ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР БАСТАУЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халықтың қордаланып қалған экономикалық, саяси, әлеуметтік проблемаларымен қатар, яғни халық бірлігі, ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер т.б. жан-жақты ойланып, оған мән беріп: «Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген.
Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар. Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды», – деп оның маңызын нақты келтірді. Сонымен қатар елдің қордаланған мәселелерін жан-жақты талдап, халқымыздың ұлттық құндылықтары мен тәрбие мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мұндай жиындарды аймақтарда өткізу туралы: «Шын мәнінде мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан Сарайшықта, Абылай хан Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын», – деп тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, қазақы дүниетанымды бүкіл халқымызға өнегелі тәрбиенің көрінісі ретінде көрсетті.
Демек, мемлекеттің болашағы еліміздің мектепте білім алып жатқан жастарымыздың бойында ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың маңызы зор деп білеміз.
Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті,
педагогика ғылымының кандидаты