықты?
Бұ жазармандардың бәріне тән бір трагедия – халықты өздеріндей тобырдың бір түрі деп ойлайды; өздерінше бірдеңені шимайлап, елдің алдына шығып жүрген соң, одан өзін артықтау, оны өзінен кемдеу сезінеді, «менің білгенімді ел білмейді» деп ойлайды, бірақ ол (халық) мұның білмейтұғынын да біліп отыр ғой, онда мұның жұмысы жоқ?!.
Бұлар әлі сол туған жұртымен ойнап жүр! Осы Дүниеде жүргенде-ақ, олардың ойыны осылады әлі! О Дүниеде, тіпті жаман болады…
P.S. Мұнымен күндес қатынша салғыласып жатуға менің уақытым жоқ. Осымен – гуд бай!
Серік Ақсұңқарұлы,
Қарағанды. Күнгей.
27.10.2022 ж.